Дыбыс. Дыбыс сипаттамалары. Физика, 9 сынып, қосымша материал 4
Мұғалімге арналған нұсқаулық
1. Өтілетін сабақ оқушыларды түгелдеп болған соң, сәлемдесумен басталады. Оқушыларға сабақ барысында қолданылатын материалдар топтамасы таратылады. Бұлар: бағалау парақтары, сәйкестендіру карталары, жаңа тақырыпты меңгеруге арналған жұмыс парақтары, QR код карталары, жаттығуларды орындауға арналған жұмыс парақтары, сағат әдісінде қолданылатын бағалау парақтары.
2. Card sorting. Оқу бағдарламасының бірізділік қағидатына сәйкес өткен тақырып мазмұнына шолу жасау мақсатында «Card sorting» әдісі қолданылады. Тапсырма мазмұнындағы ақпараттар «itest.kz» сайтындағы «Физика. Механикалық толқындар. Конспект» бөліменін алынды. Бұл әдіс негізінде оқушылар «Механикалық толқындар» тақырыбында қолданылатын негізгі ұғымдарды анықтамаларымен сәйкестендіреді. Бұл тапсырманы оқушылар жұптағы сыныптасымен бірге орындайды. Сынып тапсырманы орындап болған соң, оқушылардың жұмыстарын тексеру мақсатында кез келген оқушыдан бір тапсырманы жауабымен оқу сұралады. Қалған оқушылар сұралған оқушының жауабын өз пікірін білдіру арқылы бағалайды. Бағалаудың бұл түрі бірін-бірі бағалау болып табылады. Оқушылар бірін-бірі бағалау арқылы өз жұмысын тексеруге және тапсырма мазмұны есте жақсы сақталуы үшін қайталауға мүмкіндік алады. Ал кезекпен кез келген оқушыдан тапсырма жауабын сұрау мұғалімге оқушылардың назарын шашыратпай ұстауға мүмкіндік береді. Себебі, оқушылар келесі тапсырма қай оқушыдан сұралатынын білмегендіктен, зейінін берілген тапсырмада шоғырландырады.
3. Өтілетін сабақтың тақырыбына байланысты ой қозғау мақсатында қысқа бейне ролик ұсынылады. Оқушылар әртүрлі дыбыстарды көре отырып, қаттылықтарын салыстырады. «Дб» дыбыс қаттылығының өлшемі екендігіне болжам жасай отырып, өтілетін тақырып «Дыбыс» екіндігін өздері айқындайды. Сабақ тақырыбымен таныс болған соң оқу мақсаттары мен бағалау критерийлері таныстырылады. Бағалау критерийлері оқушыларға сабақ барысында бағдар алуға, орындалатын тапсырмалардың жоспарымен таныс болуға және өзін-өзі бағалауға мүмкіндік береді. Бағалау парағында сабақ барысында орындалатын әрбір тапсырмалар мен бірге бағалау критерийлері және көрсетілген критерийлерге жетуге бағытталған дескрипторлар ұсынылады. Әрбір тапсырманың соңын оқушылар өздерінің жетістіктерін бағалау парағына түсіріп отырады. Бұл сабақ соңында сабақ мазмұны бойынща оқушы нәтижесін талдауға мүмкіндік береді.
4. Fill the gaps. Өтілетін сабақтың жаңа тақырыбын меңгерту және оқушылардың өздігінен оқу дағдыларын дамыту мақсатындағы оқушы назарына twig-bilim цифрлық ресурсынан алынған жаңа сабақтың бейне ролигі ұсынылады. Бұл тапсырмада оқушылар тек бейне ролик тамашалаумен шектелмей, бейне ролик мазмұны бойынша екі нұсқада әзірленген тапсырманы орындайды. Себебі, үлкен көлемдегі бейне роликтерді тамашалау оқушылардың іс-әрекетін қажет етпегендіктен олардың қызығушылықтарын төмендетіп, зейіндерінің шашырауына алып келеді. Ал бейне ролик тамашалай отырып тапсырма орындату белсенді оқыту әдісі болып табылады. Сонымен қатар бұл әдісті дифференциациялық оқыту әдісі ретінде қолдануға болады. Білім алушылардың қабылдау типтеріне сәйкес визуалдар бейне роликті көру арқылы ақпараттарды қабылдайды, аудиалдар да көреді әрі есітеді және кинестетиктер жазбаша тапсырманы орындау арқылы жаңа тақырып ақпараттарын қабылдайды. Тапсырма соңында оқушылар жұптағы сыныптасымен өз жұмыстарын ауыстырып, сыныптасының жұмысын тексеріп, бағалайды. Бағалау нәтижелерін бағалау парақтарына енгізеді.
5. Plickers. Plickers бағдарламасы жаңа тақырып бойынша ұсынылған ақпаратты оқушылардың меңгеру деңгейін онлайн режимде тестілеу ұйымдастыру арқылы тексеруге мүмкіндік береді. Қолданылатын тестілеу мазмұны twig-bilim цифрлық ресурстарынан алынды. Жекелеген тест сұрақтарының жауаптарын оқушылар QR код карталары көмегімен ұсынады, ал мұғалім ұялы телефон арқылы оқушы жауаптарын сканерлеп, интербелсенді тақтаға шығарады. Бұл бағдарлама онлайн режимде әрбір тест сұрағын талдауға, қате жауап берген оқушыларға мұғалім тарапынан кері байланыс беруге мүмкіндік береді. Plickers бағдарламасының басты артықшылықтарының бірі QR код карталарын қолдану арқылы мұғалімнің уақытын үнемдейді және оқушылардың көрсеткіштері туралы статистикалық ақпараттарды жинақтайды. Жинақталған ақпаратты .pdf форматында жүктеп ата-анаға жіберуге болады. Ал оқушылар сұрақтарға QR код карталары арқылы жауап бергендіктен өзгелердің жауаптарын көре алмайды. Тестілеу сұрақтарын интербелсенді тақтада көрсетуге немесе оқушыларға таратуға болады. Бұл бағдарламада тестілеумен қатар «true or false» активитиін де ұйымдастыруға болады. Тапсырма соңында twig-bilim цифрлық ресурсынан алынған жауап парағы оқушыларға таратылады. Бұл оқушыларға Plickers көмегімен ұйымдастырылған тесттілеу нәтижесін талдауға және нәтижелерін бағалау парағына енгізуге мүмкіндік береді.
6. Жаттығулар орындау. Оқушылар Bilimland білім беру порталындағы физика курсының «Дыбыс» тақырыбында берілген оқу материалдарымен жұмыс жасайды. Ал бұл беттегі орындалатын тапсырмалар жұмыс парағы түрінде ұсынылады. Оқушылар өздігінен іздене отырып, жұмыс парағындағы жаттығуларды орындайды. Тапсырма соңында жұптағы сыныптасымен жұмысын ауысады.
Bilimland цифрлық ресурсындағы жаттығудың электрондық нұсқасына сыныптасының жауап парағында көрсеткен жауаптарын енгізе отырып, сыныптасының жұмысын бағалайды. Әрбір оқушы өз нәтижесін бағалау парағына енгізеді. Бұл әдіс оқу материалын бірнеше рет қайталауды талап еткендіктен, оқушылардың есте сақтау дағдыларын дамытуға септігін тигізеді.
7. Сағат әдісі. Сабақтың бұл бөлімінде оқушылар жаңа тақырып бойынша bilimland, twig-bilim және itest цифрлық ресурстарындағы оқу материалдарын қолданып әрбір сыныптастарына сұрақтар құрастырады. Бұл әдіс оқушылардың оқылым дағдыларын дамытумен қатар әртүрлі ақпарат көздерінен ізденісті талап ететіндіктен оқушылардың жинақтау және қолдану дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Оқушылар дайындаған сұрақтарымен тапсырманың «кездесу» бөлімінде жұптағы сыныптасымен кезекпен кездесіп бөліседі. Бір-бірлерінің сұрақтарына жауап беріп, жекелей бағалайды. Тапсырманың соңында мұғалім сыныптағы оқушылардың атын кезекпен атап, қалған оқушылардың бағалау нәтижесін жинақтайды. Бұл оқушыларға тапсырма бойынша жалпы нәтижесін қорытып, бағалау парағына енгізуге мүмкіндік береді.
8. Рефлексия. Сабақ соңында оқушылар бағалау парақтарына талдау жасайды. Бұл оқушылардың өзін-өзі объективті бағалауына мүмкіндік береді. Бағалау парағы оқушының сабақ барысындағы әрбір тапсырма бойынша үлгерімі туралы ақпарат бергендіктен мұғалімнің келесі сабағын жоспарлауда қолданатын негізгі құралы болып табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру