Жұмбақтар жауабымен: Метаграммалар

Жұмбақтар жауабымен: Метаграммалар

Ж-дан егер бастасақ,
Желбіреймін төбеңде
П-дан егер бастасақ
Сүйкімді аспын жегенде.
Жалау-палау

Ж әрпінен бастасақ
Жатарыңда керекпін.
Ж-ны алып тастасаң
Дүйім елге қорекпін.
Жастық-астық

"Қ"-дан бастап, аяқтасаң,
Бес әріпті думанмын.
"Қ" орнына "с" қойсаң,
Нүктелерді қосамын.
Қызық - сызық

Әуелгі үш әріп —
Дәмге нәр тілді үйірген,
Кейінгі қос әріп —
Мақтаның түсі үйілген.
Қосылса бес әріп —
Темір жіп созып иірген.
Тұз - Ақ - Тұзақ

Ешкіден көп табылса,
Түсі болам қойдың да.
Соңғы дыбыс жоғалса,
Ораламын мойнына.
Жағал - Жаға

«Ар» мен «ал»-ды қосқанда,
Судағы құрлықпын.
Алдына «М»-ны қосқанда,
Нудағы түлікпін.
Арал - Марал

Қуанғанда мақтанып,
Қол соғасың шаттанып.
Ең алдына «Қ» қойсаң,
Қолыңды өтер от қарып.
Алақай - Қалақай

Моншағы көп тізілер,
Шуағын төксе күліп күн.
Соңғы әріп «К» болса,
Әжем сынды кісілер,
Қолға тағар мүлікпін.
Жүзім - Жүзік

Ұнтағым бал, жерде өсем,
Бар халыққа әзірмін,
Соңғы «Н»-ді «М» десең,
Дастарқанда мәзірмін.
Дән - Дәм

Піскен жеміс қосымын,
Құстың жақын досымын.
«К» орнына «Ж» жазсаң,
Жамбыл ата жасымын.
Күз - Жүз

Ақтан көрпе жамыламын,
Көктемде сайға ағыламын.
Өзгерсе егер алғашқы әріп,
Жер қойнынан табыламын.
Қыс - Мыс

«Т»-дан бастап оқысаң,
Төлі болам пырақтың.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Көкте қалған орақпын.
Тай - Ай

Екі сөзден тұрады,
Құстың аты — құрамы.
Сызсаң егер «Бір» сөзін,
Ас пісірем, көр өзің.
Бірқазан - Қазан

Қыста суды қаптаймын,
Бірақ жазда жатпаймын.
Алғашқы әріп ауысса,
Онсыз тамақ татпаймын.
Мұз - Тұз

Аспан көгі жамылды,
Қара мақпал бүркеніп.
«Т» орнына «К» қойсаң,
Жылытып жон, шағылды,
Тұрам елге нұр төгіп.
Түн - Күн

Жазда өсіп, піседі,
Дәмі тәбет ашады.
«Қ» орнына «Ж» қойсаң,
Көктен тамып түседі,
Жердің шаңын басады.
Қауын - Жауын

Шуақты мол төгемін,
Гүлге бөлеп беремін.
Бас әріпті өшірсең,
Көкіректі керемін.
Көктем - Өктем

Жайнаған жер үсті,
Мекенмін келісті.
Бірінші әріп ауысса,
Айдынға ұшып қонамын.
Жаз -Қаз

Алғашқы буыным,
Көшті бастар ұлымын.
Сосын тоғай нуының
Жыртқышының бірімін.
Екеуін қоссаң ірімін –
Көп аңдардың дүрімін.
Жол - Барыс - Жолбарыс

Бір құлаштай матамын,
Жуынғанда аласың,
Сая жермін,
Тұратын
Құстар әні естіліп,
Сөз соңына «А» қоссаң,
Сауық сайран құрамын,
Шалшық көлде кешкілік.
Бақ - Бақа

Сұйықпын да тазамын,
Басамын жер тозаңын.
«С» орнына «Б» қойсаң,
Бозғылт боп тозамын.
Су - Бу

Желбіретіп үкімді,
Сулы жерде жайқалам.
«Қ» орнына «Т» қойсаң,
Қоныстанып жай табам.
Құрақ - Тұрақ

Тәтті дәм үш әріп алғашқы,
Соңына қос әріп жалғасты,
Сен одан өзіңе табасың
Дауылдан қорғанар панасын.
Екеуі біріксе егерде,
Суда өсіп, жүзеді тереңде.
Бал - Ық - Балық

Құт дарыған қотанның,
Қаруымын шопанның.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Мүшесімін адамның.
Таяқ - Аяқ

Бойында өссем тоғанның,
Кіргізем дәмін тағамның.
Соңыма қоссаң бір әріп,
Үндемей жүрер адаммын.
Жуа - Жуас

Жасыл желек алабым,
Жыл маусымы боламын.
Алғы әріпті өшірсең,
Ең әдепті боласың.
Сүлгі - Үлгі

Ақ бояуға қанықпын,
Бағалымын, мамықпын.
Бас әріпім алмасса,
Төрт бұрышты жазықпын.
Мақта - Тақта

«Ж» әрпімен бастасаң,
Көрінеді бар маңым.
«Ж»-ны сызып тастасаң,
Су ағатын арнамын.
Жарық - Арық

Жатам құстар тобына,
Азығымын адамның.
«Ы»-ны қоссаң соңыма,
Жылқы етімін – тағаммын.
Қаз - Қазы

Қатты соғып жүрегім,
Қорқып, үркіп жүремін,
«Қ» орнына «Н» қойсаң,
Күшке толар білегім.
Қоян - Ноян

Шеге қағар шеберге,
Ең қажетті құралмын.
«Б»-ны өшірсең егер де,
Жігер берер ұранмын.
Балға - Алға

«Қ» орнына «Д» қойсаң,
Боламын кеңістік.
Қала - Дала

«Қ» әрпінен бастасаң,
Көмірге ұқсас түрім бар.
«Қ»-ны сызып тастасаң,
Жасаймын шөп гүлін бал.
Қара - Ара

Сән берем, әркімге, көңілге,
Ұқсаймын көктемгі өңірге.
Әріпті бастапқы сызса егер.
Жөн сілтер ұстазбын өмірге.
Мата - Ата

Қақ тіліп жотаны,
Қасқайып жатады.
«Ж» орнын «Қ» басса,
Адамнан табады.
Жол - Қол

Бір адам шаттанса,
Мен оған бауырмын.
«Б»-ны «У»-ға ауыстырса
Өлшеммін, дәуірмін.
Бақыт - Уақыт

Кезерді ерінің,
Шөбі болмас жерінің.
«Ш» орнына «К» тұрса.
Өсімдіктің нәрімін.
Шөл - Көл

Шалқимын арнамда – бесікте,
Ал бірақ тұрмаймын тесікте.
Алғашқы дыбысым өзгерсе,
Көкте ұшып жүремін, көшіп те.
Су - Бу

Ұқсайтұғын жылқыға,
Қамыс құлақ көлікпін.
«К» орнына «П» қойсаң,
Ойлантуға берікпін.
Есек - Есеп

Майысқақпын, нәзікпін,
Садақ болып иілем.
Соңғы әріп «Н» болса,
Қалдығына азықтың,
Қоқыстарға үйілем.
Шыбық - Шыбын

«Ү» тұрса қызып табаны,
Қыртысты жазып тегістер,
«Ү» түсіп қалса жаманы,
Құлама болар тегіс жер.
Үтік - Тік

Алғашқы буыны – құс,
Соңғы қос әрпі – түс.
Екеуін қосып жіберсең,
Көл жағалап тік өсем.
Құр - Ақ - Құрақ

«Қ»-дан егер бастасаң,
Түндей қара бір түспін.
«Ш»-дан егер бастасаң,
Ернеуі кең ыдыспын.
Қара - Шара

«Ж»-дан бастасаң,
Жыл мезгілі болады.
«Қ»-дан бастасаң,
Құсқа айнала қалады.
Жаз - Қаз

Егер «С»-дан бастасаң,
Бір баласы қазақтың.
С-ны алып тастасаң,
Ең тәуірі ол, тамақтың.
Сайран - Айран

О-дан бастасаң,
Тәуір дейді, мені кім?
О-ны алып тастасаң.
Мен ешкінің төлімін.
Олақ - Лақ

Егер «М»-ден бастасаң,
Тағамның бір түрімін.
«М»-ны алып тастасаң,
Түнгі аспанның нұрымын
Май - Ай

Сөз басында «Б»-болса,
Бас киімің боламын.
Сөз басында «Ө»-болса,
Жазда пісіп соламын.
Бөрік - Өрік

Оңға қарай,
Оқысаң да – бір халық.
Солға қарай
Оқысаң да – бір халық.
Бір буыным – құс,
Бір буыным – түс.
Қазақ - Қаз - Ақ

Егер «И»-ден бастасаң,
Хайуанаттың түрімін.
«И»-ді алып тастасаң,
Әріптердің бірімін.
Ит - Т

«К»-ден бастап оқысаң,
Құс атауы, қарашы!
«Е»-ден бастап оқысаң,
Жалқау бала бағасы.
Кекілік - Екілік

«Ш»-дан бастап жазғанда,
Шай қайнатып аласың,
«Ш»-ны орнынан алғанда,
Терезеге саласың.
Шәйнек - Әйнек

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу
Пікірлер 2
  1. Өте керемет жұмбақ
    0 + 0 -
    аспанда бар
    Жерде жоқ
    Ұшпайт қондайт
    Тұрады ол аспанда
    Бұл не ?
  2. Өте керемет жұмбақ
    1 + 1 -
    аспанда бар
    Жерде жоқ
    Ұшпайт қондайт
    Тұрады ол аспанда
    Бұл не ?