Қиял-ғажайып ертегі: Құбыл жүзік

Қиял-ғажайып ертегі: Құбыл жүзік

Бұрынғы өткен заманда бір кемпір-шал болыпты. Бұларда жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Он үш жасқа келгенше ұлын далаға шығармай үйде баққан екен. Бір күні шалы тұрып:

—Кемпір, басқалардың үш жастағы баласы да далада ойнап жүр. Біз де баламызды сыртқа шығарсақ,—дейді.

Кемпірі мақұл болып, астына бір ат міндіріп, қолына екі ділдә беріп, «өз көңіліңе ұнаған бір нәрсені сатып алып кел»—деп баласын жолға шығарады. Бала қалаға келеді. Ешнәрсе алмай келе жатады. Өзі хат танымайды. Базар көрмеген. Көшеде бір топ баланың бір мысықты қуалап жүргенін көріп:
—Бұларың не қылғандарың, балалар?—дейді. «Бұл қасапшының етін жеп қоймаған соң қуып жүрміз»,—дейді.

—Онда маған сатып беріңдер—дейді. Балалар: «Мақұл, ал!»—дейді. Бала екі ділдәсін беріп, мысықты үйіне әкеледі. Әке-шешесі қуанып:

—Әкелгенің жақсы болыпты. Арыстанның түшкірігінен жаралған жарықтық, үйге керегі бар,—депті. Және бір күні «Тағы сынап көрелік. Базарға тағы жіберелік» деп қолына төрт ділдә беріп, «Осыған көңіліңе жаққан бір нәрсе алып кел»,—деп баласын базарға жібереді. Бала базарды аралап, көңіліне еш нәрсе жақпай келе жатқанда бір топ бала ит қуалап алдынан шығады.

—Мұны неге қуып жүрсіңдер?—дейді бала. Балалар:

—Қасапшының етін жеп қоймаған соң өлтіргелі жүрміз—дейді.

—Маған сатып беріңдер, өлтіріп обалына қалғанша,—дейді бала. Балалар мақұл болып, төрт ділдәні алып, итті балаға жетектетіп береді. Үйіне алып келсе, әке-шешесі қуанып:

—Жарайды, балам, «Ит ырыс» деген. Жеті қазынаның бірі, жақсы болды,—дейді. «Баламызды үшке дейін сынайық. Үшінші сынақтан тағы осындай келсе, бізді ойдағыдай бағатынына көзіміз жетеді»,—дейді де қолына он ділда беріп кемпір-шал баласына:

—Қалаған нәрсеңді алып кел!—деп қалаға жібереді. Бала қаланы аттан түспей аралап жүре береді. Бір жерде адамның:

—Сандық арзан, алған да арманда, алмаған да арманда,—деп айғайлап тұрғанын көріп жанына барды. Бірақ сандықты ешкім сұрамайды.—Бағасы қанша?—деп те айтпайды. Бала ойланып тұрады да «Тәуекел, алайын. Алмай арманда болғанша, алып арманда болайын» деп:

—Бағасы қанша?—дейді.

—Сегіз ділда,—дейді сатушы. Он ділдасын беріп сандықты алады. Сонда саудагер тұрып:
—Құлыптың кілтін берейін. Жолда ашсаң болмайды. Үйіңе барғанда ашасың,—дейді.

—Мақұл!—деп бала сандықты өңгеріп үйіне келеді. Әке-шешесі алдынан шығып:

—Бұл жолы да жақсы әкелді. Дүние әкелді—деп қуанысып қалады. Сандықты түсіріп, аузын ашқанда айдаһарға айналайын деген үлкен жылан атып шығады. Әке-шешесі шошып, есі ауып, талып қалады.

—Бала қаша жөнеледі. Сонда жыланға тіл бітіп:

—Қашпа, қорықпа, бері кел!—деп шақырады. Бала қайтып келеді. Әке-шешесі де есін жиып, қайта орындарынан тұрады. Балаға жылан тұрып:

—Мені өз мекеніме жеткізсең, сендерді шақпаймын, жеткізбесең шағамын,—дейді.

—Мен мекеніңді білмеймін. Қайтіп жеткіземін?—дейді бала.

—Көрсеткен бағытыма қарай жүре бер. Аяғыңнан беліңе дейін оралып аламын, тек қорықпай жүре берсең болғаны,—дейді жылан. Бала мақұл болып, бірнеше ай жол жүреді. Жолда жылан аққу-қаздарды арбап түсіріп, баланы да, өзін де етпен қамдап кете береді. Бір жерге келгенде жылан және сөйлейді.

—Алдыңғы сай Жыланды сай болады. Адамның иісін сезгенде жыландар екі жақ беттен ағылып сайға түседі. Сен олардан қорықпа! Мен ысқырған соң, олар тыныш жатады, шақпайды. Үстін басып өте бер,—дейді.

Жыланды сайға барғанда жыландар екі беттен жосылып, сай табанына түседі. Әлгі жылан ысқырғаннан кейін қозғалмай орындарында жата береді. Сайға барса, тесіктей де қара жер жоқ. Жолдың бәрін үлкенді-кішілі әртүрлі жыландар алып қалыпты. Бала қорықпай түсіп, басып жүре береді. Бір кезде тау басына шыққанда екі үлкен жылан алдынан шығады. Сөйтсе бұл екеуі әлгі жыланның әке-шешесі, қалың жыланның хандары екен. Бұлар қатты қуанып, баланы өте құрметтейді. Баласының жоғалғанына он жылдан асып қалған екен. Бала сол жерде жиырма шақты күн жүрген соң, әлгі әкелген жыланына:

—Қайтсам,—дейді.

—Қайтсаң қайт, әке-шешеме айт. Олар да рұқсат береді. Бірақ саған алтын-күмістен қанша алсаң ал,—дейді.—Олардан алмай, әкемнің қолындағы жүзігін сұра. Әкем де бере қоймайды. Сонда маған қарайды. Мен жыламсырап әкеме бір, саған бір қараймын. Сонан соң әкем береді,—дейді жылан балаға. Мақұл болған бала:

—Қайту уақытым асып кетті. Рұқсат етсеңіз, қайтсам,—дейді. Жылан мақұл болады. Алтын-күміс, гауһар, жақұттардан неше түрлісін баланың алдына қойып:

—Осыдан қалағаныңша ал,—дейді. Бала алмайды.

—Неге алмайсың?—деп жылан сұрағанда:

—Мен бұларды алғым жоқ. Сіз ренжімесеңіз, қолыңыздағы жүзікті естелікке алсам,—дейді. Жылан үндемей баласына қарайды. Баласы жыламсырап ана балаға бір, әкесіне бір қарап отырады. Әкесі амалсыздан жүзігін береді. Баласы дос баласын жолға шығарып, Жыланды сайдан өткізіп қояды. Сонда бала тұрып:

—Бұл жүзікте не өнер бар?—дейді.

Жылан тұрып:

—Мұның аты Құбыл жүзік. Өзіңе не қажет болса, «Құбыл жүзік, құбыл. Тілегімді дайында!»—десең, қажетің даяр болады. Қазір: «Құбыл жүзік, құбыл, бір қара ат ер-тоқыммен дайында!»—десең дайын болады. Сонымен еліңе жетесің,—дейді. Айтқанын айтса, қара арғымақ ер-тоқыммен дайын болыпты. Жыланмен қоштасып, бір қалаға келеді. Келісімен «Құбыл жүзік, құбыл. Қара арғымақ ерімен жоқ болсын. Мен бір қайыршы бала болайын!»—десе, сол-ақ екен, қара ат жоқ болып, өзі бір қайыршы бала бола қалыпты. Сонымен қаланы аралап жүріп, бір күні патшаның сарайының тұсына барыпты. Терезесінен бір сұлуды көріп қалады да, айналсоқтап сол маңайдан шықпай жүреді. Қарап жүрсе, күнде таңертең патша есігінің алдын өзі сыпырады екен. Бір күні патшадан бұрын бала есігінің алдын сыпырып тастайды. Бұған патша қайран қалып: «Уәзірлерім сыпырмайды. Мұны кім сыпырды?»—деп таңданады. Және уәзірлерінен:

—Кім сыпырды?—деп сұрайды. Уәзірлері:

—Біз сыпырмадық. Білмейміз!—дейді. Сонда патша тұрып:

—Бұл маңайға бөтен адам келгенін білесіңдер ме?—дейді.

—Бөтен адам көрмедік. Бірақ бір қайыршының жүргенін көрдік,—дейді.

—Онда соны тауып келіңдер!—дейді патша. Уәзірлер қарастырып, қайыршыны тауып әкеледі. Тамақтанғаннан соң хан баладан: «Сен қайдан келдің? Неғып жүрсің?»—деп сұрайды. Бала:

—Мен жетім едім, әкем жоқ. Қайыршылық істеп әрең жан бағып жүргендіктен, сіз көзінің қырын салар ма екен,—деп есігіңіздің алдын сыпырғанмын,—дейді. Хан:

—Онда маған бала бол! Менің де ұлым жоқ еді. Уәзірлерім не істесе, сен де соны істе,—дейді. Баланы киіндіріп, уәзірлердің жанына қойып, қызмет істетсе, сондай жақсы істегеніне қатты разы болып, жақсы көріпті. Бір күндері уәзірлері: «Ханның қызын мен аламын! Мен аламын!»—деп сырттай таласыпты. Бұған ішқұста болған бала: «Мен аламын!»—десе, уәзір­лер: «Сен бізбен қалжыңдасқанға жеткен жоқсың, ойнама!»—депті. Бала:

—Мен ойнамай, ойлап айтып тұрмын. Қызды мен аламын!—депті. Мұның сөзіне ашуланып: «Сенің битің семірген екен. Балақтағы бит басқа шыққанын қай жерден көрдің? Құтырмай жүр!»—деп уәзірлер ұрсыпты. Бала бетінен қайтпапты. Уәзірлер сонан соң ханға келіп жамандапты.

—Кешегі келген қайыршы сізді басынып, қызыңызды аламын деп жатыр. Бәрімізді көзге ілер емес,—депті. Хан:

—Шақырып келіңдер!—деп шақыртып алыпты.

—Сен менің қызымды аламын дегенің рас па?—деп сұрапты. Бала:
—Шын,—депті.

—Онда осы орданың алдына жеті қабат алтын сарай салғызасың. Түрлі жемістерге толған бау-бақша орналастырасың. Сарайдың ішін алтын қазынаға толтырасың. Бау-бақшада бұлбұл құстар сайрап тұратын болады. Бір жағында моншасы болады. Менің ордамнан сол сарайларға жеткенше кілем жаюлы тұрады. Бақшаны аралап, есік алдына бұлақ ағып тұрсын. Орда алдына алтын мұнара, үлкен бәйтерек орнатасың. Және қоралы қой, жүз сиыр, жүз түйе, жүз жылқы даярлайсың. Осындай болмаса, басыңды аламын,—дейді. Бала мақұл болады. Қырық күндік рұқсат береді. Ертесі хан таң намазын оқығалы тұрса, есіктің алды у да шу. Қора толы қой, алтын сарайлар, алтын мұнара, бәйтерек, аққан су, бау-бақша да сайраған түрлі құстар екен. Бұған таң-тамаша болып, таңырқап қалады. Ойланып: «Бұның кереметі бар бала екен. Қызымды бермесем болмайды екен»,—деп қызын той жасап балаға қосады. Көршілес бір патша сол кезде осы патшаның қызына елші жіберіп, қызды өзіне айттырмақшы екен. Бірақ қыздың балаға ұзатылып кеткенін естіп, бармағын тістеп өкінеді. «Баланы тауып түбіне жетейін»,—деген байламға келіп:

—«Осыны кім тауып келсе, қалағанынша қазынадан алтын-күміс беремін. Өзімнің жақын адамым етемін»—деп халқына жарлық шашады. Бір кемпір шығып:

—Мен табамын,—дейді. Желмаяға мініп, жолға түседі. Ханның күйеу баласы бір қанша күн тұрған соң:

—Еліме кетемін,—деп ханға дат айтады. Сиқыршы жүзігіне: «Құбыл жүзік, құбыл. Екі жирен ат ер-тоқымымен даяр болсын?!»—деп екі атты даярлап алып, келіншегімен жолға түсіп, үлкен бір судың бойына келіп мекендейді. Осы жерде алтын сарайлар даярлатады. Аңшылық етіп күн көреді. Күнде ауға шығады. Күндердің бірінде өзін іздеген кемпір үлкен судың бойында алтын сарайда екі адам бар дегенді естіп, осы жерге келеді де желмаясын тоғай шетіне жасырып, өзі баланың келетін жолында өтірік талықсып жатады. Бір кезде бала келіп:

—Неғып жатырсыз, тұрыңыз?!—дейді.

—Балам жоқ, жесір кемпір едім. Тентіреп күн көріп жүрмін,—дейді.
—Онда біздікіне жүріңіз,—деп үйіне ертіп келеді. Әйелі жақтырмайды.

—Танымаған мұндай кемпірдің пәлесі сап болады. Орнына апарып таста!—дейді. Күйеуі орнына апарып тастайды. Кемпір еріп алады. Және апарып тастайды, тағы да келіп алады. Бұларға шөпшек теріп, ерте тұрып шәй қайнатып: «Тұрыңдар балаларым, шәйларың қайнады»—деп әбден сіңіп кетеді. Бір күні бала аңға кеткенде: «Күйеуіңнің аң аулағаннан басқа өнері жоқ. Мынандай сарайды қайтіп салдыңдар?»—деп әйелінен сұрайды. Әйелі «Өзіміздің дәулетімізбен салдық»—дейді. Кемпір әйелге қайта—қайта:

—Күйеуіңде не өнер бар? Өзің патша алуға лайық әйел тұрып, бұған қалай тидің?—дейді. Әйелі:

—Бөлек өнері жоқ,—дейді. Кемпір қоймай сұрай берген соң:

—Бір жүзігі бар, өнері сонда,—дейді.

—Онда сол жүзігін сұрап көріп отырмайсың ба?—дейді кемпір. Әйелі:

—Сұрағанға бермейді. Өзімен бірге алып жүреді,—дейді. Кемпір тұрып:

—Сен сұра. Бір-екі рет сұрағанға бермесе, теріс қарап жатып ал,—дейді.

—Мақұл,—деп күйеуі келгенде сұраса, күйеуі бермейді.

—Не керегі бар? Саған қажетсіз,—дейді. Және ауға кетеді. Кемпір:

—Берді ме?—деп сұрайды.

—Берген жоқ.

—Оны түнде қайда қояды?—дейді кемпір.

—Аузына салып жатады. Кемпір ойланып, «Өзім ала алмайды екенмін. Қайтсем де алғызайын»,—деп әйелді желіктіреді.
—Сен сұрап ал, ақыры береді. Жүзіктің өнері арқылы өзіңе керекті нәрсені алып отырасың,—дейді. Әйелі күйеуінен және сұрайды. Күйеуі бермейді. Үшінші ретте теріс қарап жатып алған соң амалсыз береді. Күйеуі аңға кетеді. Кемпір:

—Алдың ба?—дейді.

—Алдым,—дейді әйел.

—Көрелік,—деп кемпір көрген болады.

—Шіркін, не деген жақсы. Менің қолыма тура келе ме екен?—деп қолына салады.

—Жүр, далаға шығып сейілдейік,—деп үйінен бір талай ұзап, желмаясын қойған жерге жақындап барады. Қызға:

—Анау не нәрсе?—деп ертіп алып барып, кемпір мінеді.

—Кел, сен де мінгесіп көр!—деп қызды артына мінгестіреді.

—«Құбыл жүзік, құбыл, алтын сарай жоқ болсын. Біз патшаның үйіне баралық!»—дейді. Алтын сарай жоқ болып, өздері патшаның ордасына жетіп барады. Патша қуанып кемпірді алтын-күміспен сыйлайды. Аңға кеткен бала қайтіп үйіне келсе, жұрты жатыр. Әйелі де, үйі де жоқ. Жүзікті бергеніне өкініп, құсаланып, сол орнында күн көріп тұра береді. Бір күні баланың мысығы түс көреді. Түсінде иесінің бір үлкен судың бойында жалғыз қалғаны, үй, мысық-иттерін ойлап, қайғы шеккені көрінеді. Таңертең итке:

—Сен не білдің?—десе, Ит:

—Ештеңе білмедім,—дейді. Сонда мысық:

—Мен бір түс көрдім,—дейді. Мұны естіп ит те:

—Мен де түс көрдім,—деп өтірік айта салады.

—Қандай түс? Ит айтып бере алмайды. Өтірік айтқанын біледі де, мысық итке:
—Менің түсімде иеміз далада жалғыз қалып, қиыншылық көріпті. Барып қиыншылығына көмек берелік,—дейді. Ит мақұл болады.

Бұлар баланы іздеп сапарға шығады. Жүре-жүре үлкен дариядан өтіп, баланы тапса, бала атыменен жұртта отырғанын көріп:

—Не болды?—деп мысық сұрайды. Сонда жүзігінен айрылғанын, әйелін кемпір алдап әкеткенін айтады.

—Біз тауып келеміз. Сен басқа жаққа кетіп қалмай, осы жерде бол!—дейді олар.

—Мақұл,—деп бала сол жерде қалады.

Бұлар жүзікті іздеп сапарға шығып, қаланың шетіне келеді де бір теректің түбінде демалып отырып, мысық итке:

—Сен осы теректің түбінде қал. Қаладағы иттер сені талап тастайды. Мен барып патшадағы жүзікті алып келгенше отыр,—дейді. Ит мақұл болады. Мысық жүгіріп отырып, патша сарайының терезесінен үйге кіреді. Патша ұйықтап жатыпты. Сонда бір тышқанды жорғалап жүрген мысық ұстап алып:

—Бұл үйде жақыннан бері не жаңалық бар? Айт, айтпасаң өлтіремін!—дейді. Тышқан:

—Патша жақыннан бері бір жүзік әкеліп аузына салып жататын болды,—дейді.

—Онда мұны қайтіп аламыз?—дейді.

—Мен құйрығымды мұрнына кіргізіп жыбырлатамын. Сонда патша түшкіргенде жүзік жерге түседі. Сен қағып алып, кете бер,—дейді. Тышқан айтқанындай орындайды. Мысық қағып алып, итке келеді. Итке:

—Кетелік, жүзікті әкелдім!—дейді. Бұлар жүріп отырып судың бойына келіп, судан өтпекші болғанда ит:

—Жүзікті маған бер, мен алып жүрейін?—дейді. Мысық:
—Сен үлкен болғаныңмен ақылың аз. Жүзіктен айырылып қаласың. Мен алып өтейін,—дейді. Бұған ит жүнін үрпитіп, көзін алайтып, мысықты жейтіндей болып ырылдайды. Мысық қорқып, жүзікті бере салады. Екеуі суға түсіп, малтып келе жатқанда ит бір балықты көріп, аузын салп еткізеді. Жүзік суға түсіп кетеді, оны балық жұтып алады. Бұл ахуалдың бәрін мысық сезіп, көріп-біліп келе жатады. Жағаға шыққанда,—«Жүзікті мен алып жүрем?»—дейді. Ит үндей алмай, төмен қарайды. Балықты аспаннан келіп бір құс іліп әкетеді. Мұны да мысық көріп, біліп тұрады. Содан:

—Көп ойланып отырмалық. Жүзігің балықты жеймін дегенде суға түсіп кеткен. Оны балық жұтқан. Балықты бір құс әкетті. Аздан соң тоғы басылғанда жем іздеп, тағы жерге түседі. Оған дейін екі ін қаз. Бірін тік қазып, өзің түсетіндей, бірін жатық қаз, мен көрініп жататындай,—деп мысық итке айтады. Сонда ол бас салғанда, сен оны бас саласың. Сонан соң оны өлтіріп, жемсауындағы жүзікті аламыз,—депті. Айтқанындай ит екі ін қазыпты. Бір уақытта әлгі құс мысыққа шүйіліп келіп, бас салмақшы болғанда, ит оны бас салып өлтіріп, асқазанын жарып, жүзікті алып, иесіне аман-сау апарыпты. Содан бала құбыл жүзікті алып:

—«Құбыл жүзік, құбыл, әйелім мен патшаны, кемпірді алдыма келтір. Алтын сарай жаса, ортасында там болсын,—депті.

Сол заман барлығы пайда болыпты. Патшаны өлтіріп, кемпірді тірідей сойып, әйелін қайтадан өзі алып, мақсатына жетіпті. Мысық итімен еліне келіп, әке-шешесі аман-сау көріп, оларды бақытты, бай тұрмысқа кенелтіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі