Бақтыбай Жолбарысұлы (1842 - 1902)

 Бақтыбай Жолбарысұлы (1842 - 1902)

Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі-Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы маусым айында дүниеге келген. Атасы Аңламастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Жолбарыстан Тәттібай тарайды. Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған. Аңламас қарияның балаларын сондай күшті аңдардың атымен атауында гәп бар. Күш пен айланың заманында аю, жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек, бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын, әрине, ол білген жоқ.

Адам тағдырының сонша қиын да қызық екенін мынадан байқаңыз: жеті айлығында шала туған нәрестені атасы Аңламастан қалған ескі тымаққа салып, ай кереге іліп қойған. Бала үш күн бойы ауызына нәр алмапты. Ескі ырым бойынша, шешесі Шәуке қайнысы Үденнің тұзақпен ұстап, үйінде бағып отырған бұлбұл құсын сұрап алып, жас нәрестені соның тілін таңдайына салып ауыздандырған екен. Бақтыбай жеті жасқа келгенде әке-шешесі бірдей өліп, нағашысы асырап алады. Жас баланың он жасқа келгенше тілі шықпаған. Он екі жасында нағашысының ешкілерін қасқырға талатып, қорыққанынан күзгі жауында суық түнінде өз еліне қарай қашады. Әрі тоңып, әрі қорқып келе жатқан бала айдалада әлі шоғы сөне қоймаған жер ошаққа кез болған. Соның күліне аяғын тығып жатса, көзі ілініп кетеді. Түсінде Қабан ақынды көреді. Ел Ескелді, Балпықпен қатар әулие санайтын осынау аруақты ақын: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деп сұрапты-мыс. Бақтыбай: «Өлең аламын» деген. Қабан ауызына түкіріп, «жұтып қой» депті. Шаттана оянған баланың сол күннен бастап тілі шығып, айнала дүниеге ақын көзімен қарай бастайды. Бұл туралы өзі де былай деген:

Жасымда жетім болып безіп кеттім,
Қаңғырып айналаны кезіп кеттім.
Түсімде қабекеңнен өлең алып,
Қызырға бай қылатын кезікпеппін.

Айналада адасқан бала елін таба алмай келе жатқанда, ұзын қара жолда бір сауда керуеніне кездеседі. Бұлар керші өзбектер екен. «Еліңді тауып береміз» деп баланы алдап, өздерімен бірге алып кетеді. Сөйтіп, үш жылдай өзбектерде малайлықта жүреді. Есі кірген соң күншығыс жақта, Қаратал, Көксу өзендерінің бойында елі бар екенін білетін бозбала бір түнде қашып кетеді. Жолда жер өлшеп жүрген бір орыс инженеріне кездеседі де, оның да жұмысын бір жылдай атқарып жүргенде өрістегі жылқыдан бір жүйрік ұстап мініп, «елім қайдасың?» деп тартып отырады….

Көп қорлықпен, әркімнен сұрастыра жүріп ауылына келсе, ағасы Аю ешкілерін күтіп тұр екен. Ешкі соңында жүрсе де өмірдің тақсіретін көп тартқан, бірақ жүрек оты сөнбеген бала өздігінен домбыра тартуды үйреніп, жиын-тойларда ән айтып, ауыл елге таныла бастайды. Өнерінің арқасында ешкі бағудан құтылады. 17 жасында Жетісудың азуы алты қарыс билеушісі, халық «хан» атаған, орыс полковнигі, Абылай ханның немересі Тезек төрені іздеп баруы оның бойындағы ақындық алапат күш пен өжетілігін аңғартатындай. Оқиға былай болған: Тезек төре «Алман» деген жайлауда ақ шаңқан үйлерін тіктіріп, шаруа істейтін қараша үйлерден алыстау отырады екен. Өзі шақырмаса, оның ауылына баса-көктеп ешкім бара алмаған. Шақырылып барғандардың өзі аттарын алысқа байлап, қол қусырып жаяу келген. Қолында кішкене домбырасы бар жұпыны киімді бала жігітті ешкім елең қылмайды. Ақ Ордада ақылымен, шешендігімен аты шыққан Суан Қожбамбет бидің Тезек Төремен әңгіме-сұхбат құрып отырғанын алыстан байқап-біліп, аңдаусызда үй сыртына жеткен Бақтыбай Ескелді атасының аруағына сиынып, өлең тиегін ағыта жөнеледі:

Үш жүзге «Абылайлап» шыққан атың,
Ешкімге біленбеген жаман атың.
Кембағал алдыңызға келді қонақ-
Алла –жар, білесіз ғой жетім ақын.
Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,
Нашарда шыға-тұғын, үн бола ма
Ақ сүйек хан иемнің баласы едің,
Бір аттар босағаңнан күн бола ма

Затында өзі де ақын, бірақ хан тұқымы болғансоң, жөнсіз жайыла бермейтін Тезек бала жігіт қанша мақтап өлең айтса да сынағысы келді ме, әлде бейбастақ жігітке шын ашуланды ма, есік күзетіп тұрған жасауылдарына үй сыртында шаңқай түсте қақсап тұрған жетімді «Әрі қуып тастаңдар, кетпесе басын алыңдар» деп бұйырады. Табиғатынан өжет Бақтыбай жетіп келген екі жендетке: «Мен төрені даттағам жоқпын, мақтадым. Неге „басымды ал“ дейді? Менің басымды төре алмайды, алланың өзі алады» деген сөзін үйде отырып естіген соң Тезек көзбе-көз сынап көргісі келді ме екен: «Жарайды, кірсін», — дейді. Жас ақын кірген бойда домбырасын қағып-қағып жіберіп, өлеңмен сәлемдеседі де, төрені біраз мақтаған соң, аяқ жағында:

Жас та болса мейманмын,
Қарсы алады деп едім.
Сары ала тұйғын сен едің,
Сары ала тышқан мен едім,
Тышқанға көзін салғандай,
Қарғалық заңың бар ма еді? — деп тиіседі.

Соңғы сөзіне ашуланайын десе де, мына балаң жігітте ақындық күш бар екенін сезген Тезек сабыр сақтап, тағы да сынамақ болады. Қожбамбет бимен екеуіне сызылып қымыз құйып отырған ақ Дәнекер аталған сұлу келіншекті иегімен мезгеп:

- Мына сұлуды мен көркіне қызығып, ол менің хандығыма қызығып, тиген күйеуінен тартып алып едім. Мақтай аласың ба? — дейді Тезек. Бақтыбай: «мақтайын», — дейді. Сонда суан руынан шыққан Қожбамбет би:

- сен, бала, ескелді бидің тұқымысың. Кейбір ақын қорыққанынан немесе жағыну үшін өтірік мақтайды. Өтірік сөз жүрекке жақпайды, арна жоқ жерден су ақпайды. Шындықты айтсаң, құдайдың өзі сақтайды, — деген екен. Бақтыбай сонда:

Дәнекер – сіздікі емес, біздің қатын,
Тартып ап қатын қылдың білмей затын.
Төркіні Дәнекердің қоқандықтар,
Қоқанның қайын қылдың тәжік, сартын.
Қатынды кім мақтайды елден шыққан,
Қорқауға жұтылды ғой көрден шыққан… —
деп екуін де оңдырмайды. Дәнекер бетін басып төмен қарайды.

1987 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген «Жел қобыз» атты Бақтыбай жинағынан алынып отырған осынау шағын үзіндіден-ақ талай жағдаятты аңғаруға қиын емес. Біріншіден, Тезек сияқты азуы алты қарыс арыстанның алдына бару үшін жүрек керек. Екіншіден, анандай батылдықпен батыра-батыра айту әр ақынның қолынан келе бермейді. Үшіншіден, тапқырлық, бейнелеп сөйлей білу үлкен дарынның үлесіне тиетін шаруа.

Бақтыбайда қысқа өлеңдер, жыр-толғаулар көп болса керек. Бәрі жиналмағанмен әлгі кітаптағы барының өзі бұл ақынның қаншалықты өткір, қылпып тұрған пышақтай қиып айтатын алғырлығын аңғартып тұр. Сондай десек те, Бақтыбай – алдына жан салмаған айтыс ақыны. Бұл – арнайы зерттелуге тиіс тақырып.

Бақтыбай мен Мәйке бақытты өмір сүріп, Нұрыш деген қыз, Түсіпбек деген ұл сүйеді. Бақтыбай 60 жасында 1902 жылы сүзек ауруынан қайтыс болады. Мәйке беріде, 1932 жылы өмірден өткен. Ол өле-өлгенше, отыз жыл бойы өзі 17 жасында сүйіп қосылған ақынның жырларын насихаттаудан, жас ұрпаққа жаттатудан жалықпаған, домбырасына дейін сақтап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған. Бүгінде Талдықорған ауданындағы Бақтыбай ауылында биік дөңнің басында екеуіне сұлу ескерткіш орнатылған. Бұл жүректерін өнер рақылы жалғаған екеуіне деген қазіргі ұрпақтың сүйіспеншілігінің белгісіндей елестейді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі