І. Есенберлин «Қаһар» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 15 сабақ.


 Жоламан көші Сейтен көшіне мүлде ұқсамайды. Кигіз үйден бөтен, шоқшита тігілген қараша лашықтар мен ақ шатырлар көрінеді. Малдың дені түйе мен қой. Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар... Қой-ешкінің көпшілігі түбіт жүнді, арқар мүйізді теке, емшектері көнектей, мол сақалды тұқыл ешкі, топтан әлсін-әлсін бөліне жайылған бөрте лақ, жібек жүнді сек...

 Адамдарының киімдері де Арқа өңірінікінен басқаша...

 Бастарына кигендері кеуделеріне дейін жабатын түйе жүн далбағай, етек жағы айбалтаның жүзіндей қайқиып келген әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ... Тымақтары да бөтен. Үстін барқытпен тыстап, етегін терімен көмкерген киіз. Шошайған төбесінің құлақ тұсынан бастап жоғары қарай алты салалы етіп оқа ұстаған. Жарғақ шалбар, түйе жүн шекпен, кең құлаш етік, ақ таңдақ арша не болмаса тобылғы түстес етіп боялған жұмсақ тонның, шолақ сәнді пешпенттердің етек, өңіріне оқалап зер салған...

Ал әйелдерінің киімі Арқа киімдерімен тектес. Оқалы қамзол, зерлі шапан. Кәмшат бөрік, күміс тізген үкілі сәукеле. Оқамен зерлеген, күміс теңге қадаған жер сүзген мол қос етекті барқыт, бәтес көйлек. Анда-санда шетіне ши барқыт тұтқан, белі қыналған, жібін жіңішке етіп иірген шекпен қамзол, пешпент. Күміс шолпы, алтын жүзік, меруерт алқа, сом білезік, сәнді сырға — бәрі де бүкіл қазақ, әйелдеріне жарасты дүние. Дегенмен, әйелдерінің де киімінде өзгешеліктер бар. Кіші жүзде кимешек орнына күнгейлік киеді. Жас келіншектер осы бір кестеленген сәнді жаулықтың кейде құлақ тұсына, төбесіне үкі де тағады. Ал қыздары Орта жүздің қыздарындай аш белін қынар күміс белбеу, үкілі тақияға әуес емес.

Алыс жолға түйеден гөрі қолайсызырақ жылқы малы, кешеден бері, өзен жағасындағы қурай аралас көгал шеп пен қырқа бетіндегі жусанды бозға тойынып, тез-ақ белі көтеріліп қалған. Бұл көш те жайшылықтағыдай серуенді көш емес, дүрліккен, үрейленген, ата-мекен кең жайлауынан босқан көш. Ойдым-ойдым болып қонған ауылдардың етек-жеңі жинақты. Бұларды кешірген жаяу борсаң, жеңіл желкем дау-шар емес, бүкіл Жайық пен Елек, Жем бойын дүрліктірген, елге келген зор апат. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маңайында оттатып отыр. Әлі жауға түспеген жігіттері де бейқам болмайық дегендей әлсін-әлсін күнбатыс жаққа көздерін тігіп, семсерлерін қыса ұстап қояды. Ал кейбір жүрек жұтқан батырлары күрке, лашықтардың қасында жіңішке найзағай меңзелдес көгілдір құрыш алдаспандарын қамсыз қайрауда... Жас балаларда да рең жоқ. Олар әдеттегісіндей асыр салып ойнамайды, топ-топ болып жиналып бұлар да әлденені өзара сыбырласа сөз етеді. Тобылғы күрең сұлуларында да ақжарқын бейне жоқ, әдеттегідей сүлделері құрып бота көздерін көңілдестеріне қадамайды. Қара су секілді тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен кек аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.

 Расында бұл ауылдар сонау күнбатыс жақтан хабар күтіп тыпыршуда еді. Сондықтан ер азаматтар құбыла жаққа жиі қарайды. Әсіресе ана төбе үстіне жиналған қарттардың ішіндегі қапсағай денелі, қара сақалды, орта жасқа келіп қалған тұлғалы кісі дегбірсіз отыр. Құбыла жаққа қадалып қалған. Оның үстінде темір торлы шолақ сауыт. Басында темір тор далбағай. Сауытының жеңі шынтағына ғана жетеді. Білегін ішіне киген көк барқыт пешпентінің жеңі жауып тұр. Оюланған көк барқыт кең балақ шалбар. Аяғында күмістеген кең қонышты саптама етік. Сауытын ышқырланып алған. Күміс белбеуінде жез сағалы, қынына алтын жалатқан көк семсер. Сол қолының шынтағына ілген болат қалқан. Қазір қауіпсіз бір тыныштық шақ болғандықтан шетіне зер ұстаған көк барқыт шапанын иығына жамыла салған... Осы бір сұсты адамның айбынды түрінде қазір бір үлкен қобалжу бар.

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу