Мәңгілік Ел – мұратым. Қазақ тілі, 9 сынып, дидактикалық материал. 9 сабақ.
Оқушының аты-жөні________________________________________________________
2-тапсырма. Төмендегі мәтінді оқы. Негізгі идеясын анықта. Маңызды ақпараттарды теріп жаз.
Қазақ ел болып, еңсе тіктегелі мемлекеттің ұлттық идеясы қандай болуы керек деген сауалдың жауабын көп іздеді. Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселенің өзектілігі артты. Елдің көксегенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дөп басты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, кемел келешекке сенім де осы ұғымның шеңберіне сыйып тұр. Демек, межеміз айқын. Ал бағытымыз ше? Мәңгілік ел болудың дұрыс жолына түстік пе? Материалдық байлықты қамдауға кірістік. Рухани байлығымыздың асығын қашан түгендейміз? Мәңгілік елдің ұлттық мәдениеті қандай болуы керек? Жуырда жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевпен әңгімелескеннен кейін көкейде осы сауалдар көлденеңдей берді.
Ата-бабамыз әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атануды, тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болуды армандады. Сол арманға бүгін ұрпағы жетіп отыр. Шаңырағы биік, керегесі кең егеменді елдің іргесін қаладық. Ендігі арман – Мәңгілік ел болу.
Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, Мәңгілік елге айналудың ең басты шарты – тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту. Өйткені тәуелсіздік – халқымыз қаншама ғасыр бойы аңсаған, Алаш арыстары аманаттаған асыл дүние. Ендеше оны нығайтудың жолы қайсы? Осы сауалдың тууына, өреміздің шеңберінен әлдеқайда асып кететін ауқымды тақырыпты қорықпай қозғауымызға түрткі болған қаламгер Сұлтанәлі Балғабаев көкейде қордаланып жатқан көп ойын ортаға салды. Біз қағаз-қаламымызды сайладық та, тыңдауға бекіндік.
– «Мәңгілік ел» – болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын, үлкен мақсаттарға жетелейтін қуатты идея. Ендігі мақсат оны қызыл сөз, жаттанды ұран күйінде қалдырмай, ақиқатқа айналдыру. Соған қарай адымдап жылжу. Олай болса, бүгіннен, осы сәттен бастау керек. Мәңгілік елге айналудың алғышарты қандай – осыны анықтап алайық әуелі. Ең бастысы, экономикамыз ілгерілеп, қорғанысымыз күшеюі керек. Бұл екі сала үнемі мемлекеттің ерекше назарында, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Мені алаңдататыны – ұлттық мәдениеттің дамуы. Төл мәдениеті, ұлттық құндылықтары құлдыраған ел ешуақытта Мәңгілік ел бола алмайды. Осыны түсінетін уақыт жетті.
Нақты мысал керек болса, келтірейін. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең өзекті мәселе – тіл. Өзі тәуелсіз әрі өзгелермен терезесі теңескен өркениетті ел бола тұра, сол мемлекетті құраушы ұлттың тілін қайтсек тірілтеміз деп бас қатырып, екі күннің бірінде жиын өткізіп жататын ел көрдіңіз бе бізден басқа? Ондай мемлекет жоқ дүниенің еш бұрышында. Мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеру үшін миллиондаған қаржы бөліп, түрлі бағдарламалар жасап, курстар ашып, ақ тер, көк тер болып жататын қазақ қана. Себебі неде? Мұның себебі еліміз Кеңес Одағының құрамында болғанда «Экономиканы көтереміз!», «Тың игереміз!», «Зауыт-фабрикалар саламыз!» деген ұрандардың екпіні қатты болды да, тіл мәселесі кейінгі қатарға ысырылып қалды. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің еңсесі біршама көтерілді. Шүкір. Енді өткен күннің қателігін қайталауға болмайды. Қазір де мемлекет бар күшті экономиканы дамытуға жұмылдыруда. Ұлттық мәдениеттің жағдайы тағы да кейінге ысырыла ма деп қорқамын. Егер төл өнердің дамуы кенже қалса, қаржылық жағдайымыз жүз есе жақсарғанымен, қорғаныс қабілетіміз мың жерден күшейгенімен, Мәңгілік ел бола алмаймыз. Бұл Тәуелсіздігімізге де қауіп төндіруі мүмкін, – дейді жазушы.
2- тапсырма. Кесте толтыр
Мәтін түрін анықта | |
Жанры | |
Негізгі идеясы | |
Маңызды ақпараттар | |
Көзқарастар |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды