Театр – өнер айнасы. Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 1 сабақ.


1 -сабақ

Сабақтың тақырыбы: Театр – өнер айнасы

Оқу мақсатын жүзеге асыруға бағытталған қосымша тапсырма.

 Алдымен оқушылар театр тақырыбындағы мәтінді тыңдайды. Мәтіндегі автор көзқарасын анықтап, жұпта пікірлеседі. Сонан соң мәтіндегі экспресивті-эмоционалды сөздерді ажыратып, аадамдардың көңіл-күйі және белгілі бір құбылыстарға қатысы, ол құбылыстарға қалай қарайтыны жайындағы сөздерді анықтап, талдап төмендегідей кестеге түсіреді.

Сөйлем

Экспресивті-эмоционалды реңк тудыратын морфологиялық формалар арқылы жасалынған сөздер

Жасалу тұлғасы, әсері

Мемлекет мәдениет орындарына немқұрайлы қарамауы керек.

немқұрайлы

Сын-қимыл үстеуі арқылы жасалынған эмоционалды сөз

Тыңдалым мәтіні:

https://baq.kz/kk/news/regmedia/regmedia-76042

Театр – шын мәнінде өмір айнасы. Ол алдымен адамның өз-өзін реттеуіне, күнделікті мән бермей жүрген нәрселерін айнаға қарағандай өзінен табуға жәрдемдеседі. Қай жаста болмасын театрға келуі арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады. Қойылымдағы бір адамның өмір жолынан өзінің өмірін көруі, біреулердің айтқан сөздерінен өзінің дауысын, үнін естуі әбден мүмкін. «Театр - өнер мешіті» деген теңеу бар. Десе дегендей, театр – мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ, алтын көпір екені даусыз. Өркениеттілікке, дамыған елдердің қатарына ұмтылған еліміз үшін – халықтың ең алдымен рухы биік, мәдениетті болуы, соған қатысты мәселеде, әсіресе өнер арқылы рухани серпіліс тудыратын театр туралы сауатты болғаны аса қажет. Адамдар театрға не үшін барады? Театрды рухани өнердің қара шаңырағы деп бекер атамаған. Адамдарға күнделікті ас бөлмеге басын сұғып үш мезгіл тамақтану, асхана, кафелерге барып тәтті тағамдардан аухаттану қаншалықты қажет болатын болса, театрға барып рухани жан-дүниесін байытып тұруы да соншалықты қажеттілік болып табылады. Тамақ – адамның тәнінің өсуіне керекті нәрсе болса, екіншісі – адамның ішкі рухани-жанын өнер құралдары (актерлік шеберлік-көркемсөз, көркем қимыл, сахна сценографиясы - көркембейне, көркемой, әсер) арқылы дамытуға, өсіруге бағытталған дүние. Шын мәніндегі көркем әсер - адамның сана-сезімін оятады, ақыл-парасатын толыстырады. Адам– бір ғана нәрсеге мұқтаж болып туылады екен, ол рухани тәрбиеге деген жетімдік – міне, адам соның орнын толтыру үшін де театрға барады екен. Бұл туралы кезінде асқартаудай ақыл иесі Аристотельдің, басқа да даналардың айтып кеткен өсиеттері жетерлік. Театрға баруды біржақты ғана сипаттауға тағы болмайды, бұнда адам жаны жан-жақты даму, өсу, түзеу, жетілдіру процестерінен өтеді, рухы оянады, еңсесі көтеріледі, көңілі сергиді, жаны рахат табады. Тек адам осының бәрін шынайы сезінуі үшін театр туралы хабары, дайындығы, ондағы қойылымдар туралы түсінігі, сауаты болуы керек екен, әйтпесе бәріде «машинально», қойылымдар жүріп жатқанымен, оны көріп жүрген көрермендер бәрін үстіртін, жалпылама тұрғыда ғана қабылдап, көп нәрселерге тереңірек мән берілмей бәрі жалаң өте бермек. Театрға белгілі бір өнерді сүйетін адамдар ғана барады екен деген түсінік түбегейлі дұрыс емес. Көпшіліктің, театр – концерт, мерекелік шаралар өтетін орын, оған сол саланың адамдары, болмаса соған бейім, қызығатын, ұнататындар ғана барады деп ойлайтындары бар. Театрға мемлекеттік қызметтегі адамдардан бастап, базардағы сатушы, саудагерлер, одан да басқа қызметтегі адамдар ешқандай қоғамдық таптарға бөлінбестен, әлеуметтік жағдайына қарамастан театрға баруға құқылы, тіпті баруға тиісті деуге де болады. Тек, олардың бәрі театрға қатысты жалпыға бірдей ережелерді білуі, соны сақтауы, есіне ұстап айналасына айта жүруі тиіс. Театр - өнерді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниені, өмірді сүйетіндер үшін арналған. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Шекспир: «Бүкіл әлем – театр, біз оның актерлеріміз» деп жаһанға жар салған. 

Театрға барғысы келген адам ең алдымен нені білуі тиіс? Ол адам ең бірінші театрдың жалпы репертуарымен таныс болуы керек. Одан кейін жарнамалық афиша арқылы қандай қойылым екенін біліп қана қоймай, оның жанры мен қойылымның қысқаша аннотациясымен танысып, не туралы екенін білуі шарт. Әйтпесе, театрға бару керек екен деп көзді жұмып бара беру де мүлде дұрыс емес. Ешқандай ақпаратсыз театрға жүгіріп келгенде сіздің күткеніңіз болмай, шылғи сөздерден құралған драмалық қойылым, болмаса жүрегіңізге ауыр тиер трагедия қойылып жатса, ол сізге ұнамай қалуы әбден мүмкін. Сіз ұзақ сөзден жалығып басыңыз ауырса, болмаса өктем айқайдан, керісінше өзін ұстай алмайтын комедиялы, күлкілі жағдайларды жақтырмай қалуыңыз мүмкін, мінекей соның салдарынан театрға деген теріс түсінік туындауы, кейін тіпті театрға келмей қоюыңызда ғажап емес. Көрдіңіз бе, театрға бару үшін де қаншалықты сауаттылық қажет екенін. Әр адамның әртүрлі талғамы, көзқарасы бар. Бұл теледидардың пультін басып каналдарын ауыстырып, бағдарламаларды таңдағанмен бірдей немесе қолыңыз боста кино қарау үшін дискі сатып аларда алдымен қорабындағы жазуды оқып, боевик немесе комедия деп іздейтініңіз, не туралы екенін таңдайтыныңыз сықылды. Қандай қойылым екенін біліп, жан-дүниеңізбен қалап, іздеп келген жағдайда ғана бәрі бөлек болады. Оқиғаны жан-тәніңізбен түсініп көру, қабылдау, қойылымның сіздің ішкі түйсігіңізге ұнағаны, жаныңызға жаққаны, әсер еткені - мінекей осының бәрі руханияттың сіздің жүрегіңізге жеткендігі болып табылады. Бұдан басқа да сізге театрдың ішкі тәртібімен танысуыңыз, мәдениет орнында өзіңізді қалай ұстауыңыз жөнінде жазылған ережелерді білуіңіз, оқып танысуыңыз және соны сақтағаныңыз жөн. Олар туралы театрда табличкалар, нұсқаулар жазылған, орындалуын қадағалайтын бақылаушы қызметкерлер бар. Театрға барыңыз, сұраңыз, ізденіңіз, орындаңыз.Театр не береді, неге үйретеді? Бұны біреу білер, біреу білмес, сондықтан қысқаша тоқталып өтейін, тарқатып көрейін. Театр ең алдымен көркем сөйлеуге, сөз мәнерін білуге, тіл өрнегін көруге, естуге үйретеді. Кейбір драмалық қойылымдар шын мәнінде екі адамның бір-біріне әдеби тілде, қаратпа сөздерді, монологтерді пайдалана отырып, мақалдарды қосып, түрлі афоризмдермен оқиғаны, ондағы шиеленісті сөздер мен алып шығуға арналып, тек қана тілге құрылады. Ондайда сахнаға декорациялардың өзі қажет болмай қалып, сахнаны көркемдеу тек қана «минимализм» стилінде аз ғана элемент, детальдарды пайдаланумен шектеліп жатады. Бұндайда тілге, сөзге құрылған қойылымды тыңдай алатын салмақты, сауатты көрермендер болмаса, өзі де тыңдай алмайтын, өзгеге де тыңдатпайтын ұшқалақ, жеңіл ойлы, жеңілтек көрермендерге салмақты драмаларға келудің қажеті жоқ. Олар алдымен қысқа, жеңіл сөзге, көрерменді жалықтырмай жетектеп, арнайы күлдіріп отыратын бірнеше жеңіл қойылымдарды көре отырып, шыдамдылықтарын шыңдап, түсініктерін қалыптастырып барып күрделі қойылымдарды көре алатын дәрежеге жетіп, белгілі бір сатылардан өткеннен кейін ғана келгені абзал. Бұл жерде үлкен шыдамдылық мектебі, көркемсөз, көркем тіл, көркем бейнелердің біріккен мектебі бар. Одан әрі, сол диалогтерді, монологтерді тыңдау барысында, есту барысында еттің елжіреуі, жанның тебіренуі, дененің түршігуі сияқты ішкі-сыртқы сезім категорияларының жаттықтырылуы жүреді. Қойылым барысында қолдан жасалған көркем де жанды бейнеме-декорациялар, ретімен ауысып отыратын түрлі техникалық жабдықтар, светтер, дыбыстар, әуендер, одан әрі осының бәрі бірігіп келіп, бір ансамбльде актерлердің жанды, тірі дауыстарымен одан әрі көркемделіп, жанданып көрермендержүрегінежол табады. Сахна мен зал арасында осындай тығыз байланыс, контакт орнауы үшін де көрермендердің жоғарыда айтылған ұсыныстар туралы сауаты болғаны аса қажет, сонда ғана сахна мен көрермендер арасында шынайы байланыс орнап, ол керемет бұлакүш ағынға ұласып, екі жақтың да көздеген межесі - таза рухтың тасқын күшін сезінуге, содан нәр алу мүмкіндігіне жеткізеді. Театрдағы ақ пен қара ұғымына түсінік. Ақ пен қара ұғымы біздің дәстүрімізде адам баласының сәби шағында тәй-тәйлап алғаш қадам жасарынан бастап ақ пен қара жіптен есіліп, аяғыңды тең бас деп аяғына тұсау болып байланып, өмірге жолдама ретінде

кесілетін салтынан басталады. Бұл өмірдің қуаныш пен қайғыдан, өмір мен өлімнен, күн мен түннен тұратыны сықылды ажырамас, өзгермес қағидасы. Театрдағы қойылымдар жанрының негізі де осы - комедия мен трагедиядан тұрады, содан бастау алады. О бастан-ақ театрдың жалпы логотиптік белгісінде жадырап күліп тұрған және мұңайып, қайғырып тұрған осы екі ұғымды ашатын маска тұратыны белгілі. Қойылымдардағы бүкіл іс-әрекет, оқиғалар осы екеуі арқылы өрбиді, тарқатылады, күлдіреді, жылатады. Көрермен осы оқиғалар пернесінде өзін, өзіне ұқсас жандардың өмірін айнадан көргендей көруі, шындықпен бетпе-бет кезігуі, мынау былай, анау алай екен-ау деп сабасына түсуі, әйтпесе өзінің өмірдегі жолын таным таразысына салып, үлгі-өнеге болмасақ үш-қуат, тәлім-тәрбие, сабыр-шыдам, бағыт-бағдар сияқты өзіне, жанұясына, әулетіне керектіні, осының бәрі жиналып келгенде қоғамдық әлеуметтің өркендеуіне керекті өмірлік сабақ болатындығы даусыз.Көркемдік қойылым бөліміне келсек, театрда қойылымды сахналауға байланысты екі үлкен кәсіби шығармашылық топ жұмыс жасайды. Біріншісі - труппа, яғни актерлер құрамы болса, ал екіншісі - көркемдік қойылым бөлімі. Театрдың ішкі құрылысының өзі осыған сай жарық және қараңғы болып екіге бөлінеді. Жарық беті - көрермендер кіретін ашық, сәулетті холл, фое, зал болатын болса, қараңғы жағы - әдейі қарамен боялған сахна жақ беті, яғни кулисаның арты, ол жаққа қойылымға қатысатын актерлер мен цех қызметкерлерінен өзге адамдарға өтуге мүлде рұқсат етілмейді. Көпшілік жұрт біріншісін жақсы білгенімен, екіншісі туралы түсініктері мүлде аз екені рас. Көркемдік қойылым бөлімінде оның үстінде цехтар қызмет етеді. Олар сахнадағы сценографияның көркемделіп дайындалуына жұмыс жасайды. Қызметкерлердің өздері қойылым уақытында көзге түспегендерімен олардың сахнаны безендірудегі тынымсыз еңбегі, кәсіби қабылеттері қойылым сахнасынан жарқырай көрініп, көрермендердің көзайымына, көз қуаныштарына айналып, халық қару хани ләззат сыйлап жүргендігі айқын.  Қорыта айтқанда, театр – өмір айнасы, бір уақыт театрға келіп өзін іздеуі, табуы, тануы, рухани мінез-құлқын тарап-тарануы әркімнің өз парызы. 

 Темірбек  Мұхтаров, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу