Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз

 Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз

Жиенмұрат Фариза
1 курс студенті, Ақтөбе гуманитарлық колледжі
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы
Жетекші:Шудабаева Мира Асқарқызы

Мен нағыз патриотпын! Ата-бабам мұра етіп кеткен өзімнің ғажап тілімде сөйлеп, дәстүрімді дәріптеймін. Қазақ даласы – мәрттік пен кеңдіктің куәсіндей дарқан дала. Дарқандық қанына сіңген қазақ баласының рухы асқақ, арманы алып, мақсаты биік болуға тиіс. Жасампаздық рух жанына серік жомарт халықтың ұрпағы жасымауға міндетті.
Мен – өзім сүйетін елдің патриотымын. Қаныма біткен қайсарлық, мұңға мұқалмас жігер мені әрқашан кеңдікке тәрбиелеп, өрлікке жетелеп келеді. Алтай мен Атырауға, Арқа мен Алатауға дейінгі алып мекен арманыма қанат бітіріп, шабытыма шабыт қосқандай болады. Мен бақытты ұрпақ екенімді айтудан әсте жалыққан емеспін. Тағдырдың талай тезін басынан өткеріп, теперішін көрген қаймана қазақтың бағы жанар, бабы келісер уақыты жаңа мыңжылдықтың еншісінде. Замана зары өткен халықты кеудесін жаныштаған ауыр езгіден құтқарып, қалың ұйқысынан оятуға барын салған ақын М.Дулатов:
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болса да әкем қазақ, шешем қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын – деп жырлайды. Өршіл рухты ақын елінің ертеңі үшін жаны ышқына жар салады. ХХ ғасырдың басында жүрегі қазақ деп соққан асыл ұлдарымыз атойлап алаш атын алып ұран салса, ХХІ ғасырдың жаңа буыны әлемге қазақ атын паш етуі тиіс. Әлем жаһандану деп жар салып жатқан алмағайып заманда түркілік тектілік пен жасампаздықты, көшпелі ұлы өркениеттің асыл жәдігерлерін, бабалар аманатын шашау шығармай, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз.
Менің кеудемдегі кішкентай жүрек «Отан» деп, «Қазақстан» деп бір сәт дамыл қақпай соғады. Ол жүректе қазақтың қаны бар. Ол жүректе ұлы өркениет жаратқан алып арман, асыл мұрат жатыр. Күре тамырды бойлай аққан әрбір тамшы қан «қазақ» деп атойлайды. Мен – нағыз патриотпын. Ұлы елдің, ұлы даланың ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Жаратылысымнан даланы сүйетін жаным оның әрбір сайы мен саласын, тауы мен тасын мейірлене құшады. «Қазақ» деген атауды естісем көзіме жас келеді. Бұл – бақыттың жасы екендігінде шүбәм жоқ. Іштей әлдебір дауыс жетелеп, кеудемді керген мақтаныш сезімі кішкентай жүрегімді жарып жіберердей қуанамын. Белгілі орыс ақыны, жазушы Илья Эренбург: «Қазақтар иен далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған, ал бірақ қажет болса, олар еңбектей де біледі, жүгіре де біледі, биік тауларға өрмелеп те шығады, саз балшыққа малшынып та жата алады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды», - деп өршіл рухты халықтың тұтас намысы мен жасампаз рухына баға береді. Дала өз тәрбиесі бар.
Мен – Ұлы Дала Елінің ұрпағымын. Жазылмаған дала заңы сәл қисықтау кеткен тентегін жөнге салып, түзеп отырған. Сөз деп аталатын құдіретке бас иген халықтың тәрбиесі мен тағылымын осыдан-ақ байқауға болады. Ұлы Даланың ұлы рухын мәңгілік жан азығы, жасампаз болмысы еткен қазақ халқы мәрттік пен кеңдікті, еркіндік пен ерлікті жүрегіне сіңіріп, бойына дарытып өткен. Алып мекен жаратылысынан жанына рухты болмыс сыйлаған көшпелі халықтың еркіндігіне ешкім де тосқауыл бола алмайды. Бұлқынған бұла сезім, арманға, алысқа ұмтылған асыл рух қазақ деген халықтың жүрегінде мәңгілік орын тепкен. Тағдыр талайында сан алуан зұлматты басынан кешірген дара халықтың тарихы сонау тереңнен басталады. Тілі бай, ғұрпы дара, тағдыры бөлек халықтың маңдайына тәуелсіздік деген бақыт жазылыпты. Сол бақыттың бүгінгі куәсі, біз, жастар әрқашан оны бағалауға тиіспіз. Халқының болашағына сенген ақын Ж.Молдағалиев:
Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ елдің ері.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді, - деп аспандата жырлайды. Шын мәнінде, біз – азатпыз. Азаттық таңы әрқашан күлімдеп атуы тиіс. Атырапқа мен алашпын деп ұрандап, азатпын деп жар салу – бабалар мұрат тұтқан сәт болатын. Мен қазақ жерінде дүниеге келгенімді мақтан етемін.
Мен туған халықтың өрлігіне тамсанған, өршілдігінен тайсалған ІІ Екатерина: «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» десе, Семенов-Тянь-Шанский: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деп баға береді. Сол текті елдің ұрпағының бүгінгі болмысы қандай? Бұл сұрақ көпшілікті алаңдатып жүргені анық. Алайда рухы мықты елдің ұрпағы ешқашан аласармайды дегім келеді. Тәңірісін көкке балап, өзін Көк бөрінің ұрпағы санайтын текті елдің тегеуріні мықты ұрпағы болуға барымды саламын. Даланың қасиеті дарыған көкжалдық болмысымыздан әлі кеткен жоқ. Ол – қанмен біткен қасиет болғандықтан біздің рухымызбен бірге жаратылған дүние. Бұл ретте түрік халқының ұлы Намык Кемал Зейбек: «Қазақ халқының мәдениетінің, рухының қаймағы бұзылған жоқ. Тегі – сол тек, ол – «көк бөрі». Қанша дауыл соқсын, үскірік аяз шалсын қиындықтарды жеңіп, даламен де, қаламен де, жалпы әлеммен бірге үндестікте келе жатыр. Бұл көкжалдық емей немене?!» деп нықтап берген болатын. Жауынгер халықтың ұланы болғаным үшін тағдырыма шексіз ризамын және де бұл сөзді қайталай бергім келеді. Біздің әрқайсымыздың санамызда «Еліміз бізге не береді деп емес, біз Қазақ елі үшін не істей аламыз» деген мақсат болуы керек.
Мен дүниеде Қазақстаннан асқан байтақ, әдемі, қонақжай мемлекетті көрмедім. Тіпті қанша ғажайып өлке болса да, менің туып өскен жеріме – Қазақстаныма жетпейді.
Ұлттың негізгі болмысын даралайтын қасиетті қазына ол – туған тілі. Ұлттық рух, ұлттық мәдениет, әлемді ұлт жүрегімен тану – барлығы да осы туған тіл арқылы беріледі. Сонда ғана сен шын мәнінде туған еліңнің нағыз патриоты бола аласың. Олай дейтін себебім, өз еліңнің патриоты болу – ана сүті арқылы даритын қасиет. Ал ана тілі – ана сүтімен қатар жаратылған, баба қанымен бірге даритын асыл қазына. Рух пен руханилықты сақтаймын десең, ұлы өркениет жәдігері – бабаңның тілін қорға, жас қазақ!
Мен бұл жолда барымды беруге дайынмын. Мен – әлем таныған, әлем мойындаған қазақ деген халықтың ерке ұланы – Қазақстанның патриотымын!
Патриотпын «қазағым» деп лүпілдеген жүрегі,
Халқыменен байланысқан бүкіл арман-тілегі.
Елді сүю, жерді сүю мұның өзі – бір төбе,
Қазақ болу – ұят емес, баға жетпес мәртебе.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?