«Абай жолы» эпопеясының әдеби- тарихи маңызы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, қосымша материал. 12 сабақ.


Қосымша материалдар:

Абай өмірбаяны және ондағы тарихи деректер көзі

https://baribar.kz/student/5209/abay-oemirbayany-zhane-ondaghy-tarikhi-der-4/

1. М. Әуезов “Абай жолы” эпопеясында Абайдың ғылыми өмірбаянында берілген 95 нақтылы деректерді, ірілі-ұсақты тарихи оқиғаларды, өзіндік соны ой тұжырымдарын эпопея желісінде творчестволық қиял күшімен қайта жасап, тарихи шындықты көркемдік болмысқа айналдырған. Осы аталмыш 95 деректің 10-ы Абай өмірбаянына қосымша деректер ретінде берілген әр түрлі естеліктерден алынғаны да байқалады. М. Әуезовтің арнайы ескертуінше роман үшін жинастырған көл-көсір деректері аса зор көлемдегі материалға айналғандықтан, романды жазу процесінде олардың көбі пайдаланылмай қалған. Өзі жинаған, өмірде шын болған нақты тарихи деректерді жазушы творчестволық қиялы арқылы көркемдік шындыққа айналдыру жолында олардың ең басты ең қажетті деген буындарын ғана іріктеп алып, басқаларын қалдырып отырған.

Абай өмірбаяны абайтану саласындағы бастапқы зор табысы болуы себепті де осы жөнінде қол жеткен ғылыми зертеулердегі жетістіктерін эпопеяны жазу үсітінде творчестволық жолымен молынан пайдаланып отырған: Абайдың тұңғыш рет ғылыми өмірбаянын жазуға даярлану ұзақ жыл бойы жинап, талдап екшеген антропонимдер,билік атаулары, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, Абай оқыған кітаптар мен Абай өлеңдері жайлы танымдардың баршасы“Абай жолы” эпопеясы желісіне алтын арқау боп еніп отырғаны ерекше назар аударады және олардың бұлай эпопеядан орын алуында көп себептер бар.

Биограф ақын өмірбаянын жазуға кіріспес бұрын Абаймен тікелей, жанама түрде күнделікті өмірде әрқилы талас-тартыс кезеңдеріне қатысы болған қилы-қилы тағдыры бар адамдарға зор көңіл бөліп отырған. Ақынмен араласқан адамдарды зерттеп, екшей келе, олардың ең қажеттілерін, ақын өмірінде белгілі орны бар дегендерін ғана өмірбаянға ендірген. Мысалы, Абай өмірбаянының бірінші нұсқасында 1933ж. 106 адам аты аталса, соның 25-і негізгі оқиғалар желісіне тек жанама түрде қатысатындар.

Бірінші нұсқадан басқа соңғы үш нұсқаны қоса алғанда әр жылға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде атықталып қосылған 184 адам аты тыңнан ендірілсе, соңғы үш нұсқаның өзінен ғана 148 адам аты алынып тасталған. Бірақ бұлардың бәрі де мүлдем ұмыт қалмай, бір сыпырасы “Абай жолы” эпопеясына түрлі ситуацияларға байланысты ендіріледі. Соңғы нұсқадағы аты аталған 128 адамның 74-і “Абай жолына” әр түрлі оқиға желісіне қарай басты, эпизодтық кейіпкерлер ретінде немесе диалог, авторлық баяндаулар мен лирикалық шегіністерде орын алуы көп нәрсенің сырына көзімізді жеткізе түседі.

2.Биограф Абай өмірбаянын жазуда ақынмен тікелей немесе жанама түрде байланысты болған тарихи адамдардың бәрі де белгілі бір рудан шығатыны себепті, ол рулар жайына да назар салып, терең танып білудің қажеттілігін алдын ала ойластырған. Этнонимдік атауларды олардың жігін, қарым-қатынасын терең танып білу – Абай жасаған әлеуметтік ортаның сырына бойлауға сол тұстағы рулар арасында орын алған әр қилы талас-тартыстың, әлеуметтік күрестің себебін ашуға көмектесетін тарихи қажеттілік болатын.Абай өмірбаянының бар нұсқасында жалпы 33 ру тілге алынады. Олардың бәрі де өмірде болған, Абай өмір сүрген әлеуметтік ортада жайлаған орта жүздің тобықты, найман, уақ, керей, қаракесек т.б. рулары болатын.

Абай өмірбаянын жазуда антонимдер мен этнонимдерді қолдану заңдылығы Абай өмірін көрсетуде елеулі орын алған топонимдік атауларды пайдалануда сақталған. Абай өскен ата мекен, өзен, тау, жайлау, қыстау сияқты жер аттары да араласқан оқиғалар мен әр түрлі күрес-тартыстарға байланысты алынып суреттеледі.Абай өмірбаянының барлық нұсқаларында жалпы саны 104 топонимдік атаулар қамтылған.

Эпопеяда Абай өмірбаянына байланысты оқиғалар мен түрлі көріністегі әрекеттердің мол суреттелуіне байланысты аталатын 407 жер аттары ендірілсе, соның төрттен бірінен астамы өмірбаянында аталуы – “Абай жолын” жазуға даярлықтың қай дәрежеде жүргізілгенін аңғартады.

Биограф Абай өмірбаянына қажетті танытқыштық деректерді ақынға дос-туыс адамдар мен оған қарсы жау кісілер тобынан жазып алғанда сол дәуірдің саяси-әлеуметтік болмысын тарихи шындыққа сай тануға көбірек назар аударған.

Абай әлеумет ісіне қызу араласқан шағында патша өкіметі бұрынғыдай қазақ елін сырттай билеп -төсеуді қойып, енді олардың ішіне еніп, билік жүргізуді жергілікті халық өкілі үшін болыстық шеңберден асырмай елді шын тізгіндеп ұстаған кезеңге тұс келді. Осы билік жүйесі негізінде қоздап туындаған биліктің түрлері мен атаулары осы қызметке тартылған атқамінерлердің ірілі-ұсақты өкілдерінің бәрі дерліктей Абай шығармаларында мол орын алды.

3.М. Әуезовтің жазушылық лабораториясына көз жүгіртсек, “Абай жолын” жариялау жөнінде“Знамя” журналымен пікір алысқанда, редакция алқасы жазушыға қазақ елінің екі жақты орталық езуде қалып, ұлттық қанауға ұшыратудағы отаршыл аппаратты толығырақ ашу керектігі жайында пікір ұсынған еді.

Абайдың “Байлар жүр жиған малын қорғалатып”, “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат”, “Күлембайға”, “Сегіз аяқ”, “Тұлпардан тұғыр озбас не қылса да” деп аталатын өлеңдері негізінде қазақ арасында өтірік арыз, домалақ арыздың таралу себептерінің әлеуеметтік төркіні эпопеяда жан-жақты білгірлікпен суреттеледі.

Абай өмірбаянының барлық нұсқаларында 52 билік атауы қамтылса, олардың өзі өмірбаянда қайта жаңғыртып жазған сайын көп өзгеріске ұшыраған. Абай өмірбаянының ең соңғы нұсқасында қамтылған 22 билік атауларының 18 – і “Абай жолына” ендірілген. Ал жалпы “Абай жолында” 83-ке жетеді. Бұл сандар осы саладағы ізденістің қаншалықты зор көлемде жүргізілгенін көрсетеді емес пе?

Биограф Абай өмірбаянын о баста жазған кезден –ақ ақын шығармаларының тууымен Абайдың дүниеге көзқарасының қалыптасуы жолында нәр алған рухани бұлақтарын да үңіле зерттеген. Осылар арқылы Абайдың ақындық кітапханасы сияқты аса күрделі тақырыпқа да ерекше көңіл бөліп отырған.

Ұлы ақын қол артқын рухани қазыналар көзін көрсету мақсатында батыс, шығыс әлемі шеңберінде 72 қисса, дастан, роман, тарихи-философиялық еңбектер қамтылады.

Қорыта айтқанда, М. Әуезов өзінің абайтану саласындағы ғылыми еңбектері мен ақын жөніндегі көркем шығармаларының соңғы нүктесін қойғанға дейін Абай мұрасының рухани нәр алған көздерін анықтау, нақтылы деректермен толықтыру жолында шындыққа саятын зор ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Құнанбай мен Абай

https://abai.kz/post/39542

Абай-Ақпарат

... Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты.

Абай. 

       Ұрпақтар сабақтастығы, әсіресе, әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе, әсте. Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай жолында» қос дара тұлға - Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке, шын мәнінде әлемдік деңгейге көтерді.  Төменде аталмыш мәселеге ден қойып, кейбір аспектілерге оқырман назар аударып көрмекпін.

         Құнанбай  Өскенбайұлы (1804-1885) күллі саналы ғұмырын ел жұмысына сарп етті.  Заманы патшалық Ресей қазақ даласын отарлау үшін қабылдаған Ескі (1822 ж.) және Жаңа Ережелер (1868 ж.) аралығына тап келді. Қазақ мінезі, болмысы қалай өзгерді десек те, қазақ елі қандай бағытқа бұрылды десек те, һәмишә өзгерістер мен бұрылыстардың осынау екі Ереже аралығы - Құнанбай заманы сағасына құяры сөзсіз. Демек, кейіпкеріміздің бейнесін толық ашуға сол заманның қыры-сырын, қат-қабат қалтарысын түгендеу керек. Бірақ бұл мақала міндеті басқа. Құнанбайдың «тобықтыны ел қылған» қайраткерлігі, Абай, Шәкәрім тәрбиесіне тигізген ықпалы және мұсылмандық бейнесі деген қырларын демдеп көрсек те жеткілікті.

          Құнанбайды Тобықты елі ә баста «мырза» деген, Мекке сапарынан соң «қажы» атаған. Қажының халық қамқоршысы болған қайраткерлік қыры аз айтылып-жазылып жүрген жоқ. Зерттеуші ғалымдардың еңбегі көбіне ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жинақтаған естеліктерге, поляк саяхатшысы Янушкевичтің күнделігіне және өз ұрпағы Абай, Шәкәрім, Ахат айтқан сөздерге негізделеді.

         Мұхтар Әуезов 1933 жылғы  Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдеген еді. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ол Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өзінің айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті.  Қысқасы, Ырғызбайлардың жалы күдірейген көшелі елге айналуы - Құнекеңнің арқасы.

         Енді Құнекеңнің тәлім-тәрбиелік ықпалы дегенге ойысар болсақ, оның көпқырлы мәселе екені шүбәсіз. Сөз басында айтылғандай 1868 жылға шекті уақытты Құнанбай заманы десек, осыдан берідегі дәуірді Абай заманы деп анықтау заңды. Өйткені, Абайдың тұстастары «Жаңа низам» аталған жаңа Ереже жағдайында өмір кешті.  Сөйтіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының әкелі-балалы екі басты кейіпкері екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады.  Былайша айтқанда, бірі – ескінің арты, бірі – жаңа жолдың басшысы еді.

 Реті келіп тұрған соң жаза кетейін, Тобықтының атқамінерлер қосынын екіге бөле қарастырсақ жөн. Біріншісі - Құнанбай құраптас Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп, Бәзіл, Құлыншақ сияқты ақсақалдар. Бұлар – елдіктің киесі, ескіліктің жол-жоралғысына (сыбаға, жол, сауға т.с.с.) қанық әрі хандық (бектік) дәуір заңына жетік басшылар. Игі жақсылар, Абай тәлім алған ұстаздар да осылар. Екіншісі - Абайдың замандас, тұстастары Майбасар, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Күнту, Әбділда, Асылбек, Байғұлақ, Қыздар, Абыралы, Арап, Дүтбай, Көжекбай сияқты атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел іші «іргелілер» немесе «игі жақсылар» демеген. Өйткені, бұлар - отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз, шірік орта болды» (Әуезов). 

         Ел жадында сақталғаны - Құнанбайдың жас жігіт Абайға үлкен сенім арта отырып, «ата салтынан адаспа, балам» дегені. Сол сияқты Абайға таққан мына үш түрлі міні мынау: «Ең әуелі - сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», - депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын» депті (М.Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі).

         «Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, - деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, - тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған».

         Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Қажының жолыққан сайын «мен халық аманатымен өмір кештім, сен де солай ет, қарағым» деген ақыл-кеңесі өз өмірінің бет бағытына елеулі түрде ықпал еткенін немересі Шәкерім Құдайбердіұлы ырза сезіммен жазады. 

        Құнекеңнің дін жолындағы істері мен діндарлығы көпке аян. «Тегінде Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған» (Әуезов). 1876 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған.  Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады.  Меккеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл жайлы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.

          Сонымен, жазба мағлұматтардан Құнанбай бейнесі бірде - патша өкіметінің қырдағы өкіл-ұлығы аға сұлтан, енді бірде - жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай күллі Тобықтының көшін бастаған көсем мырза, сонымен қатар, Абай, Шәкерім сынды ұлы тұлғалардың тәрбиеші абызы ретінде алдымыздан шығып отырады. 

          Абай әкесін қоғам қайраткері ретінде аса жоғары бағалаған. Бұл өлең сөздерінен аян жәйт. Мысалға «Арғы атасы қажы еді» өлеңінде:

                                  Ол сыпатты қазақтан

                                  Дүниеге ешкім келмепті, -

дегенін айтсақ та жеткілікті.

          Тарихи тұлғаның мінезінің суықтығы, қаттылығы жайлы сөздер де баршылық. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген белгілі естелігінде Абай жасы ұлғайған шағында: «Әкесі қажының қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан бәһрә алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп» деп жазады. Әрине, қаталдық пен озбырлық адамға туа бітпейді. Құнанбай да өмірдің күшті талқысын көре, тата келе ғана қаталдыққа сүйенген. Оған дейінгі Құнанбай «Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен» (Т.Жұртбай).

         «Әкеге тартып ұл туар», «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз.  Абайда болған ақыл-парасат, елім-жұртым деп Едігедей ел қамын жеген халықшылдығы мен қайраткерлігі, сөз жоқ, әке көргендігі.

          Студент жастармен кездесулердің бірінде «Абай жолының» алтын өзегі не деген сұраққа, Мұхаң: «Менің романымда айырықша көңіл бөлгенім - әке мен баланың арақатынасы еді» деген екен. Олай болса, оған қайта оралайық.

        «Романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім». Бұл Мұхаңның «Абай жолы» қалай жазылғаны жайлы айтқаны. Осы сөздің астарын аша отырып, жазушы  Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» атты кітабында былай дейді: «Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрды. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлде соны ой өрісіне шықты».

        Оллаһи шыны, әке мен баланың қайшылығы әлемдік мәселе. «Абай жолы» да оның шешімін бермейді, гәп - мәселенің көтерілу деңгейінде. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Менімше, бұл пайым да аздық етеді, әке мен баланың қатынасы аясына Мұхаң ескіні жаңа қоғамның алмастыруы сияқты зор тақырыпты сыйғызған.  Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.

         Құнанбай 1885 жылдың тамыз айының басында  Жымба деген күзегінде дүние салған. Бұл Сарыарқаның Семей жақ жиегі - Арқалық адырына таяу тұс. Қажының ұзақ өмірі соңын қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізгені несі? Оның өзіндік себебі бар: аталмыш адыр Уақ руына қарасты болған. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның  Жымба күзегіне ие болуы Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны есепті.  Осылайша Құнанбай ауылдары Жондағы Бақанас жайлауынан  бауырдың шеті - Жымбаға дейінгі аумақты иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем Ертісім, шалқайсам Шыңғысым» деген мәтел сөз содан сияқты.

          Саналы ғұмырын Тобықты жерін молайтуға жұмсаған Қажы Абайдың қыстауы - Ақшоқыға жерленді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті - алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деп Абайға сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жылда-ақ қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады», - депті-мыс. Дәлді сөз. Бірақ ол күнде Абайға қонған бақ Құнекеңдікінен әлдеқайда асып түсетінін кім болжаған.

         Сөз соңы, қажының дүниеден өтуі Абай 40 жасқа толған мезетке тұп-тура келді. Тап осы кезден Абайдың ақындық шабыты маздады. Кездейсоқтық па, жоқ, әлде... әлдебір мистикалық байланыс бар ма, бұл, әрине, бір Аллаға ғана аян сыр.

Асан Омаров,зерттеуші.

Абай.kz



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу