Есенғали Раушанов (Махаббат)

 Есенғали Раушанов (Махаббат)

«Сарман бойлары сары сабан,
Сабандай сарғайды санам.
Сіздер жақтан бір құс келсе,
Мен мұңайып қарап қалам». -

Рахиля қыз Қазаннан келген,
Айтады бір ән азаннан бермен.
Азаннан бермен қараша аспаны
Қабақ ашпады сазарған өңмен.

Жол қамын ойлап жан ағам өлек,
Сұраймын: «Тағы қалаға ма?» - деп
Рахиля қыз... созады әнін,
Сары адыр жатыр сары ала кенеп.

Сырдария жаққа сыр айта келді,
Толқындар да оны мұңайта берді.
Рахиля қыз кетіп қалды ақыр,
«Сарман бойларын» кім айтады енді?.

Бір ауыр ұлы басқандай белді,
Жәудір жанардан жас тамбайды енді.
Жел алып қашқан ақ орамалы
Аспандай берді, аспандай берді.

Қарайды күліп табалап аспан,
Баламын оннан жаңа ғана асқан...
«Heгe үйленбеді ағам» деп қоям,
Несін алған-ей қалаға қашқан.

Өксіктей болып кептеліп бір мұң,
Өзімнен өзім кектеніп, күлдім.
Үйленді көкем...
Жеңгемді сол күн,
Рахиляны ойлап, жек көріп тұрдым.

Құбақандана құбылып бар маң,
Күз келіп тағы тұр ұлып таңнан.
Рахиляның орамалындай
Ақша бұлт шыңға ілініп қалған...

Сол қызды көзге келтірді бау-бақ,
Күлмейді толқын еркін бір аунап.
Өкінішті әнге салады көкем,
Өксігім тежеп мен тұрмын аулақ:

«Сарман бойлары сары сабан,
Сабандай сарғайды санам.
Сіздер жақтан бір құс келсе,
Мен мұңайып қарап қалам».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі