Театр тағылымы. Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 5 сабақ.


5-сабақ

Сабақтың тақырыбы:

Мәтінді сынып ерекшелігін қарай бөліп оқытуға болады!

https://egemen.kz/article/176851-tarikhyn-taghylym-tutqan

Тарихын тағылым тұтқан театр

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында соңғы 10 жылға тарта уақыттан бері қалтқысыз жалғасып келе жатқан жақсы бір рухани дәстүр бар. Ол – шығармашылық ұжымның әрбір театр маусымын Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай» трагедиясымен ашып, дәл сол қойылыммен түйіндеуі дер едік.

Қарқаралыдан жеткен құнды жәдігер ХХVІІІ театр маусымының шымылдығын түрген ұжым бұл жолы да сол үрдістен жаңылмады. Оның үстіне биылғы жылашардың қазақ өнерінің қаранары, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспатұс келуі де – осынау мәдени шараның мәні мен маңызын арттыра түскендей. Айтулы күнге театр ұжымы жан-жақты әрі тыңғылықты даярланыпты. Еңбек демалысынан оралған шығармашылық құрам киелі сахнасымен сағыныса қауышып, «Абай» қойылымы арқылы өнерге өзгеше өрнек сыйласа, театр директоры Айболат Сексенбаевтың бастамасымен қасиетті Қарқаралы өңірінен арнайы шақырылып, қарашаңырақ төріне қойылған Қалибек Қуанышбаевтың өмірі мен өнерінен сыр шертетін көрменің көркемдік әлемі жаңа маусымды асыға күткен талғампаз көрермен үшін үлкен тарту болды. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Асхат Амангелдіұлының 500 шақырым қашықтықты артқа тастап, өзімен бірге аңыз актердің туған топырағынан ала келген сирек фотосуреттері мен тұтын­ған заттары, сондай-ақ өнер иесінің даусы жазылған Абайдың қара сөздерін оқыған 25 минуттық аудиотаспа, сахнагердің қойылымға киген киімдері мен өзге де құнды мұрасы көрушісіне қайталанбас әсер сыйлағаны сөзсіз. Жәдігерлер арасындағы, әсі­ресе Мұхтар Әуезовтен Шәкен Аймановқа, ал Аймановтан Қалибек Қуанышбаевқа мұра болып қалған қол таяқ пен актердің 1940 жылы Асқар Тоқпановтың режиссерлігімен сахнаға тұңғыш шыққан «Абай» спектакліне киген костюмі де қазақ театр тарихының тағылымды беттерінен сыр шерткен, көрермен көңілін толқытқан ерекше сәт болды. Сөйтіп елордалық өнерсүйер қауым бұл күні тек кітаптан оқып, біліп келген аңыз актерді құнды жәдігерлер арқылы өзгеше қырынан таныды. Жаңа маусымның көрерменіне сыйлаған ең бағалы сыйы да осы. Таланттар тандемі Театр ұжымының «Абай Құнанбайұлы – Мұхтар Әуезов – Қалибек Қуанышбаев» үштағанына оқтын-оқтын оралып, өнердің рухани нәрін аталған таутұлғалар тағылымынан іздеуінің де айтулы һәм салиқалы себебі бар. Олай дейтініміз, Қалибек Қуанышбаев – Абай бейнесін ең алғаш сахнаға шығарған актер. Өткен ғасырдың 40-жылы режиссер Асқар Тоқпановтың қолтаңбасында сахна көрген трагедияның қазақ театр өнері тарихындағы орны айрықша. Әсіресе Қалибек Қуанышбаев нұсқалаған Абай­дың аңыз бейнесі ішкі тереңдігімен өнер­сүйер қауымды айрықша тәнті еткен еді. «Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз ойнады, бірақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хан­тәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне». Қойылым режиссері Асқар Тоқпанов талант табиғатын дәл осылай таразылайды. Ал ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың: «Өткен ғасырда, жалпы қазақ тарихында ұлтымызды дүниежүзіне танытып қана қоймай, әлемді ресми түрде мойындатқан үш адам бар. Олар: ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қаламгерлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміндегі «ұлы» деген сөзді біз ғана емес, бүкіл Еуропа халқы мойындайды. Солардың ішінде жаһандық ауқымда ең алғаш мойындалғаны – Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев», деп актер қарымына берген бағасы бүгінде саңлақ есімін иеленген өнер ұжымының ғұмырлық ұстанымына айналғандай. Олар да Қаллеки шыққан биікке ұмтылады, актер бағындырған бейнелілік жолында тынбай тер төгеді. Режиссер Әлімбек Оразбековтің қолтаңбасында өнерсүйер қауыммен қауышқан, бұл күнде театрдың бойтұмарына айналған «Абай» трагедиясы – жоғарыда тілге тиек еткен пікіріміздің айғағы. Қуанышбаевтан Өтеуіловке дейін Иә, сахна өнерінде Қалибек Қуанышбаев шыққан шың – Абай рөлі десек, бүгінде сол биікті бағындыруда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нүркен Өтеуілов жемісті еңбек етіп жүр. Абай – жүрдім-бардым қарайтын кезекші рөл емес, күрделі бейне. Алып бейнесін сахнаға шығару әртістен ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Үздіксіз ізденіске жетелейді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесінің сахнагерге артар зіл батпан ауыртпалығы да, ешбір атақпен өлшенбес абыройға бөлейтін құдіреті де қатар жүреді. Жас та болса актер Нүркен осы жауапкершіліктің салмағын жете түсінеді. Өзін үнемі Абай шығармашылығымен сусындатып келе жатқан өнер иесінің кейіпкер бейнесін ішке сіңірудегі сол ізденісі әр сөзі мен әрекетінен, әр демі мен үнсіздігінен сезіліп тұрады. Сахнагердің сомдауындағы ақын бейнесі сол бір ішкі иірімдерімен, күрделі күңіреністерімен бірден көз алдыңызда биіктей жөнеледі. Нүркеннің Абайынан сіз ақын заманы­ның надандық пен тоғышарлық қатар шарпысқан зарлы мұңын ғана емес, бүгінгі күннің қоғам келбетін де жазбай танисыз. Өз әлеміңізге іштей үңіліп, өзіңізше қорытынды түйесіз. Бұл – ең бірінші классиканың құдіреті болса, екіншіден, актер ізденісінің жемісі деп бағалау керек. Режиссер Әлімбек Оразбековке дейін де Абай тақырыбына соқпаған сахна суреткері сирек. Әйгілі Асқар Тоқпанов қолтаңбасынан бастап, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ғ.Хайруллина, Ж.Омаров, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, Ә.Оразбековтен бері қарай да тізбектеліп кете береді. Әр дәуірдің Абайы сахнаны өзінше түрлендіріп, талғампаз көрермен көңіліне өзгеше өрнек салса, ақын бейнесінің әйгілі Қаллеки дәстүрін жалғаған жаңа заман бедеріндегі кемеліне келген үздік келбетін актер Нүркен Өтеуілов ізденісінен тануға болады. Ол сахнада ақын болып, адам болып ғұмыр кешеді. Бұл спектакльде сіз қазақ театрларынан тым жиі көретін сақалын салалап, алысқа көз тігіп, шексіз-шетсіз ой тұңғиығына беріліп, жансыз һәм жаттанды пәлсапа соққан «мүсін Абайды» емес, өмір ұсынған тағдырдың түрлі тәлкегіне жер басып жүрген жұмыр басты пенде, ет пен сүйектен жаралған жүректі жан иесі ретінде үн қатқан ақынның көңіл күй құбылуына, қуанышы мен қиналысына, даналығы мен күрескерлігіне, қысқасы, бір адамның бойына тоғысқан сан түрлі мінездің жан-жақты кескінделуіне куә боласыз. Нүркеннің Абайы сахнада қарапайымдылық пен шынайылыққа барынша екпін түсіреді. Сондықтан да актердің қаһарманы тұлғалар жайлы сахнаға жиі шығатын атауы өзге болғанымен, кейіптелуі бірдей, бірін екіншісінен даралайтын ерекшелігі кемшін біртипті мінез иесі емес, өмір­дің бар сынағына сергек қарап, жан жүрегімен қуанып күле де білген, егіліп жылай да алған пенде Абай. Қойылым сонысымен жүрегіңді қозғайды, ойыңды оятады, жаныңды толқытады. Кіл мықтылар – «Қаллеки» сахнасында «Абайды» бекер мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Дәл қазіргі таңда қазақ сахнасында қаһарман, батырлар тұлғасын кескіндеуші актерлер тапшылығы, типтік көркем бейнелердің сарапталу солғындығы айналасынан өрбитін түйткілдер жиі айтылып, жазылады. Мәселе етіп көп көтеріліп те жүр. Әйтсе де бұл түйткілдің Қ.Қуанышбаев театры актерлеріне қатысы аздау. Себебі сайдың тасындай әртістер ойынына біз дәл осы театр қойылымдары арқылы куәміз: Толғанай, Зере сынды аналар галереясын кемеліне келтіре кейіптеген Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, Бұқар жырау, Ваня ағай, Лукьянов, Брабанцио бейнелерін соны бояуда бедерлеген – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай тұлғасын нағыз өнер биігіне көтерген Нүркен Өтеуілов, хан Абылайға айбын сыйлаған Қуандық Қыстықбаев, ақиық ақын Мұқағали болмысын парасат шыңына шығарған Жанқалдыбек Төленбаев, жалын жұтқан Жанна Д’Арктің өр рухын өткір өрнектеген Айнұр Бермұхамбетова, Гамлет болып күңіренген сан сырлы терең талант Сырым Қашқабаев сынды суреткер актерлердің шебер ойыны қай уақытта да көрерменін көркем ойлауға, зиялы пайымдауға жетелеп келеді. Қаһарманы бар театрдың қарымы да алымды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қаллеки театрының бәсі биік, ұпайы түгел. Оны біз жаңа маусымдағы сахнаға жарқырай шыққан жалынды әртістердің жүрек лүпілі мен отты жанарынан да айқын сезіндік. Тарихқа тағзым Қаллеки театрының елордамыз – Астананың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Осыдан тура 27 жыл­ бұрын режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен бас шаһар төрінде ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр өнері режиссурасының реформаторы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің, Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрерменін. Бұл жерде арғысы – Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Түймехан Атымтаева, Жанат Шайкина, Кеңес Нұрланов, бергісі – Нүркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова, Асылбек Қапаев бастаған талантты актерлер шоғыры шынайылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап тандемде қызмет етеді. Бұл театр­да әр жаңа маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып, жабатын тарихтан тамыр алған әде­мі үрдіс бар. Ең бастысы – театр­ ұжымы «өнердің тек қана мұзартын бағындырсам» деген шығармашылық қанағатсыздық, өнерге деген өлермендік сезіміне ие. Қаллеки театры бізге сонысымен бағалы, сонысымен ардақты. Талантты группаның бар мүмкіндігі мен шеберлігін шыңдап, жаңа белеске шығаруда Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов бастаған ойлы, ізденімпаз режиссерлер еңбегі орасан. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменовтің басшылығымен қолға алынып, жүзеге асып жатқан жарқын ойлар мен жүйелі жоспарлар жемісті нәтижесін беріп, Қаллеки театры өнерінің ел ішінде ғана емес, халықаралық масштабта мойындалуына тікелей ұйтқы болып келеді. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып жатса, ол да талантты ұжым ізденісінің нәтижесі. Иә, әңгімеміздің әлқиссасын Қалибек Қуанышбаевтан бастап, сол негізде тарқатып, түйіндеуіміз бекер емес. Қазақ сахна көгіне Абайдай алыптың көркем бейнесін тұңғыш шығарған актер қарымы ішкі тереңдік, қазақы бай құнармен астасып, замандастары арасынан оза шауып, жарқырай көрінді. Тіл өнерінде де Қаллекиден асқан талант болмаған деседі көзкөргендер. Мұның барлығы өнерпаз ізін жалғастырушы жастарға – Қ.Қуанышбаев театры ұжымына үлкен өнеге, ғұмырлық тағылым.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Толығырақ: https://egemen.kz/article/176851-tarikhyn-taghylym-tutqan



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
Пікір жазу