Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал.
«Қате мәтін» әдісі
Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы Едіге мен Қазанғаптың алғашқы танысқан эпизодында жіберілген қатені дұрыстап, түпнұсқаны ұсыныңыз.
Мұнан соң қате басылған үзіндіні қалпына келтіріп мазмұндаңыз.
... Көп ұзамай әлгі түйесін аманат қалдырған адам, арқасына қап көтеріп, қайта оралды. Жүгін түйеге артып болып, жолға жиналып тұрып, Едігеге таяп келді де, хал-жай сұрасты. Әңгіме бірден арнасын тауып кетті. Бұл Боранды разъезд-бекетінде тұратын Қазанғап екен...
Ол Едігенің жерлес емес екен. Туған жері Арал жағалауындағы ауылдардың бірінен болып шықты. Екеуі таныса келе, жақындаса берді.
Сол сәтте бұл кездесу Едіге мен Үкібаланың бүкіл алдағы тіршілігінің тағдырын шешпейтінін ешкім білген жоқ. Қазанғап оларды Борандыға барып, жұмыс істеуге көндіре алмады. Іші-бауырына кіріп, баурап ала алмады. Қазанғаптың ерекше бір қасиеті жоқ-ты, тек өмірдің ыстық-суық өткелегінен өткен қарапайым жанның кісілігін танытты. Түріне қарасаң күнге күйіп оңып кеткен киімі өзіне үйлесімді кәдімгі қаймана қазақ. Ешкінің терісінен илеп тіккен шалбар кигені де тегін емес, түйеге мініп жүруге оп-оңтайлы. Бірақ киімнің парқын білмейтін де кісі емес екені көрініп тұр. Дәу басында теміржолшының анда-санда бір киерлік, өңі түспеген фуражкесі. Аяғында — тарамыстан қырық жерден қиыстырып жамау салған, талай-талай заманды көрген хром етік. Оның бейнетқор қазақ екені күнге күйіп, желге
Тотығып көнтектелген бет-жүзінен, сексеуілдей қатты, қарулы қолынан ақ көрініп тұр. Бейнет мехнатынан күні бұрын еңкіш тартып, атпал иықтары салбыраңқырап тұрады екен, содан болар, орташа бойлы болса да, мойны сорайып көрінеді. Қоңыр қой көздерінде бір ғажап қасиет бар, жан-жағынан әжім үйіріліп, күлімсіреп тұратын сол көздер пайымды да, сұңғыла жанның сыңайынан сыр береді.
Қазанғап ол кезде жас еді. Бәлкім, тықырлау мұрты мен бурыл тартқан шоқша сақал оны кекселеу етіп көрсететін шығар. Бәрінен де оның сөзі тұрақсыз, салмақсыз көрінді, олар оған сенбеді. Үкібала бұл кісіні бірден ұнатпай қалды. "Шырағым, контузияң бар екен, денсаулығыңды кұртып қайтесің", — деген ол сонда. "Едігежан, бұл жұмыс саған қол емес екенін мен бірден байқадым, зорығып тұрсың. Мұндай ауыр жұмысқа жарамайсың әлі. Қарашы, қарайып әрең тұрсың", — деген. "Қазір сен таза ауа жұтып, емін-еркін ағарған ішіп, жеңіл-желпі жұмыс істегенің жөн...
«DEAL» әдісі
Оқушылар Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романынан және Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесінен берілген үзінділерді салыстыра талдап, шығармалардың тарихи және көркемдік құндылығына баға береді.
D – Describe – шығармалардың көркемдік құндылығын салыстырып сипаттайды.
E – Explain – шығармалардың тарихи құндылығын түсіндіреді.
A – Anallуse – шығармалардан алынған үзінділердегі тарихи шындықты өмірмен байланыстырып талдайды.
L – Links – Екі шығармадағы байланыстарға қорытынды жасайды, тарихи және көркем құндылығын айтып, баға береді.
1-үзінді
Едеке, алло, Едеке, разъездің кезекшісі Шаймерденнің даусы қырылдап естілді. — Естимісің мені, Едеке? Қалайсыз?
— Естіп тұрмын, тыңдап тұрмын.
— Естимісің мені?
— Естимін, естимін!
— Қалай естисің?
— О дүниедегідей.
— Неге о дүниедегідей?
— Жә, әншейін!
— А-а... Сонымен, Қазанғап шал нетіпті ғой!
— Нетіпті?!.
— Өлгенін айтам...— Шаймерден қолайлы сөз табуға тырысқан болды.—- Не деуші еді? Әлгі нетіп, әлгі ақырғы сапарға нетіп... аттанып дегендей...
— Иә,— деп шорт кесті Едіге.
"Әй, мисыз хайуан-ай,— деді ішінен, — қазаның жөнін де адамша айта алмайды.
Шаймерден сәл сәтке үнсіз қалып еді, микрофон бұрынғыдан бетер пытырлап-сытырлап, сықырлап, ар жақтағы адамның демінен шуылдап кетті. Шаймерден қайтадан қырылдай жөнелді:
— Оу, айналайын Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма, нетіп. Өлсе — өлді, нетіп... Менің сені алмастыра қоятын адамым жоқ. Өліктің жанында нетіп, отырмын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам қайта тірілмейді ғой, деп ойлаймын нетіп...
— Ал мен сенің басыңда тауықтың миындай ми жоқ деп ойлаймын,— деп шарт кетті Едіге. — Басымды қатырмаң не-ей?! Сенің мұнда келгеніңе екі-ақ жыл болды. Ал мен Қазанғаппен бірге отыз жыл жұмыс істедім. Ойлашы өзің. Арыстай азамат қайтыс болды, қаңыраған бос үйде қалай ғана жападан-жалғыз жатады?! Ата-баба дәстүрінде жоқ, адам баласы естімеген сұмдық қой.
— Жалғыз ба, жалғыз емес пе, өлген адам нетіп... оны қайдан біледі деймін де.
— Ол білмесе, біз білеміз ғой!
— Жә, жарайды, ашуланба нетіп, айқайлап, шал!
— Түсіндіргенім ғой саған.
— Неғыл дейсің енді? Менің жібере қоятын адамым жоқ. Өлген адамның қасында не бар түн ішінде? Не бітіресің сонда?
— Дұға оқимын. Марқұмның сүйегіне түсемін, кебінін тігемін, бата-дұға, құран түсіремін.
— Бата оқитын сен, Боранды Едігесің бе?
— Иә, мен, бата-дұға оқитын мен.
— Мәссаған! Совет өкіметі құрылғалы нетіп, алпыс жыл болды. бұл әлі бата-дұға дейді!
Әй, тантыма! Совет өкіметінің бүл жерге қанша қатынасы бар? Адам баласы ықылым заманнан бері өлік күзетіп, дұға оқиды. Өліп жатқан мал емес, адам ғой!
— Жә-жә, оқи бер дұғаңды нетіп... тек айқайлама. Еділбайға кісі жіберемін. Көнсе — барады да, нетіп, сенің орныңа тұрады... Ал қазір, давай он жетінші пойыз келіп қалды, запастағы екінші жолды дайында...
... Едіге айтқанынан қайтпады.
Өй, жігіттер, болмайтын әңгімені не қыласыңдар, — деп жастар жағын жасқап қойды. — Қазекең сынды кісіні бабалар жатқан Ана-Бейітке апарып қоямыз. Марқұмның айтқан арызы солай. Ақырғы тілегін орындау бізге парыз. Кәне, коп сөзді қойып, іске кірісейік. Жол жырақ. Таңсәріден қозғалмасақ болмасты...
Бәтуалы сөз Едігеден шығатынын жұрттың бәрі мойындады да, соның айтқанына тоқтады. Айтпақшы, Сәбитжан біраз қиқайып отырды. Хабар тиісімен-ақ, жүк таситын пойызбен жетіп келген. Жолаушы таситын пойыз Борандыға тоқтамайды ғой. Әкесінің өлі-тірісін білмесе де, Сәбитжанның, әйтеуір, жеделдетіп жеткеніне Едіге елжіреп, бір қуанды дейсің. Ә дегенде екеуі құшақтасып көрісіп, ортақ қайғыдан үгіліп бір ағыл-тегіл жыласын кеп. Кейін Едіге өз қылығына өзі таңданғаны бар. Сәбитжанды кеудесіне қысып, еңкілдеп жылап тұрып: "Айналайын-ай, келгенің қандай жақсы болды, келгенің қандай жақсы болды" — дей берген. Сәбитжан келгеннен Қазанғап тіріліп кететіндей, қоймай қайталады-ау. Неге мұнша егілгенін Едіге өзі де түсінбейді, бұрын бүйтіп өмірінде жылап көрген емес-ті. Қазанғаптың қаңырап қалған жатаған жаман үйінің алдында тұрып, екеуі көпке дейін еңіреді. Едігенің жүйкесін әлдене босатып жіберді... Сәбитжанның көз алдында өскені еске түсті. Жап-жас бала еді, әкесі жанындай жақсы көруші еді. Құмбелдегі теміржолшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернаттағы Сәбитжанға Едіге Қазанғап екеуі біресе пойызбен, біресе түйемен кезек-кезек барып, баланы біреу-міреу шекесінен шертіп қоймады ма екен, өзі бұзықтық жасап қоймады ма екен, оқуы қалай екен, мұғалімдері не айтар екен деп, жағдайын ұдайы біліп тұратын. Ал каникулдан қайтарда, бала сабағынан қалып қоймасын деп, боранға да, қарға да қарамай, тонға орап алып, Құмбелге жеткізіп салатын.
Қайырылмас қайран сол бір күндер! Бәрі де бір күнгідей болмай, көрген түстей, сағымдай өтті-кетті.
Енді міне, алдында зіңгіттей жігіт тұр. Сол бір кездегі сәбиден еміс-еміс елес қалған: бадырақ көз, езу жимас, күлегеш. Тек енді көзілдірік киетін болыпты. Жәпірейтіп қалпақ киіп, мыж-мыж галстук тағып алыпты. Бұл күнде қызметі облыс орталығында, содан да ірі, лауазымды болып көрінгісі келеді, бірақ өмір деген мұттайым, лауазымды бастық болу оңай емес. Өзі талай шағынып айтқандай, арқа тұтар қолдаушың, тамыр-таныс, туысқаның болмаса — бәрі бекер. Боранды дейтін разъездегі әлдебір Қазанғап дегеннің баласы кімнің шікәрасы? Алда, байғұс-ай десеңші! Енді сол жаман-жәутік әкеден де айырылып қалды. Өлі арыстаннан гірі тышқан артық, жаман да болса, әкесі еді, енді құдай оны да қоймады.
Жылап-сықтау тыйылып, тіршілік қамын ойласатын да мезгіл жетті. Сөйтсе айналайын білімпаз Сәбитжан әкесін құрметтеп шығарып салу үшін емес, апыл-ғұпыл көме салу үшін келген болып шықты. Әкесінің жүзін жасыра салып, ізінше қайтып кетпекші екен. Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша! Осы ауылдан ұзамай-ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой. Өмір бойы жұмыс істеген жері осы, кәрі теміржолшы жатсын темір жолдың бойында пойыздардың ары-бері ағылып өткенін сезіп. Сәбитжан былай жосыды. Тіпті "өлгеннің сауабы көмген", деп ескі қағиданы да еске салып қойды. Бәрібір емес пе, әйтеуір, ит-құсқа жем болмайтындай, жүзі жасырылса — болды емес пе, мұндайда созбалаңдатпай, өлікті тез жөнелткен жөн. Ақылды Сәбитжан осылай жосыды.
Осылай жосып ол өзін-өзі ақтаған болды: жұмысбасты адам, бастықтардан әке-көке деп сұранып шыққан. Зират алыс па, жақын ба — онда бастықтардың қанша шаруасы бар. Айтқан уақытта жұмыста бол! Бөтен сөз жоқ. Бастықтың аты —- бастық, қаланың аты — қала.
Сәбитжанның бөспесін естіп, Едіге өзін-өзі кәрі ақымақ деп бір күстәналады дейсің. Марқұм Қазанғаптан бола тұра, болымсыз туған мына бір сілімтікті жаңа ғана құшақтап тұрып егіле жылап, еңкілдегені есіне түсіп, ұяттан беті дуылдап, өзін-өзі аяп кетті... (Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы)
2-үзінді
Екі көрттің қара қайыс мойындарынан тер жылтырады. Тақымдары да удай ашиды. Кенет тұтқын балалардың бірі артындағы тұтқынның кеудесіне екі шекесін алма кезек ұрғылап шыңғырып жіберді. Ақ тайлақтың терісі күнге күйіп тырысып барады. Қаудырлап кеуіп жатқан түйенің көні бас сүйекті сытырлатып шаға түсті. Қазір-ақ ұн қылып уатып жіберетіндей. Басқа тұтқындар да бебеулей бастады. Манадан бері алда кетіп бара жатқан аттылы дүрмек арттарына қарап, тұра-тұра қалысты. Көздерінен жас парлап, кісендері шақырлап, қалшылдап-дірілдеп, арпалысып жатқан алты тұтқынды көргенде көп атты: «Я, аруақ!»— деп, ауылға қарай топырлатып шауып ала жөнелді. Көрттерді жетелеген екі мосқал түрікменнен басқа ешкім қалмады. Алты тұтқын айдалада ауыз жаппай сарнап келеді.
Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көңінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айрылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді. Жөнейіт былтыр бауырларының қандай күйге ұшырағанын Дүйімқара өз көзімен көрсін деп екі тұтқынды адай арасына апарып тастады да, былайғы төртеуін осы ауылдың түйесін бағуға, тезегін теріп, суын тасуға алып қалғанды.
Тезек теріп қайтқан мәңгүрт қазақтар ауылға келіп, ошақтың басына қаптарын төгіп жатыр. Қарауыл төбенің басындағы шолғыншы тапжылар емес, қаққан қазықтай серейіп әлі тұр...
... Інісінің басына барып, ақ тайлақ сойып, құдайы беріп келген күні ел тараған соң үлкен үйге баласын алып оңаша жатты. Үсті-үстіне жұлдыз саулаған жаздың түні еді. Туырлықта, үзікте шілделік шырлайды. Ауылдың анадай шетіндегі қара құрым күркеде алты тұтқын бебеулейді, сарнап-сарнап ап шыңғырады, тістерін қайрап ышқынады, сөйтіп біраз азапқа түсіп, ең соңында ештеңе өнбеген соң өкіріп кеп жылайды. Жерге аунап домалайды — кісенде де тыным жоқ, шылдыр-шылдыр. Жылқылар құлағын қайшылап едірең-едірең етеді, түйелер күндегісіндей күлге шөгіп күрт-күрт күйсеп жатпай, ербиіп-ербиіп тұрып алған. Бүкіл ауылда көзі ұйқыға кеткен бір адам жоқ — есінегеніңе шейін естілетін киіз үйлерден қорылдаған дыбыс шықпайды. Жым-жырт. Баласы қайтер екен деп бұ да көп уақытқа дейін тіл қатпады. Дәулет теріс қарап, бұқшиып жатып алды. Дөң үстінің түн салқыны бар. Түрулі іргеден лап қойған қоңыр салқын денесін шымырлатты. Жөнейіт сыртқа құлақ түрді. Ауыл тым-тырыс. Құрыс күркедегі тұтқындардың ғана жақтары тыйылар емес. Алтауы бірдей қосыла сарнайды, қосылып шыңғырады, кісендерін сылдыратып, төбелерін төмпештейді. Күркені күзетіп тұрған қарулы жігіттер жекіген рет жасап әлденені міңгірлейді. Оларын демдерін ішіне тартып, төңірекке құлақ түріп жатқан жым-жырт ауыл естігенмен, арпалысып жүрген тұтқындар естір емес.
Жөнейіт басын көтеріп баласының төсегіне көз тастады. Дәулеттің иығы бүлк-бүлк етеді. Мына неме жылап жатқаннан сау ма? Көкбөрі көмілген қабірді көргенде беті аппақ шүберектей боп, жыламай да, сықтамай да бозарып тұрып қалған. Мынау айдаладағы алты тұтқын шеккен азап ағасының өлімінен гөрі қабырғасына қаттырақ батқаны ма? (Ә.Кекілбаев «Күй» повесі)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?