Елім деп соғар жүрегім

 Елім деп соғар жүрегім

Тұрархан Қымбат
11 сынып, №10 лицей-мектеп
Павлодар қаласы

Мен өз халқымды сүйемін.
Оның мені бала кезімнен сабыр мен
парасатқа баулығанын мақтан
тұтамын. Басымды иемін!
Назарбаев Н. Ә.
Еуразияның кіндік тұсында ұлан-байтақ жеріміз бар қазақ даласының келбеті бағзы бір ежелгі атам замандардан өзінің ұлы рухын жоғалтпай, күні бүгінгі үшінші мыңжылдықта да асқақтығын танытып отыр. Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан-ғайыр кең өлке, тарихы шексіз, дәстүрі шетсіз ата-жұрт. Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып сұлу сахара!
Жұмыр жердің бетіндегі қаншама елдің даму тарихы өз алдына бөлек әңгіме. Адам баласы жаралғаннан бері руға, ұлт пен ұлысқа бөлініп, өздерінің қаншама мемлекеттерін құрып келді. Соның бір айғағы ретінде қоғамдық дәуірлеген кезеңдерден, қиыншылықтар мен қырғын соғыстардан, отаршылдық пен бодандықтардан өтіп, күні кеше жиырма жыл бұрын жеке мемлекеттік тәуелсіздігіне қолы қайта жеткен бейбіт елімнің, бүгінгі асқақ Қазақстанның, ұлы рухы мен мұндалап тұр.
Тәуелсіздік! Қасиетті де құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып, ой жіберейін. Бұл тәтті сөздің тұңғиығында ата-бабамның ғасырлар бойындағы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай-талай боздақтардың ізі мен ұрпаққа қалдырған мәңгі өшпес аманаты жатыр. Ұлан даланың жас перзенті – кеңпейіл қазақтың азаттық мұратындағы сан түрлі күрестері және тағдыр талайы жазған “тар жол, тайғақ кешу” іздері жатыр. Жаңа ғасырмен бірге келген ел тәуелсіздік жылдары – азаттық ұранын ұрпағына ұлағаттаған бабалар үрдісінің жалғасы.
Отар болдым, от кештім, суға баттым,
Күнін кештім шарқ ұрған шағаланың.
Енді бүгін көрдім мен қазағымның
Азаттықты бақытқа балағанын!– деп, дүние құндылығы бостандықта екенін Бауыржан Жақып та жырлап өтіпті сол бір жылдарда.
Өмір көші үнемі қозғалуда, азаттықтың ұраны әр қазақтың бойындағы қанға дарып, уақыт ағымымен сылдырап ағуда. Ел мен жер тарихы күн санап өзгеріп, өркениетке қарай дами түсуде.
Өткен тарихымызды ой елегінен өткізе отырып, ғасырлар қойнауына көз жіберер болсам, қазақ халқы небір қиын-қыстау кезеңдерді, ауыр күндерді басынан кешірген. Сонау ерте заманда халықтың арман қиялынан туған ел қорғандары – Алпамыс, Қобыланды, Тарғын сынды батырларымыз, Монғол шапқыншылығы кезінде туған қаласы Отырарды қасық қаны қалғанша ерлікпен қорғаған Қадырхан ел тірегі, ел панасы бола білді емес пе?! Қазақ халқы Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Күлтегін, Білге қаған, Елтеріс қаған билеген көк түрік заманындағы көк сүңгілі қақтығыстар, әлем әміршісі атануға ұмтылған Шыңғыс хан тұсындағы ат сауырынан қан кешкен алапат шайқастар мен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жойқын соғыстар, қала берді қандыбалақ Ресейге бодан болғаннан кейінгі жолбарыс жүректі Кене хан мен арыстан білекті Наурызбайдың, Исатай-Махамбеттің, Сырымның, Жанғожаның, Есеттің ұлт азаттығы жолындағы көтерілістері ен даланы еркін жайлаған ержүрек қазақ халқының үнемі қанатын қырқып, қатарын селдіретумен болды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған халықтың ұлы апаты уақытында ел бірлігін сақтап қалған Абылай, Әбілқайыр хандардың ел-жұртына сіңірген еңбегі, халық басына қайғы орнаған қысылтаяң жағдайда атақты Төле , Қазыбек, Әйтеке билеріміздің еш мүдірмей сөз бастаған тапқырлықтары, Жоңғар шапқыншылығын талқандаған қаһармандар Қарақарей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайдың ерлікке толы өмірі өз алдына жыр-дастан болса, «ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, кешегі дүние жүзін бір сілкінткен Ұлы Отан соғысының батырлары, Отанының тәуелсіздігін қорғауға, ошақ басының амандығы, болашақ бақыты үшін күресуге жауға аттанған – Бауыржан Момышұлының, қарапайым қазақ қыздары Әлия мен Мәншүктердің қайталанбас ерліктері, Желтоқсан құрбандары Қайрат, Ербол, Ләззат сынды жастарымыздың батыл істері – біз, жас ұрпақ, үшін үлгі-өнеге, тағылым мектебі.
Иә, сүйікті Отанына, атамекеніне деген сүйіспеншілік алауы мен перзенттік сезімі нағыз батырды қан майданға, жер қорғауға аттандырар болса, нағыз ақынды жырлататын да – осы күш. Қай халықта болмасын, өзінің кіндік қаны тамып, туып-өскен еліне, жеріне деген ыстық ықыласын, терең сезімдерін өлеңге қосып, өз өлкесінің тау-тасын, дархан даласын, аққулы көлін жырламаған ақын кемде-кем.
Халқымыздың от жалынды, зор таланттарының бірі, ұлт перзенті Мұқағали Мақатаевша айтылған «бірінші бақытын ойының алтын кенін берген халқы, кейінгі бақытын тас жүректі тілімдеген тілі, келесісін құдіретті Құдайға теңеген Отаны» деп есептелген адамзаттың асыл бесігі – жұмыр жерді қалай сүйіп, қадірлейтіні сезілетін ұран әр қазақтың жүрегінің лүпілімен үндесіп тербелуі керек. Ал азулы ақынымыз Әбу Сәрсенбаев “Туған жер” өлеңінде терең ой-сезімін:
Уа, Туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан сүзіп іштім сендегі
Алтын арай таңғы жұпар самалдың,-деген жасампаз жолдар арқылы береді.Көңілі дархан, ақпейілді қазақ халқы – тумысынан сағы сынып көрмеген батыр халық, тілдің майын ағызған дана халық. Туған жерді осылайша «білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап қалған ата-бабаларымыздың ерлігі мен ақын ағаларымыздың талантына бас иіп, тағзым етемін!
Еркіндік аңсаған халық тілегі бүгінгі таңда күнмен күліп , арайлап атқан ақ таңның нұр шапағын шашып тұр. Бостандықтың жиырма жылында жүз жылдарға татитын қадамдар жасалуда. Конституциямыз дүниеге келіп, елдіктің нышандары айқындалды. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім баурайды. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі, Мемлекеттік тіл болып қабылданды. Тарих толқынының өмір-теңізіндегі жөңкілісімен, қилы-қилы оқиғалар қабаттасқан тағдырдың жазуымен қалыптасып, жүзден астам ұлт өкілдері Қазақстан атты ортақ атамекенде жасампаз істерге толы ғұмыр кешуде. Ал Астанамыз болса, жыл сайын гүлденіп, Еуразия кіндігіндегі әсем қалалардың біріне айналып келуде. Ұлттық теңгеміздің де мәртебесі өсіп жаңа келбетке ие болды . Тұңғыш рет қазақтың батыр ұлдары Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшып, мерейіміз көтерілді. Республикалық “Ұланның” құрылуы, БҰҰ мен ЮНЕСКО-ға қабылдану, осының барлығы – елдігіміздің, еркіндігіміздің белгісі, Елбасымыздың ұлылығы мен көрегендігінің арқасы . Американдықтар Дж. Вашингтонын , орыстар І Петрді, түріктер Ататүрікті пір тұтады . Оларды өздерінің шын мәніндегі мемлекеттігінің негізін қалаушы, ел тағдырының ең бір қиын кезеңінде тізгін ұстап, ту көтерген тарихи тұлғасы ретінде құрметтейді. Ал біз үшін болса осындай текті де дара тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сол себепті егеменді ел болып, іргемізді бүтіндеп отырған кезде ұзақ жылдар бойы отаршылдық тұзағына түскен ұлттық санамыз қайта жанданған жылдан бері еркіндіктің елеулі елесін сезіне алғандығымыз бір ғанибет емес пе?!
Сөйтіп, еліміздің іргетасы қайта қаланып, ұлтымыздың бесігін түзеу үшін ат жалында жанталаспен өткізген жиырма екі жыл да артта қалды. Тәуелсіздіктің арқасында елімізге құт қонып , ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Төле би бабамыз айтқандай , тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шешіп, елдіктің тұғырына әрбір азамат құс болып қона білсе – ел болғанымыз сол.
Түптен келген тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол, ең алдымен, тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі. Сол қалың тарихымыз туралы өткір де, ірі, патриот ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың өзі былай жазған:
Тарих ол – уақытқа ұқсас толмайтұғын,
Қадайды қасыңа әкеп шалғай туын,
Тарих ол – бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын.
Еркін елдің жас қырандары, ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыз таңдаған білім мен білік жолын басшылыққа алып, туған еліміздің тәуелсіздігін сақтауға , талай теперішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, биік рухын қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге парыздармыз. Бұл игі мақсат жолында халқымыздың “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген дана мақалын әрдайым жадымызда ұстап, бірлікті, тұтастықты ту қылып көкке көтеруіміз керек. Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білгеніміз жөн. Сондықтан келешек жас өреннің «қазақ» деп соққан жүрегін еркін елдің ертеңгі кезінің бетке ұстар тірегі ретінде ескерсек, болашаққа нық басып, тереземіз тең болатыны еш бүкпесіз айдан анық.
Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі берік, тілегі қабыл бола берсін демекпін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!