» » » Өлең: Қисса Таһир (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Қисса Таһир (Қазақ ауыз әдебиеті)

Өлең: Қисса Таһир (Қазақ ауыз әдебиеті) казакша Өлең: Қисса Таһир (Қазақ ауыз әдебиеті) на казахском языке
Құдайға сиынайын әуелiнде,
Аз қисса сөз жазайын қағазында.
Қалам алып Құдайға сиынайын,
Сөз тапса жазар шағым осы күнде.
Қалам алып жазайын қисса сөздi,
Жазған жан ғарiптiкпен жаһан кездi.
Ойласам ақыл жетпес ой түбiне,
Құдайым есен қылсын баршамызды.
Бұрынғы әдiл өткен халифалар,
Әдiл патша бейiштен орын алар.
Жақсы өткен дүниеде, жаман өткен,
Жақсының өзi өлсе аты қалар.
Ғарiптер қисса оқыса, бiледi хат,
Қалам алып жазайын аз қисса хат.
Һарон Рашид өтiптi бiр халифа,
Құдайым оған берген көп салтанат.
Һарон Рашид халифа салтанатты,
Бiр уәзiрi бар екен Фазыл атты.
Халифа уәзiр бiрлән отырғанда,
Бiреу келiп үш дана гауһар сатты.
Қараңғы үйге қойса қылар жарық,
Халифа тасты көрдi қолына алып.
Мұндай тас бұ жаһанда көргенi жоқ,
Тұрады қараңғы үйде оттай жанып.
Бағасын бiлер ме екен жиылған көп,
Тасты көр[се] ас iшпей болады тоқ.
Адамның ақыл-ойы жете алмады,
Мұндай тас бұ жаһанда көргенi жоқ.
Мұндай тас болар ма екен тiрi жанда,
Дүнияда кәпiр, орыс, мұсылманда.
Һарон патша сұрайды уәзiрiнен:
— Бар ма екен бұ дүнияда һеш адамда?
Уәзiр айтты: — Жасыңыз болды ұзын,
Мысырда бiр жiгiт бар, көрсең жүзiн.
Мұндан артық гауһары толып жатыр,
Итпарас деп айтады тағы да өзiн.
Мысырда бiр жiгiт бар Таһир атты,
Бау-шарбақ мүкәммалы салтанатты.
Үйiнде асыраулы екi итi бар,
«Итiге табына» деп иман атты.
Падиша естiген соң бұған күлдi,
Гауһар жақтан уәзiрге ашуланды:
— Дүниеде мұндан артық гауһар болмас,
Гауһардан итпарастық ғажап болды.
Әй, тақсыр, құлағың сал, тiлге нанып,
Мен берейiн аты-жөнiн хатқа салып.
Мысырға жiберейiн екi жiгiт,
Таһирдi гауһарымен келсiн алып.
Уәзiр хатқа аты-жөнiн салып бердi,
Мысырға жiберiптi екi ердi.
Халифа шақырған соң амал бар ма,
Таһирдi гауһарымен алып келдi.
Таһир келiп есiктен сәлем бердi,
Отырған көп Таһирдiң жүзiн көрдi.
— Мұндайын гауһар қолыңа түстi ме? — деп,
Амандасып қолына гауһар бердi.
— Менде бар мұндан артық отыз дана,
Жанынан бiр қалтаны алды және.
Құдайым қандай артық жаратпаған,
Алланың құдiретiне қара-сәна.
Қалтадан отыз дана гауһар шықты,
Халифа да көрген жоқ ондай тiптi.
Халифа, отырған көп қалды қайран,
Жаһанда ондай тасты көрген жоқ-ты.
— Жүзiң жарық жiгiтсiз, жаным, сенiң,
Көп екен дүнияда жиған малың.
Тал бойыңнан бiр айып таба алмадым,
Таһир сенден тағы бар бiр сауалым.
— Бар болса сұрай берiң һәр сауалың,
Алдыңға құлың келдi, тақсыр ханым.
Бiлсем жауап берейiн сауалыңа,
Жолыңда пида болсын шыбын жан[ым].

Падишаның жауап сұрағаны:

— Мен сенен есiтемiн иман атты,
Үйiңде асырайсың бiр-екi иттi.
Итке сенi табына деп есiтемiн,
Неден сенiң басыңа зауал жеттi.
Не себептен табындың екi итке,
Лайық па итпарастық ер жiгiтке.
Итке құлдық қылғаның лайық па деп,
Таһиржан, естiген соң есiм кеттi.
Итпарас деплер сенi көрген адам,
Құп мүләйiм жiгiтсiң өзiң мәдам.
Һеш нәрсе таппадың ба табынғалы,
Дүниядағы қуатты көп жандардан.
Табынсаң аю бiрлән жолбарыс көп,
Арыслан һәммасындан қуатты бек.
Көңiлiң иман-нұрдан ғапыл емес,
Аң жiгiт, фаррарсың, ақылың жоқ.
Жаратқан бiр деп ойла бiр Құдайды,
Құдiретiмен жаратқан күн мен айды.
Менiм сенден сұраған сауалым сол,
Итпарастық болғаның жарамайды.

Патшаға Таһирдiң берген жауабы:

— Сауалыңа берейiн жауап, ханым,
«Иә, Алла» деп сүйенген ғарiп [жаным].
«Лә иләһа илла Аллаһ, Мұхаммед Расул Аллаһ»,
Мұхаммедтiң үмбетi — мұсылманмын.
Мұхаммедке үмбетпiн, Құдайға құл,
Айта берсем кеудемде кеңесiм мол.
Үйiмде асыраулы екi итiм бар,
Қатерiңiз болмасын, тақсыр, малул.
Мойнында екi итiмнiң алтын шынжыр,
Астында торғын төсек төсеулi тұр.
Бiлезiгi, кигенi бәрi алтын,
Инанбасаң, тақсыр ханым, алдырып көр.
Ас бергенiм итiме алтын аяқ,
Тәңiрiм дәулет, бақ бердi аямай-ақ.
Екi итiмнiң сырын сiзге айтсам,
Қапа болып жүрмеңiз итiмдi аяп.
Һәр күнде жегiземiн түрлi тағам,
Итке қызмет қыламын өзiм мәдам.
Көңiлiмдегi айтайын әңгiмемдi,
«Сөйле» деп рұқсат берсең маған.
Халифа рұқсат берiп: — Сөйле, — дедi,
Ұмытқаның бар болса, ойла, — дедi.
Әуел бастан сөйлей көр, Таһир жаным,
Бiзге айтпаған бiр нәрсе қойма, — дедi.
Таһир халифаға сөз сөйлейдi,
Iшiнде ендi айтпаған сөз жимады.
Әуел баста сөйлейдi халифаға,
Таһирдiң айтқан сөзiн жұрт тыңлады.
— Ендi айтайын мен сiзге сөзiм бәрiн,
Шаһарым — Мысыр, атам аты — Ғасым.
Атам кiсi дүнияда бай кiсi екен,
Неше дүкен толтырған асыл тасын.
Атамыз тағдыр жетiп, дүния салды,
Қисапсыз мал, артында үш ұл қалды.
Атамыз өлгеннен соң мал үлестiк,
Екi ағам тиген малын бөлiп алды.
Екi ағам малын алып бөлек кеттi,
Дүнияда жамандықтың бәрiн еттi.
Түнi-күнi арақ iшiп, құмар ойнап,
Қолынан аз заманда дәулет кеттi.
Қылмаған һеш қоймады жамандықты,
Қолында мал қалмады, зар еттi.
Күтпесе адамзатта дәулет тұрмас,
Атаның ауыр дәулет бәрi бiттi.
Мен сақтадым еншi алған малды,
Бiр Құдайым кеудеме ақыл салды.
Еншi малым көп болды бұрынғыдан,
Сапар шығып қинадым шыбын жанды.
Атамнан да көп болды менiм малым,
Көп жиған дүнияда мүкәммалым.
Әй, жақсылар, тыңдаңыздар жақсы кеңес,
Қандай мехнат көрдi менiм жаным.
Бақ берсе адамзатқа дәулет табар,
Бақ болмаса адамнан дәулет кетер.
Малын алар Құдайым, басын да алар,
Құдайым қарғағанын әуара етер.
Ағаларым жалаңаш болды кедей,
Менiм дәулетiм бар, көңiлiм жай.
Пақырлар елден-елге нан сұрайды,
Ойласам құдiретiң кең, Құдайым-ай.
Екеуiн есiркедiм бiр күн көрiп,
Үйiме алып келдiм соңына ерiп.
Киiм сарпай кигiздiм екеуiне,
Бiр мыңнан екеуiне тiлла берiп.
Алып кеттi екеуi мың тiлланы,
Арақ iшiп сап қылды дахи оны.
Мен тағы мұндан былай үмiт үздiм,
Өлмесе екеуiнiң шықсын жаны.
Жалданды ендi екеуi боқ қазарға,
Ақыл керек қағазға сөз жазарға.
Сол екеуiн бетiме қылды салық,
Сен ақыр екi ағаңды қолыңа алып.
Екi ағаң кедей болып тентiреп жүр,
Мен жүремiн сол сөзге намыстанып.
Бұл сөздi естiгенсiн намыстандым,
Үйiме алып келуге iздеп бардым.
Iздеп барып тағы да бердiм сәлем,
Екеуiн алып келдiм үйге таман.
Алып барып жегiздiм түрлi тағам,
Бастан-аяқ кигiздiм түрлi шапан.
— Ниет қылдым жүрмекке дария сапар,
Жолдас болып мен бiрлән сiздер де бар.
Мынаны жеп, мынаны iшiп сiз барыңыз,
Берейiн екеуiңiзге мен кәр динар.
Екеуi менiм бiрлән жүрмек болды,
Екеуi маған қайыр дұға қылды.
Қисапсыз мал мен алдым көп нығмет,
Алтын бiрлән күмiске үй толды.
Екi ағаммен үшеумiз кеме кiрдiм,
Бес-алты күн кемеде рахат көрдiм.
Жолдас қылып ап кеткен екi ағамдан,
Ақырында жапаны сондан көрдiм.
Бiр тақтайда ұйықтадым бiр күн жатып,
Көтердiлер тақтайды тақылдатып.
Көзiмдi ашып қарасам — ағаларым
Тақтаймен жiбердiлер дарияға атып.
Атқан тақта дарияға келiп түстi,
Ағалардан мен көрдiм мұндай iстi.
Кеме бiрлән екi ағам жүре бердi,
Құдiретi Құдайымның сондай күштi.
Берiк ұстадым тақтайдан мен қолымды,
Жел шығып, дария жүзi толқын болды.
Iшерге мен байқұстың тамағым жоқ,
Сарғайып зағыпырандай жүзiм солды.
Һешкiмге опа қылмас жалған дүние,
Көрiнбес судан басқа һешбiр неме.
Үш күн, үш түн ағызды жел тақтаны,
Адамзат ажал жетпей өлер деме.
Көрiндi үш күннен соң бiр құры жер,
Құрыға айдап келдi тақтаны жел.
Жамандықтың ақырын жақсылық қыл,
Құдай-а, һәр мүмiннiң тiлегiн бер.
Құрыға шыққандан соң қылдым шүкiр,
Тақсыр ханым, Құданың құдiретiн көр.
Судан шығып тамаша қылып тұрсам,
Алдымда су шетiнде өз кемем тұр.
Көргеннен соң таныдым өз кемемдi,
Тәңiрiм есен сақтады шыбын жанды.
Мал, асбаб, алтын-күмiс һеш нәрсе жоқ,
Күзетшiге қойыпты бiр адамды.
Менi көрiп ол адам қарсы жүрдi,
Алдыма қарсы келiп сәлем бердi.
— Жөнiңдi айт, қайдан келген бейшарасың,
Көрмедiк бұл шаһарда сендей ердi.
— Мен бiр ғарiп бейшара, алыс жол-ды,
Сарғайып зағыпырандай жүзiм солды.
Айтар сөзiм бар едi мырзаларға,
Иесi бұл кеменiң қайда болды?

Күзетшiнiң жауабы:

— Дәрулмәлiк патшаның шаһарында,
Саудагер көп жиылған осы күнде.
Бес-алты жүз түйеге нәрсе артып,
Мырзаларым кеттiлер бәрi сонда.
Мен сұрап күзетшiден тамақ жедiм,
— Шаһардың қайсы болар жөнi? — дедiм.
Тек жүрсем басыма менiм бәле бар ма,
Жөнiм таппай дұшпанға өзiм жеттiм.
Бар екен ол шаһарда керуен сарай,
Мен таптым ағаларым қарай-қарай.
Мен сықылды дүнияда әуре қылмай,
Һәр пенденiң тiлегiн берсiн Құдай.
Есiктен үй iшiне келiп кiрдiм,
Төрдегi ағаларға сәлем бердiм.
Көргенден соң жылаймын екi ағама:
— Бауырларым, сiздердi есен көрдiм.
Екi ағам отыр киiп киiмiмдi,
— Не еттiңiз алтын-күмiс бұйымымды?
Өлер деп-ақ кеттiңiз менi сiздер,
Тәңiрiм сақтап келтiрдi менi мұнда.
Екi ағам — мал иесi отыр төрде,
Есiктен кiрiп келген менi көрдi.
Айландырып қараса — өз iнiсi,
Iнiсiн көрiп, бiлiп таныды ендi.
Екi ағам менi көрiп таңға қалды,
Екеуi тұра келiп айғай салды.
Қатты ұра бастады мен ғарiптi,
Көрген адам бәрi де таңға қалды.
Екеуi қолына алды жуан таяқ,
Мен байғұсты қатты ұрды аямай-ақ.
«Күнәһi бейшараның не болды?» — деп,
Мұсылмандар жиылды бәрi де аяп.
Мен таяқтан жығылдым есiм ауып,
Екi ағам кеңестi ақыл тауып.
— Танымаймыз бiр залым келген бiзге,
Малым бар деп бiздерге жала жауып.
Екi ағам көп қылып тарту алды,
Шаһардың падишаһына алып барды.
— Айлық жолдан келген бейшарамыз,
Патшаға кiремiз, — деп хабар салды.
«Кiрсiн, — деп, — саудагерлер» жарлық болды,
Қол қусырып падишаға сәлем бердi.
— Тақсыр ханым, сiздерге арызымыз бар,
Айталық алдыңызда арызымызды.
Алыс жолдан келген бiз ғарiптермiз,
Арыз айта алдыңа келдiк бiз.
Тақсыр хан, бiр адамдан қорлық көрдiк,
Қорлық көрген залымнан саудагермiз.

Патшаның жауабы:

— Бұларға зорлық қылған неткен адам,
Бiреудiң менiкi деп тамам малын.
Салмақ керек зынданға ол залымды,
Бұлар бiрлән бара гөр, уәзiр жаным.
Есiм кетiп көтердiм басым әрең,
Бас-көзiмден қан кеттi тарам-тарам.
Өзiм малым өзiме зиян болды,
Осындай күйге салды Алла Тағалам.
Таяқты көп жегеннен есiм кеттi,
Тақсыр ханым, қан жуды қызыл беттi.
— Әй, залым, қайдасың? — деп өлтiрмекке,
Бiрқатар жасауылдар келiп жеттi.
Сендерге пәле қылған залым қайда,
Мұндардың екi қолын артқа байла.
Базар күнi асармыз дарға мұны,
Зынданға барғанынша жаяу айда.
Жөнелдi жасауылдар жаяу айдап,
Мойныма шылбыр тағып қолым байлап.
Үш күнден соң болады базар күнi,
Зынданда жата тұрсын күнi-түнi.
Алып барып тастады зынданына,
Алып шығып асармыз базар күнi.
Жалғыз жаттым зынданда ғарiп басым,
Ғарiптiкпен ағады көзде жасым.
Сегiз құлаш зынданның тереңдiгi,
Һәр мүмiндi Құдайым жарылқасын.
Өлгенде бiр Алладан пана бар ма,
Бiр Алладан басқа да дана бар ма.
Қараңғы жер iшiнде жатып жалғыз,
Алла iсiне көнбейтiн шара бар ма?!
Кеудемде кеңесiм бар диан-диан,
Иман бер деп тiлеймiн бiр Құдайдан.
Ассыз-сусыз бiлмеймiн түнi-күнi,
Қараңғы зындан болды менiм жайым.
Бiр адамды тастады және бiр күн,
Мен ғарiпке бiлiнбес күн бiлән түн.
Бiр жан келiп түбiне және түстi,
Қасына бардым жетiп отырған соң.
Түскеннен соң қасына бардым жетiп,
Бейшара жылап жатты есi кетiп.
Есiн жиды, сөйлестiк екi ғарiп:
— Несiн түстiң бейшара күнәһ етiп?
Отырып мұңдасамыз екi зарлы,
Зынданның түбi терең, ауызы тар-ды.
— Сенiң қандай, бейшара, қылмысың бар,
Ағаларым қас болып салды менi.
Ол жiгiт өзi көркем, кiл асыл,
Тақсыр хан, не көрмедi ғарiп басым.
Бастан-аяқ сөйледiм уақиғамды,
— Ендi сен сөйле, — дедiм, — замандасым.
Ағасы қылған екен оған да қас,
Бiраз күн екеуiмiз болдық жолдас.
Бiр кәнизiм бар едi, аһ, дариға, — деп,
Қатра-қатра көзiнден ағады жас.
Зынданның түбi терең, ауызы тар,
Пақырдың көкiрегiнде құсасы бар.
Бейшара ғашық жарын жадына алып,
Аллаға мұңлық ғарiп қылады зар.
Жыласып отыр едiк екi пақыр,
Һеш нәрсе жоқ бiздерге өлiм ақыр.
Құдаға налыс қылып отыр едiк,
Арқан түсiп зынданға келе жатыр.
Отырдық иман айтып өлемiз деп,
Бiр адам айғай салды «бармысың?» деп.
«Тiрi болсаң ұста!» деп айғай салды,
Жолдасым ұстай алды тұра келiп.
Жалғыздық тағы түстi мен байғұсқа,
Қан аралас толады көзiм жасқа.
Жолдасым жоқ, зынданда қалдым жалғыз,
Жақсылық һеш болмады мен байғұсқа.
Жылаймын, жолдасым жоқ жалғыз қалып,
Бiр адам айғай салды арқан салып.
Тәңiрiм бердi халастық мен ғарiпке,
Арқандан мен де шықтым ұстай алып.
Тәңiрiм сақтап зынданнан құтылдық бiз,
Қарасам, арқан салған бiр сұлу қыз.
Екеуi құшақтасып қылды зары,
Аллаға шүкiр қылдық үшеуiмiз.
Ол қыз менiм жолдасымның ғашық жары,
Тiл бiрлән айтып болмас көрiсiм[дi].
Болар ма мұндай көркем адамзатта,
Қызыл жүздi ғашық жар, сүттей ағы.
Ендi шықтық сахараға кеңесiп бiз,
Екеумiз жолдасымыз — бiр сұлу қыз.
Тәуекел деп Аллаға қылып зары,
Алланың рахматына қоямыз жүз.
Тәуекел деп келемiз құла түзге,
Алып жерге тамақ жоқ тiптi бiзге.
Үш күн, үш түн жүрдiк, тақсыр ханым,
Бiр қара көрiнедi көзiмiзге.
Көрiнген бiздер келдiк жалғыз тамға,
Ол тамның iшiнде жоқ бiр тiрi жан.
Неше күн жүрiп аш, кеттi дәрмен,
Жүре алмай бейшаралар жаттық анда.
Жолдасым қызбен жатты там iшiнде,
Көлеңкеде мен жаттым там тысында.
Төгiрекке қарасам, тақсыр ханым,
Көп керуен келе жатыр көз ұшында.
Анадай керуен келiп жерге түстi,
Һәр күйге Тәңiрiм салды мен байғұсты.
Құдамның шүкiрлiк мұнысына,
Көрсеттi мен ғарiпке талай iстi.
Керуен келiп тiктiлер бәрi шатыр,
Керуенге қарап жүрдiм мен бiр пақыр.
Тамақ сұрай керуенге келiп едiм,
Ендi түстi басыма заманақыр.
Керуенге ақырындап бардым жетiп,
Нәпақа тамақ керуенден үмiт етiп.
Екi ағам бiр шатырда тағы да отыр,
Қайран қалып тұрдым мен есiм кетiп.
Екi ағам менi көрiп айғай салды,
Қолына тұра келiп құрық алды.
Және ұра бастады мен ғарiптi,
Керуен халқы бәрi де таңға қалды.
Тағы да жараланды басым, көзiм,
Ем болмас қанша айтсам менiм сөзiм.
Қанша ұрғанын бiлмеймiн, тақсыр ханым,
Биһұш болып қалыппын тағы да өзiм.
— Сендерге не iс қылып бұ бейшара,
Салдыңыз бейшараға мұнша шара.
Керуен халқы есiркеп мен ғарiптi, —
Қане мұның күнәсi, айтып қара.
— Бұ залым, қарақшы өзi жүрген,
Неше мұндай керуендi ойран қылған.
Мұның шерiк, нөкерi толып жатыр,
Керуендi байқамаққа өзi келген.
Андан соң менi ағашқа байлағанлар,
Қылышын өткiр қылып қайрағанлар.
Артымыздан өлтiрiп келе ғой деп,
Бiр құлды өлтiрмекке сайлағанлар.
Өлтiруге қасыма бiр құл қалды,
Қолына өлтiрерге қылыш алды.
Керуен бәрi көшiп кеткеннен соң,
Рақымсыз құл басыма қылыш салды.
Рақымсыз құл қылышпен шапты менi,
Басымнан су орнына ақты қаны.
Аттанып құл кетiптi өлтiрдiм деп,
Ғарiптiң шықпай қалған шыбын жаны.
Ажалсыз адам һәркез өлмейдi екен,
Ғарiптiң көңiлi сынық болмайды екен.
Тура ажал жетпесе, тағдыр жетiп,
Құдайым һәр бәледен қорғайды екен.
Сақтаса бiр Құдайым бәле кетер,
Тәңiрiм өзi сақтаса пенде не етер.
Бiреу бас, бiреу жары бұл дүнияда,
Құдайым сүйген құлын падиша етер.
Көзiм ашсам, байлаулы екi аяғым,
Қайда ашылған, тақсыр хан, менiм бағым?!
Есiм жиып қарасам төгiрекке,
Толып тұр атты адамға екi жағым.
Бәрi қыз тұрған адам, көзiм ашсам,
Қарайды-ай ғарiп деп бәрi маған.
Арасында бiр қыз бар алтын киген,
Қарадым көзiм ашып қызға таман.
Менен де қыз алмайды екi көзiн,
Толған айдай балқиды көрсең жүзiн.
Ақылым кейде кiрiп, кейде шығып,
Сәрһұш болып жатыр ем менiм өзiм.
Қыздың бәрi бiр жолы аттан түстi,
Менiм келiп аяғым, қолым шештi.
Қанымның бәрiн жуды үшбу қыздар,
Тақсыр хан, құлың көрдi талай iстi.
Қылдылар бiр көйлектi пара-пара,
Бар екен қылыш тиген жетпiс жара.
Бәрiн қыздар байлайды жараларым,
Тақсыр хан, құлағың сал, тыңлап қара.
Қыздар менiм байлады жараларым,
Ажалсыз шықпайды екен жан мүрдәрiң.
Алдына алып өңгердi менi қыздар,
Тақсыр хан, мен сөйлейiн сөздiң бәрiн.
Менi бiр қыз жөнелдi алдына алып,
Жамағат, құлағың сал, тiлге нанып.
Бiр жаққа қыздар менi алып келдi,
Бұ iске мен келемiн қайран қалып.
Көрiндi бақ iшiнде алтын сарай,
Келемiн төгiрекке қарай-қарай.
Һәр түрлi ой ойлаймын, тақсыр ханым,
Қандай күйге саласың, Құдайым-ай.
Көтерiп аттан алды қыздар менi,
Құлыңның кеудесiнде бар-ды жаны.
Меһiрбандық көп қылды қыздар маған,
Тыңласаңыз, айтайын сiздерге оны.
Көтерiп менi үйге енгiздiлер,
Түрлi тағам алып келiп жегiздiлер.
Алтын тақыт үстiне төсек салып,
Үстiме түрлi киiм кигiздiлер.
Салады һәр жарама түрлi дәру,
Мен болдым тамам қыздың ғашық жары.
Меһiрбандық көп қылды қыздар маған,
Қызмет қылып тұрады қыздың бәрi.
Қыздар құрмет қылады бәрi тұрып,
Жарамды күнде-күнде шешiп көрiп.
Су дәрiнi бередi шекер мен бал,
Оңалдым күнден-күнге тәуiр болып.
Бiреуi бар iшiнде хан қызындай,
Бiреудiң ардақтаған жалғызындай.
Қыздар менiң шықпайды һеш қасымнан,
Өзi қызмет қылады жалғыз тынбай.
Алып келiп жегiздi түрлi тағам,
Өзi қызмет қылады жалғыз маған.
Ойлаймын бұ қыздардың қызметiнден,
Не себептен қылады қызмет маған.
Оңалып жараларым бәрi бiттi,
Қызметi бұ қыздардың маған өттi.
Ұқсатты деп ойлаймын бiр адамға,
Болмаса не себептен қызмет еттi.
Менi бiр күн қасына шақырды қыз,
Оңаша үйде отырдық екеуiмiз.
— Қай жерлiксiң, ендi маған айт сырыңды,
Сырыңды ендi маған айтыңыз сiз.
— Мен бiр ғарiп бейшара жаһан кезген,
Мен көрдiм көп жақсылық, жаным, сiзден.
Бастан-аяқ сөйлейiн уақиғамды,
Айтайын сiз сұрасаңыз, жаным, бiзден.
Қызға айттым мен көрген уақиғамды,
Мен айтқан соң сөзiме құлақ салды.
Бастан кешкен мен айттым уақиғамды,
Естiген соң қыз өзi қайран қалды.
— Мұнша мехнат көрiпсiң, ғарiбiм-ай,
Зынданға салған падишаһ қызы едiм-ай.
Маған ғашық дүнияда шаһзадалар,
Сұрай елшi келедi бiр өтiнiп-ай.
Һешбiрiне түспейдi көңiлiм менiм,
Байлауда жүзiңдi көрдiм сенiң.
Көңiлiме махаббатың түстi сенiң,
Жүзiңдi көргенден соң өттi жаным.
Жүзiңдi көргеннен соң болдым күптi,
Өтiрiк сөз мұнда жоқ зәррә тiптi.
Атамның ұлы да мен, қызы да мен,
Менден басқа атамда перзент жоқ-ты.
Ей, жiгiт, болма қапа, мехнат кеттi,
Мехнат кетiп, өзiңе рахат жеттi.
Жұртқа патша боларсың Тәңiрiм берсе,
Өзiң жұртқа қыларсың хүкiметтi.
Атым — Қамар, Алжарқан қызы едiм мен,
Айтатұғын шаһзаданың дәл өзi мен.
Жұртқа падишаһ қылайын, болма малул,
Атамның ардақтаған жалғызымын.
Түрлi тағам алып келдi алуан-алуан,
Һәр нәрсеге көнедi бейшара жан.
Шаһарына алып жүрейiн деп,
Қыз киiмiн кигiздi тағы маған.
Көрсеттi Тәңiрi маған көп қызықты,
Алтын сарай салдырды тас жүзiктi.
Қыз киiмiн киген соң, тақсыр ханым,
Қыздардан айырмассың көрсең беттi.
Аттанып ендi жүрдiк шаһарға бiз,
Жолдасы хан қызының бiрқатар қыз.
Төгiректеп келедi қыздың бәрi,
Ортасында келемiз екеуiмiз.
Қыз келдi деп жұрт шықты атты-жаяу,
Қасында мен келемiн қызға таяу.
Келе жатып, тақсыр хан, ой ойлаймын,
«Қандай күйге саласың, Құдайым-ау».
Хан қызының қасына келдi жетiп,
Арғымақ алтын жабду әсемдетiп.
Оңаша үй бар екен хан қызының,
Екеуiмiз төсекте қалдық жатып.
Күндiзiнде тамаша, кеште ойын,
Ертеңдi-кеш жатқаным жылы қойын.
Iшкенiм бал мен шекер, ойын-күлкi,
Хан болғандай көредi менiм ойым.
Ғейiш-ғишрат бiз қылдық күндiз-кеше,
Күн өттi бұл арадан әлденеше.
Құдайым меһiрбанға жолықтырды,
Жанын пида қылады менi десе.
Қайсыбiрiн айтайын, көп күн өттi,
Нағып терiп жазайын, есiм кеттi.
Хан қызындан бiр қауым дәурен сүрдiк,
Рахат кетiп бiздерге мехнат жеттi.
Бiр күнi бiр кәнизак бiздi көрген,
Бiздердi сығалапты тесiк жерден.
Қыз бiрлән жатқанымды көргенден соң,
Барған да падишаға хабар берген.
— Тақсыр хан, қызыңызға келдiм барып,
Мен келдiм бiр iс көрiп қайран қалып.
Бiр жiгiт бар үйiнде қызыңыздың,
Екеуi қалды жатып төсек салып.
Қызыңызбен бiр жiгiт мойындасып,
Жатып қалды екеуi қойындасып.
Менiм айтқан сөзiме нанбасаңыз,
Қараңыз, тақсыр ханым, есiк ашып.
Хан келiп сығалапты өзi бiздi,
Менiмен бiрге жатқан көрген қызды.
Уәзiрiн хан алдырған ашуланып,
Өлтiрейiн деп ойлап екеумiздi.
Хан келiп уәзiрiмен үйге кiрдi,
Төсекте қызбен жатқанымда менi көрдi.
Ашуланып уәзiрге қылды жарлық:
— Екеуiн жатқанында өлтiр, — дедi.
Уәзiрi ақылы кең данышпан-ды,
Тәңiрi тағы сақтайды ғарiп жан-ды.
— Бiр уақиға бар шығар бұ жiгiтте,
Өлтiргенмен не бiтер бiр адамды.
Бар шығар бұ жiгiтте бiр уақиға,
Бұл қайдан пайда болған екен деме.
Мәнiсiн екеуiнiң тыңдайық,
Тақсыр хан, есiн жисын, пәлен деме.
Екеуiнiң байлайық қол-аяғын,
Күзеттiрiп қояйық төгiрегiн.
Тағы да бiз пақырға болды қызық,
Қайда ашылғай, тақсыр хан, менiм бағым.
Хан, уәзiр бiздi байлап шығып кеткен,
Рахат кетiп, бiздерге мехнат жеткен.
Есiктен жан шығармай күзетiп тұр,
Бiр-екi жасауылға жарлық еткен.
Мен ғарiп таң атқанша аштым көздi,
Байлауда қасымда көрдiм қызды.
Өзiмнiң байлаулы қол-аяғым,
Байлапты қыз ғарiппен екеумiздi.
Ойладық: бiреу бiздi көрген екен,
Падишаһқа барып хабар берген екен.
Жыласып екеумiз қылдық зары,
Бiр бәле тағы бiзге болған екен.
Жыласып ханышамен қылдық фаған:
«Ендi падишаһ бiздерге бермес аман.
Ақыретке барғанда табысармыз,
Бiз ғарiпке Құдайым берсiн иман».
Хан кiрдi уәзiрiмен түсi суық,
Қылышын қолына алып, белiн буып.
Маған табан ұмтылды шабайын деп,
Өлемiн деп отырдым iшiм суып.
— Әй, ата, мен айтайын, сөзiм тыңла,
Күнәһ жоқ бұ ғарiпте, күнәһ менде.
Не қылсаң да маған қыл, күнәһармын,
Ол менiм зорлығыммен келдi мұнда.
Уәзiр айтты: — Тақсыр хан, сөзiм тыңла,
Халықтың естiмейiк өлсе сөзiн.
Өлтiргенменен не табар, тақсыр ханым,
Не қылсам да қылайын бұларға өзiм.
Жұрт бiлер бұл екеуiн өлтiрген соң,
Жұрт, жамағат бұл сырды бiлмей қалсын.
Бұларды не қылсам да мен қылайын,
Жұрт бiлмес бұл сырды, тiлiмдi алсаң.
Айтқан соң ханы үйден шығып кеттi,
Уәзiр менiм аяғым, қолым шештi.
Қыз бен менi ордадан алып шығып,
Уәзiр бiздi өзiнiң үйiне ерттi.
Қайыққа азық бiрлән салды бiздi,
Қыз бiрлән бiрге салды екеумiздi.
Дарияға ағызып қоя бердi,
«Аллаға тапсырдым ендi сiздi».
Қайықты жел айдады оңды-солды,
Жел шығып дария жүзi толқын болды.
Ендi өлiмге байладық басымызды,
Дарияда бiз бiлмеймiз барар жөн[дi].
Бiрде былай ағамыз, бiрде былай,
Құдайға жалбарамыз жылай-жылай.
Алланың құдiретiне мойынсұндық,
«Себеп бер бiз ғарiпке, Құдайым-ай».
Он бiр күн бiз дарияда ағып жүрдiк,
Зар қылып төгiрекке бағып жүрдiк.
Құдаға зары қылып жүргенiмде,
Теңiзде келе жатқан кеме көрдiк.
Кеме жүздi көрген соң бiзге таман,
Көрiнедi iшiнде он шақты адам.
Көргенден соң қорықтық бiз ғарiптер,
Бәрiнiң адам сиқы тым-ақ жаман.
Қайықты тiркедiлер кемесiне,
Қызды алып қойдылар өз қасына.
Қайда менiм ашылған бағым менiм,
Менi тағы байлады қайығына.
Мен ғарiптi болып жаттым тағы,
Зары қылып Құдаға жарымды ойлап.
Байлаулы ғарiп болдым, жаттым тағы,
Қайықтарын кеттiлер жөнiне алып.
Бәрi қызды көрген соң ғашық болды,
Таласып кеме iшiнде ғауға толды.
Бiр-бiрi мен алдым деп төбелесiп,
Бiрi қалып кемеде, тоғызы өлдi.
Ұғры екен кемеде бұлар жүрген,
Қайықтағы байлаулы менi көрген.
— Мұның кiм? — деп сұрайды менi қыздан,
Қайыққа сенiң бiрлән бiрге жүрген.
Қыз айтты: — Қайықтағы ағам, — дедi,
Меһiрбаншылық көп қылған маған, — дедi.
Қайықтың жiбiн кестi жiгiт тұрып,
Кемемен кетiп қалдым көзiм көрiп.
Айырылған қиын екен ғашық жардан,
Құдаға налыс қылдым ағып жүрiп.
Бiрде былай ағамын, бiрде былай,
Ғарiп болып бiр Құдаға жылай-жылай.
Көрдiм мен бұ дүнияда қанша бәле,
Жолымды оңғармадың, Жаппар Құдай.
Көзiмден қайық толды аққан жасым,
Бос емес тым болмаса аяқ-қолым.
Қарасам, көрiнбейдi судан бөлек,
Су жүзi көрiнедi дөп-дөңгелек.
Дарияда бес-алты күн жүрдiм ағып,
Бiр күнi бiр кемеге келiп ағып.
Құдаға налаш қылып қылдым зары,
Қарайды кемедегi жұрттың бәрi.
Ажал жетпей адамға, тағдыр жетпей,
Шықпайды екен адамның жан ғазизi.
Қайық келдi кемеге жақын ағып,
Қайықты ұстадылар арқан тағып.
Қол-аяғым көргенсiн шешiп алды,
— Байлаулы неткен жансың жүрген ағып?
Дарияда неткен жансың ағып жүрген,
Байлаулы аяқ-қолың нағып жүрген?
Керуен бәрi сұрайды мен ғарiптен, —
Ұғры болма бiздердi бағып жүрген.
Керуен халқын шақырды ендi бәрiн,
Жегiздi мен ғарiпке тағамдарын.
Жүз бәлеге жолықты ғарiп құлың,
Бар екен сол кемеде ағаларым.
Таныды көргенден соң екi дұшман,
Зәре кеттi көрген соң мен байғұстан.
Ендi ажал жеттi деп ой ойлаймын,
Құдайым сақтап едiң талай жерден.
— Қайда, ей, жүрсiң әлi өлмей, ұғры залым,
Атамызды өлтiрiп алдың малын.
Иттей сенi тепкiлеп өлтiрейiн,
Құтылмас ендi бiзден сенiң жаның.
Тағы да маған түстi ақырзаман,
Екеуi айғай салып келдi маған:
— Неше өлiмден құтылдың, ұғры залым,
Өлiмдi көрсетейiк ендi саған.
Және ұрдылар екеуi сүйреп жүрiп,
Мен ғарiптi өлтiрдi тағы да ұрып.
Иттей сүйреп ұрыпты мен ғарiптi,
Керуен қайран қалыпты менi көрiп.
— Күнәһысын бұл ғарiптiң айтшы бiзге,
Бұл қылды қандай жәбiр екеуiңiзге.
Сұрайды керуен халқы екеуiнден, —
Бұл қылды қандай зорлық екеуiңiзге?
— Өлтiрдi малын алып атамызды,
Неше дүркiн талады малымызды.
Өлтiрiп құтылмасақ бұ залымдан,
Жамағат, ойран қылар бәрiмiздi.
Әкемiздi өлтiрiп кеттi талап,
Арыз қылдық бұларды ханға барып.
Хан жiбердi жүз кiсi таудан iздеп,
Байлап келдi бұларды ұстап алып.
Бiр тауды қылған екен бұлар мекен,
Азаймас бұ залымдар көп кiсi екен.
Шешiндiрiп қараңыз, нанбасаңыз,
Жаралары бар шығар қылыш тiлген.
Бұларды хан өлтiрдi қылыштатып,
Өлтiрiп тастадылар дарға асып.
Жаны шықпай қалыпты кеудесiнде,
Тiрiлiптi далада жатып-жатып.
Өлтiрдiк деп жұрт келген мұны тастап,
Өлген болып қалыпты амал сақтап.
Үстiндегi киiмдi шешiндiрiп,
Көрдiлер жараларым жалаңаштап.
Андан соң көп ұрдылар және менi,
Ажалсыз шықпайды екен жан арызы.
— Құрыға шыққандан соң өлтiрермiз,
Дарияда төгiп болмас адам қаны.
Шығармыз екi-үш күнде құры жерге,
Өлтiрген жарамайды су үстiнде.
Тастаңыз аяқ-қолын бұның байлап,
Һәрне қылсақ қылайық бұған сонда.
Алдымызда тағы бар бiр залым хан,
Не өлтiрiп, болмаса берiң оған.
Кiсендеп алып барып оған берiң,
Әгар жаны мың болса қалмас аман.
Мың болса бiрден қоймас мұның жанын,
Дарияға бiз төкпелiк мұның қанын.
Кiсендеп дахи қойды мен ғарiптi,
Бұ құлың не көрмедi, тақсыр ханым.
Мен жаттым, тақсыр ханым, кiсендеулi,
Адамзат ажал жетпей тiптi өлмейдi.
Қайда жүрсем көремiн жамандықты,
Жақсылық мен ғарiпке һеш болмады.
Ендi айтайық хан қызынан азғана сөз,
Кiсендеулi кемеде жатыппыз бiз.
Бiз ғарiптiң кеңесi тұра тұрсын,
Қандай күйге түстi екен бейшара [қыз].
Ұғры жiбiн қайықтың кесiп кеттi,
Бiр аралға екеуi барып жеттi.
Құры жерге шыққан соң кемесiнден,
Жолдасы қыз байғұстан үмiт еттi.
Хан қызына апарды қолын жiгiт,
Қыздан дәме қылмас па, сiрә, жiгiт.
— Сенден басқа кiмiм бар ендi менiм,
Пақыр қыз жалынады «тұра тұр» деп.
Қайықпен ағып кеткен менiм ағам,
Қарным аш, тамақ, сусын бершi маған.
Мен сенен қашамын ба бөтен жаққа,
Тәңiрi бұйрық қылған соң менi саған.
Тамақ келтiр, жиелiк ойнап-күлiп,
Екеумiз қосылалық тәуiр болып.
Менiм үшiн бiр қыз пақыр зар жылайды,
Ғарiп мiскiн дарияда қалып па деп.
Жиелiк, тамақ келтiр, қарнымыз аш,
Жiгiт кеттi тамаққа, қыз жылағаш.
Жүзiгiнде бар екен қыздың уы,
Асқа қосса адамды қылады мас.
Жiгiт келдi кемеден тамақ алып,
Қыз айтқан соң тұрып барып.
Жүзiгiнiң қасынан жонып алып,
Бiр аяққа жiгiтке салып бердi.
Қыз берген соң аяқты жiгiт алды,
Бейшара қайдан бiлсi[н], iшiп салды.
Iшi жана бастады бейшараның,
Лазым болмай iшкен соң өлiп қалды.
Қыз қуанды өлгенiн көргенден соң,
Жылап ойран-ботқа болғандан соң.
Құдаға шүкiр қылды қыз бейшара,
Өзiнiң тiлегенiн бергенден соң.
Қыз қуанды Құдаға шүкiр қылып,
Көзiнiң аққан жасқа алды толып.
Кемеге жалғыз мiнiп қыз жөнелдi,
Көзi жас, көкiрегiне қайғы толып.
Кемесiне қыз мiнiп кеттi дейдi,
Көкiрегiнде қайғысы көп-тi дейдi.
Неше күндер ағызды қызды дария,
Бiр заманда құрыға шықты дейдi.
«Неше күндер ағызды менi дария,
Көп көрген ғарiптiктi жарым қайда?»
Аллаға шүкiр қылды қыз бейшара,
Ғарiпке бiр құры жер болды пайда.
Тамақ келтiр, жиелiк ойнап-күлiп,
Екеумiз қосылалық тәуiр болып.
Менiм үшiн бiр қыз пақыр зар жылайды,
Ғарiп мiскiн дарияда қалып па деп.
Жиелiк, тамақ келтiр, қарнымыз аш,
Жiгiт кеттi тамаққа, қыз жылағаш.
Жүзiгiнде бар екен қыздың уы,
Асқа қосса адамды қылады мас.
Жiгiт келдi кемеден тамақ алып,
Қыз айтқан соң тұрып барып.
Жүзiгiнiң қасынан жонып алып,
Бiр аяққа жiгiтке салып бердi.
Қыз берген соң аяқты жiгiт алды,
Бейшара қайдан бiлсi[н], iшiп салды.
Iшi жана бастады бейшараның,
Лазым болмай iшкен соң өлiп қалды.
Қыз қуанды өлгенiн көргенден соң,
Жылап ойран-ботқа болғандан соң.
Құдаға шүкiр қылды қыз бейшара,
Өзiнiң тiлегенiн бергенден соң.
Қыз қуанды Құдаға шүкiр қылып,
Көзiнiң аққан жасқа алды толып.
Кемеге жалғыз мiнiп қыз жөнелдi,
Көзi жас, көкiрегiне қайғы толып.
Кемесiне қыз мiнiп кеттi дейдi,
Көкiрегiнде қайғысы көп-тi дейдi.
Неше күндер ағызды қызды дария,
Бiр заманда құрыға шықты дейдi.
«Неше күндер ағызды менi дария,
Көп көрген ғарiптiктi жарым қайда?»
Аллаға шүкiр қылды қыз бейшара,
Ғарiпке бiр құры жер болды пайда.
Кiсендеулi ол қыз қарап менi көрдi,
Көргенсiн сөйлесем деп маған жүрдi.
Тiстедiм бармағымды «Үндеме» деп,
Қыз пақыр үндемей-ақ жүре бердi.
Бiр күн кеттi шаһарға ағаларым,
Қасыма келдi менiм ғашық жарым.
Амандасып, көрiсiп, құшақтасып,
Сөйлестiк екеумiз сөздiң бәрiн.
Мен: — Бұларға сырымды айтпа, — дедiм,
Қыз бердi алып келiп, тамақ жедiм.
Құдаға шүкiр қылдым ғарiп басым,
— Тәңiрi сақтап жүзiңдi көрдiм сенiң.
Бұлар бiлiп һеш менi қоймас аман,
Олар барда қарама маған таман.
Келдiлер кешке таман жүрiп-жүрiп,
Шаһардан қайтып келдi сәйiр қылып.
Түбiнде баяндамас үшбу қыз деп,
Екеуi кеңес қылды ендi отырып.
Хан қызы баяндамас аслан бiзге,
Қызықпайық алам деп үшбу қызға.
Мұны ханға берелiк алып барып,
Түбiнде бәле болұр екеумiзге.
Екеуi баралық деп ханға барды,
Һәр түрлiден мақұл қылып тарту алды.
Барып ханға айттылар қыз хабарын,
Хан есiтiп бұ сөзге қайран қалды.
Бұ қызға ғашық екен бұрындан хан,
Жiбердi көп шапқыншы қызға таман.
Көп сарпайлар кигiздi екеуiне,
Той қылды жұртын жиып қуанғаннан.
Хан жiберген адамдар келiп жеттi,
Қыз ғарiптi ордаға алып кеттi.
Хан көрдi алып барған қыздың жүзiн,
Екi ағам менi ханға арыз еттi.
— Тақсыр, сiзге айталық арызымды,
Айтуға iздеп келдiк әдiл сiздi.
Көп жапалар көрсеттi залым бiзге,
Шерiнден сол залымның құтқар бiздi.
Залымды ұстап келдiк кiсен салып,
Әкемiздi өлтiрдi малын алып.
Жiберiп жасауылдар алдырыңыз,
Өлтiрiңiз бұлардан алып қалып.
«Алып кел» деп жiбердi екi кiсi,
Пендеге не қылса Тәңiрi iсi.
Қылыштап жасауылдар жаяу айдап,
Зынданға тағы салды мен байғұсты.
— Өлтiрейiн бiр түрлi қылып сенi,
Мың да болса құтылмас мұның жаны.
Бiр түрлi азап бiрлән өлтiрейiн,
Һауада есiркесiн құстар мұны.
Менi берiп кеттiлер керуен көшiп,
Құтылдық деп кеттiлер қуанысып.
Үмiт үзiп мен жаттым ғарiп жаннан,
Қай күнi өлтiрер деп дарға асып.
Хан жатты ойнап қызбен қызығында,
Шықпайды қыз қасынан күндiз-түнде.
Неше түрлi хан ойнап жалынса да,
Болмайды қыз ғарiптiң көңлi онда.
Хан қызға түрлiк-түрлiк қызық айтты,
Бұл арадан бiрқатар заман өттi.
Һешбiр оған көнбейдi қыз бейшара,
Бiр күнi патша қызға ашу айтты.
Бiр күнi ашуланды ғарiпке хан:
— Ақылы жоқ дүнияда бұ неткен жан?!
Қара тасты қақ жарар бiр шапқанда,
Сен менiм қорықпаспысың қылышымнан.
— Қылышың мақтаға өтпес шапсаң сенiң,
Мен емеспiн дүнияда сенiң теңiң.
Менiм басым қылышпен шапқылай бер,
Құтылмаспын ажалым жетсе менiм.
Хан қолына ашумен қылыш алды,
Уәзiрге мұнда кел деп айғай салды.
— Қылыш бiрлән өлтiрiп көрсетейiн,
Зындандан алып келшi бiр адамды.
Уәзiр келiп сұрайды зынданшыдан:
— Өлтiретұрған бiр адам бершi маған.
Белгiлi құрбанға еткен тоқтысындай,
Менi бердi алып шығып зынданынан.
Уәзiр сұрап зынданға келдi дейдi,
Уәзiрге менi алып бердi дейдi.
Шаш-тырнағым алусыз не замандан,
Ордаға жаяу айдап жүрдi дейдi.
Жаяу айдап келедi уәзiр менi:
— А, жiгiт, иманың айт, өлдiң, — дедi.
Иманыңды айта бер, әй, бейшарам,
Қылыштап өлтiредi сенi, — дедi.
Һешкiмге опа қылмас дүния боқ,
Базарда малы бардың көңiлi тоқ.
Қол-аяғым шынжырлы келдiм жаяу,
Тырнақтай ғарiп жандан үмiтiм жоқ.
Ордаға уәзiр айдап алып келдi,
Көңiлiм ғарiп жандан қалып келдi.
Өлтiретұғын жерiне олтыртқаннан соң,
Қыз пақыр анадайдан менi көрдi.
— Көрейiн де қылышымның өтпегенiн,
Бiр шапқанда қоймайын мұның жанын.
Қыз келдi, қол қусырып қылды тiлек:
— Бейшараны маған бер, тақсыр ханым.
Қыз менi бiлдiрмедi танығанын,
— Бiр шапқанда қоймаймын мұның жанын.
Сенiң менден тiлесең, ғашық жарым,
Мұны түгiл, берейiн өзiм жаным.
Бергенден соң падишаға қылды құлдық,
— Тақсыр хан, құдiретiңдi жаңа бiлдiк.
Бiр ай маған пұрсат бер, тақсыр ханым,
Бұрынғы өткен iске тәубе қылдық.
Шақырды бiр адамды: — Ғарiптi шеш,
Шашын ал, бейшараның тырнағын кес.
Ас пiсiрiп, үстiне киiм кигiз,
Дүнияда мұндай ғарiп болар ма һеш.
Дүнияның кiм жетедi жалғанына,
Алланың кiм көнбейдi салғанына.
Падишаһтың ордасынан жалғыз шықтым,
Жанымның шүкiр қылдым қалғанына.
Шықсам да таба алмаймын кетер жолды,
Сарғайып күнден-күнге жүзiм солды.
Сағынып ғашық жарым зар жылаймын,
Көзiм жас, көкiрекке қайғы толды.
Көзiмнiң тия алмаймын аққан жасын,
Һәркiмнiң айырмасын жар-жолдасын.
Өлiп айырылмай, жанындан тiрi айрылған,
Мұндай мұңлы Құдайым һеш қылмасын.
Өлiмнен де бұ қайғы болды қиын,
Һеш ойыма келмейдi тамақ, киiм.
Сағынып ғашық жарым зар жылаймын,
Мен ғарiп қарап тұрып қыздың үйiн.
Келiп жылап тұрамын күнде-күнде,
Қасындан һеш кетпеймiн күндiз-түнде.
Һешкiмнiң менiң бiрлән жұмысы жоқ,
Зар қылып кеш-күндiз жатам сонда.
Сол күнi бiр кәрi шал бердi сәлем,
Шақырды: — Берi кел, — деп, — маған таман.
Әрi-берi көзiмнiң жасын сүртiп,
Шақырған соң қасына бардым жетiп.
Шақырып орын бердi маған кәрi,
— Бейшара неткен жансың жүзiң сары.
Күнде сенi көремiн жылап тұрған,
Әуарада бар адамдай ғашық жары.
Әй, бейшара, сырыңды айтшы маған,
Аяғандан айтамын, тiлiм алғансың.
Жасырмай айт сырыңды, әй, бейшарам,
Қайғыңдан-ақ танимын, мұсылмансың.
Мен дүнияда ғарiппiн, бейшарамын,
Айтарға уақиғамды ұяламын.
Сұраған соң айтамын ендi сiзге,
Дүнияда ғарiп болған бейшарамын.
Бастан кешкен мен айттым уақиғамды,
Есiткен соң шал өзi қайран қалды.
Жасырмадым, сырымның бәрiн айттым,
Басыма мұндай iстi Құдай салды.
Шал жылайды есiтiп менiм сөзiм,
Бармағын тiстедi, жұмды көзiн.
Ойлап басын көтердi, ашты көзiн,
— Жүршi маған ерiп сенiң өзiң.
Бiр дарияның шетiне алып келдi шал,
Маған айтты: — Ары жаққа көзiңдi сал.
Фердаус деген жазира үшбу, — дедi,
Жәдугер сол арада бiр Кәнбар бар.
Арада бiр Кәнбар бар, кәрi қатын,
Тиме, жәду дерлер оның атын.
Бұл жердегi шаһарлар, ханның бәрi
Бередi сол Кәнбарға аманатын.
Ондай жәду һеш болмас бұ жаһанда,
Бейшарам, тәуекел деп барсаң анда.
Арызыңды құп көрсе Құдай оңлап,
Жарыңды берер алып бiр заманда.
Хандардың бәрi соған бередi алым,
Бұ хандар ол Кәнбарға бәрi мағлұм.
Барып жылап Кәнбарға қылып зары,
Иншалла, оңалар етсең [зары].
Әгар сенiң арызыңды алмаса құп,
Қасында тұрмағыл Кәнбардың көп.
Ондан дәрмен болмаса, жұртыңды тап,
Бөлек саған айтатын ақылым жоқ.
Ондан дәрмен болмаса, жұртыңды iзде,
Ақыл жоқ онан бөлек бiзден сiзге.
Жұртыңда екi ағаңдан малың алсаң,
Дәулетiң тағы табар өзiңiзге.
Мен ойладым Кәнбарға жүрейiн деп,
Құдайым һәрне салса көнейiн деп.
Жылап ақыл сұрадым мен кәрiден:
— Мен қайтiп бұл дариядан өтемiн? — деп.
— Өтерсiң бұ дариядан қайық мiнiп,
Шал маған қайық бердi алып келiп.
Қайыққа жалғыз мiндiм кеш болған соң,
Жөнелттi мен ғарiптi дұға қылып.
Дариядан қайық мiнiп өттiм, — дедi,
Құдаға көп зарлық еттiм, — дедi.
Көрмеген жерлерiмдi тамаша етiп,
Жүре-жүре бiр баққа жеттiм, — дедi.
Көп екен ол бақтың түрлi ағашы,
Һәр ағашқа асылған адам басы.
Тәуекел деп келемiн бiр Аллаға,
Көзiмнiң тиылмайды аққан жасы.
Жемiстiң түрлi-түрлi бәрi анда,
Жүредi адам ғарiп жаны болса.
Құданың таң қаламын құдiретiне,
Жаратқан қандай жерлер бұ жаһанда.
Топырағы жұпар, тастары iнжу-маржан,
Һәр түрлi жемiсi көп алуан-алуан.
Бұлбұлы, сандуғашы сайрап тұрған,
Алтындан ортасында сарай салған.
Алтын сарай қасына бардым жетiп,
Көрмеген көп ғажайып, тамаша етiп.
Екi қабат темiрден есiгi бар,
Бiрқатар кiрмей тұрдым есiм кетiп.
Есiктi аштым дағы үйге кiрдiм,
Үй iшiнде бiрқатар қызық көрдiм.
Алтын үйдiң тiрi жаны жоқ,
Аяңдап байғұс басым төрге жүрдiм.
Бiр ат пенен алтын тақыт төрде тұр,
Алтын таққа құрғаны торғын шатыр.
Алтын тақтың үстiне шығайын деп,
Аяңдап байғұс басым келе жатыр.
Қайран қалдым бұ үйде адам жоққа,
Аяғым келiп салдым алтын таққа.
Тақыттан ала алмадым екi аяғым,
Екi шынжыр көрiндi мен бейбаққа.
Тақыттан ала алмадым аяқты егiз,
Сөзiмдi құлақ салып тыңласаңыз.
Екi алтын шынжыр жоғары тұр,
Шынжырдан екi қолмен ұстадық бiз.
Аяқ төмен ұсталды, қол жоғары,
Мен тарттым аяқ-қолым әрi-берi.
Шынжыр тағы қолымнан айырылмады,
Керiлiп аяқ-қолым қалды бәрi.
Керiлiп тұрып қалдым кешке дейiн,
Ендi амалым құрыды, мен не дейiн.
Кезек-кезек тартамын аяқ-қолым,
Қаттырақ жабысады тартқан сайын.
Есiктен бiреу келдi айғай салып,
Зәрем кеттi менiм, тұрдым қайран қалып.
Аузынан от шығады бiр айдаһар,
Келедi екi көзi оттай жанып.
— Бәдпиғыл неткен жансыз жүрек жұтқан,
Қорықпай нағып келдiң жұрт құртқан?
Менден қорықпай бұ жерге нағып келдiң,
Дүниеде сендей болмас зәресiз жан.
Бұл жерге қорықпай келген неткен адам,
Мен саған көрсетейiн ақырзаман.
Қасыма келдi менiм оттар шашып, —
Не жұмысқа келiп едiң, айтшы маған?
— Мен бiр ғарiп дүниеде мұңлы болған,
Көзiм жас, көкiрегiме қайғы толған.
Қорыққанымнан арызымды айта алмаймын,
Сiзге арыз айтуға iздеп келген.
Өзiнден қорыққанымды Кәнбар бiлдi,
Айдаһар бiр сiлкiндi, Кәнбар болды.
Топыраққа бiр нәрсенi оқып шашты,
Босатты мұнда келiп аяқ-қолды.
Кәнбар менi отыртты алтын таққа,
«Сөйле» деп жарлық қылды мен бейбаққа.
— Мұнда кел, — деп қасына отырғызып, —
Қане, балам, сөйлей бер, сөздi ұзатпа.
Кәнбарға айттым ғарiп бар мұңымды,
Дүнияда жаман-жақсы өткен күндi.
Қызды айтып Кәнбарға қылдым зары,
Бiрiн қоймай сөйледiм уақиғамды.
Кәнбар жылап айтады: — Сұбхан Алла,
Мұндай сөз естiмедiм һеш заманда.
Жарыңды алып берейiн Ирамшаһтан,
Бейшара, һеш қайғыны көңлiңе алма.
Қызды саған берейiн онан алып,
Соғысып алып берер әскер барып.
Ол шаһарға өзiңдi патша қылып,
Ирамшаһты қырайын ұстап алып.
Бұл Кәнбар естiген соң ашуланды,
«Ғарiбiм, мұнда кел» деп қасына алды.
«Ираншаһқа қылайын, асықпа», — деп,
Там үстiне шықты да айғай салды.
Шер осы жерге толды айғай салған,
Есiтiп зәрем кеттi айғайындан.
Төгiрекке қарасам, тақсыр ханым,
Аралға жиылыпты бiрқатар жан.
Жиылды дию бiрлән арыстандар,
Аю, бөрi, жолбарыс, керкүдандар.
Көрмеген жануарлар бәрi сонда,
Пiлге мiнiп келдiлер бұ адамдар.
Толдылар аждаһалар көзi жанып,
Пiлге мiнiп келдiлер қамшыланып.
Құс кейiптi жануарлар алты аяқты,
Көргенден соң мен өзiм қалдым талып.
Көргенден соң хошым кеттi көрмегендi,
Тақсыр ханым, ғарiбiң қайран қалды.
Қорыққанымдан қаштым мен ғарiп басым,
Өлiмге ендi байлап ғарiп жанды.
Кәнбар менi шақырды: — Мұнда кел, — деп,
Бұл бiздiң әскерiмiз, бiрге бар, — деп.
Ерлеп бiр жануарды алып келдi,
Бұлар барып соғысар бiрге бар, — деп.
Жануарды мiнiп алдым ерленген,
«Жарлық бұ, бiрге бар» деп қылды маған.
Су жүзiнде жүредi құры жердей,
Тыңласаңыз, айтайын, тақсыр, саған.
Шаһарды төрт-бес орап түстi,
Көрген соң адамзаттың есi кеттi.
Жаһанда қандай мақұлық жаратпаған,
Құдiретi Құдайымның сондай күштi.
Адамзат пен жануар айғай салды,
Көрген адам бәрi де таңға қалды.
Бұған адам һеш хайла таба алмады,
Жануарлар Ирамшаһты ұстап алды.
Құдаға қылдым шүкiр қызды көрiп,
Падишаһты алып жүрдi кiсен орап.
Жарымды қолыма алып, көңлiм тынып,
Кәнбарға алып жүрдiм қайтып келiп.
Кәнбар менi құшақтап: — Балам, — дедi,
Патшалықты берейiн саған, — дедi.
Бала болдың қыз бiрлән екеуiңiз,
Мен болайын сiздерге анаң, — дедi.
Менде жоқ саған берер iшiк-шапан,
Жарқыным, не берейiн ендi саған.
Үшбу отыз гауһарды қызға бердi,
Қазынам менiм берген сiзге, балам.
Хандықты сiзге бердiм, балаларым,
Сол ханның сiзге бердiм қалаларын.
Келiп-кетiп жүрерсiз жылында бiр,
Сағынар ендi сiздi аналарың.
Балаларым, сағынсаң туған жерiң,
Хабар бер қайтамын деп маған бұрын.
Әдiл падишаһ бола гөр, залым болма,
Ирамшаһты тапсырдым сiзге, барын.
Кәнбар маған май бердi екi шыны:
— Жарқыным, алып бар, — деп, — сақта мұны.
Мұны сен таза сақта, жарқын балам,
Мұның саған бiр болар керек күнi.
Шынының бiрi — сары, бiрi — жасыл,
Екеуiн қолыма алдым байғұс басым.
Бұрынғы өткен iстер еске түссе,
Үшбу күнде ағады көзде жасым.
Екi шыны май бердi Кәнбар маған:
— Екеуi керек болар, балам, саған.
Iшетұғын асына қосып берлесе,
Не бол десе, болады iшкен адам.
Сарыны қосып берлесе, адам болар,
Дәулетiм менiм, балам, саған болар.
Бар, балам, ендi жұртқа падишаһ бол,
Бiр күнi керек болар саған бұлар.
Қайтып келдiк баяғы шаһарға бiз,
Бiрқатар дию, перi әскерiмiз.
Хан болдық талай жұртқа, тақсыр ханым,
Сөзiмдi құлақ салып тыңласаңыз.
Тұра-тұра сағындық туған жердi,
Құдайым «ал, құлым» деп дәулет бердi.
Бiр жұртқа падишаһ болып тұрсам дағы,
Таһирдiң ата жұрты еске түстi.
Қыз бiрлән екеуiмiз кеңесемiз:
— Кәнбардан көп жақсылық көрдiк-ау бiз.
Жан есенде табайық жұртымызды,
Жәдудiң қаһарына жолығармыз.
Қыз дағы мақұл көрдi айтқанымды,
Ұнатты жан есенде қайтқанымды.
Кәнбардан бiр жамандық көремiз деп,
Ойымызға аламыз өткен күндi.
Кәрiнi падишаһ қылдық жұртымызға,
Айтайын бiрiн қоймай бәрiн сiзге.
Он кеменiң iшiне алтын салып,
Жүз құл жолдас алдық өзiмiзге.
Жөнелдiк «иә, Алла» деп елiмiзге,
«Тигiз, — деп, — есен-аман жерiмiзге.
Мехнатты көп көрген бейшарамыз,
Оң жолды бере көр деп ендi бiзге.
Бұрын көрген мехнаттар ойдан кетпей,
Қорқамыз үйiмiзге барып жетпей.
Мехнаттан көз ашпаған бейшарамыз,
Құдай-а, жеткiзе көр әуара етпей».
Бiз келдiк елiмiзге бiр ай жүрiп,
Бiр ай келдiк дарияда сейiл құрып.
Құдаға шүкiр қылдық бейшаралар,
Құры жерге кемемiз шықты келiп.
Кемемiзден шығардық малымызды,
Тәңiрi есен сақтады жанымызды.
Мал-жанды алып бардық үйiмiзге,
Мұсылмандар келдiлер көрiп бiздi.
Жиылды көрiсуге мұсылмандар,
Жиылды амандасып барша жандар.
Көп заман көрмегелi болып едi,
Қуанды бiздi көрiп ағайындар.
Ағаларым жоқ екен келгендерi,
Сұрайды ағаларды жұрттың бәрi.
— Олар кейiн қалды, — деп жауап айттым, —
Өтпей қалған бар едi бiраз пұлы.
Келгендерi жоқ екен мұндан бұрын,
Айтпадым ағаларым асластарын.
Кейiнiрек келерлер деп айтып едiм,
Бiлер ме деп бұрынғы қылғандарын.
Есен-аман бiз тұрдық бiраз заман,
«Келдiлер, — деп хабар бердi, — екi ағаң».
«Екi ағаң көп малмен келдiлер», — деп,
«Сүйiншi» деп бiр адам келдi маған.
Сүйiншiге келгенге шапан бердiм,
Ғарiптiкпен дәм тарттым талай жердiң.
Қуандым ағалардың келгенiне,
Аттанып ағаларға қарсы жүрдiм.
Қарсы келiп көрiсiп бердiм сәлем,
Қайран қалып қарайды бәрi маған.
Құдаға шүкiр қылдым ойнап-күлiп,
Қарайды қайран қалып анлар маған.
Екi ағама қосылып бiрге келдiм,
Бұларға һеш сырымды бiлдiрмедiм.
Ойнап-күлiп үшеуiмiз бiрге отырып,
«Есен-сау ағаларды көрдiм», — дедiм.
Бұлардың келгенiне шүкiр қылдым,
Баяғы жасыл майды алып келдiм.
Алдына түрлi тағам әзiр қылып,
Iшiп тұрған асына қосып бердiм.
Iшiне қосып бердiм жасыл майым,
Екi ағам iшiп салды берген асым.
Бергенiмдi екеуi iшкенден соң,
«Ит бол» дедiм бұларға байғұс басым.
«Ит бол» дедiм, болдылар тазы-тазы,
Құдаға болдым бек разы-разы.
«Кет» дедiм, шығып кеттi екi ит болып,
Пендеге бiр Құдайым болар қазы-қазы.
Ел иттерi, жат иттерi таладылар,
Жиылып ортаға алып қамадылар.
Шаһардың итi талап бұл екеуiн,
Сахараға шығып кеттi ендi бұлар.
Бiр жыл бұлар кездiлер шөл-биабан,
Тәңiрi тағы рақымды салды маған.
Екi иттi даладан алып келiп,
Тағы да алтындан үй салдым оған.
Алтындан ас құятын аяқ алдым,
Торғын маңлық астына төсек салдым.
Iшiне алтын үйдiң байлап қойдым,
Құданың құдiретiне қайран қалдым.
Бұларға түрлi тағам жегiземiн,
Қызмет қылып тұрамын өзiм мәдам.
Бұл екi итке көп қызмет қылғанымдан,
Итпарас дерлер-мiс көрген адам.
Бiлмейдi сырымды һешбiр адам,
Сөйледiм бар сырымды, тақсыр, саған.
Итке қызмет қылғандан әладдауам,
Итпарас дегендерi содан маған.
Мұндан басқа, тақсыр, жоқ һеш күнәһым,
Бұл сырды сiзден аяп нағылайын.
Жапаларды көп көрдi ғарiп құлың,
Ендi сiз, бiздi сақтасын бiр Құдайым.
Таң қалды мұны естiп көп халайық,
Таһирге бата бердi қолын жайып.
Халифа, отырған көп бердi бата,
Жағасындан бiр тiлек бiз тiлейiк.
— Екеуiнен көрдiң бе көп жапалар,
Таһиржан, баршамыздан дүние қалар.
Жамандыққа жақсылық қыл деген соң,
Жазаларын тарттылар дүниеде алар.
Жамандықтың жазасын тартар адам,
Тiлеуiнiң Тәңiрi тағы саған.
Һарон Рашид халифа қылды тiлек:
— Тiлегенiм, жарқыным, берсең маған.
Бөлек емес екеуi тiлегенiм,
Таһиржан, маған бер деп сұрағаным.
Соларды есiткен соң жылағаным,
Берейiн, Таһир, саған малым-жаным.
— Мен бiр ғарiп құлыңмын, қызметкерiң,
Бұйрығыңдан шығарға бар ма халiм.
Сiз сұрсаңыз, бермейтiн халiм бар ма,
Сiзге пида қылайын малым бәрiн.
Сiзге пида қылайын мал-жанымды,
Аямайын жолыңызда бар малымды.
Көзiңiзден көрiңiз, тақсыр ханым,
Жiберiп алдырыңыз оларды ендi.
Басыраға екi жiгiт хан жiбердi,
Таһир һәм алып кел деп рұқсат қылды.
Басыраға үш күнде барды дағы
Бiр үлкен сандықпенен алып келдi.
Бұл сандықты аштылар келтiрген соң,
Екi ит қайран қалды жұрт көрген соң.
Сандықтан шығардылар екi иттi,
Ұмтылдылар бейшара ас көрген соң.
Сондағы асқа қостым сары майдан,
Құдiрет көр, әй, жiгiттер, бiр Құдайдан!
Iшкен соң қышқырдым «адам бол» деп,
Адам болып екеуi қалды қайран.
Екеуi адам болып қалды таңға,
Қарайды төгiректе мұсылманға.
Құданың һәрне қылса құдiретi кең,
Зауал жоқ деп ойлама ғарiп жанға.
Патшаға құлдық қылды бұлар тұрып,
Халифа алды Таһирден мұны сұрап.
Қылдылар халифаға көп дұғалар,
Жамағат қайран қалды мұны көрiп.
Бұ iске таң қалады көп халайық,
Һәр мұсылман азбасын жолдан тайып.
Таһирдiң бұ iсiне қайран қалып,
Жамағат бата бердi қолын жайып.
Халифа: «Таста, — дедi, — жамандықты»,
Таһир шақырып жылады ағаларды.
Көп сарпайлар кидiрдi ағаларды,
Той қылып хан шақырды баршаларды.
Таһир бердi он меруерт халифаға,
Жарым малым сiздерге бердiм, аға.
Екеуiне берiптi жарым малын,
Олардай жақсы келмес бұ дүнияға.
Таһирдi Басраға падишаһ қылды,
Ағасына тақ бөлiп малын бердi.
Екi ағасы мал алып риза болып,
Үшеуi бiрге қайтып елге келдi.
Үшеуi ойнап-күлiп кеттi қайтып,
Падишаһ болып жiбердi бұйрық айтып.
Көп жұртқа падишаһ болды Таһир ендi,
Олардың ауылынан жақсылар көп.
Таһир падишаһ болды көп жыл әдiл,
Әулиелер көп туды олардан, бiл.
Опа қылмай бұ дүния онан да өттi,
Олардың рухына бiр дұға қыл.
Опа қылмай бұ дүние онан да өттi,
Ол жақсылар дүниеден келдi-кеттi.
Төре де өттi дүниеден, қара да өттi,
Ендi ойласам, бiздерге кезек жеттi.
Дүниеден олар да өттi, бiз де өтермiз,
Тәңiрi тағдыр етсе, жан берермiз.
Көрген соң бұ қиссаны жазған ғарiп,
Бiр күн көшiп дүниядан бiз шығармыз.
Бiзге де опа қылмас үшбу заман,
Иман берсiн Құдайым ақырзаман.
Келiспесе түзерсiз қалған жерiн,
Бiлгенiмдi мен жаздым жақсы-жаман.
Мұны жазған ғарiбiң Сабыр молда,
Данышпан өзi шешен, өзi молда.
Неше күндiк жерлерде сапар жүрiп,
Кешке жазып бiтiрдiм ұзын жолда.
Мұны жазған Сабырдың ақылы мол,
Молдаларға табылар һәр түрлi жол.
Келiспесе сөкпеңiз, жамағаттар,
Бұ қиссада, жiгiттер, бiлгенiм сол.
Иә, Алла, сиынамын, қолда менi,
Құлыңның бiр күн шығар ғарiп жаны.
Қолыма қалам алып қисса жаздым,
Жалынып, жад қыламын, Тәңiрiм, сенi.
Иә, Алла, ғарiп құлың жад қылайын,
Желдей гулеп өмiр өтер күн-күн сайын.
Дүниеде мiскiн болған мен ғарiптi,
Панаһыңда сақтай көр, бар Құдайым.
Иә, Алла, сиынайын ғарiп құлың,
Надандықпен бiлмедiм, өттi күнiм.
Көргенден соң мен жаздым бұ қиссаны,
Дұға қылып жүрiңiз, аға-iнiм.
Ажал жетсе кетермiз дүния салып,
Бiзден бұрын өтiптi қанша халық.
Бұ қиссаны мен жаздым ғибрат үшiн,
Жұртқа ғибрат болса екен бiзден қалып.
Ол жақсылар дүниядан өттi-кеттi,
Көп мехнатты дүниеде көрiп кеттi.
Олар өттi дүниеден, бiз де өтермiз,
Ойлап тұрсам жақсылар бәрi кеттi.
Нұһ өттi, Лұқпан өттi, бiз де өлермiз,
Рүстем, Жәмшид, Наушаруан, бәрi кеттi.
Дүниедегi патшалар бәрi өлiп,
Ендiгi жамандарға кезек жеттi.
Бiреудi бұл дүниеде бай қылыпты,
Бiреудi жалғыз малға зар қылыпты.
Бiреу мұңлы, бiреудi ғашық қылып,
Сүйтiп жүрiп дүниеден жөнелiптi.
Би өттi, батыр да өттi, шешен де өттi,
Не жақсылар дүниеден өтiп кеттi.
Жалғаншыға жақсылар жан бередi,
Ақырзаман, жiгiттер, жақындапты.
Бұрынғының билерi пара алмайды,
Пара берген кiсi[ге] көз салмайды.
Алдында сөзiм бар деп арыз қылсаң,
Ендiгi би парасыз қозғалмайды.
Бұ заманның билерi пара алады,
Қайда даулы кiсiге көз салады.
Жалған дүние малына қызықпаңыз,
Бұ дүниеден өлмейтiн кiм қалады.
Бұрынғы[лар] параға жуымады,
Жаман билер Құдайдан қорықпады.
Он теңгеге сатады бар ... ,
Ақыретте байғұстың соры бар-ды.
Тұғры жолмен жүрмедi молдалары,
Ұрлық, ойнас қыз-жiгiт қылғандары.
Ата-анасын сыйламас ұл мен қызы,
Не болар деп ойлаймын жұрттың бәрi.
Ғарiптер бұ қиссадан бәһра алар,
Мұңлы байғұс көңiлге қайғы салар.
Иман бер деп тiлеймiн бiр Құдайдан,
Ажал жетсе ғарiбiң өлiп қалар.
Әй, Құдай-а, жарылқа ата-анамды,
Ұстадым мен жарылқа мұсылманды.
Өлгенде иманымды жолдас қылсаң,
Құрметтер ақыретте ғарiп жанды.
«Иә, Алла» деп өзiңе сиынайын,
Ғұмыр бер бұ дүниеде, бар Құдайым.
Екi дүние рахатын бiрдей берсең,
Өңге нәрсе тiлеп мен нағылайын.
Сол сапар Қаракесек барып жаттық,
Сегiз кезден қазаққа ситше саттық.
Берген ситше он күнде оңып қалды,
Оңдақ ситше екен деп көп шулаттық.
Нәрсе өтпей ол елде бiр ай жаттық,
Соны елдерге қолқа көп бұл саттық.
Үш сауырға бiр қойды таңдап алдық,
Сауырдан бiрталай олжа таптық.
Таңдап алдық қазақтың бiз қойларын,
Қалдырмай сатып неттiк бұлдың бәрiн.
Бiр қойға бiр топ нәнке сұраушы едi,
Алдына бiз келтiрдiк қылғандарын.
Бiр қойға он бес кезден нәнке алды,
Киiм шықпай елтiрi қосып салды.
Алар ойы жоқ едi байғұс қазақ,
Күн асып күпiлерi биттей қалды.
Сатқан нәнке көбi өзi шiрiк,
Әрең саттық құрып жүрiп-жүрiп.
Сарт келсе бiр кез нәрсе алмас едi,
Сатып бiттiк Тәшкеншi келмей тұрып.
Сауда бiткеш жөнелдiк елiмiзге,
Есен-аман тигiз деп жерiмiзге.
Айдап барған қойымыз қимат сатып,
Құда, абырой бере гөр ендi бiзге.
Құдай-а, саламатын қыл бәдәнiмдi,
Өлерде асандықпен ал жанымды.
Жамағатым, баламды тауфиқты қыл,
Ақыр демде иманымды жолдасым қыл.
Жақсы қисса оқысаң — құлақ құрышы,
Қалың төсек, қатты ұйқы — жан тынышы.
Сұлу қатын, жүгiрiк ат, түзу мылтық,
Мал мен перзент — адамның дәулет-кенiшi.
Сабыр пақыр дүниеде барды айтады,
Мұңлы жiгiт дүниеде зар айтады.
Өтпес пышақ, жаман ат, жаман қатын,
Ер жiгiттi үшеуi қартайтады.
Қанша айтсам да бұл сөзiм табылмайды,
Еске алып жаза берсем бiр Құдайды.
Күнәһымды кеше көр деп Құдайыма,
Сабыр пақыр Құдайға зар жылайды.
Құдай-а, өзiң сақта, Жаппар Кәрiм,
Мен жазамын қағазға бiлгендерiм.
Жұрттан асқан молда емен,
Ерiгiп жаза салдым мұның бәрiн.
Құдай-а, дұшманыңдан өзiң сақта,
Көретұрған дұшманның көзiн қапта.
Мұндай-мұндай қиссаны жазушы едiм,
Көңiлiм бөлiнбесе бөтен жаққа.
Ей, Сабыр, күнәһыңнан тәубе қылғыл,
Жақсыларды көрейiн, ғибрат алғыл.
Бұ дүниенiң һешкiмге опасы жоқ,
Қуатыңның барында тағат қылғыл.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 10 секунд !!!

Автор: nurgul95 | 54 |


Комментарии для сайта Cackle

Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, қазақ ауыз әдебиеті Қисса Таһир өлең казак ауыз адебиети казакша олен, қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері, олен Кисса Таһир казак ауыз адебиети стихи, казак ауыз адебиети олендери, Қисса Таһир, қазақ ауыз әдебиеті Қисса Таһир өлең казак ауыз адебиети казакша олен қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері олен Кисса Таһир казак ауыз адебиети стихи казак ауыз адебиети олендери Қисса Таһир, Өлең: Қисса Таһир (Қазақ ауыз әдебиеті) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке