Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Тортай шалдың есегі

Әңгіме:  Шерхан Мұртаза | Тортай шалдың есегі казакша Әңгіме:  Шерхан Мұртаза | Тортай шалдың есегі на казахском языке


«Басқа бәле тілден» деген рас екен. Кейін жаны мұрнының ұшына келгенде Тортай шал:

— Е, Құдай, маған тіл беріп қасқайтып қойғанша, неге мылқау қылып жаратпадың?! — деп жылаған көрінеді.

* * *

Шілденің ыстығына соғыстың от-жалынының қызуы қосыла ма екен, әйтеуір сол жаз қазан қайнатар ыстық болды.

Алапат аптапқа шыдай алмай ерні тілім-тілім жарылып, қанталап кеткен Тортай шал реңі қызыл шырайлы, негізі сары кісі еді. Сондықтан да аузын орамалмен таңып жүреді.

Тортай шал молотилканың тойымсыз өңешіне бидайды бау-бауымен лақтырады. Қарамай иісі аралас шаң-тозаң қарт кісінің қасы-көзін, аузы-мұрнын тұтып қалады.

Аузы-мұрнын танып алған ақ орамалды лезде тозаң тұтып, кіршең тартады.

Тортай шал бүгін Көк әңгіні қырманға өзі мініп кетіп еді. Дүниеде өзінің малы өзіне бұйырмағаны жанға қатты батады екен.

Көк әңгі, арам да болса, Тортайдың өз малы ғой. Сол есек мына егін орағы басталғалы бері иесінің тақымына тимейтін болды.

Ал ауыл мен қырманның арасы едәуір алыс жер. Қарт кісі жаяу жеткенше, кәдімгідей ентігіп қалады. Қисықбас бригатқа:

— Айналып кетейін Арқанбай-ау, мен жұмыстан қашпаймын ғой. Айтқаныңды істеп, айдауында жүрейін, тек менің есегіме тимеші, әкетай шырақ, жұмысқа жаяу жету маған тым ауырлау, – деп еді.

Қисық бас Арқанбай пұшық маңқылдап ала жөнелді:

— Әй, кәкбас, кәзір соғыс екенін сен білесің бе? Білсең, неге әрәм есегіңді аяйсың, ә? Есек тұрмақ, әдәмдәр өмірін қиып жатқанда, сенің есегің кімнің шікәрәсі, ә? Сәбет Одәгінә жеңіс тілеудің орнына, зиян ойләйсің, ә?

Арқанбай бригәт Тортай шалды осылай бір ықтырып алғалы бері Көк Әңгі элеваторға бидай таситын балалардың тақымында кетті.

Шаңқай түсте, күн шекеден шығып өтіп бара жатқанда, қырмандағы тіршілік сап тиылады. Тортай шал мая түбінен төбе сияр көлеңке тауып, маяға арқа тіреп, мүлгіп отыр еді, бір жұмсақ леп бетін шарпығандай болған соң, бағжаң етіп көзін ашып алса, қарсы алдында мұны иіскелеп, Көк Әңгі тұр екен.

Орнынан кирелеңдей түрегеліп, Көк Әңгінің мойнынан құшақтай алды. Тура бір қан майданда жүрген жалғыз ұлы Нұртай қайтып келгендей, көңілі босап, көзіне жас оралды. Осыны сезген Көк Әңгі көлеңкеде қисайып көз шырымын алып жатқан кемпір-шал, қатын-қалаш, келін-кепшік, бала-шағаларды шошыта жаздап, озаңдата бір ақырды дейсің! Көк Әңгі бұ жолы ішін тартып, үзіп-үзіп ұзақ ақырды.

Бұл ақырыста, қайдан да болса, Көк Әңгінің әжептәуір арызы бар еді. Күндіз-түні арқасынан бидай артқан қап түспей, Борандының элеваторына барып-қайтар жол қасіреті, өзінің өзегі талғанда, үстіндегі баланың басқа балалардан қалмайын деп, басы-көзін сабалап, қамшының астына алатын қорлығын айтып, арыз шаққаны еді бұл.

Тортай шал Көк Әңгінің бұл арызын түсініп қойған сияқты. Есектің қысқа жалын тарақтап, кекіліне жабысқан тікендерін тазартып, жауыр бола бастаған арқасын сипалап, тым-тым мейірленіп кеткендей еді.

Осыны көріп, кейбіреулер күлді. Енді біреулер күрсінді.

— Қайтсін байғұс, жалғыз баласынан хат келмей, көңілі жарым боп жүр ғой, — деп есіркеген болды.

— Баласы аман-есен келіп, келін түсірсе, кемпірі екеуі қолдарын жылы суға малып, жандары жай таппас па еді. Енді ғой, шілденің ыстығына шыдай алмай, еріні жарылып, қанап кетіпті, қарашы, әне, — деп бір қатын есегінің үстін тазалап жатқан Тортай шалға саусағын шошайтты.

Сонда Тортай шал Көк Әңгіні маяның тасасына байлап қойып, қос уыс бидай алып, есектің алдына салды.

Бұл кезде суырылған бидай салынған қаптар дайын болып, басқа есектерге артыла бастаған.

Тортай шалдың Көк Әңгісіне мініп жүрген Жақаш бала ұйқысынан оянып, алақ-жұлақ жан-жағына қарап, өз есегін таппай қалды.

Бәле содан басталды.

Басқа балалардың бәрі аузы тігілген қаптарды есектеріне артып алып, енді Арқанбай бригәттің «командасын» күтіп тұрған. Есекке артылмаған жалғыз ала қап қалды. Көк Әңгіден айырылып қалған Жақаш бала жан ұшырып жүгіріп жүр. Көк Әңгіні іздеп жүр.

Сөйткенше болмай Арқанбай бригәт та астындағы шолақторыны алқындырып жетіп келді.

— Неғып тұрсыңдар? – деп ақырды балаларға.

— Жақаштың Көк Әңгісі қашып кетіпті, — деп шу-шу етісті балалар.

— Қашып кеткені несі? Ана маяның ар жағында тұрған кімнің есегі?

Жабыла жүгіріп барса — Көк Әңгі!

Тұсауын шешіп, Жақаш Көк Әңгінің жауырын істік ағашпен шұқылап ала қаптың қасына келді.

Сонда Тортай шал көлеңкеде отырған жерінен серейе түрегеліп, Көк Әңгінің ноқтасына жармасты.

— Арқасының жауыры асқынып кетті, қаны шығып тұр. Хайуанда да жан бар ғой, обал қайда? Есегімді бермеймін.

Көк Әңгіні жетектеп бара жатқан жеріне Арқанбай бригәт қуып жетті.

— Әй, шал, қоқаңдамай, бер есекті! Жұмысты тоқтатпа! Әрбір минут қымбат. Жауды жеңуге қосқан үлесің осы ма сенің? Сен немене, пәшістерге жақпысың, ә? — деп қайдағы бәле-жаланы жаудыра бастады.

Сонда Тортай шал күйініп кетіп, аузы-мұрнын таңып алған ақ орамалды жұлып тастап, тілім-тілім ернінен қан шығып:

— Әй, Арқанбай, обал қайда? Арқасын көрмейсің бе, жауырдан қызыл еті ырсиып кетіпті ғой, — деді.

Ашуға булығып сөйлегеннен жарылған ерні қақ-қақ айырылып кеткен жерінен шып-шып шыққан қанды күректей алақанымен сүртті.

Арқанбай қисық басы қалтаң-қалтаң етіп, ақырып қалды:

— Әй, сен, кәкбәс, сен пәшіссің! Сен жәудән жәмәнсің. Оттәмә! Бер есекті!

Сонда Тортай шал отыра қалып:

— Е, Құдай! Не менің көк есегім өлмеді, не өкімет құрымады! — деп жерді тоқпақтады.

Сол-сол екен, Арқанбай шолақторы атқа қарғып мініп, Тортайға қамшы үйіріп:

— Эх, пәшісі Енді шініңді айттің, — деп қырмандағы жұртқа айқай салды:

— Естідіңдер ғой бәрің?! Өкімет күрімәді деді ғой, деді! Куә бол!

Осыны айтып Арқанбай шолақторы атқа қамшыны басып-басып қалып, ауданға қарай шаба жөнелді.

* * *

Арада сүт пісірім уақыт өтті ме, өтпеді ме – қырман басына екі жирен жеккен трашпенке аспаннан түскендей топ ете қалды.

Артынан шолақторыны тепеңдетіп Арқанбай бригәт жетті.

— Міне, мынау, — деді Арқанбай молотилканың аранына бау-бау бидайды лақтырып тұрған Тортай шалды саусағын шошайта көрсетіп.

Сақылдап тұрған молотилканың үні өшті. Тортай шал көйлегінің жеңімен маңдайының терін сүртіп, трашпенкедегілерге қолын созып амандаспақшы еді, шошақ шәпке киген милиционер оның қолын қағып жіберді:

— Атың кім?

— Атым Тортай, — деді шал аузын таңған шүберекті төмен түсіріп. Қақ-қақ жарылған ерні қанталап тұр екен.

— Сен тұтқындалдың, — деді милиционер, — отыр арбаға!

— Не үшін? — деді Тортай шал, ашыған ерінің саусағымен сипалап тұрып.

— Оны ауданға барғанда білесің, — деді бұған дейін сүзеген бұқаша тұқшиып үндемей тұрған екінші милиционер.

Қырмандағылар трашпенкені қоршап үймелеп қалды. Әлгі «сүзеген бұқа» — Тараңдар! Не бар?! — деп ақырып жіберді.

Жиналып қалғандардың ішінен ұзын бойлы, бір көзі қысыңқы, ақсақал кісі бір адым ілгері шығып:

— Әй, шырақтарым, ешқандай жазығы жоқ бұл бейшараны қайда алып барасыңдар? Төбесінен күн өтіп, аузынан қан кетіп, тозаң жұтып, өңеші кеуіп, ...төрінен көрі жақын шағында мұны несіне әурелейсіңдер, шырақтарым? Күнәсі болса, кешіріп, бір ашуларыңды бізге қиыңдар. Өтінеміз, — деді Рахым ақсақал.

«Сүзеген бұқа» Рахым ақсақалды кеудесінен итеріп: «Назад! Назад!» — деді.

Екеулеп жатып Тортай шалдың қолын артына қайырып байлап, трашпенкеге көтеріп мінгізді.

Қатын-қалаш, бала-шаға шу етті:

— Арқанбай, обалы саған!

— Жазаңды құдай берсін! — деп қалды.

Қарғыстан қорыққан Арқанбай бригәт милиционерлерге бірдеңе дейін деп еді, сірә, Тортай шалды босата салыңдар деді ме, еліріп, едіреңдеп алған милиционерлер Арқанбайдың өзін итеріп-итеріп жібергенде, дап-дардай бригаттың өзі үюлі жатқан бидайға шалқалай барып құлап түсті.

* * *

Борандының түрмесі аудан орталығының шет жағында, терең сайдың жарлауыт жағында еді. Айналасын биік дуалмен қоршаған. Дуал үстін тікенек сым темірмен өрнектеп тастаған. Сыртынан қарағанда сәнді көрінеді. Сырын білмегендерге сұлу сияқты, сырын білмегендер: «ішінде не бар екен?» деп қызығатын да сияқты. Сырын білмегендер...

Айында, жылында Борандының базарына бір барғанда Тортай бұл түрменің жанынан өшіп бара жатып, пендешілікпен: «іші қандай болды екен?» — деп ойлаушы еді. Мұның ойын құдай сезіп қойды ма, «түрменің ішін көргің келсе — көр енді» деген бе, абақтының ішінен бір-ақ шықты.

Үсті тікенек сым темірмен өрнектелген дуалдың ішіне кірген соң, қолында найзалы мылтығы бар басқа бір шошақ бөрікті ішкі түрменің бала басындай дәу қара құлыбын сояудай ұзын кілтпен салдыр-сұлдыр ашып, темір есікті шиқылдатып керіп тастап, Тортай шалды табалдырықтан ары қарай итеріп кеп жіберді. Лезде есік қайта жабылды да, абақтының іші күңгірттеніп кетті. Тортай әлденеге сүрініп барып, құлап түсті. Сөйтсе еденде сұлап-сұлап жатқан адамдар екен.

— Бұл қайсың-ей? Кімсің өзің? — деді жақтырмаған дауыс.

— Тортаймын. Мыңбұлақтан.

— Е, Тортай, саған не жоқ? Сен де халық жауымысың?

— Білмеймін.

— Білмесең, білесің әлі.

Бұл Тобышықтыдағы Сәуірбай деген кісі еді.

* * *

Екі күн, екі түн нәр татқызбады. Бір қасық су да бергізбеді.

Екі күн, екі түннен бері жеке камерада. Камераның төрт бұрышы, төрт қабырғасы бар, әрқайсысы төрт қадамнан. Босаға жақта «параша» дейтіні бар. Дәретханаң сол.

Бірақ екі тәулік бойы нәр татпаған адамға дәретхананың не қажеті бар?

Камераның құлыбы сақыр-сұқыр етті де, есік ашылып, сиырдың емшегіндей шошақ бөрікті сырықтай біреу:

— Тірімісің? Шық! — деп бұйырды.

Айдауылдың алдына түсіп берді.

Ұзын дәліздің ең шетіндегі қарамен қапталған есіктің алдына келіп тоқтады. Есік ашылып, ішке мылтықтың ұшымен итеріп кіргізді. Итермесе де кіреді ғой. Бірақ түрме қорлау орны. «Түрме — түзету орны» деген сөз бекер. Абақтыға түскеннен гөрі, тозаққа түскен жеңілірек.

Төрде түстері көрдей суық үшеу отыр екен. Кейін білді, бұларды «тройка» дейді екен. «Тройка» азаматтық сот емес, әскери сот. Мұнда аса қауіпті адамдарды соттайды.

Ортада отырған қасқабас таңқы мұрын шойқара:

— Фамилия?! — деп арс ете қалды.

Қапелімде не сұрап тұрғанын түсінбей, Тортай:

— А-а? —деді.

— Фамилия, оңбаған, әкеңнің аты кім?

— А, әкемнің аты Сартай...

Үшеуі де қарқылдап күлді.

— Бұлар түгел жылқы болып кеткен, деді Қасқабас. – Ха-ха- ха, әкесі Сартай, өзі Тортай, ха-ха-ха. Яғни, хайуан. Сондықтан да өкіметті жек көреді, өкімет құрымай ма дейді. Ей, Тортай Сартаев, айтшы қане, өкіметті неге жек көресің? Өкіметтің құрығанын неге тілейсің?

Өзегі талып, аштан бұралып тұр. Әрі мұны ұйықтатпай, қайта-қайта ұрып-соғып қалжыратқан. Енді тікелей қойылған сұрақтан қалай жалтарып шығарын білмей, шыбын жаны шырқырады.

— Айналайындар-ау, мен оны әдейі айтқан жоқпын ғой. Ашу үстінде абайламай қу ауыздан шығып. кеткен сөз де. Соны да сөз деп... — Тұтқын осылай шатасты. — Ә, оңбаған, сөзін қарашы! — деп қаһарлана қалды Қасқабас, таңқы мұрын. — Бұл өзі бізді кінәлап тұр ғой... «Соны да сөз деп» дейді. Әй, сүмелек, бұл сөз емегенде, немене? Өкімет құрымады дедің ғой, дедің! Сен жауыз, өкіметтің қас жауысың! Сен бізбен соғысып жатқан фашистердің тілеуқорысың! Айт, қандай байланысың бар сенің фашистермен?

— Қарағым-ау, қайдағы байланыс?!

— Қарай гөр, оңбағанның мүләйімси қалуын. Сенің майданға кеткен балаң не деп хат жазды?

— Ойбай, құдай, баламнан хат алмағалы үш ай болып қалды. Хабар-ошар жоқ!

— Ал үш айдан бұрын хат алып тұрдың ғой. Сонда не деп жазды?

— Ойбай, айналайын, бұрынғы хаттарының бәрін әлгі кемпір белінен шуда жіппен буып, сандықтың аузын құлыптап сақтап отырған жоқ па? Мені босата ғой, айналайын, өзім барып алып келейін. Өздерің оқып көріңдер.

— Ақыл үйретпе бізге! Оқимыз ба, оқымаймыз ба — өзіміз білеміз.

— Ақыл үйретіп не бар, айналайын, хаттарды әкеліп берейін дегенім ғой...

Қасқабас есіктің көзінде қақшиып тұрған айдауылға:

— Әкет мынаны! — деп шалт бұйырды.

Айдауыл Тортай шалды мылтықтың істігімен арқасынан итеріп-итеріп алып кетті.

Қасқабас оң жағындағы мен сол жағындағы отырған серіктеріне кезек-кезек қарап:

— Не істейміз? Алдырамыз ба әлгі хаттарды, деп сұрады.

Шашын сиыр жалағандай жып-жылмағай етіп тараған, қушық шеке біреуі:

— Соған әуре боп, елді шулатып жүреміз бе? «Өкімет құрымады» деп айтты ма — айтты. Оны өзі де мойындады. Уақыт өткізіп не керек? Менің ұсынысым — жиырма бес жыл.

Екінші дудар бас бұл ұсынысты қолдады.

Сонымен «тройканың» шешімі бойынша, Тортай Сартаев жиырма бес жылға сотталып кете барды.

* * *

Тым болмаса үйінде жалғыз қалған кемпірімен де қоштастырмады.

Елу жыл бойы төсекте басы түйісіп жататын, жанының жартысындай болып кеткен жары Жәмила құмшекер қосқан бір дорба талқанын арқалап, жаяу-жалпылап Борандының түрмесіне жетіп, шалымен жолығуға рұқсат сұрамай ма. Сөйтсе:

— Аты-жөні кім? — дейді шошақ бас қарауыл.

Өз күйеуінің атын өмірі атап көрмеген байғұс басы не деп түсіндірерін білмей:

— Біз Мыңбұлақтанбыз ғой, Нұртайдың әкесі ғой, — дейді Жәмила кемпір.

— Әй, кемпір, Нұртайың кім? — дейді кезекші қарауыл.

— Ойбу, құдай-ай, енді не десем екен? Әй, шырағым, менің майданға кеткен жар дегенде жалғыз ұлым Нұртайды білмейсің бе? Соның әкесі ғой мына абақтыға қамап қойғандарың, жазықсыздан-жазықсыз бейшараны.

— Аты, фамилиясы кім? — деді ашуланып кезекші қарауыл.

— Айттым ғой, Нұртай шырағымның әкесі деп.

— Өз аты? Өз фамилиясы? – деп долдана бастады кезекші қарауыл.

— Ойбу, құдай-ай, енді қайтіп айтамын. Әй, шал-ау, айтсаңшы атыңды! — деп айқайлап жіберді Жәмила терезелері білектей темірмен торланған, деңкиген үлкен үйге қарап.

Темір тордың ар жағынан ешкім үн қатқан жоқ.

Жәмила Борандыға барарда тәуір деген киімін сандықтан алып, кимешек киіп, күндік салып шығып еді. Ақ үйден шыққан Қасқабас, елден келген кемпір екенін киімінен байқап қалып, қасына жақындап:

— Кімге жолығайын деп едіңіз? — деп сұрады.

— Мыңбұлақтағы кісі ғой, — деп күмілжіді Жәмила.

— Ә, әлгі Тортай Сартаев па? – деді Қасқабас.

— І-і-і, дәл өзі! Мен атын айта алмай тұр едім, — деп Жәмила кемпір қуанып кетті.

— Е, кемпір, қайта бер ауылыңа. Тортай Сартаев жиырма бес жылға кесіліп, кеше ғана этаппен Әулие-Атаға айдалды. Одан ары қайда жіберетінін біз білмейміз, — деді Қасқабас.

Жәмила оқыстан оқ тиген адамша селк ете қалып, қолындағы қоржынын жерге қоя салып, байы өлгенін естігендей дауыс қылып:

— Елу жыл отасқан қарағым-ау, желдің өтінде, жаудың бетінде жүрген Нұртайымның көкесі-ау, сені қай қиырға алып кеткен бұлар?! Ойбай! — деп қара жерді тоқпақтап отыра кетті.

Мұндай қылықты күтпеген Қасқабас қарауылға қарап:

— Қақпадан шығарып жібер! — деп бұйырды.

Қарауыл найзалы мылтықпен арқасынан итеріп-итеріп түрменің шекарасынан шығарып жіберді.

Сөйтіп отырғанда теміржол бойындағы элеватордан қайтқан арбакештер мен есек бригадасының қарасы көрінді.

«Қой, бүйтіп отыра бергеннен Тортай қайтып келмейді. Онан да мыналармен бірге ауылға жетіп алайын» деп Жәмила көйлегінің етегін қағып, қоржынын көтеріп, орнынан көтеріліп, қара жолдың жиегіне барып тұрды.

Алдыңғы арба тоқтай қалып, оған Жәмила мініп жатқанда, оны танып қойған Көк Әңгі озаңдата бір ақырды дейсің. Ішін тартып қайта-қайта ақырды. Үстінде отырған баланың қамшымен бастан сабалағанына елең қылмай, Жәмилаға жақындай беріп, тағы бір ақырды. Арбаға жақындап, жанына келген Көк Әңгіні Жәмила жалынан сипап:

— Иең кетті. Иеңді алысқа айдап әкетті. Соны сезіп тұрсың ғой сен байғұс, — деп көзіне тағы жас алды. — Саған бола соттап жіберді иеңді. Иең Тортай сотталды. Өзім болсам он екі бала таптым. Қу шешектен бәрі қырылып, жалғыз ұл Нұртай қалып еді, оны да әскерге әкетті. Енді хабар-ошар жоқ. Әкесі де, баласы да көз көрмес, құлақ естімес алыста. Ордалы үйде омалып жалғыз қалдым, — деп зарлады Жәмила.

Көк Әңгі арбадан қалмай, қатар жүріп, Жәмиланің аянышты зарын тыңдап, пысқырып-пысқырып қояды. Кім біледі, ол бәрін де түсінетін шығар, ол өзінің Тортай есімді қайырымды иесінің жақсылығын ұмытпаған шығар. Арпа мен сұлыдан қос-қос уыс жем беріп асырағанын хайуан да болса есінде сақтаған шығар.

* * *

Тапа тал түсте аупарткомның үйі аю тиген араның ұясындай гу-гу, у-шу быжынады да қалды.

— Не болды? Не болды? — деп сұрасты бір-бірінен.

Сөйтсе Мәскеу-Алматыға, Алматы-Әулие-Атаға, Әулие-Ата-Борандыға жеделден де жылдам телефон соғып, телеграмма жіберіпті:

— Совет Одағының Батыры Тортаев Нұртай бара жатыр. Құрметпен қарсы алыңдар! — деп.

Хат-хабар келмей, дерексіз кеткен Нұртай Тортаев сөйтіп ашық күнгі найзағайдай сарт ете қалды.

Ауданның басшылары жиналып:

— Батырды қалай қарсы аламыз? – деп бастары қатып, асып-сасып жатқанда, аудандық партия комитетінін үшінші хатшысы, яғни идеология жөніндегі хатшы Естай Әмірбеков кенеттен мүлде басқа проблеманы көлденең тартып, өріпкіген көңілді су сепкендей басқаны ғой:

— Әй, жолдастар, Батырды қарсы алу қашпас. Ал әкесінің жағдайын қалай естіртеміз?

— Е, әкесі қайтыс болып па еді? — деп бірінші хатшы елең етті.

— Жоқ, ойбай, өз ажалынан қайтыс болса бір жөн ғой! Біздің құрметті «тройка» Батырдың әкесін «халық жауы» деп жиырма бес жылға айдатып жіберген жоқ па?!

— О, қу Құдай! Не дейді тағы да? – деп бірінші хатшы шошып кетті. – Әй, не үшін?

— О жағын «тройканың» өзінен сұрау керек.

Бірінші хатшы қанға тойған қандаладай тырсылдап, тарс жарылайын деп:

– Шақыр онда «тройканың» бастығын! — деді.

Оған елпең ете қалған ешкім болған жоқ, өйткені о заманда «тройканы» шақырып алуға аупарткомның қауқары жетпейтін. Керек десең, «тройка» аупарткомның өзінің әңкі-тәңкісін шығарар еді.

Амалы құрыған Бірінші телефонның құлағын бұрап-бұрап, «тройканың» бастығы Қасқабаспен тікелей өзі сөйлесті. Осылай да осылай, ауданымыздың абыройын арттырып, атағын шығарған геройымыз келе жатыр. Ал сендер болсаңдар, қайдағы бір есекке бола, оның шал әкесін соттап жіберіпсіңдер! Ертең не бетімізді айтамыз? Ертең ол әкесі туралы Сталин жолдастың өзіне телеграмма жіберсе не боламыз, а?

«Тройканың» Қасқабасы қорықпаса да, қобалжыды. Бірақ несіне қобалжиды? «Өкімет құрымайды» деді ме, деді. Мұны айыпталушының өзі де мойындаған. Ал совет әділет мекемесінің бастығы Вышинскийдің өзі баяғыда-ақ «Айыпталушының өз кінәсін мойындауы — әділ соттың салтанаты» — демеп пе еді?

«Так что, біз әділ шешім қабылдадық», деп Қасқабас өзін-өзі жұбатқан болды. Бірақ іші-бауыры қалтырай берді.

Қасқабас қарап қалмай, дереу облыс орталығына телефон соқты. Ондағы бастығына осылай да осылай, біз жиырма бес жылға соттап жіберген Сартаев Тортай дегеннің Нұртай дейтін баласы Совет Одағының Батыры атағын алып, елге келе жатыр. Үлкен шатаққа қалмас үшін сол Сартаев Тортайды ебін тауып, еліне қайтарсақ қайтеді? – деді.

Облыстағы бастық дереу сұрау салып еді, сөйтсе Сартаев Тортай Қарағандыға айдалып кеткен болып шықты. Қарағандымен хабарласып еді, Сартаев Тортай Шерубай шахтасында деген дерек алды.

Шерубай шахтасы — Қарағанды қаласының батыс жақ, Ұлытау беткейінде еді.

Қарағандының басшылары Шерубай шахтасының терең түкпірінен жеті қат жердің бетіне суырып шығарып алды.

Жердің бетіне шығарса, Сартайұлы Тортай көрден шыққандай екен. Жылтыраған екі көзден басқа бет-аузының бәрін қап-қара көмірдің тозаңы тұтып қалыпты.

Борандының соты асыра сілтеудің «атаманы» шығар. Әйтпесе онсыз да төрінен көрі жақын кәрі адамды жиырма бес жылға соттай ма?!

Қарағандының өкіметі Тортайды моншаға апарып, бір қабат терісін сыпырып алардай ысқылап жуындырып, сақал-мұртын бастырып, үстіне инеден жаңа шыққан жейде-дамбал, жаңа костюм-шалбар кигізіп, қасына екі қарауыл қосып беріп, пойызға мінгізіп, Борандыға қайтарды.

* * *

Құдайдың құдіреті, Мыңбұлақ басындағы қырманда, шілденің аптап ыстығында Тортайдың қақ-қақ айырылып қаны шып-шып шығып тұратын еріні Шерубайдың шахтасына түскелі бері қанағаны тыйылды. Бірақ оның есесіне ернінің қақ-қақ айрылып кеткен сызаттарына көмірдің нілі сіңіп, қара жолақ, қара қасқа із қалды. Қанша жуса да, кетпейді.

Соғыстан герой болып, бір аяғынан айырылып қайтқан баласы Нұртай әкесін Борандының стансасында көргенде:

— Көке-ay, ерніңе не болған? — деп сұрады.

— Е,шырағым, бұл көкең көрден шығып тұрған жоқ па! Несін сұрайсың? Бұл Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой. Құдай маған сені бермегенде, Сен Құдай абырой беріп, герой болмағанында, мен қайта тіріліп, жер бетіне шығар ма едім, шықпас па едім, бір Алла біледі. Құдайдың мұнысына шүкір, Нұртайжан! Сен борап тұрған оқтың арасынан аман шықтың, мен жеті қат жердің астындағы көрден қайта тірілдім...

Осы сәтте ақ жаулығы желбіреп, вокзал басына Жәмила да жеткен екен.

— Айналайындар-ау, өлгенім тірілді! Сөнгенім жанды, Құдай-ау, енді мен өле кетсем де арманым жоқ, — деп шалы мен баласын құшақтап еңіреп жіберенгенде, тіпті вокзал басында тұрған Қасқабастың өзінің көзінен жас шығып кетті.

Жәмила апыл-ғұпыл телеграф бағанасына байлай салған Көк Әңгі паровоздан да асырып, ақырып-ақырып жіберді.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Шерхан Мұртаза Тортай шалдың есегі туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Шерхан Мұртаза Тортай шалдың есегі на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Шерхан Мұртаза Тортай шалдың есегі туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Шерхан Мұртаза Тортай шалдың есегі на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган, Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Тортай шалдың есегі ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер