Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО-2017. ЭКСПО ЕЛІМІЗГЕ НЕ БЕРДІ? Қазақ тілі, 9 сынып, таратпа материал. 4 сабақ.


Бөлім/ Сабақ тақырыбы:

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО-2017

ЭКСПО елімізге не берді?

Оқу мақсаты

О 9.2.6.1 Белгілі бір мақсат үшін оқылым стратегияларын тиімді қолдана білу;

Сабақ мақсаты:

Оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, талдап оқу, болжап оқу

Бағалау критерийлері:

Берілге оқылым стратегияларын тиімді қолдана біледі.

Дескриптор

  • Оқылым стратегиясын қолдана алады;
  • Мәтін бойынша болжау жасайды;
  • Мәтінді өз болжамымен аяқтайды.

 Оқылымның стратегиялары: Шолып оқу: мәтін тақырыпшасын, бөлімдер аттарын, абзац сандарын шолу;Болжап оқу: мәтіннің құрылымдық бөліктерін жекелеп оқып, ары қарай не болатынын, автор ойын болжау; Көз жүгіртіп оқу: мәтіннің мазмұны мен құрылымын жылдам жалпылай көз жүгіртіп оқу;Зерттеп оқу: мәтіннің мазмұны мен құрылымдық бөліктерін шолып оқуға қарағанда күрделі оқу түрі. Зерттеп оқу оқушыдан назарын шоғырландырып оқуды талап етеді. Оқылым мәтінінің астарлы ойын, автор көзқарасын, мәтіндегі көтерілген мәселені, факті мен көзқарасты зерделеп ажырату зерттеп оқудың ерекшелігі болып табылады.3. Оқылымның ішкі дағдылары (subskills):* Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу (skimming) – мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу. Нақты ақпараттарды табу үшін оқу (Scanning) – мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу, яғни ол үшін тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажетті пайыздық көрсеткіштерді тауып алу.Детальді түрде оқу - әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, келісімшарттағы талаптарды немесе нұсқауларды түсіну үшін сөзбе –сөз оқимыз. Сөз мағынасын контексттен ажырату - мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын болжау үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару немесе сөздіктерді қолдану Мәтін құрылымын түсіну – Мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы: кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім.

 Оқудың алдында мен...Орындайтын тапсырмаларды түсінетіндігімді тексере аламын;Мәтіннің /суреттердің / кестелердің/ сызбалардың аттарымен және тағы басқа сілтемелермен таныса аламын.Осы мәтінде пайдаланылуы мүмкін сөздерді ойластыра аламын;Өзім игерген энциклопедиялық білімдерді қолдана аламын (мәтіннің мазмұнын алдын-ала болжау, т.б).

 Оқып отырғанда мен...*мәтіннің түрін анықтай аламын (тарих, жаңалық және т.б.); Мәтінді жылдам оқып, негізгі идеясын түсіне аламын;Мәтін кім үшін жазылғанын түсіне аламын (нысаналы аудитория);Автордың мақсатын анықтай аламын (сендіру, хабардар ету, суреттеу);Егер мәтіннің жеке бір бөліктерін түсінбесем, үрейленбеймін, бұл қалыпты жағдай;Таныс сөз бен сөз тіркестерін таба аламын;Атаулар мен аттарға, тыныс белгілерінің қолданылуына көңіл бөлемін;Таныс емес сөздерді елемей қалдыра аламын;Грамматикалық құрылымдардың (шақ, сөздердің орны) байланысын орната аламын;Логиканы пайдалана аламын.

 Оқығаннан кейін мен...нәтижені талдап, ненің сәтті шыққанын анықтай аламын;Оларды cөйлегенде, жазуда пайдалану үшін қажетті сздер мен сөз тіркестерін теріп жаза аламын;Пайдаланылған стратегияларды талдай аламын;Анағұрлым тиімді стратегияларды сыныппен талдай аламын.

 1-оқылым алды тапсырмасы. Суретке қарап, мәтін не туралы болуы мүмкін екенін болжаңыз.

 

2-оқылым тапсырмасы. Әр абзацты біртіндеп болжай отырып оқыңыз.

 3-оқылымнан кейінгі тапсырма. Жұп болып мәтінді өз болжамдарыңыз бойынша аяқтаңыздар.

 Бағалау критерийлері: Берілге оқылым стратегияларын тиімді қолдана біледі.

 Дескриптор:

  • Оқылым стратегиясын қолдана алады;
  • Мәтін бойынша болжау жасайды;
  • Мәтінді өз болжамымен аяқтайды.

ЭКСПО елімізге не берді?

 Биылғы жыл ел жылнамасында айрықша әріптермен жазылатын айтулы оқиғаларға толы болды десек, олардың көш басында төрткүл дүниенің назарын Қазақ еліне бұрған айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі тұрғаны талассыз.  Үш айға созылған жаһандық шара мемлекетімізді әлемдік қауымдастыққа жаңа қырынан танытып қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрістеуіне, мәдени дамуына тың серпін берді.

 Көрме аяқталған соң көптің көкейінде «ЭКСПО елімізге не берді?» деген сауал туындады. Бұл сұрақтың қойылары әу баста-ақ белгілі еді. Халықаралық көрме ел дамуына кері әсерін тигізбеді ме деген күдік көлденең шығарын білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шараның салтанатты жабылуында-ақ алаң көңілдерді жайландырып, ЭКСПО-ның Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.

– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Мемлекет басшысы.

 Қазақстан Президенті «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталып, ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік бергенін айтты. Көрмеде жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды.

 Бүгінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеде таныстырылған инновациялық технологиялардың ішінен үздік 105 жоба іріктеліп, соның 40-тан астамын бірқатар мемлекеттік және атқарушы органдар іске асыруға кірісті. Энергетика министрлігі таңдап алған жобалардың 28-і – отандық өнертапқыштардың туындысы. Олардың ішінде энергиялық үнемділікті арттыратын және қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған тың технологиялар бар.

Сонымен қатар, шетелдік авторлардың да көрмеде ұсынған заманауи жобалары іріктеліп алынған. Атап айтқанда, немістің технологиясы энергияны алысқа тасымалдағанда қуат көздерін үнемдесе, енді бірі жерасты су мен топырақтан энергия алуға мүмкіндік береді. Пайдалы деп танылған жобалардың ішінде Беларустың «Трубосфера» технологиясы да бар. Осы жоба арқылы газдың қысымын барынша азайтып, өндірілген энергияны мұнай-газ саласында кеңінен пайдалануға мүмкіндік тумақ.

 Бұған қоса, ағын суларды тазартуға арналған фин теxнологиясы ауызсуды тазартып қана қоймай, судың түбінде тұнып қалған лайды тыңайтқыш ретінде өндіріп береді. Бүгінде Финляндияның бір жобасын «Қазгидромет» сынақтан өткізуге кірісті.

«Көгілдір көмір» атты поляк теxнологиясы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды 80 пайызға төмендетеді. Көмірдің қызуын да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бізге мұндай теxнология аса қажет. Сондықтан бұл технологияны да болашақта тиімді пайдалануға іріктеп алдық. Біз таңдап алған жобаларды тәжірибеге енгізу мәселесімен арнайы сарапшылар тобы айналысуда.  Олардың құрамына «Қазмұнайгаз», «ҚазТрансГаз», «КЕГОК» сынды ұлттық компаниялардың 40-тан астам сарапшысы және энергетика саласының кәсіби мамандары, министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелердің өкілдері бар», – деді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев жуырда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

 Сарапшылардан құралған жұмыс тобы Австрия, Германия, Нидерландтар, Ресей, Финляндия сынды мемлекеттердің алдыңғы қатарлы технологияларын іріктеп алып, оны төрт топқа жіктеген. Жобалардың 27-сі – мұнай және газ, 5-еуі – көмір мен атом өнеркәсібі, 44-і – энергия саласына, басқалары экология, ауаны тазарту, қоқысты жарату салаларына топтастырылды. Қазіргі уақытта үздік жобалардың 40-тан астамы 9 отандық компанияда зерттелу үстінде болса, 14 технологияны – екі университет, тағы 12 жобаны жергілікті әкімдіктер қолға алған.

 ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің отандық туризмнің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына оң ықпал еткенін де баса айтуға тиіспіз. Жуырда Atameken business channel телеарнасына берген сұхбатында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметовтің айтуынша, көрмеге келушілер саны әу баста жобаланғаннан әлдеқайда жоғары болған. «Біз екі миллион қонақ келеді деп күткенбіз, алайда көрмеге келушілер саны төрт миллионнан асып кетті. Оның ішінде жарты миллионы 187 мемлекеттен келген шетелдік қонақтар», – дейді Әлішер Пірметов.

Әлемдік деңгейдегі көрмені өткізу кезінде  елордамызда 47 жаңа мейрамхана ашылды. Мәселен, 2016 жылы қалада 165 мейрамхана болса, 2017 жылы саны 201-ге жеткен. Бұдан бөлек, Астанада 11 жаңа көше салынды. Аумағы 44,4 шақырым жол жөнделді. Мәңгілік ел және №31 көшелердің қиылысында аумағы 40 000 шаршы метр, 1500 көлікке арналған тұрақты салу жұмыстары аяқталды. «Астана ЭКСПО-2017» аумағын жылу, энергиямен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырым жылу жүйелері, 25 585 шақырым электр желілері, 3 электрмен қамтамасыз ету нысаны қолдануға берілді.

 «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, павильондардың ішінде ең танымалы қазақстандық павильон – «Нұр Әлем» болды. Ол Астананың және бүкіл Қазақстанның жаңа визиттік картасына айналды.

«Астаналық кәсіпкерлер халықаралық көрменің уақытын ұзартуды сұраған болатын. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдар едік. Бірақ, Халықаралық көрме бюросының бекіткен регламенті бар. Ал біз ол регламентті бұза алмаймыз. Кәсіпкерлердің осылай ықылас танытуы, көрменің тиімді болғанының тағы бір дәлелі болса керек», – дейді Әлішер Пірметов.

Ұлттық компания басқарма төрағасының бірінші орынбасары сұхбат барысында көрменің экономикалық тиімділігіне де тоқталды. «ЭКСПО – бұл коммерциялық шара емес. Әйтсе де, біз 70 млрд теңге пайда көрдік. Бұл тек билет сатудан ғана түскен пайда емес. Бізді демеушілер қолдады. Сонымен қоса, коммерциялық қызметтен, лицензиялық тауарларды сату құқығын беру, тауар белгісін пайдалану, т.с.с. кіріс әкелді. Көрмеге дайындық барысында 452 млрд теңге жұмсалғанын сіздер жақсы білесіздер. Ол қаржының басым бөлігі құрылысқа жұмсалды. Енді ол құрылыс нысандары мақсатты пайдаланылатын болады. Елбасы оның концепциясын белгілеп берді», –  деді ол.

 Сонымен қатар, маман 2015 жылы тамызда ЭКСПО Ұлттық компаниясының жобаны қайта қарап, қаржат үнемдегенін айтты. «Топ- менеджментті екі есе қысқарту жыл сайын 100 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, көрменің жобасы қайта қаралып, ықшамдалып, артық элементтер алып тасталды. Нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. Жалпы алғанда 364 млрд теңгеден аса қаржы үнемделді. Бұл жобаның бастапқы құнының 44,6% құрайды», –  деді ол.

 ЭКСПО инфрақұрылымы көрмеден кейін ел игілігіне қызмет ететінін Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс басталмай тұрып-ақ айтқан. Көрме аяқталған соң да халыққа нысандарды әрі қарай пайдалану жоспарын түсіндірді.

– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы халықаралық көрменің жабылу салтанатында.

 Бір анығы, ЭКСПО-2017 – еліміз үшін ғылым мен технология, жасыл экономика салаларындағы озық үлгілерді үйренер тәжірибе алаңы ғана емес, өзінде барды өзгеге көрсететін орта болды. Бұрынғы әріптесімен ынтымақтастығын тереңдетіп, жаңа әріптесімен байланыс орнатуға жол ашқан да – осы көрме. Халықаралық көрме аясында 220 ресми шара ұйымдастырылса, оған 28 елдің президенті, 13 парламент спикері мен мемлекеттік хатшы, 10 премьер-министр, 26 премьер-министрлердің орынбасары, 70 министр мен 48 министрдің орынбасары, 22 халықаралық ұйымның өкілі қатысыпты. Жалпы, елордамызға «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы 45 елдің делегациясы келген. Яғни, алдағы уақытта сол елдермен арадағы  алыс-беріс күшейіп, әріптестік нығая түседі деген сөз.

https://turkystan.kz/article/40820-ekspo-elimizge-ne-berdi



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу