Қазақша өлең: Жарамазан » ZHARAR © 2016 | жарамазан текст казакша, казакша олен жарамазан, жарапазан текст казакша, жарапазан өлеңдері, жарапазан өлеңдері қазақша




  • »

Қазақша өлең: Жарамазан

Меккеде бір ағаш бар басын иген,
Жайқалып жапырағы жерге тиген.
Осы үйде бір ағам бар Құдай сүйген,
Қайыры ол кісінің жұртқа тиген.

Ақ қораз, қызыл қораз қырман шашар,
Осы үйде бір жеңгем бар бар теңге шашар.
Жеңеше-ау, шашпай-ақ қой, қолыма бер,
Қу балалар қасымдағы ала ұшар.

Айтамыз жарамазан ауылыңа,
Таудай қып тайлақ мінген қауымыңа.
Жігіттер, намаз оқы, ораза тұт,
Пейіштің қолың жетер қауынына.

Айтамыз жарамазан еліңізге,
байлапсың елу бота желіңізге.
Байласаң бәсіре ғып соның бірін,
Барамыз мақтай-мақтай елімізге.

Айтамыз жарамазан үйіңізге,
Қондырған үй айнала шиіңізге.
Қой берсең, қозы берсең көпсінбейміз,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.

Айтамыз, байлар, саған жарамазан,
Айыпқа бұйырмаңыз, естіген жан.
Айтқан соң жарамазан үміт етем,
Қанеки, мырзалығың енді маған?

Айтқанмен жарамазан тойған бар ма?
Әдеті бұрынғының қойған бар ма?
Әдетін бұрынғының қойып кетіп,
Барғанда ақыретке оңған бар ма?

Айтамыз жамаразан жар басына,
Қыздардың іліп қойған дорбасына.
Жақсылар, ораза тұт, оқы намаз,
Пйіштің қолың жетер алмасына.

Барып ем анау үйге тайлақ берді,
Ттайлағын жібек жіпке байлап берді.
Сабаздың баласына бәрекелді,
Асырып алты қырдан айдап берді.

Ақ үйің ойға қонған орда болсын,
Жиылып ұлы-қызың молда болсын.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Пайдасы молдалықтың сонда болсын.

Мінгенім астымдағы бесті дейді,
Жібектен қоржын-қалта есті дейді.
Сауабы оразаның сондай күшті,
Нәпсінің басын баудай кесті дейді.

Мінгенім астымдағы жирен дейді,
Намазды бес уақыт үйрен дейді.
Намазды бес уақыт үйренбесең,
Шынжырлап тозақ жаққа сүйрер дейді.

Айтамыз жарамазан ниетіңе,
Түк таппай жатыр ма екен сый етуге.
Тай берсең жарар еді ат ететін,
Болады бота берсең түйе етуге.

Айтамыз жарамазн құлағыңа,
Әндетіп айтқанымыз ұнады ма?
Тайыңды қимай тұсаң бермей-ақ қой,
Қозы мен бата қылдыр лағыңа.

Барып ем анау үйге лақ берді,
Баласы бәсірем деп жылап берді.
Баласы бәсірем деп жылаған соң,
Әкесі қалтасынан пұл ап берді.

Айтамыз жарамазан жайыменен,
Ораза-Рамазан айыменен.
Ат-шапан бере алмасаң, өкпеміз жоқ,
Бір табақ құрт алып шық майыменен.

Мінгенім астымдағы ақ атан-ды,
Әр жерде мұнша тұрсам таң атады.
Таң атқанның белгісі күн шығады,
Жеңешем жәкемізді оятады.

Ар жақта пейіш тұрар уыздай болып,
Бер жақта тозақ тұрар тұздай болып.
Ораза былтыр кеткен биыл келді,
Ұзатқан сәукелелі қыздай болып.

Айтамын жарамазан ауық-ауық,
Шақырар сөресінде қораз-тауық.
Мырзалығы жеңгемнің тіпті жақсы,
Жіберер үстімізге шапан жауып.

Ей байлар, жатырмысың ұйқылы-ояу,
Үйіңе Қыдыр келді аттылы-жаяу.
Жақсылар, сауабы көп оразаның,
Күтіп ал қыдырыңды деймін, ай-ау.

Жеңешем, осы үйдегі аппақ қана,
Береді бізге орамал сақтап қана.
Күміс ақша жанына қоса берсе,
Жеңешемді жүреміз мақтап қана.

Айтамыз жарамазан сауабы бар,
Берсең бер, бермесең қой, не қамым бар.
Бермесең садақаңды кете берем,
Астыма мінген атым, шу жануар!

Мінгенім астымдағы есек дейді,
Ұстағаны қолында кесек дейді.
Жақсылар, намаз оқы, ораза тұт,
Барғанда о дүниеге есептейді.

Он екі айдың сұлтаны - Рамазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.
Айтқанда үмітпенен жарамазан,
Жар болсын мырзаларға Алла Тағалам!

Қызықты жарамазан



Санат: KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы | | 10 838
Рейтинг:
(голосов: 16)

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .