Үлкендер неге ақша жинай алмайды?


Әр адам жалақы алар алдында «Ақшамның 10 процентін міндетті түрде жинаймын» деген ойда болады. Десе де, ол ойымыз іске аспай жатады. Сонда біз нені дұрыс істемейміз? Не себепті өзіміз құрған жоспарды ұстанбаймыз? Адам бойында болашаққа белгілі бір қор жинап, қаражатты дұрыс жоспарлауға кедергі болатын қандай қасиеттер бар?  


Адамдардың ақша жинай алмауына қатысты әр сала мамандары ғылыми тұрғыда әртүрлі пікірді ұстанады. Тарихшылар пікіріне сүйенсек, адамзат дамуы барысында үңгір паналаған Homo Sapiens-ке  қолындағы тамағын бірден жеген тиімді еді. Себебі олардың жағдайында азық-түлікті сақтау мүмкін емес. Осы тұрғыда адам бойында әлі күнге дейін «қазір қолда барды пайдаланып қалайын, ал кейін не боларын көре жатармын» деген түсінік ақшаға қатысты да сақталып қалған дейді мамандар.


Ал психологияда адамдардың ақша жинай алмауына қатысты түрлі себеп бар. Олар:

  • Бай адамдарға ұқсау арқылы бақыт гармонын уақытша сезіну. Бұл «Адам сияқты қыдырайықшы, адам сияқты киім алайықшы»  деген сөздерден басталады. Уақытша өзін ауқатты адамдардай сезіну арқылы ақшаны ойланбастан қажетсіз заттарға жұмсайды.
  • Бір күндік өмір. Көп адамдар өз өмірін жоспарламайды. Ертеңіне сенім білдірмейді. Өмір бүгін бар, ертең жоқ деген ұғымды ұстанады.
  • «Маскадағы өмір». Бұл ұғым психологияда кең қолданылады. Көп адамдар қоғамда салыстырмалы түрде өзін өзгелерден төмен бағалағаннан кейін үнемі көп жағдайда ақшасы бар екенін көрсеткісі келеді. «Адамдар мені бар деп ойласын» деген оймен қолындағы бар ақшасын оңды-солды шашады. Әдетте, бұл адамдар қатары басқалардың пікірін жоғары қояды.

Психолог мамандардың айтуынша, адам  бойында ақша жинауға деген талпыныс тек тұрақсыздық жағдайында арта түседі. Болашаққа деген алаңдаушылық адамның табыс табуына, ақшаны көбірек жинауына әсер етеді. Қандайда бір соманы жинаған адам өзін қауіпсіз сезініп, болашаққа сеніммен қарайды. Адам қаншалықты саналы болса, соғұрлым қаржыны сауатты басқара алады. Ақшаны үнемдеу, оны болашаққа жинау -  адам өмірін айтарлықтай жеңілдете түседі. Мысалы, көп адамдар ақша жинап өзі қалаған затты алудын орнына,  бірден несие рәсімдеп сол затты алуға асық болады. Психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, ақшаны ұзақ уақыт үнемдеп жинау – сол заттан рахат алуды кейінге қалдыру. Осылайша адам уақыт оздырмай, дәл осы сәтте ештеңені күтпей, өз қажеттілігін қанағаттандырғысы келеді. Нәтижесінде, қарызға кіріп, ақша жинауды несие төлеуге алмастырады.

Ақшаны жинап үйренуде арнайы мақсат керек. Осы орайда, ақша жинау әдетін бала күннен қалыптастырған дұрыс. Ата-ана балаға отбасылық табысты, шығындарды және де мектепке тамақ алуға деп беретін ақшаны өзі басқаруды үйрету керек. Бұл жерде ата-ананың тәрбиесі маңызды. Ал егер ата-ана дәл осындай дағдыны қалыптастырмаса, ересек адам бұл қабілетті өзі арттыра алады. Мысалы, дүкенге барған кезде ұнаған затыңызды бірден алмай, оның маңыздылығын ойланыңыз. Егер аса қажет емес екенін түсінсеңіз, дәл сол ақшаны болашаққа жинауға салдым деп есептеңіз. Жаңа көлікті алғысы келетін адамды елестетіп көріңіз. Ол ай сайын сол көлікке ақша жинайды. Және сол жинаған ақшаны үнемдеп салғанда, сол көлікпен келе жатқанын елестетеді де бойында қуаныш сезімі артады делік. Ал келесі адам да жаңа көлік алғысы келеді. Оны алу үшін бірден несие рәсімдейді.  Десе де оны ай сайын жоғары процентпен төлейтінін де ескеру керек. Әдетте бұл адамдар эмоцияға беріледі. Сол себепті, бірден шешім қабылдамас бұрын ақылмен таңдау жасаған дұрыс.

Назерке БАЙЖАН

Іздеп көріңіз:
69,5 -40,5

Добавить комментарий

Комментариев 1

  1. Офлайн
    Aiganm Serkpai
    Aiganm Serkpai 3 октября 2014 22:14
    0 + 0 -
    класс мне очень нравится бани девушки берите пример от бани