Жастардың қуаты – білім білігінде
Жуырда мен Қазақстаннан өткен жылы 300 мың адамның шетелге тұрақты түрде жұмыс істеуге кеткені туралы ақпарат оқыдым. Елімізден көптеген жастардың Корея, Түркия, Америка, Ресей секілді шет мемлекеттерге жоғары жалақы үшін кетіп жатқанын білемін. Бірақ бір жылда 300 мың жастың бірден шетел тұрғынына айналып кетуі мені біраз ойландырды. «Сонда барлық жастар, аға-әпкелеріміз басқа елге жұмыс істеуге, сонда өмір сүруге осылай ағылып кете берер болса, Қазақстанда кім қалады? Үлкендер болашақ жастардың қолында дейді. Олай болса болашағымыз не болмақ?» деген ойға қалдым.
Өз басым, мен мұны қолдамаймын. Шетелге кетпей-ақ, Қазақстанда да жайлы әрі жақсы өмір сүруге болады. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндік бар. Жоғары білім алғысы келетіндер үшін жақсы деңгейлі оқу орындары жетерлік. Жыл сайын талапкерлерге сан мыңдаған гранттар бөлінеді. Әр жақсы оқыған студент шәкіртақы алады, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Кәсіп бастап, табыс тапқысы келетіндер үшін де жеңілдіктер бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар негізінде өз ісін бастағысы келетін жастарға қаржылық қолдау жасалады, бизнес бастауды үйретіп, оны оқытатын курстар да аз емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарға көп көңіл бөліп келді. Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп аталуы да осының дәлелі. Ол кісінің сындарлы саясатын жалғастырып жатқан қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жастардың рухын көтеріп, оларды білімге, еңбекке шақыруда. Яғни, еңбек еткісі келетіндерге елде ешкім кедергі емес. Елімізде бейбіт, мамыражай заман орнап тұр. Соғыс, қырғын-жойқындардан аулақпыз......