Ерлік ұмытылмайды

 Ерлік ұмытылмайды

Абдижалилова Гүлсім
8 сынып, №275 мектеп Байқоңыр қаласы
Жетекшісі: Дыханова М.К.

Біз – бейбіт елдің ұланымыз
4 жылға созылған бұл шайқасқа 71 жыл! Жеңістің тәтті дәмін татып отырғанымыз сол жылдарда жер үшін, ел үшін шайқасқан ата-аналарымыз бен аға-тәтелеріміздің арқасы деп білемін! Оларға мың алғыс! Сол бір жылдардағы ауыр күндерді бастан кешіріп, осы күнге дейін көзі тірі атаәжелерімізге көп көмек көрсетілуде. Оларды қанша мадақтасақ та, мадақтасақ та жеткіліксіз. Олардың ерлік істері ешқандай алтынмен, күміспен теңеспейді. Тарихи деректерге сүйенсек, осыдан 75 жыл бұрын, 1941 жылдың 22 маусымында таң алдында фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасаған. Бұл күн –тарихтағы ең қайғылы күндердің бірі. Соғыс басталған кезде Кеңес Одағының батыс шекарасын қазақстандықтар күзетіп тұрған, олардың көбі әскерден елге қайтулары керек болған.Сұм соғыс олардың жоспарларын іске асырмай тастаған. Соғыстан тірі қалғандар партизандар қозғалысына қосылған. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған. Басынан аяғына дейін мұздай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде миллиондаған әскер мен мыңдаған техниканы шабуылға шығарған. Оған дейін бірнеше мемлекетті басып алған жау Баренц теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықта зор майдан шебінде соғыс ашқан. Гитлер және оның әскерінің көздегені – әлемдегі тұңғыш социалистік мемлекетті басып алып, Кеңес елін қол астына алу болатын. Бірақ, кеңес халқы өз Отанын, елін жауға таптатпай қасық қаны қалғанша күресе білді. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен әділетті азаттық соғысқа бірігіп көтерілген. Осы соғыста Қазақстан халқының, қазақ батырларының үлесі өлшеусіз болған. Соғыс тек майдан даласында ғана емес, тылда да жүрген. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріліп,елімізде қорғанысқа қажетті металдар өндіріліп, жауға атылған әрбір 10 оқтың тоғызы елімізде құйылған.
Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп, майдандағы әскерлерді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған. Қазақстанға әр түрлі ұлт өкілдері оның ішінде немістер мен поляктар, балқарлар, қарашайлар, ингуштер, шешендер, түрік-месхетиндер, қырым татарлары барлығы 532 506 адам күшпен жер аударылған. Жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар күн сайын ағылып отырған. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылған. 1939 жылы біздің елімізде 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғысқа 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған. Бұл деп отырғанымыз халықтың 20%-ы, яғни елдегі еңбек етуге жарамды адамдардың барлығы майданда болған деген сөз. Қазақ халқы ел басына күн туғанда «толарсақтан саз кешетін» жауынгер, намысшыл халық. 4 жылға (1418 күн) созылған Ұлы Отан соғысында біздің ерлеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан.
Қазақтың қыздары ер азаматтарға майданда да сүйеніш бола білген. Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова қан майданда ерлерше шайқасып, нар көтерер ауыр жүкті көтере білген. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барған. Олар Сталинград,Днепр,Мәскеу мен Ленинград шайқастарында ерліктер көрсеткен. Осы соғыста біздің елімізден 600 мыңнан астам адам қаза тапқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медальордендермен марапатталса, 497 адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар.Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақ лейтенанты Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер, вяткалық орыс Григорий Булатов болған. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Төсін оққа төсеген батыр аталарымыз Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзаевтың есімдері тарих беттерінде, ел есінде мәңгі сақталады. Шайқастардың қай-қайсысы да оңай болмағаны белгілі. Солардың ішіндегі ең бір қанқұйлы шайқас Мәскеу үшін болған шайқас. Танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлы:«Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол - Отанға деген сүйіспеншілік», - деп еліне, жеріне деген шексіз махаббатын, құрметін майданда дәлелдеген. 96 жастағы қарт ақын Жамбыл Жабаев соғыстың алғашқы төрт жылында үш мың жолдай жыр төккен. «Ленинградтық өренім» толғауында 900 күн, 900 түн қоршауда қалып, қиын шақты басынан өткізген қаһарман ленинградтықтарға арналған болатын.
Биылғы жылы соғыстың басталғанына 75 жыл, аяқталғанына 71 жыл толып отыр. Қаншама уақыт өтсе де соғыстың салған жарасы әлі күнге жазыла қойған жоқ. Біреулер ата-анасынан, біреулер бауырынан, біреулер жарынан айырылып, қайғы жұтты. Аяғынан, қолынан айырылып мүгедек болғандары қаншама. Өздерінің батырлығы мен ерлігіндәлелдеген ардагерлеріміз жылдан-жылға, күннен-күнге азаюда. Соғыс тақырыбына шығарма жазу үшін тек қана тарихи деректерге сүйеніп қоймай, соғысты өз көзімен көрген адаммен сұхбат жүргізгенді жөн көрдім.Біз тұратын Байқоңыр қаласына жақын маңда Ақай ауылы бар. Осы ауылдан кезінде соғысқа көптеген адамдар аттанған, қазір ол кісілер бақилық болды. Соғысқа қатысқан Балғынбаев Айдарбай, Әлиев Тоқтар, Баймаханов Емберген, Күншығаров Көптілеу аталарға ауылда көше атаулары берілген.Бүгінде көзі тірісі 96 жастағыЖарманов Қалмырза ата. Атаға жолығып, бірнеше сұрақтар қойдым. Ата, сіз соғысқа қалай шақырылдыңыз? -Мен 1942 жылдың 22 қаңтарында Қазалы ауданынан соғысқа аттандым. Алдымен Ақтөбе, одан соң Орынбор қалаларына бардық. Батыс жақтан армия келіп, ішіміздегі жарайтындарды қосып алып, Орал қаласына жөнелтті. Орал қаласында үш ай тұрып, Орынбор, Мичурин қалаларында дайындықта болдық. Еділдің бергі бетінде Нарынқұмның үстінде 3 күн, 3 түн аш отырдық. Астраханға барып, Еділден жаяулап өтіп, 2 шақырым жердегі деревняға жеттік. 152 атқыштар батальонында болып 180 шақырым жердегі Қалмақ даласындағы соғысқа қатыстық.
Осы шайқаста саяси қолбасшы Шилов екеуміз жараландық.Астраханда 1 жеті жатқызып, жарамызды емдеді.Сталинград майданында 6 ай соғыстым. Пулеметші болып Орловск, Курск, Дубамайданында жаумен шайқасып, өкпемнен жараландым.Жазылып шыққаннан кейін Мәскеу қаласындағы мергендер мектебіне оқуға түстім. Оны 6 ай оқып, сержант атағын алып, 2-ші Прибалтика фронтына аттандым. Барлығы 4 майданға қатыстым. Қалмақ даласындағы майдан, Орловск-Курск шайқасы, Сталинград шайқасы, 2-ші Прибалтика шайқасы,(29 дивизия, 93 полк) Мамандығым сержантснайпер.Әскери комиссариаттан 29 дивизия 93 полкта жасаған ерлігім үшін «Слава» ордені мен «Қызыл жұлдыз» ордені келді. -Қалмырза ата, соғыс аяқталғанда сіз қайда едіңіз? 3 жарым жылдай соғыста болып, жараланыпелге келген соң, 40 күннен кейін соғыс тоқтады. Үсен руының қызыҚұрманәлиеваХанзадаға үйленіп, 10 қыз 4 ер балалы болдық. 3 жетім баланы асырап,бақтық. Қазір 40 немере, 62 шөберем бар.Кемпірім 81 жасында дүниеден озды.
- Ата, сұхбатыңызға көп рахмет! Жеңісіңіз құтты болсын, аман болыңыз! Сұқбаттан соң ауыр ойға қалдым. Бұл соғыс адамзат тарихындағы өте бір қанқұйлы соғыс болғанына көзім жетті. Адам баласы неліктен осыншама қатігез болады екен. Гитлержәне оны қолдаған елі неліктен сондай жауыздыққа барды?Сүттей ұйып отырған, 15 одақтас республикалар бір тудың астына бірігіп,Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы болып құрылғанына көп уақыт та бола қоймап еді. Кенеттен мына сұрапыл оқиға. Кеңес халқы сол туды жықпай қаншама ерлер шыбын жандарын шүберекке түйіп, ел деп, Отан деп бала-шағасын, бауырлары мен ата-анасын тастап батыстағы ұрысқа, жау шебіне кете барды. Алдында – жау, артында – елі, Отаны. Сондай қиын-қыстау, өмір мен өлім арпалысқан кезде, Отанды елді, бәрінен биік қоя білген, елі үшін жанын қиған, ерлерге қандай мақтау айтсаң да артық болмайтыны белгілі.
«Алла тағала сақтайын десе от ішінен мақтаны да сақтайды» демекші, от пен оқтың арасынан аман келген Қалмырза атамыз батырларымыздың көзі, айта алмай кеткен сөзі, жете алмай кеткен бақытты кезіндей көрінеді маған. Жеңіс оңайлықпен келмегені белгілі, қаншама адамдар аяулысы мен қимасынан айырылды. Бұл зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. Осындай қиын-қыстау кезеңде елді жаудан қаймықпауға, Жеңіске шақырған ақын-жазушыларымыздың еңбегі ерекше деп айтуға болады. Олар:Жамбыл Жабаев,Нұрпейіс Байғанин, Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев,т.б Ұлы Отан соғысы сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен шыдамдылығын айқындайтын тарих бетіндегі ұмытылмас кезең. Ашық аспан, бейбіт өмірге жеткізген Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш - әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды.Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.
Сонау Жер-ананы жалын шарпыған алапат соғыс жылдарында қан майданда от кешкен еліне бейбіт өмірді тарту еткен, бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған, ержүрек жауынгерлер- бүгінгі ардагерлер әрқашан жоғары құрметке лайық екені даусыз.
Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Осы тәуелсіздіктің, еркіндіктің бағасын біліп, қадірлеп, қастерлеу - бүгінгі ұрпақ атқарар үлкен жұмыс. Қолына қару алып, от пен оқтың арасында өздерін құрбан еткен ата-ағаларымыздың ерлік ісін бейбіт өмірде елге, Отанға деген сүйіспеншілікпен жалғастыру, елдің болашағын ойлау – қанағатшыл, ойы терең, рухы биік адамдардың ғана қолынан келетіні анық.
Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастау жол» атты жолдауында «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап өткен болатын. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы ерекше атап өтілді.Енді биылғы жыл Ұлы Жеңіске 71 жыл. Бұл мерекені жыл сайын, еске түсіріп отырсақ та артық емес. Өйткені, бұл ұрпаққа өнеге, үлгі болатын ерекше оқиға дер едім.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді