Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы

Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы казакша Әңгіме:  Ғабиден Қожахмет | Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы на казахском языке

Станса басынан колхозға қарай бастай беретін аттылы-жаяу талай жол қылған қара жолдың бойында жол қапшығын арқалаған Жеңіспен оралып келе жатқан солдат келеді. Солдаттың дәл қазір қай майданда соғысқаны да, оның қандай бөлімде соғысқаны да маңызды емес. Бәрінен де маңыздысы – оның туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстан кейінгі өзінің туған жерін – қазақ ауылын сағынып келе жатқандығы.

Солдатты енді бір сұрақ қинайды. Ол алдынан шыққан ақ шашты ананың: «Менің ұлымды көрмедің бе?» – деген сұрағы. Ақ шашты ана ұлынан «қара қағаз» алған екен ғой. Мүмкін ақ шашты ананың ұлы мен соғыстан қайтқан солдат құлын-тайдай тебісіп бірге өскен жандар шығар? Мүмкін екеуі майданға да қарайлас алынған шығар? Бірақ соғыс алақандай ғана ауылдың көлеміндей жерде өткен жоқ қой. Мүмкін екеуі екі майданда соғысқан шығар? Көрмеген.

— Тілектестің көкесін көрмедің бе?

Қара торы келіншек солдатқа үмітпен қарайды. Тілектестің көкесінен де «қара қағаз» келген екен ғой. Бірақ Тілектестің көкесінің де, ақ шашты ананың ұлының да сүйегі жат жерде қалып қойып, солдат өзінің ауылына аман-есен келіп тұрғанына жазықты емес қой.

Рашид Мұсабаев орындайтын «Жеңіс күні» әнінің мына бір сөздерінде (музыкасы Д.Тухмановтікі, сөзін жазған В.Харитонов, сөзін аударған Бегілдә Алдамжар) соғыстан қайтқан солдаттар Аналарға есеп береді:

Асыл ана, оралмадық бәріміз,
Көк шалғында сайрандармыз әлі біз!
Европаны шарлап шығып көп айда, –
Осы күнді жақындаттық қалайда.

Бұл шумақта Кеңес жауынгерінің жеңімпаз рухы жатқан секілді. Қайткенде де, Кеңес солдатының етігінің ізі жар Европаның жерінде қалғандығы рас қой. «Біз бәріміз бірдей орала алмадық. Бірақ біз осы күнді жақындаттық. Сіздердің ұлдарыңыз бұл соғыстан оралмай қалды. Бірақ біз тірі қайтқан солдаттар осы күнді жақындаттық, ана».

Жеңіс күнінің хабары естілгенде, сандаған адамдар жылап тұрыпты деседі. Өйткені олар қайғы көрген жандар еді. Бұл Жеңіс сол қайғыға тоқтау салған Жеңіс еді. 1945 жыл. Адамзаттың өмірінде бұрын-сонды оған дейін де, одан кейін де болып көрмеген сұрапыл екінші жаһандық соғыстың аяқталған жылы. Бұл соғыс 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германияның Польшаға басып кіруінен басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапонияның тізе бүгуімен барып аяқталған еді. Деректерде бұл соғысқа 61 мемлекет қатынасқандығын, 40 мемлекеттің жерінде соғыс қимылдары жүргендігін, бұл соғыстың аяғында фашизмнің толық күйрегендігін, соның нәтижесі ғана барып Батыс Европа елдерінде демократияның орнауына жол ашқандығын, ал фашизмді күйретуде КСРО халықтарының шешуші роль атқарғандығы жайлы жазылады. 1946 жылы әйгілі Нюрнберг процесінде Кеңес жағының айыптаушысы Р.Руденко «Германияның екінші басшысы» Герингтен Кеңес Одағына жасаған шабуылдары туралы: «Қылмыс жасағаныңызды мойындайсыз ба?» – деп сұрағанда, Геринг: «Бұл қылмыс емес, үлкен қате», – дейді. Геринг қандай қателік туралы айтып отыр? Геринг өз сөзінде Кеңес Одағына шабуыл жасамас бұрын КСРО-ның өнеркәсіптік күш-қуатын, бұл соғысқа әзірлігін, әскери ұшақтары мен танктерінің, зеңбіректерінің санын шамалап білгендіктерін айтады. Бірақ бұдан да басқа бір күш болды дейді Геринг. Ол – Адам туралы еді. Сол кезгі Кеңес адамдарының күш-қуаты туралы. Немістер бұл күшті алдын ала ескермегендерін, білмегендерін тек соғысып жатқан кезде ғана аңғарғандарын, соның өзінде де түсінбегендіктерін айтады. «Оларды қазір де түсінбейміз», – деді Геринг өз сөзінде. Міне, осы күштің ішінде біздің қазақтардың да күші бар еді. Геринг, әрине, қазақтар туралы ештеңе деген жоқ. Ол орыс адамдары деп сөйлейді. Кеңес орыс адамдары. Геринг өз сөзінде: «Мен адам туралы айтып тұрмын. Шетелдіктер үшін орыс адамдары әрдайым жұмбақ», – деді.

Кеңес адамдарының күші фашизмді жеңіп шықты. Бірақ бұл Жеңіс те Кеңес адамдары үшін өте қымбатқа түсті. Бір ғана дерекке сүйенсек, тек қана 1923 жылы туған Кеңес жауынгерлерінің 80 пайызы бұл соғыста Жеңіске жете алмай қаза тауып кеткен. Олар соғыс басталған 1941 жылы енді ғана он сегіз жасқа толып тұрған өрімдей жастар болатын.

Соғыстан қайтқан қазақ жауынгерінің алдында күтіп жатқан колхозының не деп аталатындығы да, оның қандай нөмірленген ауылдық Кеңеске қарайтындығы да дәл қазір маңызды емес еді. Ондай колхоздар мен ауылдық Кеңестер сол кезгі Қазақстанда мың сан болған шығар. Тек бәрінен де маңыздысы – оның Қазақстанның қай тарабына қарай бағыт алған солдат болса да, өзінің туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстағы оқ-дәрінің иісінен кейін өзінің туған елінің түтінінің иісін сағынып келе жатқандығы анық.

***
Әкемнің атына жазылған мына бір анықтама құжатта «1943 жылы армияға кетіп 1944 жылы келген» деген жолдар бар. Әкемнің қызмет орнындағы жеке іс парағындағы жазулардың басы да «1943 жылдың наурызынан 1944 жылдың тамыз айына дейін Ленинград майданының солдаты» деген жазумен басталатын.

Сонан соң Энгельс совхозының байланыс бөлімшесі басшысы болғанға дейін Жданов колхозының басқарма хатшысы болып істегендігі, сонан соң Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрмановтың бұйрығымен Жданов атындағы мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі болып тағайындалғандығы, сонан соң Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Әбиевтің бұйрығымен Аранды ауылдық Кеңесіне қарасты оқу үйінің меңгерушілігі қызметіне тағайындалғандығы, сонан соң Аранды ауылдық Кеңесі атқару комитетінің сессиясының шешімімен Аранды Кеңесінің хатшылығы қызметіне сайланғандығы, сонан соң Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Қоспановтың бұйрығымен Аранды ауылдық Кеңесіне қарасты М.Горький колхозының кітапхана үйінің меңгерушілігі қызметіне тағайындалғандығы жөнінде жазулар түскен. Ал мына аталмыш құжаттың сол жақ шекесінде №11 Сартөбе ауылдық Кеңесі атқару комитетінің мөртаңбасы басылған. Сірә, әкем осы ауылдық Кеңеске қарасты мектепте мұғалім болып істесе керек. Ал әкеме оқушы күнінде берілген Ильич көсем мен Иосиф көсемнің суреті қатарласа басылған Мақтау грамотасының бетінде «Қызылорда облысының Қазалы ауданы №9 Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебінің жетінші класс оқушысы Қожахметов Қолғанатқа өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін берілді. Мектеп меңгерушісі З.Асанова 1942 жыл» деген жазу бар еді. Ал мына Сартөбе ауылдық Кеңесі атқару комитетінің берген анықтама құжатында: «Бұл азамат Қазалы ауданы №9 Аранды аул қамтуында. 1925 жылы туған. 1943 жылы армияға кетіп 1944 жылы келген. Қазіргі тұрған жері №11 а/с «Социализм» колхозында мұғалім болып істейді. Сондықтан осының дұрыстығына №11 «Сартөбе» а/совет Председателі Ізбақышев Секретарь Өтепов» деп қол қойса, келесі анықтама құжатта әкемді «1925 жылы №9 Аранды аулсоветіне қарасты Жданов атындағы колхозда туған. 1943 жылы армия қатарына алынып 1944 жылы август айында келді. 1944 жылдан бастап 1947 жылға дейін мұғалім болып істеді. Қазіргі уақытта №9 Аранды аулсоветіндегі оқу үйінің бастығы болып істеп келеді. Сондықтан осының дұрыстығына №9 Аранды а/с Председателі Баймаханов Секретары Әбдіхалықов» деп қол қойған. Бұлар 50-жылға дейін толтырылған құжаттар болса, 1950 жылы жазылған мына құжаттың бетінде «Мен Сағымбаев Әли 1943 жылдан бері партия мүшесімін. Партия билетім №5232589. Қызмет орным Жданов атындағы колхоздың председателі болып істеймін. Жолдас Қожахметов Қолғанатты 1933 жылдан бері білемін. Мен білерден бері бөтен бұзық мінезі болған жоқ. Қазіргі уақытта №9 Аранды аулсоветі жанындағы оқу үйінің меңгерушісі болып міндетті қызметін атқарып келеді. 1944 жылдан бастап осы уақытқа дейін комсомол қатарында тәрбиеленіп келеді. Сондықтан өзіне міндеттелінген қызметіне жауапты кірісіп істегендіктен келешекте партияға мүше тұруына сеніп партияның кандидаттығына ұсынамын. А. Сағымбаев» деп қол қойса, Сағымбаевтың қолынан кейін «Рекомендация беруші партия мүшесі жолдас Сағымбаевтың қойған қолын Жданов атындағы к/з жанындағы бастауыш партия ұйым секретары Келмағанбетов» деп тағы да қол қойылған.

Анам да осы Жданов колхозында туылған. Екеуінің неке туралы куәлігінде екеуінің де туған жерлері Жданов колхозы, некенің тіркелген орны Максим Горький колхозы деп көрсетеді. Олардың 1948 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлдары Қожахметов Сәбит Қолғанатұлының туу туралы куәлігінде баланың туған күні 5 январь, туған жері Жданов колхозы, тіркелген жері Максим Горький колхозы десе, 1950 жылы дүниеге келген екінші ұлдары Қожахметов Кеңес Қолғанатұлының туу туралы куәлігінде баланың туған күні 6 март, туған жері Максим Горький колхозы, тіркелген жері Максим Горький колхозы деп көрсетеді. Бұлар – әке-шешемнің тұңғыш перзенттері. Олар кішкене күнінде дүниеден өтіп кеткен. Олардың тек бөлек-бөлек түсіріліп алып үлкейтіліп алынған күлімсіреп түскен сүйкімді сәби фотосуреттері мен дүниеге келгендігін айғақтайтын құжаттары қалған. Ал мына құжат 1944 жылдың 9 наурызынан кейін толтырылған. Жарақат жөніндегі бұл анықтама құжатта әкемнің 1944 жылдың 9 наурызы күні кеңестік Отан үшін шайқаста жарақат алды деп жазылған. Құжатқа санитарлық қызметтің бастығы қол қойған. Ал мына құжат әкемді әскер қатарынан босату жөнінде толтырылған құжат. Құжаттың жоғары бөлігінде Ленинград қаласы көрсетіліп тұр. Құжаттың төменгі бөлігінде №268 әскери эвакуациялық госпитальдің дөңгелек мөрі басылған. Деректерге қарағанда, 1941 жылдың 8 қыркүйегінен бері созылып келе жатқан Ленинград қаласының жау қоршауы 1943 жылдың 18 қаңтарында бұзылған. Ал қаланың өзі жау қоршауынан толықтай 1944 жылдың 27 қаңтарында азат етілді. Деректерге сүйенсек, сонан соң 1944 жылдың тамызына дейін созылған Ленинград шайқасының нәтижесінде Ленинград облысы да тегіс жаудан азат етілген. Сол кезде соғыс болып өртеніп жатқан жерден шығып келе жатқан әкем де жоғарыдағы әңгімедегі кейіпкер солдат секілді ол да өзінің туған колхозын сағынып келе жатқан шығар деп ойлаймын. Бұл әңгіме әкемнің рухына арналады.

1977 жылдың 8 желтоқсанында елу екі жасында дүниеден өткен әкеме 1975 жылы жазылған Қазалы аудандық партия комитетінің құттықтауында: «Сіз Ұлы Отан соғысы майданында ел сенімін ақтай білдіңіз, жауға қарсы тайсалмай шайқастыңыз, сөйтіп Жеңіс күнін жақындатуға лайықты үлесіңізді қостыңыз. Сіздің өміріңіз мағыналы да мәнді өмір, жас ұрпаққа үлгі-өнеге» деген жолдар бар. Бұл сол кезгі, 1975 жылғы көзі тірі қазалылық ҰОС-на қатысушыларға ортақ мәтін екені түсінікті. Оларға арналған бұл мәтінде бір елеулі ұғым бар. Ол «Жеңіс күнін жақындатуға лайықты үлесіңізді қостыңыз» деген сөз. Ендеше, жоғарыдағы:

Асыл ана, оралмадық бәріміз,
Көк шалғында сайрандармыз әлі біз!
Европаны шарлап шығып көп айда, –
Осы күнді жақындаттық қалайда.

Мынау Жеңіc күні оққа шыдатқан,
Бұл мереке шаш ағарған сынақтан,
Бұл қуаныш шаттандырып, жылатқан,

– деген «Жеңіс күні» әнінің сөздерінде (белгілі «День Победы» әні) тек орыстың ұлдарының ғана емес, қазақтың ұлдарының да тағдыр-тәлейлері қоса өріліп жатыр.

Он сегізде болып олар ең кемі,
Одан да жас, емес соғыс ертегі.
Енді олардың құжаттары сарғайған
Ұрпағына тағдырдан сыр шертеді.

Жалғасты ұрпақ, өседі ұлан, ұлыңды ұқ,
Олардан да дәстүрге сай ұғым күт.
Ұрпақтары жауынгердің кешегі
Өзіңді де күзетіп тұр бүгін нық.

Өтті зұлмат, уақыт алға көшеді,
Болашақтың самалы алдан еседі.
Жалғанады шөбере боп, шөпшек боп
Ұрпақтары жауынгердің кешегі.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Ғабиден Қожахмет Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Ғабиден Қожахмет Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Ғабиден Қожахмет Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызы, Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер