Жем шашамыз №10. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
Сабақтың тақырыбы: Жем шашамыз №10
Сабақтың мақсаты:
1.3 Тыңдаған аудио/бейнематериалдың мазмұнын түсіну
3.1.3.1 тыңдаған материалдың (ұзақтығы 1,5-2 мин) мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру және сюжеттің даму желісі бойынша иллюстрациялар орналастыру/кесте толтыру/ мазмұндау
2.3 Түрлі жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсу (диалог)
3.2.3.1 белгілі тақырыптағы әңгімеге қатысу және сұхбаттасын түсіну және олардың ойын толықтыру
4.4 Каллиграфиялық дағдыларды дамыту
3.4.4.1 кең жолды дәптерге бас әріптер мен кіші әріптердің биіктігін, енін, көлбеулігін және олардың байланысын сақтап жазу
Сабаққа қажетті құралдар: сөйлеу қабырғалары (суретті сөздік, ірі әріптермен жазылған тірек сөздер), кеспе қағаздар, аудиомәтін,блоб ағашының суреті
Сабақты жоспарлау
Сабақты жоспарлау кезінде міндетті түрде лексикалық минимумды сақтай отырып, сыныптың әлеуетін, аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді түрлендіру (жетілдіру, қысқарту, түзету) керек.
Әр оқушының қай деңгейде тұрғанын, алдыңғы сабақтарда нені үйренгендіктерін, қандай кедергілер болғандығын ескеріңіз. Соған сәйкес тапсырмалар дайындауды ұмытпаңыз..
Ертеңгілік шеңбер «Сұхбат» ойыны. Қатар отырған көршісімен сұхбат жүргізеді. Сұхбат аяқталған соң, көршісі туралы 2-3 ақпарат айтады (қандай музыканы, мультфильмді жақсы көреді, немен әуестенеді, немен айналысады және т.б. кез келген ақпарат). Бұл ойынды ойнату арқылы да оқушылардың тілдерін дамыта аласыз. Ойын барысында көршісіне сұрақ қояды, сұраққа жауап береді. Еркін түрде қарым-қатынасқа түседі.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Бұл сабақта жаңа сөздерді тек суретті сөздік арқылы меңгертесіз. Суретті сөздікті тақтаға немесе қабырғаға іліп қойыңыз. Оқушылардың көз алдыларында болса, сөздердің дұрыс жазылуы естерінде сақталып қалады. Сондай-ақ бұл сөздер келесі сабақтарда да көрнекі жерде болуы керек. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз.
Оқушылардың лексикалық минимум сөздерді қолдануларын бақылап отырыңыз, қажет болған жағдайда оқушыларға қолдау көрсетіңіз.
Тыңдалым. Тыңдалымалды тапсырма тыңдалымның негізгі тапсырмасын орындауға дайындық болып табылады. Ғаламтор арқылы сайтқа кіру мүмкіндігі болған жағдайда төменде берілген тапсырманы орындатуыңызға болады. http://bala.soyle.kz/picture/learn?id=12
1. Сөздер мен суреттерді сәйкестендіреді.
2. Берілген әріптерден сөздер құрап, құстардың атын жазады.
Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, басқа ойынмен немесе сұраққа жауап алу арқылы дайындауыңызға болады. Тек тапсырмаңыз тыңдалымның негізгі мазмұнын ашпау керек, әйтпесе балаларға қызықсыз болады. Оқушылар тыңдалым мазмұнын шамалап болжай білсе жеткілікті. Бұдан кейін оқушылар мәтінді 2 рет тыңдайды және тірек сөздердің көмегімен мәтін мазмұнын жұбына әңгімелейді (қолдауды қажет ететін оқушылар үшін қабылдау деңгейлері әртүрлі оқушыларды жұптастырыңыз). Жұптар бір-бірін дескриптор бойынша бағалайды. Содан кейін тыңдалымнан кейін берілген тапсырманы өздігінен орындайды. Мәтіннің мазмұны бойынша сөйлемдерді аяқтап жазады. 1-2 жұптың жауаптарын тыңдаңыз, оқушылар пікір айту арқылы бағалайды, сабақ соңында дәптерлерін тексеріңіз.
Оқылым. Бұл тапсырма оқушылардың оқылым дағдысын дамытумен қатар сұрақ қоя білу дағдыларын арттыруға бағытталған. Оқушыларды екі топқа бөліңіз. Топта деңгейлері әртүрлі оқушыларды араластырыңыз. Мәтінді оқып, мазмұны бойынша «иә, «жоқ» деп жауап беретіндей сұрақтар құрастырады. Тапсырманы орындауға 5-7 минут беріңіз. Уақытқа жұмыс жасауға үйретіңіз. Топтар бір-бірінің жұмыстарын тыңдап, «Шапалақ» әдісі бойынша бағалайды. Бір шапалақ- орташа, екі гапалақ – жақсы, үш шапалақ – өте жақсы.
Анықтайық. Тапсырманы әр оқушы жеке орындайды. Бұл тапсырмада оқушылардың сөйлемдердің мағыналарын қаншалықты меңгергендіктерін тексере аласыз. Сөйлемдерді суреттермен сәйкестендіреді. Дидактикада берілген суреттер мен сөйлемдерді жеке-жеке қиып әр оқушыға таратып беріңіз. Тапсырманы жұпта орындатуыңызға да болады.
Айтылым. Жағдаят беру арқылы оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамыта аласыз. Тапсырма.: Досыңмен бірге саябаққа келдің. Жасаған ұяларың туралы сөйлесіңдер. Оқушыларға тірек сөздерді беріңіз. Қажет болса, сөздердің мағыналарын талқылап алыңыздар. Сынып оқушылары 2-3 жұптың жауаптарын тыңдап, «1 жұлдыз, 1 тілек» әдісі арқылы бағалатыңыз.
Үй жұмысы
«Құстарға қамқорлық» тақырыбында өлең, мәтін, әңгіме жазу немесе сурет салу (сурет бойынша сөйлеу). Формасын оқушылар қызығушылықтарына қарай өздері таңдайды. Үй тапсырмасын оқушыларға жақсылап түсіндіріңіз. «Қамқорлық» сөзінің мағынасын түсінгенде ғана тапсырманы дұрыс орындай алады. Жанр түрлерін қайталап еске түсіріңіз.
Рефлексия. Сабақ соңында «Блоб ағашы» арқылы сабаққа рефлексия жасатыңыз. Тақтадан немесе плакаттан ағаштың суретін көрсетіңіз. Өздеріне лайық суретті таңдасын және бірнеше оқушыға жауабын түсіндіруге мүмкіндік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру