Ақтамберді жырау (Жағама қолдың тигенін)

 Ақтамберді жырау (Жағама қолдың тигенін)

Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп,
Жасым жетпей он беске,
Қорғайтын жан адам жоқ.
Кәрі ақсайды ақылдан,
Ер ақсайды жақыннан,
Қазір әлсіз болсам да,
Үмітім бар ақырдан.
Жасым жетіп он беске,
Кірер ме екем кеңеске,
Бұғана қатып, бел бекіп
Ерегескен дұшпанмен
Шығар күн туса күреске!
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке.
Он жетіде кұрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, Құдай, тілекке!
Салпаң да салпаң жортармын,
Сары азбанға қосымды артармын.
Торлаусыз өскен құланмын,
Мезгілсіз жусап өрермін.
Байраққа біткен құрақпын,
Саусағым жерге түсірмен.
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталасаң да айрылман.
Сыртым құрыш, жүзім болат,
Тасқа да салсаң, майрылман!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады