Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қорғау. Биология, 11 сынып, дидактикалық материал.
Қорықтар – қоршаған ортаның табиғи эталондарға, реликтілерге, ғылыми зерттеулерге, ағарту, білім беру ісіне, туризм саласына және рекреацияға арналған нысандары ретінде экологиялық, ғылыми және мәдени тұрғысынан аса құнды болып табылатын, мемлекеттік қорғауға алынған аумақтардың жиынтығы. Олардың негізгі мақсаты – табиғи ландшафтар эталонын сол аймақта тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен бірге сақтау, табиғат кешендерінің табиғи даму заңдылықтарын анықтап қана қоймай, адамның шаруашылық әрекетінен табиғатта болатын өзгерістерді болжау болып келеді.
Жерімізде барлығы 10 қорық бар. Әрине, мемлекетімізде географиялық зоналардың жекелеген аймақтарын табиғи қалпында сақтап, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғайтын арнайы орындардың бары қуантарлық жайт. Қазақстанда Қызыл кітапқа енген қаншама жануарлар мен өсімдіктер бар. Олардың саны жыл санап артып келеді. Оған не себеп? Олар тиісті деңгейде қорғалып жүрген жоқ. Ал қорық осының барлығын сақтап тұру үшін керек.
Ақсу-Жабағылы қорығы.
Ақсу-Жабағылы – Орталық Азия мен Қазақстанның ішінде алғаш ашылған қорықтардың бірі. 1926 жылы гидробиолог А. Л. Бродский қорық құрылымының басы-қасында болады. Мемлекеттік қорғаудағы табиғи қорық Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауы жотасының батыс бөлігінде орналасқан. Ақсу-Жабағылы теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы өңірді алып жатыр. Қорық сан алуан жануарлар мен өсімдіктерге бай. Оның аса үлкен емес аймағының өзінен Еуропаның, Солтүстік Африканың, Алдыңғы және Орталық Азияның түрлі ландшафтарына тән жануарларды кездестіруге болады. Ақсу-Жабағылы емдік қасиеті бар мекен саналады. Себебі ол жақтың ауасы таза және дәрілік өсімдіктерге өте бай. Онда 200-ден астам дәрумен болатын өсімдік түрлері өседі. Қорықтың өсімдік қоры жалпы алғанда 1737 түрге ие.
Наурызым қорығы.
Наурызым қорығының алып жатқан жері Қостанай облысы Наурызым және Әулиекөл аудандарының аралығында. Ол 1934 жылы ашылған. Ал табиғилық қашан да жасандыдан жоғары сатыда тұратыны, онымен салыстыруға да келмейтіндігі айтпаса да белгілі. Осындай ерекше аймақтың біздің елімізде болуы көңілге жылылық ұялатады.
Қорықта «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді. Ол жерден мұражайдағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы терең мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ жануарлардың мүсіндерін де көруге болады. Қорықтың өзін аралап жүріп 200 жыл өмір сүрген ағаштарды көре аласың.
Алматы қорығы.
Өзінің жалпақ жапырақты және шыршалы ормандары, Альпы жайылымдарының белдеуі, шатқалдар мен көлдер бойынша өтетін экологиялық маршруттарымен туристердің көңілін аудартып жүрген Алматы қорығы 1964 жылы Іле Алатауының орталық бөлігінде орналасқан. Алматы қорығы да өсімдіктер дүниесіне өте бай келеді. Оның 1300-ден аса түрін кездестіруге болады. Барыс, коңыр аю, тас сусар, марал, таутеке, арқар, елік, суыр, тиін секілді сүтқоректілер де осы Алматы қорығында мекендейді. Одан бөлек құстардың да 200-ге тарта түрі тіршілік етеді. 2500 м биіктіктен жоғарыда өскен Тянь-Шань шыршасынан тұратын шыршалы орман белдеуі бар. 1800-2000 метр биіктіктегі көктеректі нудан тұратын жапырақты ормандар, долана, жабайы алма және өрік ағаштарды көру қай-қайсысына болмасын қызықты.
Қорғалжын қорығы.
Солтүстік жартышарда сақталған самалды Сарыарқаның салиқалы жазығындағы қоғалы көл, қоқиқаздардың құт мекені – Қорғалжын қорығы 1968 жылы ұйымдастырылған. Жылына ұрпақ жалғастыру үшін қорыққа Қазақстаның оңтүстігінен емес, әлемнің оңтүстігінінен, мынау Ресей, анау тұрған Өзбекстаннан емес, сонау Африка құрлығынан 50-60 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді екен. Ойлап қараңызшы, артта мыңдаған шақырымды қалдырып өтіп, қанаттарын талдырып, Африкадан Қорғалжыңдағы Теңіз көліне тікелей келіп отырады. Сондай-ақ, дүние жүзіндегі барша бұйра бірқазанның 20 пайыздан астамы осы жерге келіп, ұя салады.
Табиғаттың құдіретінде шек жоғын дәлелдейтін Қорғалжын қорығы Қазақстандағы ірі табиғи аймақ. Оның аумағы тіпті Швейцариядан да үлкен.
Барсакелмес қорығы.
Сыр елінде, оның ішінде Арал теңізі аумағында етек жайып жатқан Барсакелмес қорығы еліміздегі басқа 10 қорықтың ішіндегі ең ерекшесі. Барсакелмес туралы сан түрлі аңыз әңгімелер тараған. Тарихта Барсакелмес қорығы «арал» атанып кеткен. 1939 жылы ұйымдастырылған қорықты құрудағы мақсат ондағы азайып бара жатқан жан-жануарларды сақтап қалу болды. Әсіресе ақбөкен мен қарақұйрықтар басты қорғауда алынды
Марқакөл қорығы.
Қазақстан Алтайының Күршім жотасы мен оңтүстігінде теңіз теңгейінен 1440 метр биіктіктегі Азутау жотасы аралығындағы Марқакөл шегінде орналасқан Марқакөл қорығы 1976 жылы аймағындағы орман, көл, өзендерді табиғи қалпында сақтап, аң-құстарды қорғау мақсатында құрылды. Қорықтан Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарды өте көп кездестіруге болады. Ал Марқакөл көлінің суы жұмсақтығы және тұщылығымен ерекше. Лосось отбасылығына жататын учкуч балығы көлдің басты байлығы болып табылады. Бұл қорық туралы да тарихта аңыз көп.
Үстірт қорығы.
Көлемі жағынан үлкен шөлді аймақты қамтитын Үстірт қорығы еліміздегі ең жас қорықтардың бірі. Соның өзінде оның 35 жылдық тарихы бар. Қорықтың маңайында көптеген тарихи орындарды кезіктіруге болады. Қарамая, Көкесем шатқалдары ондағы тау табиғатын ажарландырып тұр. Балуанияз, Көкесем қорымы, сондай-ақ әлі зерттеле қоймаған Табан-Ата деп аталып жүрген қорымдарды ерекше атап өтуге болады. Үстір қорығы жайлы қызық мәлімет: қорық Маңғыстау облысы бойынша ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы мәртебесіне лайық бірден-бір үміткер. Әр қорықтың өз өзгешелігі бар. Бұл жердің де табиғаты өзінше бір қызық әлем.
Батыс Алтай.
Кенді Алтайдың сотүстік-батыс бөлігінде орналасқан бұл қорық 1992 жылы ұйымдастырылды. Физикалық-географиялық сипаттамасы: Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер (Лениногор), Зырян, Глубокое (Орталық кеңсе-үй-жайы Глубокое ауданының Риддер қаласында орналасқан) аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан.
Онда қылқан жапырақты ормандар, субальпі және альпі шалғындары сақталған. Батыс Алтай қорығында тайгалық жануарлар мекен етеді. Олар: бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, суыр, шұбар тышқан және әртүрлі кеміргіштер. Құстар әлемінің 100-ден аса түрлерін кездестіруге болады. Қызыл кітапқа енгізілгендері: қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы – бірегей табиғат туындысы. Қорықта орман шекарасынан биік өзендерге бастама беретін кішкене мұздан жаратылған тау көлдері және батпақ бар.
Алакөл қорығы.
1998 жылы құрылған Алакөл қорығы Алматы облысындағы Алакөл ауданында қоныс алған. Қорық ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар қатарына енген. Ондағы Алакөл көлі республикамыздың аумағындағы әсем көлдердің бірі. Алакөл қорығындағы аралдар құстардың ұя салуына өте қолайлы болғандықтан, онда құстар топталып ұя салады. Сол себепті көбі қорықты «құс базарына» теңестіреді.
Қаратау қорығы.
Мойынқұм шөлдерімен және Бетбақдала өңірімен шектесетін Қаратау қорығы 2004 жылы аймақтағы эндемикалық өсімдіктерді сақтап қалу мақсатында құрылды. Қаратау қорығы ерте заманнан адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы жер саналған. Оған қорықтары көне тарихи-мәдени ескерткіштер дәлел. Өзге қорықтардағыдай Қаратау қорығы да жануарлар мен құстарға, алуан түрлі өсімдіктер өте бай..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру