Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Таныстыру) » ZHARAR © 2017 | сұлтанмахмұт торайғыров Таныстыру өлең стихи на казахском султанмахмут торайгыров казакша олен, сұлтанмахмұт торайғыров өлеңдері, султанмахмут торайгыров стихи на казахском языке, султанмахмут торайгыров өлеңдері, Таныстыру




  • »

Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Таныстыру)

Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Таныстыру) казакша Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Таныстыру) на казахском языке

Қара қазақ:
Туғанда құдай иіп мұндай заман,
Сұрайтын бір сөзім бар сенен, балам.
Тап біздің осы Семей облысының,
Көшбасшы адамдарын айтшы маған.
Біз-дағы жоспарлайық өзімізше,
Десе де түк білмейтін қазақ надан.
Оқыған:
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.
Елі үшін құрбандыққа жанын берген,
Бит, бүрге, қандалаға қанын берген.
Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде,
Зарығып алаш үшін бейнет көрген.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір бас үшін жалданбаған.
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.
Қара қазақ:
Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тез ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын.
Қазаққа кеше заман қандай еді,
Ашылмас сорға толған маңдай еді.
Керек күні сойып жеп, сату үшін,
Шөп беріп асыраған малдай еді.
Жастан да, кәріден де үміт сөніп,
Астында жұдырықтың жүрдік көніп.
Амалдап әркім жасап өз басы үшін,
Кімге-кім қарап еді көңіл бөліп.
«Күн не?» десе «пристав», «уезд» дедік,
«Жер не?» - десе «болыстық» демеп пе едік
«Саясат, ілім, өнер не?» дегенде,
«Соларға үйір бол» деп жауап бердік.
Кімде еді биік мақсұт мұнан басқа,
Жақсы осы дедік ішер аста?
Жұрты үшін көріне бұзған жан рахатын,
Кім еді, сол заманда кәрі, жаста?..
Алты миллион қазақта болып па еді,
Солардың түріне ерген әлеуметтен.
Қысқасы «ашаршылықта берген құйқа,
Көп артық» жайшылықтағы қымыз, еттен.
Оқыған:
Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,
Келеді екінші боп бұл ретпен.
Қазақта мұндай жігіт көрмедім дегі,
Ардақты қарт Потанин лепес еткен.
Ақ жүрек, алғыр ойлы, адал жан деп,
Тумай жатып жастарға даңқы кеткен.
Томдағы инженерлік сабағында,
Жетеді бір жылдан соң тамамына.
Жеткізейін қолымды ілім үстіне,
Бір түрлі биіктік бар талабында.
Қайдағы кем-кетікті нашармен дос,
Ұлық пен байларды көрмейді қош.
Сорлымен соңғы нанын бөліседі,
Білгенін үйретуге алды әм бос.
Бір міні танымайды бай ыңғайын,
Бар ынтасы - жақсарту нашар жайын.
Сорлымен сөйлесуге арланғандар,
Көп емес не көрсетіп не қылайын.
Жеттім деп көкірек керіп әуресініп,
Байларменен шанаға бірге мініп.
Қарапайым халықтар сөзін айтса,
Уақытым жоқ деп қолдарын сермеп жүріп.
Кететінін көрдік қой талайлардың,
Тиеді кімге қайыр ондай жаннан?!
Ермеков бұл мінезге дұшпан кісі,
Тоқтайын енді бармай онан арман.
Сөйлеп кетсе қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң ту осылай дегізер жанның бәрін.
Ақ жүрегі, ақтығы, адалдығына,
Бір ауыз қарсы айта алай құриды әлің.
Халел мен Әлімханның алда екені,
Биыл Семей съезінде-ақ болды мәлім.
Қара қазақ:
Құп, балам, айтқанымның бәрі де рас,
Бізді де ұсындырған сол екі жас.
Семейдің съезінде байқадық қой,
Ол екеуі жарайды болуға бас.
Тұрғаны рас екеуінің сөзге де ағып,
Шын сөзіне босамас жүйке неғып.
Семейдің съезінде екеуі ғой,
Кісі тыңдар сөз айтқан құлақ салып.
Меніңше, Ермеков деген бала,
Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға,
Сөз білімін сынайтын жер ілгері,
Әзіргісі адал ғой жеке-дара.
Ермеков адалдықтан сенгіш адам,
Жұртты да адал ғой деп ергіш адам.
Біле ме ер қадірін, ат жүйрігін,
Бездірер ме деп қорқам халық надан.
Өзі сеніп басқадан көп алданса,
Адам қаны бұзылар осы арадан.
Ол әлі жап-жас бала кірленбеген,
Шынды айтуда танбайтын еш пендеден.
Түбінде көңілім түзу әзірге деп,
Алдап, арбап жүретін түрге енбеген.
Оқыған:
Ғаббасұлы.
Онан соң Ғаббасұлы Халел мырза,
Түрі емес, көрген адам сөзіне ырза.
Тап басар, әдісі көп артты ойлайтын,
Не аңқау, не болмаса емес қызба.
Жас жігіт университеттен оқып шыққан,
Халыққа қызмет парыз деп миына ұққан.
Алданбас, алыс болжар, алдан көрер,
Болса да оған мәлім жерге тыққан.
Айлаға қарай біліп айла құрғыш,
Табады қайдан болса, содан ілгіш,
Бір іске тура план құруында
Деуге болар Семейде осы білгіш.
Соның ойы тереңге бойлайтұғын,
Түстемей үстеп қарап қоймайтұғын.
Көрінген минутінде шешіп салар,
Шертіктің тап жиырма күн ойлайтынын.
Ызаны ұмыта алмас өшін алмай,
Ондайға іші зәрлі, сырты балдай.
Өзі айтпаса, түсінен ұқтырмайды,
Екенін жүректегі ойы қандай.
Шын деп ұққан мақсұтқа жету үшін,
Бір істі өз ісіндей ету үшін.
Сол жолда қабылдаудан бас тартпайды,
Болса да оған керек қандай пішін.
Сөзден де көбінесе іске құмар,
Тез болмайтын істерден тайқып шығар.
Мың сөзден құйқылжытқан оның көзіне,
Істеген бір азғантай ісің ұнар.
Призыв себебінен білді халық,
Толқығанда тоқтатқан ақыл салып.
Ығын-шығын қырғыннан өз уезін,
Қалды ғой ақылымен аман алып.
Қара қазақ:
Шырағым, әрине, рас мұнындағы
Ел бағы ондай жігіт табылғаны.
Съезде жер жайынан сөйлегенде,
Көрінді тереңдігі бізге-дағы.
Секцияға бөлінген өр түрлі іс,
Халелсіз байланды ма, бірі тыныш.
Халел мен Әлімханның көзінен өтпей,
Сықылды орнықпайтын ешбір жұмыс.
Отыз-қырық секцияға кірген кісі,
Екі-үш күн ақылдасып үлкен-кіші.
Түзу деп жасап шыққан жобалардың,
Қалды ғой іске аса алмай ешбірісі.
Бірінен соң біреуі тауып мінін,
Жобаны жасаушының бұзар түрін.
Дәлелі сондай күшті, әм орынды,
Қозғалтуға болмайды ешкім тілін.
Ол екеуі мінбеге шыққан кезде,
Халықтың жұмысы болмас басқа сөзде.
Құлақ қоймай бетімен дуылдасар,
Егерде мінбе үстіне шықса өзге.
Меніңше, Халел деген сынсыз жүйрік,
Не түрлі ұзақ салсаң шабар шүйгіп.
Арбайып қол-аяғы алдан келер,
Алашты қақпайсың ба, сонда сүйсініп.
Оқыған:
Поштайұлы.
Онан соң Поштайұлы Мұқыш келер,
Білмеймін халық аузы бұған не дер.
Өзі юрист, жас жігіт жаңа талап,
Шықпайды деуге бола ма мұнан өнер.
Жастардың қатарында жүр ғой бірге,
Тап ондай болмаса да сөзге шебер.
Ашық дәлел, айқын сөз көрмесек те,
Кей-кейде сыбырымен жүріп жеңер.
Басы үшін ойға алғанын орындауға,
Жиіркенбестен әр түрлі түрге де енер.
Мырзаның ілтипатын көбірек тартар,
Қолында күш, дәулет бар, бақ пен бедел.
Жастардың байқағаны әзір осы,
Күнінде соңырағысын халық көрер.
Қара қазақ:
Әркімнің өзіне лайық бар ғой орын,
Өнер шығар оныңда бар ма порым.
Құр бекер оқыған деп атақ қылып,
Поштайдың айтпа бізге араққорын.
Елден кетіп, біреудің өлімін аңдып,
Қайынында үйірімен жүр ғой қаңғып.
Қазақта іс білетін кісі аздықтан,
Жүрсіңдер сүйемелеп жоқты бар ғып.
Қайының комитетке сайлаймын деп,
Жаз бойы қойған жоқ па жұртты дал ғып.
Көнбейміз біз мұныңа дегендерге,
Қоқаңдап, мылтық атып, басты даң ғып.
Қарғау да, жарылқау да қолымда деп,
Көрсетіп халыққа өзін үлкен жан ғып.
Соңыра шар билігі жуанда деп,
Жуанның көңілін тауып, өзі тән ғып.
Учредительный собраниеде өтпек ойы,
Солайша ептеп-ептеп бір амал ғып.
Оныңның жайы бар ма біз көрмеген,
Жаз өтті, жалғыз іс жоқ, ол жөндеген.
Қайыныңда қымыз ішіп жатар болса,
Бұл елге комиссар боп неге келген.
Әділ болса ағасын тыймас па еді,
Арқа тұтып нашарды көгендеген.
Иесін көшіріп, қорасын салар ма еді?
Шілікті мен Сарыадыр деген жерінен*.
Білеміз университетке бір кіргенін,
Жөндеп тыңдау бере алмай бос жүргенін.
Онда да бостандықтың арқасымен,
Төрт жылды сегіз жылда бітіргенін.
Былтырғы жыл бітіруден үміт үзіп,
Болам деп елге болыс күтінгенін.
Ұнаспас бұл заманда Поштай, Шорман,
Әуелде қылығы жоқ халыққа оңған;
Жеті атадан күн көрген жұрт үстінен,
Қайткенмен құтылар ма жеміт жолдан.
Білмеймін Мұқышыңда оқу қанша,
Миллион оқу бітірсін маған салса.
Ыңыранып, көп жұтынып, баптаймын деп,
Бір түйе боталайды сөз айтқанша.
Құр бекер оқыдым деп қоқиғанмен,
Туыс, талант болмаса, болмайды ем.
Туыссыз құр оқуға сүйенгендер,
Винті жоқ құр май құйған машинамен тең.
Не болмаса жүйрік деп жабыны асырап,
Кілем жауып бергендей Тойғыз әжем.
Бәйгіден ондай жабы келе алмайды,
Болса да дорбаң жібек меруерттен жем.
Атлас кілем жапсаң да бәйге әперер,
Деп айтпассың басыңда ми болса сен.
Мұқыштың туысқаны Абу Жүсіп «Мамыт» деген аз атаның «Сарыадыр», «Шілікті» деген қонысын тартып алып, қора салған.
Оқыған:
Жақып Ақбайұлы.
Белгілі Жақып мырза Ақбайұлы,
Қызмет қылар кісінің бұ да бірі.
Азды-көпті атағын былай қойып,
Тексергенде мынау ғой оның сыны.
Тап берме, құр даурықпа, жеңіл ақыл,
Көрмегенсіп жүретін жүртты мақұл.
Болмаса ақкөңілсіп жылайтыны,
Тіпті ғылым, таланттан бойы тақыр.
Жақыпша атақ алам деген болсаң,
Бір орысты боқта да іске шатыл.
Жабылсаң да сотқарлық мінезіңнен,
Жұрт үшін деп шығады қазір атың.
Себебі ол уақытта қазақ жұрты,
Ұлыққа қошеметшіл бәрі қатын.
Ақмола облысында Науан хазірет,
Қосшығұлов үшеуінің пішіні жақын.
Боқтаудың не жұмыстың турасында,
Екенін тексермей-ақ қояр батыр.
Үш ауыз сөздің басын қоса алмасаң,
Не жыла, не тақтай теп, ал кеп ақыр?..
Сабазды ерлік қысып сөйлетпеді деп,
Орынсыз құтырғандай аруақ шақыр.
Болмаса ауырдым деп сөз кезінде,
Жанғалидікіне* бар да отыр, қымыз сапыр.
Әттең, дүние-ай, көп сөз бар, тамағым деп,
Сыбырлап қой мінбеге барып жақын.
Міне, халық тамағым айтқызбады деп,
Сонан кейін шегініп жөтел, қақыр.
Жайлықта менің атым пәленіп деп,
Көшедегі халыққа айтып лапыр.
* Жанғали - Жақыптың жататын үйі.
Дәл келер Крыловтың баснясында,
«Сусыз бөшке жол алар» деген нақыл.
Кей-кейде құтырғандай сөйлер қызып,
Иықты қысқан болып, түсті бұзып.
Сөз әнімен кеткенсіп қолды сермеп,
Ерін тістеп, бұғып қап, қылшы қызық.
Тарсылдат маңайыңда стол болса,
Жұрт десін есіл ерде қайрат сонша.
Дірілдеп орындықтан ұша жазда,
Дұрысын теріс, терісін соғып оңша.
Қара қазақ:
Рас, осы Жақыптың анық түсі,
Кешегі съезден-ақ шықты мысы.
Алыстан әулиедей көрінсе де,
Үш күннен соң жоламас әлі кісі.
Жақыптан биік мақсұт үмітті едік,
Түкте жоқ, партия ғой бар жұмысы.
Райымжанмен екеуі бірге жүріп,
Съезде салған жоқ па жұртқа бүлік.
Ақсақал, бізді сайла олар жас деп,
Жүрді ғой пәтер сайын қаңғып кіріп.
Екеуінің толқытқан өлегінен,
Екі күн съезд тұрды қаңтарылып.
Бұрынғы болыстардан айрықсызын,
Көңіліміз суыды ғой сонда біліп.
Қосылды екеуіне Мұқыш тағы,
Қайда барса баяғы бастың қамы.
Сайла деп бір кісімен сейлесті ме,
Әлімхан, Халел, Нәзипа - жастар жағы.
Сайлаңдар, кім лайық болса соны,
Деп тұрды білінбей ме нанынбағы.
Биік мақсат, идея, шын сүйгіштік,
Әм және мінсіз таза көңіл ағы.
Жақаң, Мәрсек ол уақыт елге шапты,
Түн бойы әр пәтерде қақпа қақты.
Көрсетіп партияға ұста екенін,
Жұртқа айтуға мынандай амал тапты.
«Мені сайла, әйтпесе қор болғаның»,
Деп Райымжан көтерді Найман жақты.
Қасеннің* Жақып жығылып аяғына,
Ұмыт деді бұрынғы өткен шақты.
Сонымен Қарқаралы түгенделіп,
Екі үйез ел Найманмен қылар шартты.
Өскемен, Зайсан жағы айтты сонда,
Үш үйездің кісісі тұр ғой қолда.
Өткізейік Жақыпты бірінші ғып,
Екіншіге Мәрсекті сендер қолда.
Еңбек қып бірге жүр ғой үшіншіге,
Мұқыштың тілегін де сыйғыз жолға.
Ешкімге жалынбайтын мырзалар ғой,
Халел мен Әлімханың тұрсын сонда.
Қазақшылық пайдадан қаламыз ба?
Түспей жатыр білгіштер, өздері оңға.
Тегінде делегаттар елден барған,
Бәрі де ел билеген қасқырлардан.
Елге барып комитет сайлай қалса,
Деген ойды көбінесе есіне алған.
Соңыра олар-дағы қолдасады деп,
Айтпаса да ішінде көңілі бардан.
Шынында ол ойлары кетпей теріс,
Уақытша пайдасына берді жеміс.
Қара күшпен сайланған комиссардың,
Неге көп елдерінде жанжал, керіс?
Елдегі комитетте члендікте
Бір кедей жоқ, не себеп байлар тегіс.
Ойлай ма қазақ соры қайнайды деп?
Соңына да жөнсіз кісілер сайлайды деп.
Жуандардан жасалған комитеттер,
Былайша халық көзін байлайды деп.
Қасен Ақайұлы Қарқаралы уезіндегі
Жақыптың бақкүндес күшті адамы.
Сайлаудың запискасы келгенінде,
Таратып оны жұртқа бергенінде.
Пәленше адам сайланды тек қоя қой деп,
Алдап шар салғызады сенгеніне.
Ақпаев отырғанда желдей есіп,
Кедей бір қояды ғой сырын шешіп.
Комитетке жыртқызса запискені,
Кім алар дейді құлағын түбінен кесіп.
Ойламауға болмайды бұл қазақты,
Подлотке* істемейді деп судай кешіп.
Болады деп айта алмайды Жақыпты бас,
Елінде де істеген істері рас.
Сонан басқа жан жоқ деп айтпағанның,
Үстінен жаудыруға пәле аямас.
Жиіркенбей үстінен әкеп жабар жала,
Телеграмды жаудырар бара сала.
Ақша істеді деп біреуді донос қылып,
Жүргені анық дәлел осы араға.
Надан адам сүйтті деп бұл үйтер ме.
Егер де ақылы асқан болса дана.
Оқыған:
Сәрсенов Биахмет.
Біреуі Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғиға ұқсар көрсең түрі.
Түрінен де, сөзінен, жүрісінен,
Екенін біле алмайсың қандай қыры.
Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңілінің жылдам сезгіш айнасы да.
Бар дейді бұрынырақ ұмтылатын,
Түлкідей жалт ететін таймасы да.
Ісі де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегіс халық пайдасына.
Жастардың біреуінен кейін емес,
Қазақ деп жүрегінің қайнасы да.
Подлотке - подлог ұғымында.
Халел мен Әлімханды ай деп айтсақ,
Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын барады артып.
Ілімнің аймағында жоқты дағы,
Еріксіз туысымен алар тартып.
Қара қазақ:
Болса да сыр, сыйпаты білінбеген,
Ойлап ек жігіт-ау деп епті келген.
Еті тірі, қағілез, өткір, пысық,
Және де талабы бар әр немеден.
Ойлаймыз естуменен бұрын бірақ,
Болыс боп, түсті екен әлде неден?
Оқыған:
Нәзипа ханым мен Нұрғалн Құлжанұлы.
Ардақты бар Нәзипа деген ханым,
Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін.
Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,
Семейдің одан өтер адал жанын.
Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын,
Ынтасы жеткізбекке әйел халқын.
Және бар әйелге хас нәзік сезім,
Танитын бір көргенде-ақ істің нарқын.
Атақты Байтұрсынов «Мысалында»,
«Н-ға» деп өлең жазып, жайған даңқын.
Аяныш жұмсақ жүрек мейірбанды,
Ренжіткісі келмейтін тірі жанды.
Қайткенмен он облыс бар қазақта,
Әзір шыққан әйел жоқ сонан мәнді.
Оқып жүрген жастардың анасындай,
Көрер бәрін не бауыр, баласындай.
Тарыққан сорлыларды өзі шақырып,
Күтеді не әкесі, ағасындай.
Сөз табар әр мәжілісте жарасымды,
Білмейді аса сөйлеп адасуды.
Оқыған еркектердің көбінен де,
Әр іске ыңғайы бар жанасымды.
Теңдік туын көтеріп әйелдер де,
Тұр, әне, желкілдетіп биік жерде.
Ол туда жазулы тұр мынандай сөз:
Әйелдер тиюге ұлықсат сүйген ерге.
Зорлыққа күң есебі жүріп едің,
Күнің туып қатарға кірші сен де.
Әйелді шалға беру, малға сату,
Болмасын мұнан былай ешбір жерде.
Сұлулар өзің таңдап теңіңе бар,
Шал менен мал қолында болма пенде.
Жаратсын, әйел тисін еркек қылып,
Сайлансын комитеттер әрбір елде.
Жүрмесін ешбір молда неке қиып,
Қыз он алты, ұл он сегіз жастан кемге.
Оқытсын ұл мен қызды жеті жастан,
Болмасын екі қатын ешбір ерде.
Әділшілдік көрмесең басың босат,
Семейдің комитетіне арыз бер де.
Бірге айтатын Нұрғали Құлжанұлын,
Жаңылмасақ бұлайша мұның сынын.
Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам,
Жасымайтын, бермейтін жанға сырын.
Турашыл жан бетіне қарамайтын,
Онан келер зиянды санамайтын.
Қазақтың ескі, жуан тұқымынан,
Жөпшендіні еске алып баламайтын.
Бір айтса, сол сөзінде тұрды деп біл,
Болмайды қате екен деп қайта қайтым.
Бір ұстаған жерінде қалар қатып,
Кім болса да сөйлейді сөзін батып.
Өз көңілінде түзу деп ұққан ойын,
Істейді жіберсең де қазір атып.
Дүниеге қызықпайтын таза кісі,
Ондай кірлі нәрсемен жоқ жұмысы.
Салақтық не болмаса аңқаулық жоқ,
Тағы да, әм ретті қьшған ісі.
Инедей кемдік сөзді көтере алмас,
Және адам жоқ сыйласса одан кіші.
Жазуға көп адамнан таланты зор,
Артықтығын көрсетер жазғанда ол.
Түрлі себеп астында құр булығып,
Болады талай талант шыға алмай қор.
Не басында өнбеске жұмсалады,
Сондықтан көпшілікке ұқсамады.
Не адамның өзіне қас мінезден,
Талай талант бөгеліп тұсалады.
Не ғылым аздығынан күн көре алмай,
Жүреді үйтіп-бүйтіп ісі оңалмай.
Көп талант бабын тапсаң жүйрікке ұқсас,
Бабын тапсаң жұрт қалар шаңына ере алмай.
«Қобыланды», «Тарғын» жазған кәрі ақындар,
Сөзінде, шындығында не мақұл бар?
Жаратқыш шеберлікке келгенінде,
Олардың талантына кім жақындар?
Сөздерінен ақиқат ала алмаймыз,
Сондықтан бәйге алдына сала алмаймыз.
Олар надан, ойлауда көп адасқан.
Бірақ біз ақындығын тана алмаймыз.
Оларды қоя алмаймыз Абаймен тең,
Себебі оқымаған ілім кем.
Туыс талант Абайдан жиырма есе,
Олардың артығы бар дей алам мен.
Абайды дейік биік бұлтқа жетті,
Аз ілімі жетуіне жәрдем етті.
Алты алашқа атағы айқындалып,
Сүйікті, тағзым мінді, суретті.
Толстой онан биік күнге жетті,
Күн астындағы елдерге даңқы кетті.
Алса егер Толстойдың тәрбиесін,
Абай да көрсетер еді сондай кепті.
Кірлік тұрмыс, бақытсыз тарихымыз,
Тым алысқа жібермес, түзер бетті.
Талантқа ауа қайда ер жетуге,
Жүректің қанын жылытып тербетуге.
Сұлу жар, кірсіз тұрмыс, көрініс бар ма?
Жаныңа жалған салып сенделтуге.
Әлпештеген секілді жас баланы,
Талантты кім асырып, кім алады.
Әлихан айтқандайын қыр ішінде,
Домалап неше меруерт жоғалады.
Бақытсыз туған талант бұл күндегі,
Кедей халі жаман боп сүргендегі.
Үйтіліп қара күшке амалсыздан,
Жүреді кейбірінің құр сүлдері.
Кейбірі балалықпен адасады,
Адасумен баспайтын жер басады.
Катесін ұққаннан соң, ары кеміріп,
Жазаға өзін-өзі дарға асады.
Сондықтан жер қорқақ боп жүргенінде,
Ойдағы жоғалады, кір басады.
Туғанына қайғырар армандының
Шәкәрім.
Құдайберді баласы Шәкәрім,
Көп оқуы болмаса да туысы кәміл.
Жазған шежіре, жайған үлгі арқасында,
Ертеден бұл алашқа аты мәлім.
* 1933 жылғы жинақта қолжазбадағы бұл жол оқылмады деген ескерту бар.- Ред.
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп антұрғанын.
Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға,
Ақсақал бала алғандай осы көрің.
Байыпты, философтың табиғаты бар,
Көрсең де ол тұқымның ең жаманын.
Бұл қазақтан мақсұты биік алыс,
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.
Қазақ деп жекелеме адамзат де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Тағы жүрген көшпелі ел ішінде,
Тәрбиесіз, үлгісіз жер ішінде.
Бөкейханов айтқандай қиын жұмыс,
Адамның шыға қоюы сол пішінде.
Демеңіз тымақ киген жәй бір қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап,
Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ,
Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!
Жастардың үміті көп әлі де болса,
Тым қартайып тұрған жоқ әлі де онша.
Теңдік күні туды ғой, бөгет кетіп,
Дегендерге жүреді заман оңса.
Құр батаншы бас жейтін кәрің емес,
Әлі де одан табылады талай кеңес.
Адамның, адамдықтың берген жемісін,
Жейтін адам бар басқа, иттер жемес.
Қара қазақ:
Семейдің съезінде байқадық қой,
Екенін қарт кемеңгер әм терең ой.
Оқығандар болмаса жай қазақтан,
Онан басқа кім шықты көрсетіп бой.
Көрінді басшылыққа жарайтұғын,
Ұялмастан бір деп ақ санайтұғын.
Адамдық, түзуліктен басқа жөнге,
Ақы берсең емес қой қарайтұғын.
Бұрынғы ылас, сасық, кір заманда,
Аз табылар адамдығын сақтайтұғын.
Бас жұмыстың құды көп ел ішінде,
Болсақ егер сақалдыны мақтайтұғын.
Оқыған:
Марсеков.
Айтпақшы Марсекеңнің баласы бар,
Адвокат, қырма сақал Райымжан шал.
Ұмытқан оқуларын былай қойсақ,
Саяз жүрек, ұсақ ой, тынысы тар.
Сөз қоспай құр дауыстап тығылып қап,
Болады топ алдында аяныш жан.
Сонда да басты бұлғап, аузын созып,
Келтірем деп ойлайды сөзіне дәм.
Планы жоқ тоқтаудан және ұялып,
Талай жерде қызартып ұят қылған.
Сөйлегенде «затем» деп тұрып алып,
«Затемге» бір сөз қоспай мысы құрыған.
«Исходящий» жазатын нөмірге ұста,
Одан әрі өмірге оны қыспа.
Рекеңше мақұрымсың адамдықтан,
Бір нөмір қоймай қойсаң қапылыста,
«Исходящий», «Входящий» әдемі жазу,
Кәмілдіктен саналар ол байғұсқа.
Онан соңғы бір жақсы көретіні,
Мырза-еке, шығып кет деп шақыр тысқа.
Немесе сыра ашытып үйге әкеліп,
Бірігіп іш те отыр бір бұрышта.
Ойбай мен ұмытыппын сыншы екен ғой,
Сын дегенде таланты әм бөтен ғой.
«Қуанышты», «шаттық» деп түзей алар,
Рекеңнің таланты ірі екен ғой.
Бір жолға жазып қойсаң «а» дыбысын,
Қалған жолдың «а» сыз жаз әрбір ісін.
Әйтпесе «повторение» жарамайды,
Рекең сызып тастар қайрап тісін.
Жастар оны таниды «не как юрист»,
Таниды «как мелочный канцелярист»,
Обломовтың бірінің «типі» жақын.
Сондадағы жүре ме ірісінбей?
Сөз айта ма көгеріп бір ісінбей?
Демеңіз Обломовтың жамағайыны,
Нақ типі: не аға, не інісіндей.
Сабатаев.
Таныстырдық білгенше әр адамды,
Тағы айтайын демеңіз мынау қалды.
Айтпақшы екі оқуды тамам еткен,
Айтпап па ем Сабатаев Сатылғанды.
Сатекеңдей жандардың бұл дүниеге,
Тууының мәнісін білемісің?
«Талантсыз құр оқумен түк болмайды»,
Деген сөзге жаралған дәлел үшін.
Әнияр мен Иманбек.
Келейік Әнияр мен Иманбекке,
Қарт адам ғой оларды қажау текке.
Пайдасы да өнімді болмағанмен,
Олардан зиян да жоқ көпшілікке.
Мысалы, көрі тұғыр сұлылап ап,
Керек күні жүре бер арба жек те.
Ұлт ісіне жегуге неге арлансын,
Жекті ғой аузы түкті чиновник те.
Дүрманов.
Дүрманов айтуға да тұрмайды деп,
Ойлап тұрмын айтпауды ыңғайлы деп.
Алпамсадай, дой қарын қозғап кетсем,
Қорқып тұрмын үстімді былғайды деп.
Көрмесең көзге толық дойман түрін,
Қор болар оған неғып ақыл, білім.
Мынау заман туған соң бір молда ұстап,
Үйреніп жатыр дейді қазақ тілін.
* 1933 жылғы жинақта қолжазбадағы бұл жол танылмады деген ескерту бар.- Ред.
Сөйлесуден құтылуға тілмаш салып,
Бір молда ұстағаны дейді-ау анық.
Менсінбей бұрын оны ұмытса да,
Жолатпасын білген соң онсыз халық.
Алпыста қазақ тілінен тыңдау беріп,
Сайлауға кірмек ойы «диплом» алып.
Думадан бір орындық жылытпақшы,
Сайланып бір депутат болып барып.
Есіл дәурен баянсыз қайда кетті,
Шен алып, лық байыған арқаланып.
Әкесі қайыр тілеп жүріп өлді,
Байлықпен жәрдем етер кімді танып.

1918 жыл.


Санат: KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы | | 1 670
Рейтинг:
(голосов: 0)

KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы, сұлтанмахмұт торайғыров Таныстыру өлең стихи на казахском султанмахмут торайгыров казакша олен, сұлтанмахмұт торайғыров өлеңдері, султанмахмут торайгыров стихи на казахском языке, султанмахмут торайгыров өлеңдері, Таныстыру, жігіттер сұлтаны видео, жігіт сұлтаны видео, жігіт сұлтаны 2013 видео, жігіт сұлтаны таныстыру видео, таныстыру өлең, таныстыру өлең шумақтары, өзін таныстыру өлең шумақтары, таныстыру өлең жолдарымен, өзін өзі таныстыру өлең шумақтары, таныстыру өлең жолдары, өзін өзі таныстыру өлең жолдары, таныстыру жігіт сұлтаны өлең шумақтары, таныстыру жигит султаны казакша, Қазақша өлең: Таныстыру (Жігіт сұлтаны), Қазақша өлең, Таныстыру (Жігіт сұлтаны) казакша олен, Қазақша өлең: Таныстыру, (Жігіт сұлтаны) таныстыру жигит султаны, сұлтанмахмұт торайғыров Таныстыру өлең стихи на казахском султанмахмут торайгыров казакша олен, сұлтанмахмұт торайғыров өлеңдері, султанмахмут торайгыров стихи на казахском языке, султанмахмут торайгыров өлеңдері, Таныстыру, Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Таныстыру) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке

.

MixAdvert

MarketGid

Соңғы пікірлер:
. .