Өркениеттердің сауда-экономикалық саладағы байланыстары. Дүние жүзі тарихы, 10 сынып, дидактикалық материал.


Халықаралық сауда

Елдер арасындағы экономикалық, қарым-қатынастардың сипаты мен құрылымдық өзгерістері, ең алдымен, сыртқы тауар саудасынан көрінеді. Ұлы географиялық ашылулар кезеңіне дейін халықаралық тауар саудасына санаулы елдер ғана қатысты, тіпті қазіргі кезде дүниежүзіндегі басты сауда орталықтарының біріне айналған Еуропа елдерінің де сауда жасау аумағы шектеулі сипат алды. Бұған елдер мен дүние бөліктері арасындағы көлік қатынасының нашарлығы, саяси жағдайдың тұрақсыздығы, басқа елдер жөнінде нақты ақпардың жетіспеуі себепші болды. Көбінесе басқа елдерден өте қымбат және сирек кездесетін тауар түрлері әкелініп, саудаға салынатын. Құрлықтағы негізгі халықаралық сауда жолдары қатарына Азия мен Еуропаны жалғастырған Ұлы Жібек жолы мен Еуропаның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырған сауда жолы жатады. Орта ғасырларда арабтар Сахара арқылы өтетін сауда маршрутын жасады; бұл жол Арабияны Солтүстік Африкамен, одан әрі Оңтүстік Еуропамен жалғастырды.

Көлік құралдарының жетілуі, Еуропада өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа жерлердің ашылуы дүниежүзілік сауда қатынастарының ауқымын кеңейтті. Көп жүк көтеретін ірі кемелер легі Жаңа Дүниеден Еуропаға шикізат пен алтын тасымалдады. Соның нәтижесінде XVIII ғасырда сауда көлемі бес есе артты. XX ғасырдың басына қарай дүниежүзілік сыртқы сауда айналымындағы Еуропа елдерінің үлесі 50%-ға жетсе, Солтүстік Америка елдерінің үлесі 20%-ды құрады. XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік сыртқы сауда көлемі ғасыр басындағымен салыстырғанда 14 еседей өсті.

Қазіргі кезде ұлттық шаруашылықтардың халыкаралық сауда жүйесіне неғұрлым жедел тартылуына қарамастан, дүниежүзілік тауар айналымының шоғырлану дәрежесі жоғары. Мұны дүниежүзілік экспорт пен импорттың географиялық құрылымынан айқын көруге болады. XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік тауар айналымының 72%-ы Батыс Еуропа мен Азия елдеріне, ал Солтүстік Америка үлесіне 17%-ы тиесілі болды. Өтпелі экономика тән бұрынғы социалистік елдердің үлесі бар болғаны 4%-ды құрады. Дүниежүзілік тауар айналымында Азияның жаңа индустриялық елдерінің үлесі артып келеді, оларға әлемдік экспорттың 10%-ға жуығы тиесілі. Корея Республикасының әлемдік экспорттағы үлесі 2008 жылы 2,9% болса, импорты — 2,6%; Сингапурдың үлесі тиісінше 2,3 және 2,2%-ға тең.

Ұлы Жібек жолы

Ұлы Жібек жолы – Қытай мен Еуропа елдерінің арасын байланыстырған сауда жолы. Ұлы Жібек жолының кей тармақтары сол кезде-ақ іске қосылған. Негізінен, «лазурит жолы», «нефрит жолы» және «құндыз жолындағы» сауда қызып тұрды. «Лазурит жолы» - Мысыр, Иран, Вавилон елдеріне Памир тауларында өндірілген лазурит тасы тасымалданатын жол. Лазурит бұл елдерде өте кәделі саналып, аса жоғары бағаланған. «Нефрит жолымен» қытай патшалары мен бай-шонжарларына арналып жасалатын зергерлік әшекей бұйымдарға қажетті асыл да әдемі гауһар тас, нефрит Қашқардан Қытайға тасымалданған. «Құндыз жолымен» бағалы аң терілері әр елге таралған. Б.з.д. I мыңжылдықтың ортасында «дала жолы» іске қосылды. «Дала жолы» арқылы Қытай жібегі мен Иран кілемі жеткізіліп тұрды.Ұлы Жібек жолы бүкіл адам ағзасын қоректендіруші қан жүйесіне ұксас жұмыс істеді. Себебі ол бүкіл Еуропа мен Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызып, ондағы халықтарды біріктірді.

1-ші ғасырдағы Жібек Жолы, Қытайдан Жерорта теңізіне дейін. «Ұлы Жібек жолы» ежелгі атау емес, ол 1877 жылы пайда болған. Оны қолданысқа енгізген белгілі неміс географы Фердинанд фон Рихттофен. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды.

Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір-бірімен сауда-саттықпен айналысуына, ғылым салаларының дамуына, діни және мәдени салт-дәстүрлерінің қалыптасуына ықпал етті.

Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары аркылы Қытайға ұласкан, Жолдың ендігі бір бөлігі Яқсарт, Сейхун деп аталған Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай ары қарай Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты.

Негізгі күре тамырдан Орталық Қазақстан далаларына, Сарыарқа мен Ертіске, Алтай мен Моңғолияға карай тарамдалған жолдар өткен. Осындай жолдардың бойында Исфиджаб, Усбаникент, Отырар, Түркістан, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Жаңакент сияқты ірі қалалар болған. Бұл қалалардың өркендеуіне Ұлы Жібек жолының тигізген әсері мол. Қалалар мен далаларды, тау етектерін сақтар, үйсіндер, қаңлылар, кейіннен түргеш, қарлұқ, оғыз, кыпшақ, қимақ сияқты ежелгі түркі тайпалары мекендеген.

Қазақстанның ортағасырлық қалаларында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар Қытай мен Византия, Иран мен Үндістан елдерінің теңге сарайларында нақыштап соғылған теңгелер мен ділдәлар қазып алған. Сонымен бірге сол жерде жасалған әрі сауда керуендерінен келген басқа бұйымдар да табылған. Алматы маңындағы ежелгі Талхир қаласының орнын қазған кезде Иранда жасалған қола табақ, қытай фарфоры мен жапон фаянс тостағанының сынығы және т.б. бұйымдар қолға түсті. Әсіресе, беті түрлі танғажайып оюлармен, тамаша суреттермен безендірілген табак ерекше қызықтырып, ықылас тудырады. Қызыл түсті жапон фаянс тостаған сынығының іші мен сыртында айдаһар, тау мен теңіз, «алтын» киім киінген ер кісі мен әйел әсем бейнеленген.

Көз қызықтырар қола айналар – Таяу Шығыс пен Қытайдан шығып, кең таралған заттардың бірі. Олардың сырт жағына гүлді оюлар, ұшып бара жатқан тырналардың суреттері салынып, араб жазулары да түсірілген.

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) — халықаралық сауда ережелерін либерализм принциптеріне қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77 мемлекет кірсе, 2015 жылғы 30 қарашадағы соңғы мәлімет бойынша оған 162 ел мүше болды. Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында ЛитваЛатвияЭстонияГрузияАрменияМолдоваҚырғызстанУкраинаРесей және Қазақстан бар. ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымның 95% құрайды, яғни Ресейдіқоспағанда бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады. Және де 30- ға жуық ел осы ұйымға кіру ниеттерін білдірді, олар бүгінгі таңда бақылаушы мәртебесіне ие. ДСҰ басты міндеті — іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндіктер жасау. Дамыған елдердің бастамасымен құрылған аталған ұйым халықаралық саудада экономикалық өсім мен адамдардың тұрмыс тіршілігін көтеруге ықпал етеді деп есептеледі. Бүгінгі таңда әлемдік сауда жүйесі негізгі бес ұстанымға сәйкес келуі тиіс:

— Саудада еш кемсітушіліктің болмау шарты, яғни бірде-бір мемлекет қайсыбір мемлекетке экспорт пен импортқа шектеушілік қоюға құқығы болмайды;

— Сауда кедергілерін азайту, немесе қайсыбір елдің нарығына шетелдік тауарлардың келуіне кедергі келтіретін факторларды жою, оларға бірінші кезекте кедендік алымдар мен импорттық квоталар жатады, басқаша айтқанда импортқа қойылатын көлемдік шектеулер;

— Тұрақтылық пен сауда шартының алдын-ала болжамдылығы, бұл шетелдік компаниялар, инвесторлар мен үкіметтер қолданыстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгерілмейтініне кепілдік береді;

— Халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, яғни түрлі елдер фирмаларының тең құқықты бәсекелестігі үшін «әділетсіз» тәсілдерді жою, оған экспорттық субсидиялар (экспортшы-фирмаларға мемлекет демеушілігі), жаңа сату нарықтарын иелену мақсатында демпингтік бағаларды пайдалану;

— Жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасау. Нақ осы бап жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға кереғар келеді, алайда ол әлемдік шаруашылыққа осал дамыған елдерді тарту үшін қажет болды. Бұл елдер алғашқы кезеңде дамыған мемлекеттермен бәсекелесе алмайтыны айдан анық, сондықтан да нашар дамыған елдерге ерекше жеңілдіктер қарастыру «әділетті» болар деп есептеледі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу