Қорқыттың нақыл сөздері. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал.


 Қорқыттың нақыл сөздері. Кіріспенің мәні хамду-санада емес, Қорқыттың қоғамдық ойларын, шешендігін білдіретін мақалдарда, онда ата мен бала, ер мен ел, жақсы мен жаман, салт-сана мәселесі сөз болған. «Жабы мінген жау алмас», «Тозған мақта бөз болмас», «Ежелгі дұшпан ел болмас», «Өтірікшіге жердің үстінен асты жақсы», «Ат қиналмай, жол алмас», «Қырдың шөбін бөкен білер, сайдың шөбін жекен білер», «Ұлдың кімнен туғанын ана білер», «Ата даңқын бала шығарар», «Өнерсіз қыз жаман, өнегесіз ұл жаман», «Қар қанша жауғанмен, жазға бармас», «Ащы су дария болып аққанмен пайдасыз», «Қонағы жоқ үйден түз жақсы», «Тәкаппардың ісін құдай оңғармас», «Дариялар тасып құйғанмен теңіз суын көбейтпес», «Сараңның малы тісіне тимес», «Қаратай ғып мал жиғанмен, адам жомарт болмас» деген мақалдардың ғибраты ойлы, терең. Бұлар қазақ мақалдарына ұқсас, одан көшпелі салт, табиғат исі есіп тұрады.

 Осы кіріспе сөзде Қорқыт әйел төрт түрлі болады, оның басы – құт әйел, соңы – қанағаты жоқ жұт әйел, одан қалса ерін ығыр қылатын кесір әйел, тірлігін ұқсатпайтын салақ әйел деген. Жақсы әйел ерінің бар-жоғын білдірмей, елге аға болады дейді. Мұнысы мақал емес, нақыл, ғибрат сөз. Х.Коруглы Қорқыттың әйелге берген бағалары феодалдық салт нормаларына жатады деген. Әйел ерге қорған, отбасының тірегі болса, оны номаддық өмір салты деуге рет бар. Өйткені Қорқыт жырларында феодализмге тән қос әйел алу жоқ. Баласыз болса да, Дирсехан сұлу, ақылды. Бөрі сұлу жаудан (пешенеден) екі ұл туып келсе де, Қазан оған кешірімді. Жырдағы сұғанақ бойлы Бөрлі қатын, Алпамысты 16 жыл күтетін Бану-Шешек, өз еліне жау болып, Төрәлі батырға тиетін Сейілжан қатын, Бисат қолынан өлетін Алпамыстың жеті қарындасы, әйелі – асқан батырлар. «Ат – биеден, алып – анадан» дегендей, жырдағы номаддық, көшпелі ел әйелдерінің бәрі де батыр, би, қоғамшыл, азатшыл тұлғалар. Әйелді феодалдар олай бағалаған емес, «күң» деген сөз тұтқын әйелдерге қолданылған, олар да алтын кеседен оғыз батырларына шарап тартады. Өздері тойда жүрген номад қызындай киінеді. Әйелді құт, жұт әйел, салақ, кесірлі әйел деген жерде Қорқыт номадтық өмірге кіре бастаған феодализм психологиясын айтып отырса керек. Өйткені әйелі тумай, өзі қу бас аталып, хан тойынан қуылса да, Дирсехан әйелін жақсы қадірлейді, оған мұңын шағып, қатарынан кем қалғанын айтады: «Уа, сүйген жарым, басыма қонғам бағым, бойың кипарис ағашындай, қолаң қара шашың арқаңды жапқан, екі қасың иілген жақтай болып қосылып кеткен, оймақтай аузыңа екі түйір пісте сыймайды, екі бетің күздің піскен алмасындай қып-қызыл, мен үшін сен піскен қауын едің... Бізге құдай не үшін бала бермейді?» - дейді.

 Жырдағы әйел бейнелері бірінен бірі асып түседі. «Ер серігі – сұлу жар, жүйрік ат» деген көшпелі елдер мақалы есіңе түседі. Автордың әйел образын кіріспе сөзге қосуы тегін емес. Бұл сөздерден Қорқыттың қоғамдық пікірлері, ойшылдығы, шешендігі жақсырақ көрінеді. Қорқыт сүттей боп ұйыған номаддық отбасы – адамгершілік пен ерліктің басы деп білген. Өзі шаман дінінің көсемі болса да, Қорқыт ерлікті патриотизмнің басты нышаны деген. Отбасы бүтін болса, ел бүтін демек.

 Кіріспе сөздер Қорқыт атынан берілсе де, жырдың өзіне келгенде айтушы Қорқыт есімін әр жырдың соңында ғана атап: «Сол тойға Қорқыт атам келіп, осы жырды айтқан екен» деп отырады. Онысы – Қорқыттың ақындығы. Кейде Қорқыт жеке жырлардың кейіпкері болып жүреді. Кіріспе сөз басындағы: «Баят тайпасында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Құдай зердесіне салған жан болғандықтан, оның барлық болжамдары қате кетпеген. Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселені шешкен» деген жолдар оның тарихи тұлғасын растай түскендей. Мұнысы – оның сәуегейлігін айту.

http://adebiportal.kz/upload/iblock/2c4/2c48089b517d6d337bb21ec00fce1620.pdf

Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы: «Әдебиет Әлемі», 2013. Т.16: Қоңыратбаев Ә., Бердібай Р. Фольклор және әдебиет туралы зерттеулер. – 432 бет.

[attachment=28291:az_-d_8-syn_1-tar_6-cab_osymsha-resurs_1-nsa.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу