І. Есенберлин «Қаһар» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, әдістеме. 11 сабақ.
І.Есенберлиннің «Қаһар» романы бойынша шығармашылық жұмыс жасатуда Мәлік Ғабдулиннің мақаласынан берілген үзіндіні қосымша ұсынуға болады.
БАТЫЛ ДА СӘТТІ РОМАН (І.ЕСЕНБЕРЛИН ТУРАЛЫ)
Талғам-талабы өскен жұртшылықтың бүгінгі тілегіне жауап беріле жазылған шығармаларды зор қуанышпен қабыл алушылық жақсы салтымызға айналды. Осындай шығарма берген ақын-жазушыға зор алғысымызды айта отырып, бұдан былай да жазатын еңбектерінің сәтті болуын тілейміз. Міне, осындай тілек-талаптарға сәйкес жазылып, биыл баспа жүзіне шыққан және өзіне жұртшылықтың назарын аударған күрделі шығарманың бірі белгілі жазушымыз Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты романы (І.Есенберлин «Қаһар», тарихи роман. «Жазушы» баспасы, Алматы, 1969 ж.). Алпыс мың тиражбен шыққан бұл роман аз уақыттың ішінде тарап кетті де қазір іздесең табылмайтын мүлікке айналды. Мұның өзі аталған романның құнды шығарма екендігін дәлелдейтін фактінің бірі болмақ. «Қаһар» – көптеген тарихи документтер мен фактілердің негізінде жазылған роман. Мұнда жазушы 1836-1847 жылдар арасында қазақ даласында болған тарихи жағдайларды суреттеуді мақсат еткен. Атап айтқанда, романның негізгі оқиға желісі феодалдық-хандық өмірді қайта орнату мақсатымен Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс жайын тарихи-шындық тұрғысынан бейнелеуге құрылады. Романда көтерілістің шығуы, барысы және жеңілу себептері көрсетіледі. Осыған орай көтеріліске қатысқан басты-басты кейіпкерлердің образы беріледі, олардың арасындағы таптық, қоғамдық тартыстар мен әр алуан қақтығыстардың сыр-сипаты ашылады. Және де осы көтеріліс тұсында кімдердің алданғаны, кімдердің алдағаны суреттеледі. Романда әңгімеленген көтеріліс, әрине, өздігінен туған емес еді. Оны тудырған тарихи себептер, тарихи жағдайлар бар еді. Олар қайсы? 1822 жылы патша үкіметі Орта жүз қазақтарын басқару туралы арнаулы Указ шығарды да хандық жолмен ел билеу тәртібін өзгертті, хандықты жойды. Осыдан былай қазақ елін аға сұлтандар билейтін болды және қазақ жері бірнеше округ, болысқа бөлінді. Бұрынғы хандық дәстүрі жойылып, ел басқару ісіне аға-сұлтандар келсе де ескі хандық-феодалдық құрылыс сақталулы еді. Бұрын елді хандар езіп келсе, енді аға-сұлтандар езе бастады. Қазақ халқы ауыр халге ұшырады. Және де сол ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы үш түрлі ауыр жағдайға душар болды, үш жақты езушілік көрді. Біріншіден, қазақ халқын аға-сұлтандар езсе, екіншіден, патшаның қысымын көрді, үшіншіден, аталған кезде қазақ жерінің оңтүстік-батыс аудандарын мекендеген рулар Қоқан-Хива хандықтарының зорлығын басынан кешірді. Бұл айтылған үш жағдай қазақ елінің қоғамдық өміріне қатты әсер етті. Бұрынғы хандық өмірді және қазақ елін ескі хандық жолмен билеу тәртібін қайта орнатуды арман еткен Кенесары сияқты феодалдар сол мақсатына жету үшін қолдарына қару алды. Мұндай әрекет, шындығына келгенде, ескі хандықты жойған патшаға ғана қарсы бағытталған емес еді. Оның түпкі мақсаты – қазақ халқының Россияға қосылуына және тарихи даму процесіне кедергі жасау, қазақ елін Россиядан бөліп алып, бұрынғыша хандық жолмен билеу еді. Бұл мақсатына жету үшін ертедегі хандық дәстүрден айрылған Кенесарылар топ жинап, көтеріліс жасау әрекетіне кірісті. Үш жақты езу, қанау мен зорлыққа душар болған және одан құтылудың жолын іздеген қазақ шаруалары алғашқы бетте Кенесарыға зор үмітпен қарады, оны халыққа азаттық әперуші, сол үшін күресуші деп түсінді. Сондықтан да қазақ шаруалары алғашқы сәтте Кенесарыны қолдап, оның жасағына қосыла бастады. Бірақ бертін келе, оның іс-әрекеті, күресі халық мүддесіне мүлде қарама-қарсы екенін, оның мақсаты да халықты езу екендігін ұғына бастаған көпшілік ханнан қол үзеді. Көпшіліктің қолдауын көрмеген, қазақ халқының Россиямен қосылуына және тарихи дамуына қарсы шыққан, ескі хандық дәуірді қайта орнату үшін күрескен Кенесары да, ол бастаған көтеріліс те күйреп жеңіліске ұшырайды. Қазақ халқының өткен тарихынан орын алған осы бір шындық біз сөз еткелі отырған «Қаһар» романынан өзінің реалистік шешімін табады. Романның алғашқы бөлімінде қазақ елінің қоғамдық жағдайы суреттеледі. Бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қысымын, екіншіден Қоқан хандығының зорлығын көрген қазақтар қиын күйзеліске ұшырайды. Мұның үстіне осы кезде ел басқару ісін қолына алған аға-сұлтандар халыққа бүйідей тиеді. Бұлардың бәрі халық басына қара түнек орнатып, елді зар жылатады. Мұндай ауыр халден құтылу жолын қарастырған халықтың дүрбелең күйге түскені романда тартымды әңгімеленеді. Әңгіме патшаның қысымынан құтылмақ болып, Орта жүздің кейбір рулары ата-мекен қонысын тастап көше жөнелуінен басталады. Ал Кіші жүздің біраз рулары қарулы стихиялы күреске даярланып жатады. Бірақ бастаушы басшысы, ақылшы көсемі жоқ халық өзіне құрылған темір тордан шығып кете алмайды, қайта қысым үстіне қысым көріп, жапа шеге береді. Міне, осы кезде романда күрес сахнасына Кенесары шыға келеді. Ол патшаның отарлау саясатына, аға сұлтандар мен Қоқан хандығының қысымына қазақ халқының аса наразы екенін жақсы түсінеді де бұл жағдайды өз мақсатына пайдаланбақ болып іске кіріседі. Романның оқиға желісі осылай басталып, ұлғая дами береді. Оларды автор романдағы басты кейіпкерлердің іс-әрекетін асқан шеберлікпен суреттеу арқылы баяндайды. Осы ретте жазушы кейіпкерлердің нақышталған бейнесін жасайды. Сол кейіпкерлерді суреттеу арқылы жазушы өзінің айтайын деген ойын, алдына қойған мақсатын айқын білдіреді. Романдағы басты тұлға және жағымсыз бейнеде алынса да жазушының даралай сомдап шығарған кейіпкерінің бірі Кенесары. Ол барлық іс-әрекетімен, ашу мен ыза, кек пен қаталдық, ақыл мен айлакерлік сияқты қасиеттерімен айқындала көрінген образ. Белгілі мөлшерде Кенесары қазақ халқын патшаның және Қоқан хандығының құрсау қыспағынан құтқару үшін күрескен қайраткер болып көрінеді. Бірақ оның түпкі мақсаты бұл емес, оның арманы бұрынғы хандық дәуірді қайта орнату, қазақ елін Россиядан бөліп алып жеке хандық құру екендігін жазушы тарихи шындық тұрғысынан бейнелейді. Ең алдымен, романдағы Кенесары асқан айланың адамы. Оның алдына қойған мақсаты хандық өмірді қайта орнату, өзі хан болу екендігі кітапта бірден ашылмайды. Бұл мақсатын ол көпшіліктен жасыра отырып іске кіріседі. Сонда ол патшаның отарлау саясатына және Қоқан хандығының қысымына наразы болып кегі қайнаған, сол үшін күреске шығуға дайындалып жатқан халықты өз жағына тартуды көздеп көп жұмыстар жүргізеді. Оның түпкі мақсаты не екенін бірден түсінбеген халық алғашқы бетте Кенесарының соңына еріп, оны өздеріне басшы ретінде қабыл алады, халық ісі үшін күрескен адам деп біледі. Екіншіден, романда Кенесары патша әкімдерімен және патшаның өзімен де әр түрлі айла жасап арбасады. Олардың алдында да өзінің негізгі мақсат-мүддесі қандай екендігін жасыра отырып, достық қарым-қатынас жасауды көздейтінін білдіреді. Бұл саясат қулығын ол өте нәзік жүргізеді. Патша әкімдерінің сеніміне кіріп алып, содан кейін ойға алған күресін жүргізе беруді көздейді. Алға қойған мақсатына осындай нәзік айла-амалдар жасау әдісімен жетпек болған Кенесары жұрт көзіне өзін «халықшыл» етіп таныту үшін және халықтың жауларына қарсы күресуші екендігін дәлелдеу үшін кейбір сұлтандар мен билерді шауып та алады. Барлық күш-қаһарын соларға қарсы жұмсайды, оларды қорқыту арқылы өз дегеніне көндіру әрекетін жасайды. Ал бертін келе, Кенесарының алдына ұстаған мақсаты не екендігін жалпы көпшілік аңғара және одан қол үзе бастаған кезде, Кенесары нағыз шапқыншы, қарапейіл қарақшы, аяуды білмейтін сойқан болып суреттеледі.
1969 жыл, шілде
https://turkystan.kz/article/203-batyl-da-satti-roman-i-esenberlin-tura
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру