Ұлы түркі елінің қара шаңырағы – бүгінгі ұрпақ қолында

 Ұлы түркі елінің қара шаңырағы – бүгінгі ұрпақ қолында

Шалабай Еркежан
11 сынып, Ы. Алтынсарин атындағы гимназия
Павлодар қаласы

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» - деп дана халқымыз айтқандай, керегесі кең, шаңырағы көк күмбезді аспанмен жарасқан, келешегі кемел ел болу үшін, алдымен, тәрбие керек. Ел болдық, бірақ бесігімізді әлі де түзей алмай жүргеніміз ащы да болса шындық. Тал бесіктен басталатын тәрбиенің бұлағынан сусындаған әр жеткіншек ұлтжандылық деген ұғымды бойына сіңіріп өсуі қажет. Ұлттық құндылықтарды құрметтеп, елінің ертеңіне алаңдап, өркендеуіне үлес қосатын азаматты ұлтжанды азамат деу орынды. Бірақ Абайлар мен Мағжандардың толқынынан туған толқындар саусақпен санарлық. Бүгін біз кез келген келеңсіз жайттарға «Е-е, заман солай болғасын...» немесе «Бұған біз емес , заман кінәлы» деген сияқты сөздермен өзімізді жұбататын болдық. Ал шын мәнісінде бұған кінәлы заман емес, адам. Өйткені заманды адам құрайды. Заманның рухани байлықтан қаланатынына назар салып жатқан ешкім жоқ. Патриоттық ұлт үшін жасаған әр істен, әр қадамнан, тіпті әр сөзден басталады. Басқасын ысырып қойғанда, ата-бабамыздан лайланбай келе жатқан тілдің кәусар бұлағының тазалығын бұзғандар қаншама. Қарап тұрсақ, өскелең ұрпақ түгіл, «заманауи » әже-аталарымыз да дамыған дәуірдің талғамына кет әрі емес. Әрине , көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ... «Айтпаса шындықтың атасы өледі». Қоғамдық ортада бөгде тілдің намысын жыртып жүрген сондай жандарды көремін де, өкініштен өзегім өртенеді . Не шара?.. Бұл – бір ғана тіл төңірегіндегі үлкен мәселе. Ал басқа да арналарды сараласақ, бүгінгі қоғамымыздың шынайы хал-ахуалы біздің ұлтжандылығымыздың мөлшерін өлшеп, баға береді.
Біздің толқындардың қатарында ата тарихты, егемендік үшін қасық қаны қалғанша күрескен, ызғарлы боранға маңдай тері қатқан баһадүрлерімізді білмейтіндердің барына күмәнданбаймын. Көгілдір аспанымызбен астасқан көк байрағымыз, ұлт шаңырағының биіктігін танытқан Елтаңбамыз, алтын сөздермен көркемделген, тереңінде алтын ойлар жатқан Әнұранымыз жат жерде жүрген қандастарымызға рух, сағыныш, сезім сыйлары хақ . Ал біз ше? Біз соны құрметтеп жатырмыз ба? Бұған жауап берерде тағы да жүрегімде асау толқындар бұлқынады. Жыр алыбы Жамбыл:
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, деп кеудесіне жалын толтырып жырламады. Бұл жалынның бүгінде ұшқындары ғана қалған сияқтанады. Осыған дейін санамаланған және санамаланбаған мәселелердің тамырына қорек болып тұрған патриоттық тәрбиенің кемдігі деп білемін. Менің ойымша, патриоттық ананың ақ сүтімен бойға дарып, әке тәлімінен басталады. Біле білсек, бұрынғының ата-әжелері ұрпағына ертегі, қисса жаттатқызып, ата дәстүрін санасына құйып отырған, сыйластықты үйреткен. Бұрынғының үлкендері ұрпағын үйретсе, бүгінгінің үлкендері «заманауи тәрбиені» ұрпағынан үйренбек. Айғаным, Зере және Ұлжан сынды алтын құрсақты аналарымыздың қатары кеміп бара жатқанына ұлт үшін жүрегі шырыл қағатын жандар ғана алаңдайды. «Заман ғой...» деген бір ауыз сөзбен менің де құтыла салғым келмейді, алайда қазіргі қоғамдағы әр жайтты тізе берсек, бірімен-бірі ұласып кете береді.
Патриоттық тәрбие. Бұл сөздің тереңіне бойламағандарға қарапайым сөз сияқты көрінуі мүмкін. Мен үшін бұл сөздің ауқымы кең, өйткені еліміздің бүгінгі қабырғасын ұлтжандылық қалады. Елін сүймесе, қандай адам өлімге басын тіксін?! Елін сүймесе, қандай ақын жыр тасытпасын... Міне, бұл сөз осы леппен ойдың шатқалдарын аралайды. Қазірде «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзді қорытып, «мектептің жүрегі» болған ұстаздар қауымы да ұрпақ тәрбиесіндегі күреске бей-жай қарамайды. Шәкірттеріне бойындағы бар білім нәрін ақтарып, олардың көкіректеріне құюда. Ғаламтордың торына қамалған бүлдіршіндер ұлтжандылықтың самалын сезінбейтін сияқты. Тәрбиенің баспалдағын қалауда ұлттық басылымдар да үлес қосуда. Кереку өңіріндегі сондай басылымдардың бірі – «Сарыарқа самалы». Өңіріміздің өзекті мәселелерін ашық жазатын бұл газетте «Жас times», «Айналайын» қосымшалары жастар мен жасөспірімдердің ойын жария етсе, «Безбен», «Оқшау ой» айдарларында қоғамдық ортадағы маңызды ойлар мен тақырыптар қозғалады. Бұл басылымның ұрпақ бойына патриоттық тәрбие қалыптастыруда рөлі зор. Мысалы, бүгінгі күндегі өзекті мәселерді талқылайтын дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып, оған оқушыларды қатыстырады. 2013 жылдың желтоқсан айында «Патриоттық тәрбие неге кемшін?» атты дөңгелек үстелде болдым. Әңгіме барысында «Сарыарқа самалының» бас редакторы Асыл Әбіш: «Патриоттық тәрбие – тек қазақ ұлтына ғана керек емес. Бұл - бүкіл қазақстандықтарға қатысты мәселе. Біздегі халықты отансүйгіштікке жұмылдыратын іс-шаралар флеш-мобтар мен бір күндік акциялардың деңгейінен аспайды . Мәселен, жыл сайын Мемлекеттік Рәміздер күнінде ұйымдастырылатын жастар шеруі. Шарадан кейін жағажай маңы аяқ астына тасталған кішкентай көк байрақтарға толы болады. Бұған тіпті көз де үйренді. Осы ма біздің отансүйгіштігіміз? Жасөспірімдерді тәрбиелеуде интернаттық жүйенің берері мол дер едім. Біріншіден, бұл жерде ұжымдасқан орта бар. Екіншіден, оқушылар таңның атысынан кештің батысына дейін әрдайым бірге болып, бір-бірінен үлгі алып өседі. Үшіншіден, мұндағы ақындық және рухани тәрбие адамның ішкі жан-дүниесін байытады», - деп ой қорытады. Бұл ойды құптаймын. Себебі мен білім алып жатқан қара шаңырақ – осылардың толықтай дәлелі. Біздің қоғамымыз – дарынды оқушылар қатары және мұнда білім бәсекелестігі ерекше қалыптасқан. Гимназиядағы арынды ақын Асығат Тұрғанбек бастаған ақындар мектебі талай жарыстарда топ жарып, халқымыздың мәдениетін дамытумен қатар, бойындағы отаншылдық рухын танытуда.
Дөңгелек үстел үстінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Олжас Әлімханов былай дейді:
«Рас, отбасындағы тәлім-тәрбие, мектептегі іс-шаралар, ұстаз ұлағаты – барлығы жасөспірімдердің саналы ұрпақ болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Десек те, қазіргі жастардың азаматтық ұстанымдарын зерттей келе, алаңдарлық жайттар жоқ деп айта алмаспын. Бүгінде жастар саясаты басқармасы жұмыс барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануда. Мәселен, таяуда астаналық қоғамдық ұйыммен бірлесіп, әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Оған 1 мыңға жуық респондент қатысты. Қорытындыға сәйкес, сұралған павлодарлықтардың 80 пайызы «Сен патриотсың ба?» деген сұраққа «Иә» деп жауап берсе, ал «Патриоттығыңды қалай дәлелдейсің?» дегенге 70 пайызы ғана нақты жауап бере алды. Ал қатысушылардың 16 пайызы «Мен патриот емеспін» деп ашық жауап қайырды. Қазіргі кезде біз осы қоғамдық көзқарастың қалыптасу себебін зерттеудеміз». Шыныменен, қазіргі жастар өзінің ұлтжанды еместігін ашық айтады. Шындығын айтқан жөн, бірақ жұдырықтай жүректің лүпілінде Отанға деген кіршіксіз сезім тұруы тиіс. Әр адам ұлтжандылығын тілін, рәміздерін құрметтеумен шектелмей, Қызыл тілдің шешендерінен бастап, елін қызғыштай қорғаған ержүректер, гүлдемей жатып ызбарлы желден солған Қайраттар, Сәбиралар... Бұлар – сол уақыттағы елінің патриоттары. Ал қазір мұндай отансүйгіш жандар жоқ деп айта алмаймын, алайда асылдың сынықтарының, шұғаның қиықтарының қатары жыл санап кеміп бара жатқанына куәгермін. Менің білім ордам мемлекеттік тілде білім беретін ұлттық мектеп болғанмен, шүлдірлеген қатарластарымның,
тіпті қазақы тәрбие сіңген ауылда өскен оқушылардың жат тілде сөйлескеніне алғашқысында таң қалатын болсам да, кейіннен ести-ести құлақ та үйреніп кетті. Бірде мектебімдегі 7-сыныпта оқитын қазақ тілі пәнінен олимпиада қатысушысымен сөйлескенімде, маған орыс тілінде жауап қатты. Оған намыстанғандықтан «Қазақша сөйлеші» дегенге ғана аузым барып еді, «Ол менің өз еркімде, сен менің құқығыма қол сұқпа», - деп шүлдірледі. Мен бұрын қазақ тілі пәнінің олимпиадашыларын тіл жанашырлары деп санайтынмын, бірақ ойымның бұрыстығына бір емес, бірнеше рет куә болдым. XXI ғасырдың саналы ұрпақтарының мұндай халге түскеніне жалғыз себеп – қоғамдық және отбасылық тәрбиенің кемдігі. Өзге тілді білу қажет болса да, ана тілді құрметтеу - одан әлдеқайда жоғары тұрған парыз. Көп жастардың санасында қоғамдағы қазақша сөйлескен жандарға қарап, «орысша білмейді » деген түсінікте. Бірақ олай емес. Көкірегінде көзі жоқ осы тектес жандар ұлттық құндылықтарының шамын өшіріп алмаса екен деймін. Ол үшін қоғам болып жұмылғанымыз дұрыс. Кейде «адамның мінезі, әрекеті, тәрбиесі өскен ортасына байланысты» деп айтамыз. Бұған келісуге болады, алайда әркім қоғамды құрағандықтан, оны бас болып өзің түзеуге кіріссең, тек өз жолыңмен жүрсең, ұлт құндылықтарындағы олқылықтарға қарсы тұруға болады . Менің ойымша, тәуелсіздікке қандай жолмен жеткенімізді білетін болса, қазіргі жастар қазақы рухты сезінер еді.
Қоғам – жайқалып тұрған орман секілді. Онда дұрыс қалыптаспаған да, өркен жайған да ағаштар бар. Ал жас өрендер енді ғана бүр жарып, сол ортаға бейімделіп келе жатқан бұтақ сынды . Қоғам мен тәрбие – олардың өніп-өсуіне әсер етуші фактор. Қазақ елі алып бәйтеректерден тұратын орман болсын десек, жас өскіндерді тәлім-тәрбиемен суаруымыз қажет. Бұл болашақ бәйтеректерге қоғамның жылуы да ерекше әсер етеді. Қазіргі таңда «Жас ұлан» секілді ұйымдар оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, келешекке кемелдікпен қарауына мүмкіндік береді.
Өңіріміздегі патриоттық тәрбиені дамыту бағытындағы ерекше жаңалық – облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Дәуенов Ернұр Нұрланұлының «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі «Павлодардың патриоттары» атты қауымдастығы. «Бұл қауымдастықты құрудағы мақсатыңыз не?» деген сұрағыма Ернұр Нұрланұлы: «Бүгінгі таңда оқушыларды тәрбиеге баулудың ең тиімді әдісі – ғаламтор. Менің мақсатым – әлеуметтік желілер арқылы оқушыларды тәрбиелеу. Оқушылар қауымының жиі қатынасатын желісі «В Контакте» болғандықтан, осы бастаманы қолға алдым. Бұл -креативті әдіс. Өйткені оқушыларды ғаламтор арқылы тәрбиелеуге ықпал жасау – қызықты әрі ұтымды», - деп жауап қатты . Қазірде бұл қауымдастықта 1400-ден астам оқушы жазылған. Парақшадағы «Мен – өз мектебімнің патриотымын» атты фотосуреттер сайысы апта сайын жеңімпаздарды анықтап, қатысушылардың қатарын көбейтуде. Жуырда жарияланған «Мектеп өмірінің жаңалықтары» атты жаңа айдар топтың ауқымын кеңейтуде . Дәл осындай бастама басқа өңірлерде қолға алынбағандықтан, заманға сай тәрбиелеудің ұтымдылығы әрі жаңалығы деп санаймын.
Облысымыздағы «Шаңырақ» мәдени ойын-сауық орталығында жиі ұйымдастырылатын айтыс та көрермендер көзайымына айналды. Бір қуанарым – жастар арасында айтысты тамашалаушылар санының артуы . Оны қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тамашалайды. Осыларға қарап отырып аймағымыз ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтынына көз жеткізуге болады. Павлодар облысында ұлттық тіл, ұлтжандылық арнасында қомақты іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. «Павлодар» деген атаудың өзі орыс тілінде болғанымен, біздің облысымыздың заты - қазақ. Ертістің ерке толқындары Иса, Мұса сынды әншілеріміздің әнімен тербелсе, киелі Баянауыл өлкесі Мәшһүр Жүсіп атамыздай біртуар данышпанға, Қаныштай ғұламаларға, жүрегінде жалыны бар ақындар мен тереңнен ой іздеген қаламгерлерге бесік болды. Қазақ халқының тәлім-тәрбиесінен тамырын тереңге жайған ұлылардың көшін кейінгі ұрпақ жалғастыруда.
Алға ілгерілеу бар . Заман парақтары ақтарылуда. Бұған қоғам да ілесуде. Болашағы жарқын еліміздің қорғаны мықты болу үшін сапалы білім мен ұлағатты тәрбие керек. XXІ ғасырдың патриотты өрендерін бабалар алдында бас иіп, ұлтының күре тамыры болған ана тілді дамытуға үлес қосатын сара жолға бағыттау – еліміздің тұғырлы туын құлатпау үшін жасалған ұлы іс. Аға буын ізбасарларының санасына таным-тәлімін дұрыс ұялата білсе, жас буын өзіне деген жауапкершілікті сезініп, ұлы түркі елінің қара шаңырағын биікке көтеретініне сенімдімін. К.Д.Ушинскийдің тілімен айтқанда: «тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс». Ең бастысы , ел ұрпағын тәрбиелеуге қоғам бірігіп кіріссе деймін. Өйткені «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді».


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!