Әңгіме: Сайын Мұратбеков | Ескек жел

Әңгіме:  Сайын Мұратбеков | Ескек жел казакша Әңгіме:  Сайын Мұратбеков | Ескек жел на казахском языке


Тұқым сақталатын тас қойманың алдында ала қыстай көк ВИМ селкілдейді де тұрады. Бес-алты әйел ертеден кешке дейін көктемде себілетін тұқымдық астықты тазалайды. Жұмысы ауыр да емес, жеңіл де емес. Трактор шанамен басқа қоймадан әкелінген қызылды екі әйел ВИМ-ге бір шетінен шелектеп құйып тұрады да, екінші жақтан сұрыпталып шыққан таза тұқымды қалған үшеуі қаптап ішке апарып төгеді. Әбден шегедей болып кепкен тұқымнан шикіл дәннің иісі, ал бұрқылдап ұшқан ескірген шаңнан тышқанның иісі аңқиды. Әйелдер бет-ауыздарын тұмшалап орап алған. Бірақ сонда да орамалдарын шешкенде шаңнан көздері ғана жылтырап, сөйлеп, күлгендерінде аппақ тістері ғана жарқырайды. Кірпіктерінде кіреукелеп шаң қырауы тұрады.

Осы әйелдердің ортасында еркек кіндіктен жаман Жанбай ғана жүреді. Ол — қоймашы, жасы қырықтар шамасында, қалың сырмалы күпәйке-шалбар киіп жүретін тайпақ адам. Қолында бір уыс кілті бар — колхоздағы қойма атаулының кілттері. Қалтасына сыймайды да, үнемі қолына ұстап жүреді. Осы кілттер үшін әйелдерден көрмейтін қорлығы да жоқ. Өзі де тиыш жүрмейді, осы ауылға күйеу болып келеді де, әлгі келіншектердің бәрімен жездемсіп ойнап, қылжақтап тиісіп алады. Тілімен шағып, мықындарына қол жүгіртіп түртпектеп жүргені. Жаман Жанбай атануы да сол мінезінен. Сонысына қарай әйелдердің де кейде бұған бас салып жабылып істемейтіндері жоқ. Қойманың ішіне кіргізіп, сырт киімдерін сыпырып ап, өзін байлап бидайға көміп тастайды, болмаса қолындағы кілттерін тартып aп, тамаққа барарларында мұны ішке қамап кетеді. Я, кілттерін тығып қойып зар қақсатады. Әйтеуір өздерімен-өздері, ойын-күлкілері басылмайтын топ. Тұқым да тазаланады, әзіл-оспақ та толастамайды. Таңның атуы, күннің батуы — күндегі тірліктері сол...

Бүгін де жаман Жанбай таңертеңнен келе тиіскен. Үйінен көңілді шықса керек, танауы делдиіп, көзін жылтыңдатып:

— Әй, қатындар, анау әпкелеріңнің мәшпірті бітті, ал енді маған қайсың тиесіңдер? — деген.— Сен тиесің бе, Бағила? Жоқ әлде сен тиесің бе, Жамал? Өй, байларыңды тастаңдар...

— Ойбу, мына жаманның дәмесін қарай гөр.

— Әй, өйтіп көкісең әпкемізді тартып алып, қаңғыртып жіберерміз.

— Тартып алмай-ақ берейін. Тек қайсың маған тиесіңдер, кәне? Е, айтпақшы мына Рысжанның басы бос-ау! Осы сен жарайсың маған, Рысжан,— деп, қой көз ақ сары келіншектің мықынынан түрткен.

Рысжан қапталған таза тұқымды ішке сүйреп төгіп жүреді. Қатты қимылдап сәл ентігіп, өңі нарттай боп қызара тершіп құтырынып тұрған, Жанбай мықынынан түрткен кезде бейқам тұрған келіншек сықылықтай күліп ыршып түсті. Онан соң қолындағы қапты тастай бере:

— Өй, мына жаман қайтеді, ей?! — деп Жанбайды тарпа бас салды. Жанбайдың еркексіп, қолын шошаңдатып нұқылап шым шылағанына қарамастан ішке қарай дырылдатып сүйрей жөнелді. Өзі ізденіп тұрған шымыр денелі күші тасыған келіншек үшін шау тартқан тайпақ тіпті қауқар көрінетін емес. Оған және әлгіндегі екі келіншек Бағила мен Жамал да қосыла кеткен. Ілезде Жанбайды ішке кіргізіп, шаң-шұң айқай-шумен үшеулеп жүріп ортаға ап, алыса-жұлыса бидайдың үстіне алып соқты да, аяқ-қолын артына қайырып, қаптың аузындағы жіңішке жіптермен мықтап байлап тастады. Онан соң:

— Осыны белін алдырған кәрі азбанша құтыртпай тұқыммен көміп тастайықшы өзін,— десіп белуарына дейін бастырып бидай төкті.

Жанбай да тілін тартпайды, шағып жатыр.

— Шіркін-ай, мына Рысжанның мықыны-ай! Қолға түсірер күн болар ма, жоқ па, дариға-ай! — дейді.

— Әй, Жаман, енді тыныш жат, әйтпесе басыңды да көміп тастаймын тұншықтырып.

— Оу, сен көмсең арман бар ма менде. Бірақ анау, әпкелерің байсыз қалады ғой, сорлап.

— Әй, сендей байдың барынан жоғы.

— Қолың жетпеген соң айтасың да.

— Қап, мынаны-ай, а!.. Тілін тарта ма, жоқ па?

— Тартпаймын.

— Жат ендеше солай...

Мұнан әрі басқа келіншектер де, Рысжан да Жанбайдың сөзіне құлақ салған жоқ. Ал Жанбай болса тілінің бар уын төгіп сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Ақыры өзінің де жағы талған сияқты. Оның үстіне қатты тартылған жіңішке жіп те білегін қиып ауыртайын деді. Жата беруден де жалықты. Енді ол белгілі әуеніне көшіп жалына бастады. Ал жалынған кездегі сөздері әйел жүрегі түгілі қара тасты ерітердей болады-ау. «Әке-көке», «айым-күнім», «өмір бойы бақытың ортаймасын. Жамандық жоламасын маңайыңа. Қадамыңа гүл өссін». Бірақ қаншама игі тілек, жақсы сөздерін үйіп-төгіп жалынса да, Рысжан оның аяқ-қолын босата қоймаған.

— Жаман неме, сөзіңде пәтуа жоқ. Кешке дейін жатасың естіп,— деген.

— Рысжан-ау, айналып кетейін, күнім-ау, бастықтар кеп қалса ұят қой...

— Мейлі, келе берсін. Көрсін...

Осы кезде сырттан келіншектердің бірі жүгіріп кірді.

— Әй, Рысжан, сенің Төлебің келе жатыр,— деді.

— Қайдағы менің Төлебім, кетші әрі.

— Осында келе жатыр деймін.

— Е, келе берсін.

Рысжанның даусы бір түрлі солғын шықты. Бүкіл өне бойы қалтырап, ұйығындай боп кетті. Ілезде қол-аяғы зіл батпан боп ауырлап, әзер қозғалады. «Онда ұят жоқ, ол осында кіруден де тайынбайды»,— деп ойлады.

— Ойбу, мен құрыдым-ау енді. Рысжан, айналайын, босатшы! — деп зар қақты Жанбай да.

— Босатпаймын дедім ғой, босатпаймын. Сол Төлеп кеп шешсін,— деді Рысжан міз бақпастан.

Сырттан дабыр-дұбыр сөз келді. Төлептің даусы жетті, әйелдермен сөйлесіп тұр. Рысжан тұқымды қойманың іргесіне қарай ысырған боп, сыртқа шықпай қойды. «Мұнда кірер ме екен, жоқ па екен?..» Тұқымды бұрқылдата көскен Рысжан қойманың іші шаңдатып жіберген. Бидайдың ішінде кермегі бар екен, шаңмен араласып кеңсірігін ашыта тамағын қырнап кетті. Пысқырынып одан түшкіріне бастаған. Дәл осы кезде ту сыртынан:

— Өй, мынаның іші не боп кеткен? — деген Төлептің даусы шықты.— Әлгі Жанбай қайда?

— Әне, жатыр ғой.

— Рысжанбысың? Сәлемет пе?

— Жақсы,— деді Рысжан немқұрайды үнмен. Өзі ішінен: «Ұялмай амандасады ей, тағы»,— деп қойды.

Төлеп қараңғыда еңкейіп барып, Жанбайдың қол-аяғын шеше бастады.

— Бәрі жабылып,— деп қояды Жанбай мүләйім үнмен.

— Өзіңе де обал жоқ, тиіспесең жүре алмайсың ғой. Осындай жұмысты саған сеніп тапсырып жүрген...

Төлептің даусы дүрілдей шықты. Әрине, оның Жанбайға бұлай зіркілдеп, зекуге әбден қақы бар. Өйткені ол — агроном. Осы тұқымның сапалы тазалануына тікелей жауапты адам.

— Жүр, анау кеңсеңе. Ақпарларыңды көрсет!

Жанбай қойны-қоншына, қалталарына толған бидайларды қаққыштап, мойнына су кеткендей сөлбірейіп есікке беттеді. Түрі сонша аянышты, мүсәпір күйде еді. Рысжан шыдай алмады, мырс етіп күліп жіберді.

— Аясаңшы байқұсты,— деді онан соң Төлепке.

Төлеп кете қоймай сипақтап тұрып алған. Рысжан екілене құлшынып, тұқымды іргеге қарай күреуге қайта кірісіп кетті. «Неге кетпейді, ей? Енді неғып түр өзі! Мені сынайын деп тұр ма?»

— Рысжан, кешкісін үйге келем.

— Неменеге? — деді кілт тоқтаған Рысжан жұлып алғандай.— Қызықсың ғой өзің...— деді күңкілдеп.

Ішке қап сүйретіп басқа келіншек кіріп қалды да, Төлеп бұрылып шығып кетті.

Қалай болған күнде де Төлеп бұл келісімен жарасы жазыла бастаған Рысжанның жүрегін ауыртып кеткен еді. «Қызық қой өзі? Ендігі жерде менде несі бар? Үйге неменеге келмек?..»

— Әлгің неғып жүр? Бірдеңе дей ме? — деген Жамал.

— Жанбайға келгені де. Мендегі шаруасы қанша енді,— дей салды Рысжан күле сөйлеп.

— Өзің тіпті көңілдісің ғой.

— Е, көңілді болмағанда жылар дейсің бе? Жылап болдым ғой енді.

— Әй, қыз, бері қарашы,— деді кенет Жамал сыбырлап,— бүгін түсте біздің үйден шай ішейік, бір әңгімем бар сенімен.

— О не әңгіме?

— Барған соң айтам ғой.

— Әжем мен Қаншайымды қайтемін! Мен барып шай қайнатып бермесем екеуі де аш отырады ғой.

— Е, жолдан кіріп әжеңе шайын қайнатып, алдына жасап беріп кетсек болды емес пе?

— Мақұл.

Түс кезінде әйелдер тамаққа шықты. Жайма-шуақ күн. Қар сылпылдап еріп жатыр. Көктемнің иісі келетін сияқты. Рысжан, Жамал екеуі ең әуелі Рысжанның үйіне соғып, әжесі мен үш жасар қызы Қаншайымға шай қайнатып, алдарына үстелге жасап берді де, онан соң Жамалдың үйіне келді. Жамалдың енесі тамақ әзірлеп күтініп отыр екен. Рысжанды бір түрлі жылы шыраймен қарсы алды. Түпкі бөлмеден қияқтай мұрты бар жұқалтаң сары жігіт шыға келген.

— Сәлеметсіздер ме! — деп жалпылдай амандасты.

Рысжанның байқағаны «з» мен «с» әріптерін тілін шайнап ысылдатып айтады екен. «Ой, алла-ай, шашы жирен, мұрты мен қасы қап-қара, қызық екен»,— деп және ойлаған, күлкісі келген. Келіншектің сол ойын сезді ме, әлде тесіле қараған ойнақы көзден қысылды ма, жігіт ыңғайсызданып мұртын жұлғыштай берді.

— Менің қайным,— деп Жамал оны таныстырып жатыр.

Рысжанның бүйірі бүлк ете қалды. «Е, айтпақ болған сөзің, дәу де болса осымен таныстыру ғой»,— деп түйген. «Несі бар, танысайық ендеше»,— деп, қыз күніндегідей көзін аударып, төңкеріп жігітке бастан-аяқ шұқшиып қадала қарай түсті. Жігіт жүзі өрттей қызарып, тершіп қоя берді. «Ойбу, байғұс-ай, нағыз ұялшақ, әлжуаздың өзі екенсің ғой». Рысжан өзінен-өзі шиыршық атып шамадан тыс көңілденіп, еркінсіп кетті. Төлепте кеткен өшін осы жігіттен алғысы келгендей.

— Танысқаныма қуаныштымын,— деді қолын ұсынып.— Бойдақ боларсыз?

— Иә,— деді жігіт онан әрмен қызарып.

— Мен де бойдақпын...

— Әй, қыз, қайнымды ұялтпасаңшы,— деп осы тұста Жамал кеп киіп кетті.

Тамақ үстінде жігіт береке тауып отыра алмады. Рысжанның жалт-жұлт етіп күлкі шашқан көзінен қаймығып, мүлдем абдырап бүрісті де қалды. Жамал әкеп үш рюмкаға арақ құйды.

— Әй, қыз, кел, танысқандарың үшін алып қоялық,— деді.

— Қайным-ау, жігіт құсап көтертсеңші бізге.

Рысжан қылымсып тартынған жоқ. Рюмкесін соғыстырды да жігіттен бұрын қылқ еткізіп қағып салды. Бұрын ішпеген заты еді, өңешін өртеп жібергендей болды. «Фу! Не деген жаман еді».

— Ал, енді мына кісінің есімі кім болады? — деп сұраған.

— Есімім Селебезі,— деді жігіттің өзі.

— Қалай? Қалай? — деген, еріксіз күліп жіберген Рысжан.

— Аты — Селебезі, сондай тау бар екен ғой, сол жерде туғанда қойыпты,— деді Жамал қайнысына ара түсіп.

— Ой, аллай, қазақтың да қоймайтын аты жоқ-ау. Хи-хи, хи-ха,— деп Рысжан көзінен жас аққанша күлді.

Сол күні Рысжан өзінен-өзі не болса соған жырқылдаумен болды. «Әй, бүгін жылайтын шығармын» деп ойлаған.

Кешкісін әжесі мен қызының тамағын күндегіден ертерек беріп төсектерін салып жатқызды да, өзі ауыз үйге шығып, сыртқы есіктің көзінде тұрды. Ымырт үйіріліп, қас қарайған кез. Бірлі-жарым бейсауат жүрістер басылып, ел орынға отырған. Клуб жақтан ызыңдаған ән бе, күй ме, бірдеңе естіледі, Нендей әуен екенін танып болмайды, талып қана жетеді.

Күткендей-ақ Төлеп үйдің қора жақ тасасынан шыға келді. Дәл біреу өкшелей қуып келе жатқандай емпелеңдей басып кеп, есік көзіндегі Рысжанмен маңдай соғыстырып қала жаздады. Күтуін күткенмен қапелімде Рысжанның өзі де сасып қалған. Ішке қарай шегініп кетті де: «Бері, бері» деп қараңғы бұрышқа қарай тартып, сықылықтап күле берді.

— Біреу-міреу көріп қалған жоқ па? — деді ентіге сыбырлап.

— Жоқ.

— Әйеліңе не деп кеттің?

— Кеңседе болам дедім.

— Опасыз, мені де бір кезде сөйдеп талай алдадың-ау, ә.

— Қойшы сондай сөзді. Сені еш уақытта алдаған емеспін.

— Иә... белгілісің ғой. Бері тұр, мен жеп қоймаймын сені,— деп Төлепті өзіне қарай тарта түсті.

— Түу, сен де...— деп Төлеп күліп жіберген.

— Е, немене енді, өзің тіленіп келіп алып, менен бір шақырым қашқақтап тұрсың. Мен шақырғам жоқ, өзің келдің ғой. Тек құшақтама!

— Түу, енді қайт дейсің! Қайтсем жағам!

— Маған жағынбай-ақ қой. Осылай, жақын, жанымда тыныш тұрсаң болғаны.

Төлеп қалтасынан темекі алып шылым тұтатты да, қараңғыда құшырлана сорды. Қалың қабағы, дөңес мұрны, қалың ұрты шылым шоғының қызыл қошқыл жарығында темірден соғылғандай боп көрінді. Рысжанның көкейінен жатса, тұрса шықпайтын оның осы кескіні ғой. Енді сәл үнсіз тұрса өзінің оны бас салып, солқылдап жылап жіберетінін сезген келіншек зорлана күлген болды да:

— Түрің құрсын! — деді мұқатқандай үнмен.— Не боп кеткенсің сонша, мұрның қоңқайып, ұртың суалып. Әлде жас әйелің күндіз-түні отын-суға салып қоя ма?

Төлеп үндеген жоқ, мойындағандай кескіні мұңайып, шылымын сора берді. Екі иығына екі кісі мінгендей кеуделі зор денесі шөгіп, кішірейіп қалған сияқты. Шылым ұстаған саусағы да дірілдейді.

— Неменеге келдің, ей? — деді Рысжан тағы да күле сөйлеп.

— Жай, сағындым да келгім келді саған.

— Қойшы, ей?!

— Рас, соңғы кездерде түсімнен шықпай қойдың. Сен маған өкпелі шығарсың!

— Несін өкпелеймін. Өкпелегенде не бітірем. Шауып алармын дейсің бе сені.

— Шының ба. Рысжан.

— Шыным.

Төлеп ауыр күрсінді де, қолындағы шылымының тұқылын ашық тұрған есіктен сыртқа қарай лақтырып жіберді. Кіп-кішкентай қызыл шоқ көпке дейін қызамықтанып жатып алды.

— Алар жазаңды түгел алдың ғой, енді саған неменесін жамандық тілей берейін. Қайда жүрсең аман бол деймін.

— Рысжан... Рысжан...

Даусы дірілдей бұзылған Төлеп мұнан әрі сөйлей алмай тығылып тұрып қалды. Рысжан да ләм деген жоқ. Сөйлер болсам жылап жіберермін деп қорықты. Есік алдынан біреулер дабыр-дұбыр сөйлесіп өтті. «Өй, есіктерін ашық қалдырыпты ғой!» — деп біреуі сөйлей кеп, есікті жауып кетті. Ауыз бөлменің іші енді мүлдем тас қараңғы еді. Ішкі бөлмеден үш жасар кішкентай Қаншайым жылады. Оны кәрі әжесі жұбата бастады. Қырылдаған кәрі дауыс ескі бір әуепге салды.

Сәлден соң Қаншайымның жылағаны басылған, бірақ кәрі әже әуенін тоқтатқан жоқ.

— Қаншайым, қалай мені сағынбай ма? — деп сұрады Төлеп сыбырлап.

— Әлі кішкентай ғой, әзірге ол нені білер дейсің. Түу, тіпті қараңғы боп кетті ғой,— деп барып Рысжан сыртқы есікті қайта ашып қойды.— Әңгіме айтсаңшы?

— Не айтам.

— Әйеліңмен қалай тұрып жатырсың?

— Тұрып жатырмыз, әйтеуір... бірде олай, бірде бұлай...

— Тек әйеліңді маған жамандай көрмеші, Төлеп. Саған жараспайтын мінез.

Осы кезде түпкі бөлменің есігі ашылды да, шапан жамылған, құлағы естімейтін, көзі көрмейтін қарт әже сыртқа шыға бастады. Қолымен сипаланып босағада тұрып алды.

— Әй, Рысжан! Қайдасың?

— Мен мұндамын, әже.

— Далаға шығар мені.

Рысжан әжесін қолтығынан демеп сыртқа беттеді. Төлепке ымдай сыбырлап:

— Бар, әне, қызыңды көр,— деді.

— Әй, Рысжан, осы үйден темекінің иісі шыға ма? Біреу бар ма?

— Ей-и, әже-ай... кім келуші еді, мұнда. Әлгі жаман Жанбай бағана күпәйкемнің қалтасына темекісін салып еді, содан қалған иіс шығар,— деді Рысжан құлағына дауыстай сөйлеп.

— Е, оның сендегі шаруасы қанша?

— Осы ауылға күйеумін деп бәрімізбен ойнайды емес пе?

— Өй, сүйретілген неме. Ойыншылын өзінің. Есіректетпеңдер әрі, бастарыңа шығып алады. Үйбай, аяғым. Әлгі Қаншайымды әлдилеймін деп қара жамбасым ұйып қапты ғой.

Рысжан әжесін далаға шығарып, одан үйге қайта кіргізді. Төлеп те Қаншайымның бетінен сүйіп, әлгіндегі орнына кеп қайта тұрған.

— Әй, Рысжан, таңдайымның кеберсіп тұрғаны, шай қоя салшы отқа.

— Жарайды, әже.

Рысжан ас бөлмеге кіріп сөне бастаған отты көсеп-көсеп жіберіп қайта тұтатты да, шай қойды.

— Бері, үйге кіріп отырсаңшы,— деді онан соң Төлепке.

Төлеп именшектей басып, ас бөлмеге кірді де, сырт киімін шешініп орындыққа отырды. Бәрі сол осыдан алты ай бұрын өзі кеткендегі күйінде, еш өзгеріс жоқ. Терезе алдында кішкентай шұңғыл ыдысқа су құйып Қаншайым өсіріп қойған көк пияз да сол күйінде. Рысжан бұрынғысынан гөрі таралған сияқты. Қол-аяғы жұп-жұмыр, кескіні шамның жарығында алабұртып Төлепке күле қарайды. Сол бұрынғы кейіп, бүған деген сол көңіл қалтқысыз сақталған сияқты.

— Мен бүгін арақ іштім,— деді кенет Рысжан,— әлгі Жамалдың бір қатыны өлген бойдақ қайнысы келген екен, сонымен таныстырам деп үйіне ертіп апарған.

— Қандай жігіт екен?

— Әйтеуір «сіз», «біз» деп сызылған біреу, үзіліп тұр. Қасы мен мұртын бояп алған сияқты қап-қара, ал шашы сәл жирендеу. Төлеп, соған тиіп алсам қайтеді! Қолымызға кіріп тұратын түрі бар.

— Онда ажалың менен.

— Немене, қызғанасың ба?

Төлеп үндеген жоқ, оған тесірейе қарап қатты да қалды.

— Әй, Төлеп... Әй, Төлеп, айтып ем ғой, менен артық ешкімді таппайсың деп.

Отқа қойған шәугім божылдап қайнай бастады. Рысжан буындары сытырлай жүріп шай шығарды.

— Кел, шәйға отыр.

Екеуі де үнсіз отырып, бір-бірінен көз айырмастан бір-бір шыныдан шай ішті.

— Қой, енді мені қайтесің? Осы тастанды күйімде қала берейін де,— деді Рысжан.

Тұнжырап ойға батқан Төлеп басын шайқады. Ауыр бір күрсінді.

— Сен кешірер ме едің мені.

— Мен кешірермін-ау, жаным, бірақ... ойбай, бала құсадық-ау екеуміз де. Міне, мынаны қарашы,— деп Рысжан шай қасықпен алдындағы кесесін тық еткізген, кесенің ернеуі опырылып түсті.— Ендігі екеуміздің өміріміз осы ғой, Төлеп.

— Қызықсың өзің де, кесені сындырмай айтуыңа болмады ма?

— Сен қашан менің ауыз екі айтқаныма құлақ салып ең? Құлақ салсаң өсітер ме едің. Қай ән еді, әлгі бір ән бар еді ғой? «Кей мінезді алмадың сен кешіре, қоштас күліп,қамығасың несіне» деуші ме еді? Сол айтқандай бір-бірімізге кешірімді бола алмаған шығармыз. Енді оны несіне қоқсыта береміз, осы татуласқан күйімізде қала берейік те. Менің де маңдайыма жазылған біреу бар шығар. Тесік моншақ жерде қала ма.

Төлеп басын тұқыртып төмен қарап кетті. Сәлден кейін Рысжанға көз салмаған күйде киінді де сыртқа шықты. Рысжан көзі жасқа толған күйі отыра берді. «Тоқта, қайт кейін!» — деп дауыстап қала жаздап өзін-өзі әрең іріккен.

— Әй, Рысжан! Рысжан! — деді әжесі дауыстап.

— О не, әже?

— Біреу келді ме осы үйге?

— Ей-и, әже-ай, кім келуші ед, ешкім де келген жоқ. Жүр, шайіңді іш.

Әжесінің шөлі қанғанша қаймақ қатып қою шайдан құйып беріп отырды. Өзі елеңдеп қайта келер деп Төлепті күткен. Сырттан дыбыс болмады. Ақыры әжесін жатқызды да, жылы киініп алып тысқа шықты.

Есік алдында төңірекке құлақ тігіп елеңдеп тағы біраз тұрды. «Кете қоймаған шығар, осы маңда сенделіп жүрген шығар» — деп ойлады. Басқа білмесе де, Төлепті бұл біледі ғой, қапаланғанда есік алдына шығып, қашан ашуы тарқағанша, көңілі сабасына түскенше өзімен-өзі боп, жүріп алатын әдеті бар еді. Бүгін де Рысжанның әлгі қылығына сәл ренжіп, уақытша ғана сыртқа шығып кеткендей көрінген.

Бірақ Төлеп қайтып оралмады. «Кетпесе керек еді ғой. Қайтып оралуы тиіс еді ғой...» Күдер үзбеген көңіл қайта тұтанып тағат таппай шыркөбелек айналды. «Қызық па, ей, өзі, мұнысы несі...»

Рысжан тонының түймесін бір ағытып, бір түймеленіп, асыға басып ауылдың екінші шетіне тартты. Ештеңені ойлануға да, алды-артына қарауға да мұршасы болған жоқ. Біреу сүйрелегендей дедектей жөнелді.

Сол асыққан күйде Төлептің үйінің іргесіне кеп бірақ тоқтады. Онан соң аяғын ұшынан басып кеп, шам жанып тұрған терезеден сығалаған. Төлептің әйелі терезеге қырын қарап, оқушылардың дәптерін тексеріп отыр екен. Дәл мектептегісіндей төбесіне қоқырайтып алған шашын да бұзбапты. Түнде шашы бұзылмау үшін жастықты арқасына сүйеп орындықта отырып ұйықтайды екен дегенді естіген. Өңі жұқалтаң, тым жас көрінеді. «Мұндай адамның мінезі шадыр келеді»,— деп ойлады Рысжан. Төлеп көрінбейді. «Е бәсе келмеген ғой,— деп қуанып қалды.— Ол қайда жүр екен?» Аяғын ұшынан басқан күйде екінші терезеге барған, демін ішіне тартып сілейіп тұрды да қалды. Төлеп іргедегі диванда киімшең қалпымен теріс қарап жатыр екен. Зор денесі төрт бүктеліп бүрісіпті де қапты. Рысжанның жаны ашып кетті оған: «Жаным-ай бұл жатысың не?» — деп терезені қаға жаздап, әрең тоқтады. Көз алмай телміре қарап біраз тұрды. Төлеп қозғалар емес.

Ептеп басып, бұрылып, Рысжан кері қайтқан. Асықпай жай жүрді. Дала тым-тырыс екен. Қоңыр салқын самал ғана үрлеп тұр. Ескек жел сияқты дымқыл жылылық бар лебінде. Көшедегі көлкіген қар суы да қатпапты, аяқ асты күндізгідей сылпылдап жатыр. Бірлі-жарым терезелерден көрінген от болмаса ауыл тым-тырыс ұйқыда. «Көктем де таяу»,— деп ойлады Рысжан, онан соң көктемге салым өзінің ылғи да бір қуанышқа кезігетінін есіне алды. Осы уақытқа дейін қуаныш атаулы бұған тек көктемде кезіккен екен. Жар сүйсе көктемде сүйіпті, сәбиі көктемде туыпты... айтпақшы, анау жылы бірінші рет Алматыға көктемде барып араламап па еді. Биылғы көктемде қандай қуаныш күтіп тұр екен? Жо, биылғы көктемде мұны күтер пәлендей қуаныш бола қоймас. Ендігі жерде мұны жібітер не қуаныш қалды дейсің? Рас та. Рысжан түнгі аспанға қарады, жұлдыздардың көптігіне таң қалды. Жыпыр-жыпыр етіп күн өткен сайын көбейе беретін сияқты. Есіне осыдан біраз күн бұрын естіген бір әннің сөздері оралды: осынша көп жұлдыз, осынша көп жарқыл, осынша кең аспан — бәрі-бәрі бір менің үлесім болғаны ма... дейді. Сол ән Рысжанға қатты ұнаған еді. Шынында да осының бәрі бір адамның үлесіне тисе. Oho... Ал Рысжанға салса осының бәрін бір Төлептің жолына берер еді-ау!Осынша кең аспан, осынша көп жұлдыз!.. Көктем де таяу. Тегінде, көктемге қарай қуаныш деген көп болады.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Сайын Мұратбеков Ескек жел туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сайын Мұратбеков Ескек жел на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Сайын Мұратбеков Ескек жел туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Сайын Мұратбеков Ескек жел на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интересные рас, Әңгіме: Сайын Мұратбеков | Ескек жел ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер