Ертегі: Әлібек батыр

Ертегі: Әлібек батыр казакша Ертегі: Әлібек батыр на казахском языке

Ертеде бір бай болған екен, төрт түлігі сай болған екен, бір перзентке зар болған екен. Сол бай бәйбішесімен екеуі Құдайдан бала тілеуге тоғыз нарға тоғыз тоғанақ жүк артып, тоғыз ту бие жетектеп, тоғыз жолдас ертіп, азық-түлікті жинап алып, жолға шығады.

Жолаушылар бірнеше күн жол жүріп, шаршап келе жатса, өзен бойында будақтап бұлтпен араласып шыққан көк ала түтін, қара құртша қайнап жатқан мал, қалың ел, ерсілі-қарсылы шауып жүрген көп адам көрінеді. Бұл бір үлкен той тойлап жатқан ауыл екен. Тойдың кімдікі екенін білу үшін ауылға жақындап келгенде, жолаушылардың алдарынан бір жас әйел кездесе кетіпті. Бұл кездескен жас әйелден жөн сұраған екен, ол:

— Осы елдің пәленше деген байы баласын сүндетке отырғызып, соған жасап жатқан тойы. Бұл тойда:

Ұлдыларға орын бар,

Қыздыларға қымыз бар,

Ұлы-қызы жоқтардың

Бұл жиында несі бар?! – депті.

Суырылып, сумаңдап, сұр жыландай қадалған келіншектің сөзіне бұл екеуі қатты назаланып: «Баламыздың жоқтығын қазды» – депті де тоғыз нарды жарып, тоғыз тоғанақты қиып, тоғыз жолдасты елдеріне қайырыпты. Өздері темір таяқ ұстап, темір етік киіп, қайыршы болып, ойлаған мақсаттарына жету үшін жаяу жол тартып жүріп кетеді. Бірнеше күн, ай, жылдап жүдеп-жадап, әулиеден әулие қоймай сыйынады.

Темір таяқ тебен инедей,

Темір етік теңгедей болып,

Мойны ырғайдай,

Биті торғайдай болады.

Бірақ ештеме өндіре алмай, әбден жүдеп-жадап, Құдайға өкпелеп, елдеріне қайтады. Бірнеше күн жол жүріп келе жатып, бір күні күн бата құлап жатқан ескі жарты молаға кездеседі. Бұған әйелі: «Барайық», – дейді, байы: «Жарты мола түгіл, бүтін моладан да түк болған жоқ» – деп барғысы келмейді.

Байының сөзіне қарамастан, әйелі молаға барады. Бұл молағa келіп жетсе, моланың көлеңкесінде ақ сәлдесі басында, қарагер аты астында, зікір салып, бір әулие тұр екен. Әйелді көре салып: “Өңі-түсі қашып, жүдеп-жадап жүрген не қылған адамсың?” – деп сұрай бастайды. Әйел өзінің балаға мұқтаждығын, көп заманнан бері Құдайдан тілегенмен, ештеме бермегендігін айтып, Құдайға наразы болып, еліне қайтып келе жатқандығын баян етеді. Сонда әулие тұрып: «Мен саған екі қыз, бір ұл берейін, қолыңды жай, жылама», – дейді де судырлатып батасын бере бастайды. «Ұлың атын Әлібек, қыздарыңның атын Қаныкей мен Тотай қой», – дейді де ғайып болады.

Бірнеше күндер, айлар өткенде, кемпір-шал баяғы өздерінің шыққан мекен-жайларына келіп жетеді. Елге келген соң да бірнеше күндер, айлар өтеді. Күндерде бір күн кемпір арыстанның етіне жерік болып:

— Шалым! Тілегіңіз бір перзент еді. Олай болса, мен бала кезімде ойнап жүргенде, өзіміздің ауылдың артында бір Арал тоғай деген тоғай бар еді. Арал тоғай ішінде Шабақтоғай бар еді. Соның ішінде бір арыстан бар еді, дәл соның етіне жерік болдым, – дейді.

Шал өзі мерген екен. Жасынан атқаны аң болған, мергендікке өте құмар екен, сондықтан:

— Жарайды, барайын, – дейді шал.

— Ертең ерте тұрасың, ақбоз атқа мінесің, қынай белді буасың, қылышыңды мойныңа асынасың. Арал тоғай ішінде Шабақтоғай, Шабақтоғай ішінде шөкесінен түсіп жатқан арыстанды әкелесің, – дейді кемпір.

Бай ертең ерте тұрады, ақбоз атқа мінеді, қынай белді буады, қылышын мойнына асынып, Аралтоғайға барады. Аралтоғай ішіндегі Шабақтоғайға барады. Шабақтоғайдың ішін аралап келе жатса, бір арыстан шөкесінен түсіп, екі көзі оқтай жайнап, шалға шапқалы дайындала бастайды. Сонда шал жақындап келіп. арыстанға:

— Арыстаным, қабыланым, маған шаппа, айға шап! Айға шапсаң – мың күндік, маған шапсаң — бір күндік, – деген екен, шалдың мақтауына масаттанып, мың күндік азықты бірден алмақ болады да арыстан айға шабады. Айға қайдан жете алсын! Мойны үзіліп, мерт болыпты.

Сол жерде мерген арыстанға оқ шығармай, қанжар салып, басын кесіп алып, арыстанды екіге бөліп, ақбоз атқа артып алып қайтады. Ақбоз атты жеделдете тебіне, сипай қамшылап, желе жортып, қуанышы қойнына сыймай, үйіне келеді. Келе сала, арыстанның етін тай қазанға асып пісіреді де үлкен астауға турап, жерік болған кемпіріне бере бастайды. Кемпір арыстанның етін астаудан қос қолдап ол ұртына бір, бұл ұртына бір тықты. Сүйегін мұртынан сығып тастай берді.

Тоғыз ай, тоғыз күн болып, мезгілі жетті. Кемпір толғатты. Жанындағы көршілері кемпірдің толғатқанын естіп, жан-жақтан жинала бастады. Қыз-қырқын, қатын-бала — барлығы жиналып, каптап кетеді. «Қашан босанады? – деп күтіп отырған қыз, қатындардың қалың ортасында бір мезгілде кемпірдің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ етті. Алпыс қанат ақ орда суға толып кетеді. Кіндігін мен кесем, мен кесем», – деп отырғандар қасабасын қайық қылып, сырғадарын ескек қылып, судан әзер шығады. Ең алдымен Әлібек туады, алты қарыс селебесін қолына ала туады. Оның артынан Қаныкей мен Тотай туады. Сонымен кемпір бір ұл, екі қыз табады. Алпыс қойдың терісі Әлібектің асығына, тоқсан қойдың терісі тобығына жетпейді. Балалары бір күнде бір жасап, екі күнде екі жасап, ержете бастайды.

Әлібек бір күндері шешесіне:

— Жақын жерде мен баратын үй бар ма? – дейді.

Шешесі:

— Қарағым, сен баратын жақын жерде нағашыңның үйі бар, соған барып, көңіліңді көтеріп, ойнап-күліп қайт, – дейді.

Әлібек шешесінің тілін алып, нағашысының үйіне бармақшы болады. Бұған бару үшін Әлібек жылқысына келіп, жылқышыға ат ұстатып мінсе, әкесінің жинаған малынан оны бір жылқы көтере алмай, белі үзіліп қала береді.

Әлібек нағашысының үйіне жаяу барады. Нағашысы алдынан шығып, жиенінің келгеніне қуанып, жаяу келген себебін сұрайды. Әлібек ыза болып:

— Әкем жылқы жимай, ит жиған екен! Осында мініп келуге бір ат таба алмай, жаяу келдім. Сондықтан маған мінетін ат беріңіз, – дейді.

Нағашысы жылқыдан өзі таңдап алуына ерік беріп, жылқысына ертіп келсе, өзге жылқыдан өзгеше болып, бір қызыл құнан көзіне түсе кетеді. Әлібек ұстап алып қарғып мініп, қызыл құнанмен шапқылап отырып шешесіне келеді.

— Шешеке, шешеке! Нағашымның үйінен әкелген құнаныма ат қойып беріңіз, – дейді.

Сонда шешесі:

— Орғи-орғи жүгіретін Орқызыл болсын! – деп бата береді. Тағы бір күндерде нағашысының үйінде Құмарлан деген ит күшіктейді дегенді естіп, Әлібек қайта келеді. Нағашысы алдынан шығып:

— Жиенжан, неге келдің? – дейді.

— Сіздің Құмарлан атты итіңіздің бір күшігін қалай келдім, – дейді. Нағашысы:

— Құмарланға өзің барып жыр айтып, мақтап-мақтап алмасаң, ол күшігін ешкімге бермейді, – деді.

Сонда Әлібектің айтқаны:

Ей, Құмарлан, Құмарлан!

Базардағы пістедей,

Мұрның сұлу Құмарлан.

Алты таспа қамшыдай

Жоның сұлу Құмарлан,

Тізіп қойған моншақтай

Тісің сұлу Құмарлан,

Бір күшігің берсейші-ай! – дейді. Құмарлан, шынында, мақтау сүйетін ит екен. Әлібектің мақтағанына разы болып, артқы аяғымен бір күшігін сермеп тастай беріпті. Әлібек күшікті ала салып, шешесіне келіп:

— Шешеке, шешеке, нағашымнан әкелген күшігіме ат қойып беріңіз, – дейді.

Сонда шешесі қолын жайып:

— Аты Құбақұс болсын, – дейді. Бұған қосымша Қарабүркіт атты жақсы құс та тауып алады. Әлібек Орқызыл, Құбақұс, Қарабүркіт – үшеуін сылап-сипап бойына кір жуытпай, жақсылап өсіреді. Бір күндерде үйіне, Әлібек іште жатқанда, шешесі мен әкесіне дос болған кісі келеді.

Әлібек досына:

— Я, достым, не қалай келдің? – деп құрмет етеді.

Сонда досы отырып:

— Батыр, іштен ала туған алты қарыс селебеңді қалай келдім, – дейді.

Әлібек:

— Достым, селебемнің ісі қиын.

Селебені жасауға келгенде,

Қырық бір ұста жиылған.

Егеуіне келгенде,

Елу ұста жиылған

Таптауына келгенде,

Тамам ұста жиылған.

Селебем қыныма сыйынған,

Қыным басыма сыйынған.

Басым барып әулиеге сыйынған.

Сондықтан селебемді бере алмаймын, – дейді.

Досы:

— Ендеше, күшігіңді бер,— дейді.

Әлібек:

— Күшігімнің ici одан да қиын, бұл күшігім туғанда:

Қолбаудының түлкісі

Қолаңдасып жүрген күн,

Елбаулының түлкісі

Елеңдесіп жүрген күн

Жаусалы мен Байсалы

Құшақтасып жатқан күн

Күндер басын қоя алмай,

Шөмішімен қатқан күн

Сондықтан күшігімді бере алмаймын, – дейді. Досы батырдан ештеме алмай, ашуланып шығып кетеді. Батырдың ойына досының ашуланғаны кіpiп те шықпайды. Өзінің Орқызылын, қыран құсын баптай береді. Бір күндерде Орқызылдың ойнақтағанын астынан жер қазып, кермеге тұрмағандығын, Құбақұстың қаңқылдап, үйге жатпағандығын, Қарабүркіт құстың саңқылдап, томағаға шыдап отырмағандығын көріп, батыр шыдай алмай, аңға шыққан екен. Бір ақ марал кездесіпті.

Сонда марал қайғырып:

Ей, Құбақұс, Құбақұс,

Дөңгелек біткен мүйізім

Сайға бітсін деймісің

Қолқалы жүрек, қос бүйрек

Тәттісін оның жеймісің

Алты тарау ақ мүйіз

Адыра қалсын деймісің.

Артымдағы үш бұзау

Жетім қалсын деймісің, –дейді.

Сонда бұл сөзге Құбақұс:

Дөңгелек біткен мүйізің

Сайға бітсе қайтейін

Құйрық жесем, қой десем,

Шешекем көңілін қайтейін

Opғи-орғи жүгірген

Орқызыл көңілін қайтейін

Қолқалы жүрек, қос бүйрек

Тәттісін оның қайтейін, – деп, жауап беріп, маралды бас салады. Батыр Құбақұс қимылына разы болып маралды теңдеп, қуана-қуана аулына келсе, алдынан шешесі шашын жайып, бетін жыртып, шыға келіпті.

— Ойбай, балам зәр жейін, зәр жегенде, қан жейін. Сен жоқта үйге Шүліңгір деген батыр келіп, бір аяқ саумал ішіп кетті. «Бүгін күні Әлібекті өлтіріп, Қаныкей мен Тотайды алам», – деп кетті. Мынау жатқан - соның ізі – дейді.

Әлібек Шүлінгірдің астындағы алты құлаш ала байталының ізіне қараса, оттың орнындай болып жатыр екен. Бұрын мұндай керемет батырлармен кездесіп көрген емес. Бірақ екі көзінен қан ағып, зәр жұтып жылаған шешесін көрген соң, тағат қылып тұра алмай, атының басын бұрып алып Шүліңгірді қуып кетті.

Шүліңгірдің ізіне түсіп келе жатса, көп ұзамай-ақ ауылдың сыртқы жағында, тоғай арасында күннің батуына қарап, қабағынан қар, кірпігінен мұз жауған қаһарлы Шүліңгір Әлібекке шабуыл жасамаққа тосып тұр екен. Әлібек Шүліңгірдің қаһарлы кескінінен қауіптеніп, Шүліңгірге:

Ой, Шүліңгір, Шүліңгір,

Орқызылдай ат берсем

Мінер ме едің, Шүліңгір

Қарабүркіт құс берсем,

Салар ма едің, Шүліңгір

Құбақұстай ит берсем,

Жүгіртер ме едің, Шүлінгір?

Оған разы болмасаң,

Қаныкей мен Тотайды

Қоса берсем екеуін

Құшар ма едің, Шүліңгір? – деп жалынады.

Сонда Шүліңгір:

Қарабүркіт құсыңды

Құс салдырсам, аламын

Құбақұстай итіңді

Ит жүгіртсем, аламын

Орқызылдай атыңды

Атқа мінсем, аламын

Қаныкей мен Тотайды

Әлібекті өлтірсем, аламын! – депті.

Әлібек ақыр бір өлім бар ғой дегендей ырза болып, Шүліңгірге:

Біздің, біздің, біздің құл,

Біздің үйге түскен құл.

Көбік саумал ішкен құл,

Көпшігіне тосқан құл,

Қалмақты ердің қасынан

Дәл жүректің басынан! – деп, садақпен Шүліңгірді тартып қалғанда, Шүліңгірдің өңменінен өтіп, оқ ту сыртынан шығыпты. Әлібек Шүліңгірдің сауыт-сайман, қару-жарағын алып, астындағы алты құлаш ала байталын жетектеп, аулына келеді.

Сонан бастап Әлібектің батыр, мерген деген атағы жер жарады. Ноғайлы деген елге қадірі артады. Әлібектің жолдастары көбейеді. Олар Әлібекке әйел алғызбақшы болады. Әлібек тумай тұрғанда айттырған бір көршісінің Ақбілек дейтін сұлу қызы болғанын, бұл қыздың әкесі мен шешесінің кедей екендігіне қарамай, Әлібектің әкесі өзінен еркек бала туса, осы Ақбілекті Әлібекке алып берем деп айтқан сөздері болған екен. Жолдастары сөйлесіп отырып, Әлібекке осы әңгімені айтады. Бірақ Әлібектің әкесі мен шешесі бала тілеуге кеткенде, тоғыз ру ел болып, жан-жаққа көшіп кеткен елдердің ішінде Ақбілектің үйінің іші де бірге кетіпті.

Ақбілек өзі сұлу, жақсы болып, бой жетіп отырған кезі. Әлібектен үш-төрт жас үлкен. Жолдастары Әлібекпен сөйлесіп отырып: «Сол Ақбілекті ал, одан сұлу қыз жоқ», – деп ақыл береді. Әлібек Ақбілектің қандай екенін жақсы біледі.

Әлібек бір күндерде: «Әйел алам», – деп, әкесіне кісі салады. Әкесі баласының бұл талабына өте қуанып, еліне: Ноғайлы елінің барлық қыздары жиылсын, Әлібек таңдағанын алады», – деп жар салады. Мұны естігенсін, жан-жақтағы елдің сұлу қыздары жиналады. Әлібекті бір дөңнің басына отырғызады, барлық жиналған қыздар:

Қарқараларын қарсы киіп,

Тақияларын дәл киіп,

Аяқтарын шеки басып, – Әлібектің алдынан біртіндеп өте бастайды. Ертемен өткен қыздар күн бата әзер бітеді. Әлібек жиналған қыздардың ешбірін де жаратпайды, қайда кетсе де Ақбілекті іздеп барып алмақшы болады.

Әлібек бір күндерде әкесіне: «Қайдан да болса Ақбілекті іздеймін, соған рұксат етіңіз», – дейді. Әкесі оған барар жолдың қауіпті екенін, екі ортада дария барын айтып, жібергісі келмейді. Әлібек бұған көнбей, әкесінің рұқсатын алады. Ақбілекті іздеп, тоғыз жолдас, тоғыз жорға жетектеп, жол жүгін артып, жүруге даярланғанда, әкесі келіп: «Қарағым, осы жүретін жолыңда пәленше байдың баласы жылқысын отарлап жатыр, соның дариядан өтетін Қараша ат деген аты бар, соны сұрап мін», – дейді.

Әлібек әкесінің ақылын қабыл алып, азық-түлігін қамдап, елімен қош айтысып, жолдастарын ертіп, Ақбілекті іздеп жүріп кетеді. Күн-түн қатып жүріп отырып, бірнеше күндерде байдың отардағы жатқан жылқысына келеді де жолдастарымен ақылдасып, көрінген жылқы, сірә, Қараша аттың кескіні болар деп, желе жортып, сипай қамшылап, жылқының шетіне таяп келіп, назар салып қараса, жылқы семіз, күйлі, мойындары құрықтай, асыр салып, бірінің соңынан бірі ойнақтап, өзенге қарай кетіп барады екен. Суға қарай шапқылаған жылқының қызығына қарай-қарай, біраздан соң, жылқының қалың ортасына келгендігін білмей қалады.

Жан-жаққа көз жіберіп қараса, бұл қара құртша айнаған отардағы байдың жылқысы екен. Жылқы ортасында қаз-қатар ақ шатырды тігіп, отардағы жылқы басында байдың балалары жатыр екен. Батыр жолдастарымен қатар тұрған екі ақ отаудың жанына жетіп келіп, рұқсат сұрап, түсе қалады. Екі үйдің арасында кермеде, мойны кере құлаш, екі көзі оттай жайнап, асығынан жер қазып тұрған аттың тұрпатына батыр қадала қарады. Үйде отырған байдың баласы сыртқа шығып, келген қонақтарды күтіп алып, құрмет етеді.

Батыр жолдастарымен үйге кіреді, ат соғып шаршап келген қонақтар шай қайнағанша тынығу үшін төрдің алдына қисайып жата кетіседі. Қонақтар демалып тыныққан соң, бай баласы қонақтармен кеңес бастайды. Батыр өздерінің неге келгенін, қайда баратындықтарын баяндады. Бұл жерге ат майын сұрай келгенін, пәленше елге дариядан өтіп кеткен жесірін іздеп бара жатқанын айтады. Батырдың не себеппен келгенін білген соң, Қараша аттың майын беруге бай баласының көңілі кетеді, бірақ жеті күншілік жерде жатқан әкесінен рұқсат сұрауға тура келеді. Қараша ат сияқты атты рұқсатсыз беріп жіберу қиынырақ болады. Әкесінен рұқсат сұрауға Қараша атқа мініп алып, жеті күншілік жердегі әкесіне жүріп кетеді. Әкесі баласының келе жатқанын Қараша аттың дүбірінен біліп, жанында жатқан кемпіріне:

Оқтаудай қатып тұр, сана,

Отты үргіштеп жақ, сана,

Есікті ашып бақ, сана, – деп, кемпірін оята бастайды. «Қараша ат, Қараша ат болғалы дүбірі мұндай қатты шыққан жоқ еді», – дейді шал. Бұл сөзді айтқанша болмай, баласы келіп, үйдің жанына түсе қалады. Баласына бай:

Желпілдеген ту бар ма?

Жер қайысқан жау бар ма?

Қараша ат, Қараша ат болғалы дүбірі мұндай қатты шыққан жоқ еді, – деп сұрау береді. Сонда баласы әкесіне:

Желпілдеген ту да жоқ,

Жер қайысқан жау да жоқ, – дейді де — Ер Әлібек батыр теңізден өткен жесірін іздеп барады екен, соған теңізден өтуіне Қараша аттың майын сұрай келді. Берейін бе, бермейін бе? деп сізден рұқсат сұрағалы келдім, – дейді.

Әкесі баласына:

— Қарағым, «Ат аяған жерге қарайды, құс аяған көкке қарайды» деген мақал бар. Ат аяма, бер, – деп рұқсатын береді.

Баласы Қараша атқа мініп алып, ізінше кейін қайтып, отарда жатқан жылқысына жетіп келсе, кетерінде қазанға салған еттің көбігі әлі тарамаған екен. Батыр бай баласының қайда барып келгенін сұрайды. Бай баласы әкесіне барып, Қараша аттың майын беруге рұқсат алып келгенін айтты.

Ертеңінде Қараша атқа мініп, Орқызылды байдың баласына тастап, Әлібек ұзақ сапарға шығады. Бірнеше күндерден кейін дарияның жағасына келіп, жолдастарын тастап, батырдың өзі Қараша атқа мініп алып, дариядан өтеді. Су бетінде келе жатып, көз салса, қаптап жатқан қалың ел, көк ала түтін көрінеді. Дариядан шыға бергенде, қолында екі шелек бар, бір жас әйел суға қарай жүріп келеді екен. Бұл әйел Әлібекті көре салып:

Атыңнын мойны қыпшақтай,

Садағың аузы шақпақтай

Суық түсіп сұр жігіт.

Аты-жөніңді айт, жігіт, – дейді.

Әлібек батыр бұл сөзге:

Желдеп кеткен жеті отау,

Қайыра шөккен қара інген,

Жез бұйдалы сары тайлақ,

Жоқшымын да жоқшымын, – дейді.

Әйел:

Желдеп кеткен жеті отау,

Жетпіс жалшы болмасын

Қайыра шөккен қара інген

Енекеңіз болмасын

Жез бұйдалы сары тайлақ

Бикеш жаным болмасын

Бүгінгі күні қына той,

Ертеңгі күні сына той

Үй артынан жау шықты,

Жекешұнақ дәу шықты.

Ел-жұртымызды қырып-жойып, қалмақтың батыры Ақбілекті алғалы жатыр, – дейді.

Батыр Жекешұнақ жатқан үйді сұрап алып, кіріп барған екен, ол өз жанынан орын беріпті. Әлібек батырдың жанына отырады. Екі батыр жөн сұрасып, бірімен-бірі танысқаннан кейін, Жекешұнақ «Қарағым, інім қарап отырғанша, ермек болсын, садақ атысайық», – дейді. Әлібек те қабыл алып, екеуі садаққа барады.

Жекешұнақтың қырық жолдасы бар екен, садақ ататын жерге ерте жүреді. Жекешұнақ өзінше елден асқан батыр екендігін Әлібекке көрсетпекші екен, оның атқан оғын қырық жолдасы барып әзер суырып әкеледі екен. Әлібектің атқан оғын Жекешұнақ қырық жолдасымен барып суыра алмаған соң, өзі барып, екі саусағының арасымен суырып алады.

Осымен кеш батады. Жекешұнақ Әлібектің ерлігіне таң қалып, ауыр ойға түседі де жатып қалады. Ел жатқан кезде Әлібек Ақбілек отырған ақ отауға қарай келе жатса, бұл келген батырдың кім екенін біле алмай, Ақбілек жар-жар айтып отыр екен.

Есігім алды жоңышқалы, жар-жар,

Әуел баһар ашылар күлсең әні, жар-жар

Танымаймын, қай ноғайдың ұлысың?

Білсең әні, жар жар.



Сондағы Әлібектің берген жауабы:

Есігім алды жоңышқалы, жар-жар,

Әуел баһар ашылар күлсем әні, жар-жар,

Танымасаң, Ақбілек, танытайын,

Менің атым Әлібек, білсең әні, жар-жар.

Ақбілектің бағанағы су басында кездескен жеңгесі Бикеш жанның шын күйеуі жаңа келді, – деп, атасы мен енесінен, барлық елден сүйінші сұрай бастайды. Ел жиылады, бірақ Жекешұнақтан қорқып, Әлібек пен Ақбілекті жасыра тұрады да түн ішінде дариядан өткізіп қоя береді.

Әлібек таңға таяу дарияның жағасында жатқан жолдастарына жетіп келеді. Дарияда аққудай болып жүзіп келе жатқан Ақбілек пен Әлібектің дидарына тоймай, қашан жандарына жеткенше, тағат қылмай тұрған жолдастары су жағасына келгенде, қуанып алдарынан шығып, екеуін қарсы алады. Енді бұл жерден жол тартып елге қайтады.

Таң атып, ел тұрған кезде, Ақбілектің жеңгесі хабар беру үшін Жекешұнаққа келеді. Сондағы оның Жекешұнаққа айтқаны:

Атының мойны қыпшақтай,

Садағының аузы шақпақтай,

Суық түсті сұр жігіт

Бикеш жанды алыпты да кетіпті, – дейді.

Жекешұнақ келіншектің бұл сөзіне ыза болып, қамшымен арқадан тартып жіберіпті. Сонда келіншек ызамен барып Жекешұнакқа:

Атаңа нәлет, ит кеуін,

Енеңе нәлет, ит кеуін,

Қолыңнан екі келсе, бірін істе,

Бикешті дәл қолымнан жөнелттім! – депті.

Жекешұнақ қатты ашуланып, қара арғымақпен дариядан өтіп, Әлібектің артынан қуып кетіпті. Әлібек Жекешұнақтың келе жатқанын біліп, жолдастарын ілгері жіберіп, өзі жауды тосып, кейін қалған екен.

Жекешұнақ келе сала-ақ Әлібекке қаһарлана соқтығады. Әлібек Жекешұнаққа «Жесіріңнен айырылып келген сорлы адамсың. Сондықтан, кезекті саған бердім», – дейді. Сол-ақ екен, Жекешұнақ ашулы күшіне шыдай алмай, шіреніп тұрып садақпен тартып салады. Әлібек аман қалып, кезек алады да қақ жүректің басы деп, өлер жері осы деп тартқанда, Жекешұнақ аттан өкіре құлайды. Әлібек кешке қарай жолдастарына жетіп келеді. Бір-екі күн өткен соң, бір жерге кеш келіп тоқтайды. Әлібек ауырып қалады. Жекешұнақпен атысқанда жараланған жерін ескермей, қансырап қалыпты. Әлібек осы арада талып қалады.

Ақбілек зар жылап, жолдастары улап-шулап, қайғыланып, Әлібекті өлді деп есептеп және оны көмуіне қимай, сол жерге тастап, жүріп кетеді. Қараша атты көшке тіркеп алады. Бір күндерде көшке тіркеулі келе жатқан Қараша ат қапаланып, хайуан да болса өзінің үстіндегі батыры жоқ болған соң: “Мен не қылып көшке тіркеліп келе жатырмын?” – деп, ыза болып, кейін шегініп қалып, шылбырын үзіп, қайтадан бағанағы Әлібектің өлген жеріне келеді. Батырдың кеудесінен иіскеп тұрады, қайғырып, мұңайып, ыза болады. Сол мезгілде арт жағынан бір топ құлан жайылып келді. Әлібектің кеудесін ашып иіскеп, екі көзінен жас мөлт-мөлт төгіліп тұрған. Қараша ат артына жақындап келген құландарды артқы аяғымен теуіп жібереді. Тепкен уақытта көп құланның ішінен бір құлан мұрттай ұшты. Басқа құландар бұған қарамай, өз беттерімен жайылып жүре берді. Жығылып жатқан құланның талып жатқаны, я болмаса өліп жатқаны белгісіз. Біраз уақыт өткен соң, тағы да бір топ құлан жайылып келді де жығылып жатқан құланға бір топ көдені шайнап-шайнап, бүркіп жіберді. Жығылып жатқан құлан ұшып тұра келіп, сілкініп, келген құландармен бірігіп, ойнақтап жүре берді. Хайуан да болса, кетіп қалған жолдастары жығылған құланға қайтып келіп, тұрғызып алғанын Қараша ат байқап тұрса керек.

Қараша ат, кәнеки, дем болмас па екен дегендей, бір түп жусан-көдені жұлып алып, шайнап-шайнап Әлібекке бүркіп жіберді. Әлібек селк ете түсіп, ұшып тұра келді. Жан-жаққа қараса, көштері көрінбейді, адам жоқ, аң-таң қалып тұрады да Қараша атқа мініп алып, көштің артынан қуа бастайды. Қараша ат жан қойсын ба? Күншілік жерге кеткен көшке салып ұрып жетіп келді. Қайғырып, улап-шулап бара жатқан келіншек пен жолдастары жалт қарап, Қараша аттың ойнақтап келе жатқанын көрген соң, тоқтай қалады.

Әлібек ырғытып, атып келіп, келіншегі мен жолдастарына көрісіп, өзінің қатты ұйықтап қалғандығын баяндады. Әлібектің ойыны ойын, күлкісі күлкі болып, бірнеше күн жол жүріп, жолаушылар өздерінің елдеріне келді. Әкесі мен шешесі баласы мен келіні аман-есен келіп қосылғандығына той жасайды. Қараша аттың майы үшін байдың баласына сый беріп разы қылады.

Сөйтіп, Әлібек батыр мен Ақбілек сұлу қызық көріп дәурен өмір сүреді.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Әлібек батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Әлібек батыр для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Әлібек батыр, ертегилер Әлібек батыр казакша оку, Әлібек батыр, ертегі Әлібек батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Әлібек батыр для детей на казахском языке балаларга арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Әлібек батыр ертегилер Әлібек батыр ка, Ертегі: Әлібек батыр ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн