Қазақ әдебиеті | Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздер

 Қазақ әдебиеті | Мұхтар Әуезовтің «Абай  жолы» романындағы қос сөздер

Мазмұны

Кіріспе
I тарау. Қос сөздердің қазақ тіл біліміндегі зерттелу тарихы.
1.1. Күрделі сөздер туралы зерттеулер мен пікірлер
1.2. Күрделі сөздердің табиғаты және оның түрлері
1.3. Қос сөздердің қазақ тіл білімінде зерттелуі
1.4. Қос сөздердің өзге күрделі сөздерден ерекшелігі
II тарау. Романдағы қос сөздердің семантикалық сипаты.
2.1. «Абай жолы» романындағы қос сөздердің мағыналық
ерекшеліктері
2.2. «Абай жолы» романындағы қос сөздердің жасалуы
2.3. Қос сөздердің құрылымы жағынан түрлері және олардың
лексика- грамматикалық ерешеліктері
2.4. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздерді
байланыстырушы формалар
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе.
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен байланысты қоғамдық өмірдің көптеген саласында өрісін кеңейтіп, жан- жақты атқарар қызметінің өсе түскені белгілі. Осы ретте тілдің дамып өркендеу барысында сөз мағынасы мен оның даму заңдылықтарын арнайы құрастырудың мәні зор. Өйткені тілді адамдар арасында қарым - қатынас жасаудың құралы деп танысақ, сөздер сөйлем құрамында өзара семантикалық синтаксистік үйлесімділікте айтылғанда ғана белгілі бір ақпаратты жеткізе алады.
Сөз күрделі құбылыс, сондықтан оның түрлі қасиеті, мағынасы мен тұлғасы тіпті сөздердің өзара тіркесуі де жеке- жеке тіл саласының объектісі болып жүр. Олар жеке- жеке қолданылуымен бірге бір бірлікте , бір категорияда қолданылады. Демек, жеке тұлға ретінде өмір сүрмейді. Мағынасымен байланыспаса, тұлға өздері тұлға сөз бола алмайды. Сондықтан жалаң формалармен байланыспаған жинақ мағына өмір сүрмейді.
Сөз тұлғасын зерттейтін тіл саласы– сөзжасам мен морфология саласы. Сөз тұлғасы дегеніміз– сөздің мағынасы мен байланысып барып қана сөздің бір элементі болады. Сондықтан сөз мағынасына сүйене отырып, сөздерді тұлғалық негізде екіге бөледі. Осы қасиетке негізделіп , сөздер жалаң сөздер және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді. Ал, күрделі сөздер беске бөлінеді: қос сөздер, қысқарған сөздер, біріккен сөздер, кіріккен сөздер, тіркескен сөздер. Диплом жұмысында қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық белгілері талданады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Сөз – күрделі құбылыс. Ол тіл білімінің барлық саласының зерттеу нысаны болып табылады. Соның ішінде сөздердің тұлғалық құрылымымен жасалып қалыптасуын сөзжасам мен морфология ғылымы қарастырады. Қазақ тіл білімінде қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық қасиет белгілері толық зерттелінді дей алмаймыз. Сондықтан М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздер диплом жұмысымыздың негізгі нысаны етіп алынды.
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерге алғаш талдау жасағандардың бірі– профессор Қ. Жұбанов болған. Ол қос сөздерді «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінің» «сөз тұлғалары » деген тарауында «қосар сөздер» деген терминмен берген. [1966,151]. Сонымен қатар К.Аханов, Ә.Керімов, А.Есенғұлов, Н.Сауранбаев, Н.Ысқақов сынды ғалымдар азды-көпті еңбек еткен.
Аталған ғалымдардың еңбектерінде күрделі сөздердің біріккен, кіріккен, қосарланған, тіркескен түрлері біршама зерттеу нысандарына арқау болған. Аталған ғалымдардың еңбектерін оқып, зерттей отырып қос сөздердің сөз- жасамдық сипатына байланысты пікірлерінің әр түрлілігін, тіпті қайшылыққа толы екендігін байқадық. Яғни қос сөздерге тән ерекшеліктер толық ашылды деуге болмайды. Қос сөздердің әлі де анықтайтын тұстары баршылық.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.
Жұмыстың негізгі мақсаты – М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында қос сөздердің қолданылу аясын анықтау, яғни қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық белгілерін анықтау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдымызға төмендегідей міндеттерді қойдық:
– күрделі сөздерге, соның бірі қос сөздерге байланысты айтылған ғалымдардың пікірлеріне ғылыми талдау жасау;
– қос сөздердің өзге күрделі сөздерден ерекшелігін айқындау;
– эпопеяда кездесетін қосарлау немесе қайталау арқылы жасалған сөздер жаңа мағынаға ие бола ма? деген сұраққа жауап іздеу.
Жұмыстың зерттелу әдістері.
Жұмысты зерттеу үшін төмендегідей әдістерді қолдандық: талдау әдісі, жинақтау, ой қорыту, жүйелеу, статистика әдістері.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы.
– Күрделі сөздердің ХI ғасырлардан бастап жиі қолданылғандығы анықталды.
– Еркін сөздердің күрделі сөздерге дейін дамуына әрі мағыналық, әрі морфологиялық жағынан дамуы, десемантизация, деформацияға түсуі анықталды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында қос сөздердің мол қабаты анықталды. Олардың семантикалық ерекшеліктері айқындалды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы қос сөздердің қолданылу аясы бұрын соңды зерттелмеген тақырып, зерттеу жұмыстарында көрсетілмеген.
Диплом жұмысының құрылымы.
Жұмыс кіріспе, екі тарау және қорытындыдан тұрады. Оған қоса пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымша материалдар (мысалдар жазылған кеспе қағаздар) берілген. Әр тараудың өзі іштегі құрылымына қарай бірнеше бөлімшелерге бөлінген.

1.1. Күрделі сөздер туралы зерттеулер мен пікірлер.

Әр түрлі жүйеге жататын түрлі тілдерде күрделі сөздердің жасалуында айырмашылықтар бар. Бұл жағдай күрделі сөз туралы түрлі пікірлер туғызуы заңды деп санаймыз. Түркі тілдерін зерттеуші тіл мамандары өздерінің еңбектерінде күрделі сөз мәселесіне де назар аударып, ол турасында байқағандарын көзден таса қалдырмаған. Түркі тілдеріндегі күрделі сөз мәселесінің зерттелуі туралы А.А.Юлдашев былай дейді : «Сложные слова которыми изобилуют тюркские язык, особенно их терминология до сих пор не получили удовлетворительной разработки ни в словарях, ни в грамматических описаниях».
Күрделі сөз мәселесінің осы жағдайы қазір де өзгеріп кеткен жоқ. Бұл күрделі сөздерді зерттеудің қажеттілігін, өзектілігін білдіреді. Күрделі сөздерге ғалымдар түрлі анықтама беріп жүр.
Күрделі сөздерге анықтама беруші ғалым негізінде өз тіліндегі күрделі сөздердің ерекшелігіне көбірек көңіл аударған, сондықтан да күрделі сөздердің анықтамаларының бірдей болмауы заңды. Алайда тілдер түрлі болғанымен, күрделі сөз құбылысының көпшілік тілге ортақ қасиеттері де бары сөзсіз. Сондықтан күрделі сөздерге берілген анықтамаларында ол ортақ қасиеттер байқалмай қоймайды. Түрлі жүйелі тілдерде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамаларға шолу жасайық.
Күрделі сөздерге бай тілдер тобында ғалымдар ағылшын тілін жиі атайды. Сондықтан ағылшын тілі мамандарының күрделі сөзге берген анықтамаларынан бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Ағылшын маманы А.И.Смирницкий сөзді дара сөздер, туынды сөздер, күрделі сөздер деп бөліп ; күрделі сөздердің құрамына екі я одан да көп түбір морфемалар кіреді дегенді айтады. Ағылшын тілінде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамалардың көбі бір- біріне ұқсас. О. Есперсен, Г. Марчанд, Р.В. Зандворт сияқты ғалымдардың күрделі сөзге берген анықтамаларында да оның құрамы екі не одан да көп болуы, бір сөз, бір лексикалық бірлік болып саналатыны үнемі аталып отырады. Лингвистикалық терминдер сөздіктерінде ол белгілер сақталған.
Осы ғалымдардың біразы күрделі сөздердің анықтамаларына олардың бір белгісі ретінде А.И.Смирницкийден басталып қолданыла бастаған «цельнооформленность » деген терминді біртұтас сөз деген ұғым мәнінде қоса қолданады. Солардың бірі О.Д.Мешков «Словообразование современного английского языка » деген еңбегінде түрлі ғалымдар берген анықтамаларды қорыта отырып, өз анықтамасын береді.
Орыс тілінде де күрделі сөзге берілген анықтамалардың бұлардан айырмашылығы шамалы. Орыс тілінің грамматикасынан осы типтес мына анықтаманы айтуға болады: «Производное слово образовано путем соединения одной или нескольких основ какой – либо части речи с самостоятельным словам»[23,27].
Рас, соңғы орыс тілінің академиялық грамматикасында аздаған өзгеріс бары байқалады, онда: «Сложение (или чистое сложение)– способ образование слов при котором опорный (последний) компонент ровен целому слову а предпяствующий ему компонент или компоненты представляет собой чистую основу»- деген анықтама берілген. Бұл анықтамада күрделі сөздің құрамындағы соңғы сөздерге ерекше мән берілген.
Түркі тілдерінің грамматикалық құрылысына арналған еңбектерде күрделі сөздердің компоненттері сабақтаса да салаласа да байланысатыны сөз болады. Мәселен, Н.К.Дмитриев «Башқұрт тілінің грамматикасы» деген еңбегінде жалаң сөздермен қатар, екі не одан да көп сөздердің тіркесінен пайда болған күрделі сөздердің де болатынын айта келіп, оған мысал ретінде билбау, оккош (лебедь) тошбош (пескарь) тәрізді жалпы және Тимурбулат тәрізді кейбір жалқы есімге жататын сөздерді келтіреді. [4,224.]
Күрделі сөзге қатысты пікірлерді басқа түркологтардың да еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, А.Н. Кононов « Қазіргі өзбек әдеби тілінің грамматикасы» деген еңбегінде құрылысы жағынан сөздерді жалаң және күрделі деп екіге бөліп, жалаң түріне от , қизил, езмоқ, ал күрделіге оққұш, қулорра, муз ерар, күз еши деген мысалдарды келтіреді де, күрделі сөздерді өз ішінен біріккен сөз, жалғыз күрделі сөз, қос сөз деп үшке бөледі. Біріккен сөзге мысал ретінде қай оғайни, билагузук, алабуға тәрізді сөздерді келтіреді. Мұның басқалардан айырмашылығы компоненттері кейбір құрылымдық, дыбыстық және мағыналық өзгеріске ұшыраған, сыртқы пішіні жағынан жай сөз тәрізді құрамындағы дауыстылары үйлесімді, бір екпінге ие. Кейбіреулері дыбыстық, мағыналық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы түр- түрпатын өзгерткені соншалық, оны этимологиялық талдау арқылы болмаса, қандай сөздерден біріккенін білу қиын дегенді айтады. [9,131]
Қарақалпақ тілінің грамматикалық құрылысына байланысты еңбек жазған М.А. Баскаков сөз табының жасалу тәсіліне тоқтала келіп, зат есімдер аффикс арқылы жасалуымен қатар сөздердің тіркесуінен де жасалады дейді [23,25]. Сөз тудырудың синтаксистік тәсіл арқылы жасалған зат есімдерді ол құрама және күрделі деп екіге бөледі. Құрама зат есімдерге бір- бірінен анықтауыш пен анықталушы сөз ретінде келіп, бірақ лексикалық тұтас бір бүтін тұлға ретінде танылатын сөздерді жатқызады. Мысалы, джанывар « животное», киндик шеше, адамзат, егей бала тәрізді сөздерді келтіреді. Ал күрделі зат есімдерге сөздердің қосарлануынан пайда болған төбе-төбе, ел- жұрт, юсти-баси, кёрпе- тёсек, бала- шаға, шай-май тәрізді сөздерді келтірген.
Азербайжан тілі грамматикасының авторлары күрделі сөздерге тән қасиеттерден мағына тұтастығына басымырақ мән береді.
Татар тілі грамматикасын зерттеушілер күрделі сөзге тән белгілерге мағына тұтастығын, компоненттерінің орын бекемдігін, бір екпінді иеленуін жатқызады. Кейбіреулерінің компоненттері дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы түр-тұрпатын өзгертіп барып қалыптасатынын да дұрыс көрсетеді.
Ал, енді әртүрлі тілдерде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамаларды қорыта келгенде, онда күрделі сөздердің төмендегі белгілеріне ғалымдардың назар аударғандығын байқаймыз.
1. Күрделі сөздің құрамы екі не одан да көп сыңарлардан құралатыны.
2. Күрделі сөз біртұтас сөз, бір мағына лексикалық бірлік екені.
3. А.И.Смирницкийден басталған сөздің бір белгісі ретінде көрсетілген «цельнооформленность» деген ұғым. Рас, А.И.Смирницкий оны ішкі мағына бірлігі мен сөздің сыртқы бірлігі ретінде түсіндірген.
4. Сөйлемде жеке сөз ретінде бөлінуі.
5. Сөйлемде мағына және грамматикалық жағынан тұтастығы арқылы бөлінетін сөздер тобы.
6. Сыңарларының негізгі және туынды сөз болып келуі.
Қазақ тіл білімінде де ғалымдар күрделі сөздің осы негізгі белгілерін оған анықтама бергенде ескеріп отырғаны анықталды .
А. Ысқақов күрделі сөзге төмендегідей анықтама берген : « Күрделі сөз деп кемі екі я одан да көп дара сөзден, жалаң я туынды түбірден құралып, ритм-ырғақ жағынан бір ұдай лексика-семантикалық жағынан біртұтас, лексика- грамматика жағынан бір бүтін тұлға болып бірлесіп тұрақталған құрама сөзді айтамыз». Бұл анықтамада күрделі сөз ең кемі екі сөзден тұратыны, бір ырғақпен айтылуы, мағына тұтастығы, бір сөз ретінде тілде қалыптасқанына автор мән берген. Ол өз еңбектерінде күрделі сөздердің аса маңызды мәселелерін қамтып, дұрыс тұжырымдар жасаған бірқатар тың проблемалар қойған «күрделі сөздердің, әлі де анықталмаған мәселелері көп. Ол мәселелердің негізгі түйінділері біріккен сөздер мен фразалық тіркестердің, біріккен сөздер мен идиомалық тіркестің араларын ашу, олардың ара қатынастарын анықтау мәселелерімен байланысты», – дейді. Аталмыш еңбектерінде күрделі сөзге қатысты әр жерде айтқандарынан мағына тұтастығын, тұтас тұлғалануын, белгілі бір сөз табына телулі болуын, сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқаруын бір екпінді иеленуін тірек еткендігі байқалады. [21,199].
Ж.Шакенов – күрделі сөздерді арнайы зерттеген ғалым. Ол күрделі сөзге төмендегідей анықтама берген : «Күрделі сөз деп екі я одан да артық сөздердің тізбегінен құралып, лексика-грамматикалық мағынасы мен сөйлемдегі қызметі жағынан бөлшектенбей, тұтасымен белгілі бір ұғымның атауы ретінде жұмсалатын тұлғаны айтамыз»- дейді. Мұнда да ғалым күрделі сөздің құрамына лексикалық, грамматикалық тұрғыдағы тұтастығы, сөйлемде бір мүше қызметін атқаруы, бір ұғымның аталымы [номинация] қызметін атқаратындығына мән берген [25,53].
Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым К.Аханов та күрделі сөзге өзінше анықтама берген. Ол: «күрделі сөздің сыңарлы жеке тұрғандағы мағынасынан да, қызметінен де алшақтап, олардың қосындысы немесе тіркесі тұтасқан күйінде бір бүтін сөз – күрделі сөз ретінде ұғынылады » [1,49] – деп анықтаған. Ғалым анықтамасында күрделі сөздің құрамындағы сыңарларының жеке тұрғандағы мағынасы мен қызметінен алшақтап, бір бүтін сөз ретінде танылатынына назар аударған.
К.Аханов « Грамматика теориясының негіздері» деген еңбегінде «сөзге соның ішінде күрделі сөзге де тән және оны сөз тіркесінен ажырататын жалпылама белгілер делініп семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық белгілері айтылып жүр.
1.Семантикалық тұтастық белгісі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестігінің күңгірттенуі немесе жойылуы сөздің бұл түрінде семантикалық тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық емес, олар тіркескен күйінде біртұтас лексикалық мағынаны білдіреді.
2.Морфологиялық тұтастық белгісі. Күрделі сөзде жалаң сөз тәрізді түрленіп, көптеледі, септеледі, жіктеледі. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға (формаға) ие болады. Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді.
3.Синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі сөздің синтаксистік тұтастық белгісі дегеннен әдетте, оның синтаксистік жағынан (сөйлем мүшесі болуы жағынан) бөлшектенбей, сөйлемде бір ғана мүше болуы ұғынылады. Мысалы, қолғап, қарақұс деген сөздердің қол, қара дегендері өз алдына, қап, құс дегендер өз алдына бір-бір мүше емес, сөйлемде қол мен қаптың екеуі қосылып бір-ақ мүше. Өйткені бұларда қол, қара деген сөздер анықтауыш. Қара құс деген тіркестің өзі де құстың белгісі бір аты болмай, бір құстың түсін ашу болса, онда, екі сөз болып, қара мен құстың екеуі сөйлемде екі мүше бола алады. Мысалы, қарға – қара құс десек, қандай құс? деп сұрауға болады. Сонда қарға ақ құс емес, қара құс деп түсін ашып беруге болады. Ал қара құс дегендегі қараны бұлайша бөліп ала алмаймыз. Өйткені қара әуелде құстың түсін көрсету үшін жұмсалғанмен, бәрі де онысынан қалып, құс деген сөзбен қосылып, құстың белгілі бір атасының ұлын атайтын сөз болып кеткен. Сондықтан қарақұс деп, кейде түсі қара болмайтын құстарды да атай береміз. Мысалы, Қарақұстың қазақ тілінде ақ-сар деп аталатын бір түрі бар. Мұның түсі қара емес, сары болады. Солай да болса, оны да қара құс дейміз [1,49-80].
Лингвистикалық кейбір еңбектерде сөзге, соның ішінде күрделі сөзге тән және оны сөз тіркесінен ажырататын белгілердің бірі ретінде оның фонетикалық белгісі аталады. Күрделі сөздердің барлығы бірдей фонетикалық өзгеріске ұшырайтындары, негізінен алғанда, кіріккен сөздер. Ал тіл-тілде ашудас, белбеу, сексен, тоқсан, білезік тәрізді кіріккен сөздердің саны да оншалықты көп емес және бұлар тәрізді кіріккен сөздер сөз тіркесінен оңай ажыратылады [23,85].
Күрделі сөздердің қай–қайсысы болса да әуел бастағы жай сөз тіркесінен шыққан. Бұлардың қалыптасуларына әрқилы синтаксистік амал-тәсілдер негіз болған. Кейбір сөздер бастапқы синтаксистік жай сөз тіркестерінің компоненттері бір–бірімен бірігу арқылы (бүгін, биыл, ағайын) туса, кейбір күрделі сөздер жарыса, қабаттаса қолданылған компоненттердің қосарлануы арқылы ( жер-су, ел- жұрт т.б) жасалған.

1.2. Күрделі сөздердің табиғаты және оның түрлері.

Күрделі сөздер құрылымы жағынан да, жасалуы жағынан да, сөз таптарына телінуі жағынан да алуан түрлі болып келеді.
Күрделі сөздер: күрделі біріккен сөздер, күрделі кіріккен сөздер, күрделі қос сөздер, күрделі қысқарған сөздер және тіркескен болып бөлінеді.
Қазақ тіліндегі кіріккен сөздерге бәйшешек, белбеу, қонағасы, биыл, бүгін, тоқсан, қарлығаш тәрізді сөздер жатады. Тіл мамандарының қай-қайсысы болмасын кіріккен сөздерге компоненттері дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы тұр-тұрпатынан өзгерген сөздерді жатқызады. Мысалы: бәйшешек, бәйтерек сөздерінің құрамындағы бәй деген элемент әуел баста бай формасында болғаны, кейін соңғы компоненттердегі жіңішке дауысты дыбыстың ықпалынан «а» фонемасы, «ә» фонемасына айналып, бәйшешек, бәйтерек болып қалыптасып кеткені мәлім.
Біріккен сөздерге: қарабауыр, асқазан, ұлтабар, көксерке, итмұрын, қарақұс, аққу тәрізді сөздер жатады. Біріккен сөздер біріншіден кейбір жұрнақтар арқылы туынды сөздің жасалуына негіз болады. Мысалы, ақсақалды, аққудай т.б. Екіншіден, кейбір терминдік атаулардың құрылымын жасауға қатысады. Мысалы: тасбақа, өнеркәсіп, құндыз [20,7].
Күрделі сөздердің бір түрі — қос сөздер. Қазақ тілін зерттеуші мамандар қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп, екі үлкен топқа бөліп қарайды. Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздер екі рет қайталануы немесе сол сөздің бір дыбысының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Мысалы, тау-тау, үй-үйге, шай- пай т .б.
Ал, қосарлама қос сөздер әр басқа екі сөздің қосарлануынан жасалады. Мысалы , әке-шеше, дәм-тұз, тау-тас т.б. [1,93-94]
Күрделі қысқарған сөздер әрі ықшамдалып, әрі бірігіп жасалады. Күрделі қысқарған сөздер ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминологияда, мекеме, ұйым аттарында ұшырасады. Күрделі атаулар мынадай жолдармен ықшамдалады:
а) Күрделі атаудың әрбір сөзінің басқы дыбысынан құралады: ТМД, АҚШ, ХҚТУ.
ә) Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөзінің басқы дыбыстарынан құралады: ҚазМУ, АлМи;
б) Күрделі атаудың құрамындағы әрбір сөздің басқы буындарынан құралады: партком, совхоз, обком ;
в) Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөздің басқы буыны мен соңғы сөздің бірігуінен құралады: мединститут, пединститут т.б. [1,97].
Күрделі сөздердің келесі бір түрі — тіркескен сөздер. Мысалы, су жылан, түлкі тымақ, қоңыр ала, көк ала, он бес, сатып ал, екі жүз, алып қайт, күні кеше т.б. Осындағы су жылан, түлкі тымақ сөздері зат есімдерден; көк ала, қоңыр ала сын есімдерден; екі жүз, он бес сан есімдерден; сатып ал, алып қайт етістіктерден; күні кеше үстеуден жасалып тұр [1,88].....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 893



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!