4 Маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні

 4 Маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні

Желбіреген көк туымыз,
Еркіндіктің белгісі.
Қандай әсем жер-суымыз,
Тудың көркем көк түсі.
Желбіресін жерімізде,
Қыран құстай қалықтасын.
Күн де күліп көгімізде,
Қараудан еш жалықпасын.

Асқақтасын шетелде де,
Көтерілсін байрағымыз.
Егемен күн таусылмасын,
Орындалып арманымыз.

Елтаңбамыз ел тарихы, ел ойы,
Шаңырағы асқақтаған ел бойы.
Арғымақтар армандарды көтеріп,
Алтын астық- қуанышты ел тойы.
Жұлдызымыз жарқырасын аспанда,
Шаттанайық несібе асып тасқанда.
Қазақ деген қайсар халық ақ көңіл,
Болашаққа атта қадам, жасқанба,

Әнұран әркез шалықтасын,
Туымыз көкте қалықтасын.
Елтаңбамыз еңселі боп,
Ел тоқ болсын, тарықпасын.

Қазақстан ұлы ел боп,
Ықпалды болсын басқаға.
Көрікті қала көбейе берсін,
Әрлене берсін Астана.

Жігер берген жүрекке қайрат берген,
Жасығанда жаныңды қайрап берген.
Әнұраны қазақтың абыройы,
Мақтанышты сезімді бойлап берген.

Қыран құс ұшып барад біздің туда,
Қанатты арғымақ мін белді буда.
Ерліктің дастанында айта жүргін,
Егемен ел өзеніне бетің жуда.

Әнге толы еркін, байтақ даламыз,
Бірге күліп, бірге ән де саламыз.
Бірге тойлап еліміздің нышанын,
Халқымызға жылу бере жанамыз.

Біз неткен бақытты едік, шатты едік,
Егемен ел нышандарын біздер көрдік.
Тойладық туды, елтаңба,әнұранды
Қуаныштан жүректер шатты күліп.

Жасады ата-баба ерен ерлік,
Көрсетіп бірлік, қайрат алды теңдік.
Бүгін тойлап жатырмыз ел белгісін,
Мәңгілікке жасасын егемендік.

Туымыз мәңгілікке желбіресін,
Әнұранды тыңдаған жан елжіресін.
Елтаңба ең биікте көрінумен,
Бақыт тасып, адалдық мөлдіресін.



Аудан әкімінің Рәміздер күніне құттықтау сөзі

Құрметті аудан тұрғындары!

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздер дүниеге келген сәт - ерекше орын алады.

Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осы ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойын дарытуға қызмет етеді.

Осы орайда Елбасымыздың мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қаншалықты мән бергендігі баршамызға белгілі. Мұндағы мақсаты - көтерген туы мен елтаңбасының, ақжолтайына айналар әнұранның түрі, табиғаты жағынан төлтума, ал мазмұны жөнінен осы заманғы өркениетті мемлекет идеясына үндес рәміздер болып шығуы еді.

1992 жылдың 4 маусым күні - ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. 60-тан астам депутат өздерінің пікірлерін білдірді. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы - Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.

Осы күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының әсем ғимаратында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, жер-жаһанға жария етілді. Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Мемлекеттік Ту көтерілді. Елтаңба орнықты, егемен ел аспанында әнұран әуені асқақтады. Алты ай өткен соң, 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді.

Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды.

Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба - егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Әнұран - осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!