Сатиралық ертегі: Айдарбек қу

Сатиралық ертегі: Айдарбек қу

Айдарбек қу ел аралап жүріп, Шаншардың бір ауылына келіпті. Әлгі ауылдың бір адамы өліп, соны қойып жатыр екен. Айдарбек жаназаға келген Шаншарларға «майлансын-ақ», – депті. Елеңдеген бір жігіт:
– Ой, мынау қалай, қалай сөйлейді? Кісіміз өліп жатқанда, көңіл айтудың орнына майлансын-ақ дегені несі? Өзіне дүре соғып, қып-қызыл қылып жіберсе қайтеді? – дейді.
Айдарбек:
– Иә, қып-қызыл қылсаң, қыларсыңдар. Қолдарың қанданып тұр екен, – деп, жүріп кетіпті.
* * *
Айдарбек сол бетінде Шаншардың бір бай ауылына келеді. Келсе, әлгі ауылдың байы үйде жоқ, бәйбішесінен рұқсат сұрап, қонады. Түнде бәйбіше етті көп асып, күтеді. Сорпа ішерде Айдарбектің сорпасына үпілмәлік деген дәрі қосып береді. Ол дәріні ішкен адамның іші өтеді екен. Әлден уақытта Айдарбектің іші ауырады, тысқа шығайын десе, есікті мықтап жауып қойыпты. Шаншардың қуларының әдейі істеп жүргенін біледі де, төсекте жатқан бәйбішенің көрпесін ептеп алып, соған дәреттеп, көрпені қайта жауып қойыпты.
Сонымен ұйықтап қалады. Таңертең бәйбішеден басқалар тұрып, шәйға отырады. Бәйбіше үндемейді, жата береді. Айдарбек:
– Апыр-ай, бәйбіше неге тұрмады, «ас иесімен – тәтті» деуші еді, бәйбішені оятшы, – деп, болмайды.
– Бәйбіше аурумын дейді, – деп, келіні қайтып келеді.
– Апыр-ай, ауруы жоқ сияқты еді-ау, – деп, Айдарбек тағы тамсанады. Сол кезде бәйбіше ыңқылдай бастайды...
* * *
Екі адам дос болыпты. Бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, қалыңсыз қосалық десіпті. Күндердің бір күнінде әлгінің бірінен ұл, бірінен қыз туып, өсіпті. Қыз ел аузына ілінген мақтаулы, ақылды адам болыпты. Ал анау жігіт жарымес-жынды, шұбар болыпты. Ер жетіп, ел аузына ілінген сұлу қыз жынды күйеуге бармаймын деп, наразылық білдіріпті. Қыздың әкесі ренжітіп, бере алмапты. Сонымен екі арада алакөңілдік туыпты. Қыз әкесі кедей, нашар ата екен де, күйеу аталы жуан ауыл, бай баласы екен. Ағайын, туған, әке-шеше жігітті аптап, «сен ынжықсың, барып, тартып әкел, пәленнің жесірі кетті деген не сұмдық», – деп, қызды тартып әкелуге жасақ жинайды. Бұл хабарды қыздың ауылы естиді де, қорқады. Өйткені, қыздың ауылы елден ерекше жеке жайлауда екен. Және қыз әкесі үйінде жоқ, алысқа кеткен екен. Және қыздың әкесінің екі әйелі бар екен. Қыз соның үлкенінен туған екен. Әйелдер үрейленіп, қысылып отырғанда, ауылына Айдарбек қонаққа келеді. Қыз шешесі Айдарбекті танымайды, бірақ «түсі жылыдан – түңілме» деген еді деп, жайын айтады.
Айдарбек «Қорықпаңдар, саспаңдар», – деп, ақыл айтады да:
– Мен не істесем, соған «мақұл» деп, қосыла беріңдер. Ал мен жұмысқа кірістім, сұрағанымды дайында, – дейді.
Сонымен таң ата қыздың ауылына көп адам келіп, қызды тартып әкетеді. Қызды алып келіп, той қылады. Тойға ел жиналады. Әлден уақытта келіннің бетін ашамыз деп, жыршылар жиналып, ақсақалдардың, бәйбішелердің алдына әкеліп, бетін ашады. Бетін ашса, әкелгені қыз емес, қыздың кіші шешесі болып шығады. Әкелген жігіттер де, ақсақалдар да масқара болып қайтады. Екі арада бітім болып, құдағиды қайтарады. Артынан сұраса, оқиға былай екен дейді-ау!
Айдарбек асықпай-үсікпей, қыздың бар киімін кіші шешесіне киіндіріп, сырға тағып, білезік кигізіп, жүзік салғызып, шашын майлап, тарап, шекен тақия кигізеді. Өзін бәйбішенің ірге жағына жатқызады. Қызға нашарлау киім кигізіп, тоқалдың төсегіне жатқызып, ыңқылдатып, ауыртып қояды. Қызды алуға келген бозбалалар асығып жүріп, бетіне қарамай, кемпірінің ірге жағында жатқан абысынын ала жөнеледі. Мұны жасаған Айдарбек қу еді дейді.
* * *
Сүйіндік ішінде Тынды дейтін бай болыпты. Кесіп алса, қан шықпайтын сараң болыпты. Күндердің бір күнінде Тындының үйіне келіп, бір аттың майын сұрайды. Тынды бермейді. Айдарбек ішінен ыза болып кетеді. Есебін тауып, «Тындыға бір қылайын» деп, кектенеді. Тындының жалғыз қызы бар екен, оны Арғын Тамаға ұзатқан екен. Сол қыздың төркіндеп келетін мезгілі болады. Айдарбек бойжеткен қыз болып киініп, қасына бір жолдас ертіп, Тындының ауылына келеді. Кешке таман таудың басында отырған Тынды анадай оқшау келе жатқан бір әйел, бір еркекті көріп, дәу де болса, осы ұзатылған қызым ғой деп ойлайды. Келе жатқан жолаушылар да ауыл адамдарын көрген соң әдеттегідей төркіндеген қыздың салты бойынша дауысын шығарады. Тынды қалбалақтап, алдынан қарсы жүреді. Сол кезде жолаушы әйел де аттан түсіп, сыңсып келіп, ауыл адамдарына шетінен көрісе бастайды. Көріскен адамы аздан соң талықсып, отыра-отыра қалады. Өйткені: көріскен қыз елді екі бүйірінен, өкпесінен қысып, әлсіретіп жібереді. Тындының өзі де көксау екен, көріскен соң талықсып, отырып қалады. Сол кезде Айдарбек атына міне сала қашады. Ауылдағы бірер арық-тұрақ атпен қуады, бірақ жете алмайды.
Мұның Айдарбек екенін біліп, басы Тындының өзі болып, бармақты тістеп қалады.
Арада бес-алты күн өтеді. Тағы да кешке таман күнбатыс жақтан бір әйел, бір еркек солаң етіп, шыға келеді. Тынды көріп:
– Е, бәлем, Айдарбек, анау күні күншығыс жақтан келіп едің, енді күнбатыс жақтан шықтың ба, тағы көрісетін шығарсың, – деп, жеңінің ішіне кішкене қолтоқпақ тығып алып, жолаушылардың алдынан қарсы шығады. Келе жатқан жолаушы әйел дауысын шығарып, кеңкілдеп жылап, аттан түседі. Тындыны көріп, құшағын жайып, сыңсып жылап, жүгіреді.
– Ә, Айдарбек, тағы да бүйірімнен қысқалы келесің ғой, сен қысқанша, мен сені жайлайын, – деп, көрісе беріп, қолтоқпақпен шекеден періп жібереді. Әйел мұрттай ұшады. Әлден уақытта бетін ашып қараса, Айдарбек емес, Қаншайым деген өзінің ұзатқан қызы.
Міне, осымен Айдарбек Тындыны екі рет масқара қылады.
* * *
Айдарбек кешкі уақытта қонамын деп Қашқынбектің үйіне келеді. Келсе, «күздік сойып жатырмыз, мал-соғым сойған күні қондырмайтын әдетіміз», – деп, қондырмай жібереді.
Айдарбек атына мініп, аяңдап, басқа бір ауылға барады да, қонып, түнде атқа мініп кетеді. Қашқынбектің інісі Қореке деген сақау бар екен. Айдарбек Қореке сақау болып, түні бойы өлкелі елді аралап, үйдің сыртынан:
– Қашқынбек бай жығылып қаза болды, таңертең жаназасы, – деп, өлкелі елге сауын айтады. Елдің алды күн шыға Қашқынбектің ауылына топ-топ болып, «ой, бауырымдап», ат қояды. Қашқынбектің өзі де, ауылы да шошып кетеді. Қашқынбектің Оспан дегендегі қызы да келеді. Келіп, тыста тұрған әкесін бас салып, көріседі. Әкесі шошып:
– Қарағым-ау, не болды, кім өлді? – десе, «Өзің-ау, өзің» деп, өкіріп, жылай береді. Әп-сап басылады, жылаған ел солығын басады. Сол кезде бай «сөз қайдан шықты?» десе, ел «қайдан шыққаны бола ма, кәдімгі Қореке келіп, түн ортасында сізді аттан жығылып, мойыны үзілді деп хабарлады. Содан хабар естідік», – дейді.
Қорекеден сұраса, ол «үйімнен шыққам жоқ, Құдай сақтасын», – деп, ант суын ішеді де, «егер мен болып жүрсе, бұл Айдарбек болды. Сол ит кешке келген. Содан бай қондырмай жіберген. Сол ит екен ғой», – дейді. Қашқынбек келгендерге тай сойып, қой сойып, қонақ қылып қайтарады.

Материалдың толық нұсқасын жүктеуге 45 секунд қалды!!!
Іздеп көріңіз:
0 0

Добавить комментарий