Қазақ барда салт-дәстүріміз ғұмырлы болмақ

 Қазақ барда салт-дәстүріміз ғұмырлы болмақ

Ботабекова Камила
10 сынып, №6 мектеп-гимназиясі
Мақтарал ауданы, Жетысай қаласы

Салт – халықтар кәсібіне, сеніміне,тіршілігіне байланысты қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, дәстүр. Уақыт озған сайын оған жаңалық еніп,өзгеріп,қоғамдық болмыс принциптеріне бейімделіп отырады. Ал жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды. Сондықтан да халық :«Дәстүрдің озығы бар,тозығы бар»,-деп дұрыс айтқан.
Дүние жүзі халықтарының өздеріне тән салт-дәстүр ерекшеліктері бар. Сол сияқты:«Қазақ барлық сенім,әдетімен де, ойын -сауығымен де, әр кезде жасаған адамдарының тарихи мәні бар оқиғаларды баяндайтын поэтикалық құны күшті аңыздар,өлең жырлар жасауымен де,сауыққа құмарлығымен де, халықтың заңның көптеген кодекстерін сақтаумен де,соттың шешімдерімен де ең ақылдылардың қатарына қосылады»,-деп Ш.Уалиханов атамыз айтып өткеніндей ,қазақ елі - өнердің сан қырлы түрлеріне де, сондай-ақ біршама ата-бабаларымыздан бергі қарай нағыз мұсылман ұлтымыздың нақышын танытатын салт-дәстүрлерге де бай жұрт. Ал халықтың игі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.
Адам өміріндегі ең бір қызықты да, қуанышты да ұмытылмас белең – оның үйленіп, жеке тау тігуі. Ұрпақтарының үлгілі отау құруы – сол жастардың ата-аналары мен ауыл адамдарының ғана тілек-талабы емес, қоғамдық қажеттілік. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекеттің де мықты болуы мүмкін емес.
Қазақ халқының ұлын үйлендіріп,қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Бұл әдет-ғұрыптар ұрпағының келешегін, нәсілінің болашағын ескеруден туындаған.
Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден -бір жолы – құда түсіп,қалыңмал төлеп үйлену арқылы жүргізілді. «Құда түсіп,қалыңмал төлеп үйлену» деген ұғымның мағынасы өте кең.Бұдан қазақ жастары қалыңдығын өздері таңдап-талғамай , оларға болашақ жарын тек әкесі алып берген екен деген қорытындысы шықпауға тиіс. Әрине, қазақтар көбіне балаларды атастыру арқылы үйлендіретін. Егер екеуі де ұл,не қыз болсы,онда олар өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиісті болған . Бұл салттың көрінісі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында жақсы сақталған.
Ал «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» секілді эпостық мұраларымыздан жігітке де , қызға да жар таңдап, ұнатқан адамына қосылуына ерік берілген ежелгі дәстүр сілемін көреміз.
Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздестіреді. Бұл дәстүр
– «қыз көру», «жар таңдау» деп аталады. Шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен, аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ерткен, құстың қыранын баптап,мылтықтың түзуін асынған, ақ шаңқан үй тігіп, саф таза ауада жаз жайлау, қыс қыстауға көшкен дала тұрғындары осы салтанатқа сай болашақ жарының да тұрмыс-тіршілігінің ажар-көркі болғанын ұнатқан. Асылы көшпелілірдің ұғымы бойынша, бұл дүниеде түзу мылтығы,қыран құсы, жүйрік аты мен мінез-құлқы мінсіз әйелі бар ердің төрт құбыласы тең деп танылған.Бұл салт-дәстүрлерді сипаттау барысында тұрмыс-тіршілік, отау құруға байланысты біздің «қыз ұзату»,«беташар», «шілдехана», «тұсау кесу»,«тілашар» сынды салт-дәстүрлерімізді қоспау мүмкін емес.
Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уалихановтың : «Көшпелі сахаралықтардың ішіп-жері де, киінері де малмен табылады, жанының тыныштығынан гөрі оған мал қымбат...Оның малды қалай қастерлейтінін, бала-шағадан бұрын осы мал амандығын сұрауының өзі-ақ парақ-парақ қылып жазған түсіндірмелерден де артық дәлелдейді...»,-деп айтып өткеніндей, ерте кезден малмен бірге өріп, үнемі соның соңында жүрген қазақтар байқағыштыққа , малды шебер бағуға машықтанған. Мал басының есімі мен амандығы қашан дабереке мен қуаныш кепілі. Сондықтан да малдың қас-қабағына ден қойған шаруақор бабаларымыз «күйек алу» қойға қошқар қосу науқанына айрықша мән беріп, үлкен үміт-тілекпен кіріспек.
Қазақ малшыларының тәжірибесінде үркер туатын қазан айының аяғына қарай қошқардан күйек шешіледі. Күйек алу үшін әдетте сәтті күн деп сәрсенбі, бейсенбі, жұма сияқты апта күндері таңдалады. Сол күні тілеуқор аналарымыз малдың басына келіп, «іске сәт» деп,малдың қысыр қалмауына тілектестігін білдіреді. Сол жерде шашу ретінде шашылған бірер уыс тарыны отар иесі алып, бір саулығын ұстайды да, «төл тарыдай көп болсын!» деп әлгі тарыны қойдың алдына қояды. Ал кешке қарай жаңағы тілеуқор анамыз малшыларға шашыратқы деп аталатын тағам таратады.
Дүниеде бір адамның қуанышын көріп екінші адамның қуануынан артық кісілікті сезім болар ма! Сыйластық,қимастық, сағыныш сияқты мейлінше кісілікті сезімдер ең алдымен қуаныш бөлісуден, тілек ортақтастырудан басталатын сияқты. Өмірдің мәніне, тірліктің сәніне тұғыр болғандай бір кісілікті қасиет осы.
Сол кісіліктіту еткен халқымыз «ауылдар аймағымен,әйелдер байларымен,түйелер тайлағымен аман болсын!» деп келетін ақ жүрек тілегін айқара ашып, қызық-қуанышты «Сүйінші», «Шашу», «Көрімдік» сияқты дәстүр түрінде білдіріп отырған.
Сонау VII – VIII ғасырлардан бастап қолдауын тапқан зергерлік өнер әр елдің тұрмысына, салт-дәстүріне бейімделе отырып дамыды. Сондай озық та әрі үлгілі, түрлі геометриялық пішіндерге негізделе құйылған зергерлік бұйымдар жасауда қазақ халқы ерекше оқшауланған. Осы өнеріне байланысты ұлтымыздың азды-көпті салт-дәстүрлерін де қалыптастырған. Солардың бірі – құдағи жүзік.
Құдағи жүзік – ертеректегі салт бойынша қыз шешесінің құлағына сыйлайтын қос дөңгелекті, үсті тұтас қомақты, асыл тастардан көз қондырылып, алтынмен қапталған қымбатты бұйым. Бұл кәдімгі қос балдақ жүзікке ұқсас, бірақ одан көркемделуі жағынан ерекше болып келеді . Мұны қыздың шешесі зергерге арнайы жасатады да, екі жастың қос балдақ, сақина тәрізді қартайғанша біргеөмір сүруін тілейтіндігінің белгісі ретінде сыйға тартады.
Ендігі кезекте сөз түйінін ертеден келе жатқан тамаша салт-дәстүріміздің ішіне кіретіндердің бірі – батамен аяқтағым келеді. Бата беру дәстүрі шығыс халқы арасында, соның ішінде қазақтарда кең тараған . Әдетте бата ауылдың үлкен қария ақсақалдарының, жолы үлкен адамның, құдайы қонақтың үлесіне тиген. Бата қандай жағдайда берілмесін ол адамды кісілікке, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Ата-бабаларымыз «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деп жақсы киелі адамдардың батасын алып, кейінгі ұрпаққа да ықылас білдіріп, бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Міне, бүгінгі күнге дейін жақсы дәстүріміздің жалғасын тауып келе жатқаны баршамызды қуантады. «Жақсы сөз, жарым ырыс»,-демекші ,отбасы, ошақ қасына аманшылық тілеп бар жақсылықты басыңа үйіп-төгіп бата беріп жатса, оның несі айып . Қайта мұндай тамаша дәстүрлеріміздің көзін ашып марапаттау – біздің тікелей міндетіміз. Соған байланысты салт-санамызды, дәстүрімізді қайта жаңғыртып жатқан бүгінгі күндебата туралы неше түрлі нұсқасы жеке кітап болып басылып шығып та жатыр.
Қорыта айтқанда , ел егемендігін алып, тәуелсіздіктің байрағын көтерген осынау бір кезең базар бағасы бүйірден қысқан өтпелі кезеңге тұспа-тұс келіп жатса да, халқымыздың өзінің ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрінің сыр-сипатын көрсетер рухани мұрамызға сусай ден қойғаны заңды құбылыс.
Ғасырлар бойы қалыптастырған інжу-маржан дәстүрлеріміздің біразын жоғалтып алсақ, енді біразын көмескілендіріп алдық.Сондықтан да осынау шығармамда ата-салтымыздың жөн-жобасын, жол-жоралғысын жинақтап жазуды жаным қалады. Әрине, бәрін де қамтып, бәрін де айттым және ең дұрысы – осы деуден де аулақпын.Бірақ қазіргі өзім тәрізді егеменді елімнің болашақ жас ұрпақтарына :«Асыл мұрамызды ұмытпай дәріптеп, қастерлейік»,-деген үндеу салғым келеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?