Ж.Сахиев «Айдағы жасырынбақ» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 10-сабақ.


Әлемді таңдандырған 108 минут

Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысының бас жағында, 1957 жылғы қазан айының 4 жаңа күнінде Байқоңыр ғарыш айлағынан жер төңірегіндегі ғарыш кеңістігіне жердің тұңғыш жасанды серігі ұшырылып, адамзат тарихында ғарыш ғасырының басталғаны әлем халқына жақсы мәлім. Одан кейін ғарышқа бірінші аттанатын ғарышкер дайындау ісі басталып кетті. Сонымен 1961 жылғы сәуір айының 11 жаңа күнінен 12 жаңа күніне қараған түні Юрий Алексеевич Гагарин мен қосалқы ұшқыш Герман Степанович Титов ғарышкерлерге арналып тұрғызылған шағын үйде түнеп шықты. Ертеңіне ертемен Юрий Гагарин ғарыш скафандрын киді. Желдеткіш шлангісі автономды регенерациялы құрылымға жалғанды. Бас шлемінің беткі әйнегі жоғары көтеріңкі, қолдары қолғапсыз. Ашық қызғылт түсті скафандрды құраушылардың бірі оның Юрий Гагариннің тұла бойы тұлғасына қалай шақ келгенін, денесін қысатын-қыспайтынын, ал дәрігер денсаулығын қадағалады. Осыдан кейін Юрий Гагарин арнайы автобуспен аспанға тік қаратылып орнатылған, ұшырылуға толық дайын тұрған «Восток» ғарыш кемесіне келді. Ол жерде өзін күткен топқа жақындап, Мемлекеттік комиссия төрағасына өзінің ғарышқа аттануға дайын екендігі жөнінде рапорт берді. Бұл тарихи сәт жөнінде 2011 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл және тұңғыш ғарышкер Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толу мерейтойына орай Ақтөбе облыстық Планетарийі дирекциясы (директоры Қорлан Бөлеков) ұйымдастырған VІІ Азия-тынықмұхиттық астрономиялық олимпидасына қатысушылармен Байқоңыр ғарыш айлағында болғанымда, Байқоңырдың құрылысына 27 жыл ғұмырын арнаған ақтөбелік полковник Кеулімжай Жуасов аға Ю.А.Гагарин ғарышқа аттанған сол №1 алаңға ой жібере қарап тұрып: «Бұл Байқоңырда мен көп тұлғалармен кездестім. С.П.Королевпен де тілдестім. Ал сол 1961 жылғы наурыз айының 12 жаңа күнінде, ертеңгілікте бәріміз сыртқа шығып, «Восток» ғарыш кемесіне жақындадық. Сонда мен ғарышқа бірінші аттанып бара жатқан Юрий Гагаринді алғаш көрдім, оның риясыз жымиысы қандай жарасымды еді, онысы әлі күнге көз алдымда», – деген еді. Шығарып салушылармен құшақтасып қоштасқаннан кейін Ю.А.Гагарин ғарыш кемесі мен тасығыш зымыранын ұстап тұрған тіреуіштердің ең жоғары алаңшасына көтеріліп, қол бұлғап, кірер есігі арқылы кеменің басқару бөліміне еніп, катапультті ғарыш орындығына жайғасты. Кемені басқару мен жерге қайта оралуға арналған бұл шар пішінді қону аппаратының төбесіне Жердегі басқару орталығымен телерадиобайланыс ұстайтын антенна бекітілген. Ғарышкер шалқая жайғасқан катапультті орындықтың маңдай алдында ғарышкердің басқару тетігі құрамына енетін өлшеу құралдары мен кеме жағдайы мен жұмыс жүйесін қадағалайтын индикаторлар, санды көрсеткіштер, қадағалау шамдары, олардың ортасында белгілі бағдарламамен айнала қозғалатын әрі уақыттың әрбір сәтінде кеменің географиялық орнын көрсететін глобус бар панель енетін құралдар тақтасы, оның қатарында теледидар камерасы, одан солға таман оптикалық бағдарламалы иллюминатор, дәл алдында басқару тұтқасы, оң жағында азық-түлік салынған контейнер болды. Сәлден соң телеэкранда Юрий Алексеевич Гагариннің бет-әлпеті анық көрінді. Ол әлденелерді тексеріп, құрал тақтасына қарай еңкейіп те қойды. Басын қайта көтеріп, телекамераға тіке қарап езу тартты. Артынша Бас конструктор Сергей Павлович Королев (байланысу есімі «Заря-бір») пен Юрий Гагариннің (байланысу есімі «Кедр») бейнебайланысы басталып кетті. Уақыт баяу да, зымырап та өтіп жатқандай сезілді. Сөйтіп, дайындыққа берілген отыз минут артта қалып, аттанар сәт те келді. Сағат тілдері Мәскеу уақытымен 9 сағат 07 минутты көрсеткенде С.П.Королев: – Сәтті сапар тілеймін! – деп толқи сөйледі. Ю.А. Гагарин: – Кеттік! – деп жігерлі дауыстады. Ғарыш кемесі миллиондаған ат күшіне тең отты дауылдың күшімен ғарыш кеңістігіне қарай зулай ұшып жөнелді... Арада көп уақыт өтпей кеме жер бетінен 302 шақырым алыстап, жер төңірегіндегі ғарыш кеңістігіндегі айналым жолға шықты. Юрий Алексеевич Гагарин жер ғаламшарымызды сыртынан алғаш көріп, Байқоңырдағы басқару орталығына: – Жер көкжиегі сондай, өте сұлу сәуле жиекті! Әдемі түрлі түсті сәуле көрінісі жер бетінен басталып, айқын түрлі түстене береді. Оң жағымдағы иллюминатордағы көрініс те өте сұлу! – деп толқи, тебірене сөйледі. Тұңғыш ғарышкер одан кейін ғарыш кемесінің Оңтүстік Американың, Африканың үстінен ұшып өткенін, 89,1 минутта жер шарымызды толық бір айналып ұшып шыққанын, жағдайының жақсы, кеме жүйесінің қалыпты екенін хабарлады. Ал бұл кезде жерде Мәскеуден осы оқиға жөнінде радиодан хабарланып, теледидардан көрсетіліп жатты. Юрий Алексеевич Гагариннің үйінде әйелі Валентина Гагарина, Лена және Галя есімді кішкентай бүлдіршіндері газет тілшілерімен бірге екі бөлмелі пәтерінде қуаныш пен терең толқыныста радио мен теледидардан айтылған әрбір жаңа хабарды мұқият тыңдап, көріп отырды. Сағат тілі 10 сағат 25 минутқа жеткенде берілген бағдарламаға сәйкес «Восток» ғарыш кемесінің тежеу қозғалтқыш жүйесі іске қосылып, Жер төңірегіндегі айналым жолынан жердегі алдын ала белгіленген ауданға қонуға төмендеуін бастады. Жер бетіне таяғанда, Юрий Гагарин өзі отырған ғарыш орындығын катапульттеумен кемеден бөлек ұшып шығып, парашютпен жай қалықтап, сағат 10-нан 55 минут өткенде аман-есен жерге түсті. Жерден ғарышқа ұшуы, жерді бір айналып қайта қонуы 108 минутқа созылды. Юрий Алексеевич Гагарин есімі әлем халқына мәшһүр болса да, қайда барып, қайда жүрсе де өзін ғарышқа ұшқанға дейінгі қалпындай мейлінше қарапайым, мәдениетті ұстады. Сол қасиеттері мен жарасымды риясыз жымиысы адам баласын баурап, есінде мәңгілікке қалды. Ол ғарышқа аттанған сәттегі әйгілі «Кеттік» деген сөзін достарына жиі айтатын, оларға: «Кеттік» деп риясыз жымиып қоятын. Юрий Алексеевич Гагарин 1968 жылы ақпан айында Мәскеудегі Н.Е. Жуковский атындағы Әскери-әуе инженерлік академиясын үздік бітірді. Сол жылғы наурыз айының 27-сі күні жылдам ұшатын әуе кемесімен сынақ өткізіп жүргенде қапыда қаза тапты. Мәскеудегі Кремль қабырғасына жерленді. Есімі Жұлдызды қалашықтағы ғарышқа ұшатын ғарышкерлер дайындайтын орталыққа, бұрынғы Гжатск қаласы мен Гжатск ауданына, Қызыл тулы М.И. Кутузов орденді Әскери-әуе академиясына, Айдың арғы жағындағы кратерлердің біріне берілді. 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсат үшін зерттеуде ірі жетістіктерге жеткен ғарышкерлерге беріліп тұратын Ю.А.Гагарин атындағы Алтын медаль тағайындады. Ю.А.Гагаринге тұрғызылған ескерткіштер мен есімі берілген көшелер елімізде де бар. 2011 жылғы қыркүйек айында Алматыдағы Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтырудың «Бөбек» орталығы обсерваториясы базасында Ю.А.Гагариннің ғарышқа тұңғыш ұшқанына 50 жыл толуына орай 16-шы Халықаралық Астрономиялық олимпияда болып өтті. Тағы көптеген іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Жүніс САХИЕВ, жазушы-фантаст. АСТАНА.Толығырақ: https://egemen.kz/article/alemdi-tandandyrgan-108-minutМАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу