Дөңгелек пен шеңберді салу. Математика, 3 сынып, қосымша материал.


Мұғалімге арналған әдістемелік ұсыныстар

Бөлімі: Аудан. Шамалар

№55 сабақ

Тақырыбы: Дөңгелек және шеңберді салу

Оқу мақсаты: (Оқу бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарына сәйкес)

3.3.1.1 шеңбер мен дөңгелекті, олардың элементтерін (центр, радиус, диаметр) бір-бірінен ажырату және атау/симметриялы және симметриялы емес жазық фигураларды айыра білу және оларды қоршаған ортадағы заттармен сәйкестендіру

3.3.1.2 геометриялық фигураларды жіктеу

3.3.2.2 берілген қабырғалары бойынша тіктөртбұрыш пен шаршы, циркульдің көмегімен шеңбер салу.

Сабаққа қажетті ресурстар: интербелсенді тақта, флипчарт, кеспе қағаздар, маркер, циркуль, сызғыш, ине, жіп, түрлі түсті қарындаштар, геометриялық фигуралар макеті, стикерлер, қайшы.

Сабақта қолданылатын деректі материалдар: бұл сабақта сызу құралы – циркульдің көмегімен шеңбер сызу алгоритмімен (берілген радиус пен диаметр бойынша) таныстыру керек.

Сабақ бойынша ұсыныстар: балаларды топтастырудан бастаңыз. Ол үшін геометриялық фигуралары бар (үшбұрыш, дөңгелек, шаршы) қобдишадан оқушыларға өздеріне ұнаған фигураны таңдауды сұраңыз. Сонан соң психологиялық тесттің жауабын айтыңыз. Үшбұрыш - көшбасшылық қасиеті басым, өздеріне өте сенімді.

Дөңгелек - өте ақкөңіл, жылы шырайлы,жан-жағына жылу таратушы,біреудің қуанышы мен ренішін өзіне жақын қабылдайды.

Шаршы - өте ұстамды, қолға алған жұмыстарын соңына дейін аяқтайды, істеген жұмысы сапалы болады.

Әр  топтан өздерінің таңдаған геометриялық  фигураларының қасиеттерін айтып өтуді ұсыныңыз.

Үшбұрыштың үш бұрышы, қабырғалары үш кесіндіден тұрады. Үшбұрыш – тұйықталған сынық сызық.

Шаршының төрт бұрышы, төрт қабырғасы бар. Шаршы – барлық қабырғасы бірдей фигура.

Дөңгелек – тұйықталған қисық сызықпен шектелетін фигура. 

.Ж) «Артығын тап» ойыны. Топтық жұмыс ұйымдастырыңыз. Топтарға геометриялық фигуралары бар А4 форматтағы парақ таратып шығыңыз. Геометриялық фигураларды қарап шығуға уақыт беріңіз. Сонан соң оқушыларға төмендегідей сұрақтар қойыңыз:

- Фигураларды атаңдар. (шаршы, дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш, бесбұрыш, алтыбұрыш)

- Бұл фигураларды ортақ атаумен қалай атаймыз (геометриялық фигуралар, жазық фигуралар)

- Олардың бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар? (дөңгелектің бұрышы жоқ, қалғаны – көпбұрыштар)

- Тағы не көріп тұрсыңдар? (әріптер, нүктелер)

- Олар қалай орналасқан? (фигуралардың ішінде, сыртында)

- Енді фигуралардың сыртындағы және ішіндегі әріптерді дұрыс реттілікпен қойсаңдар, бүгінгі сабақтың тақырыбы шығады. (шеңбер және дөңгелек)

Топтардан ауызша шеңбер мен дөңгелек туралы не білетіндері туралы сұраңыз.

Басбармақ арқылы бағалау.

Тапсырма дұрыс болса бармақ жоғары қарай, қате болса бармақ төмен қарай бағытталады.

(Ұ.Ж) Бұл тапсырманы бүкіл сыныппен өткізіңіз. Тақтаға шаршы, үшбұрыш, шеңбер сызылған парақты іліп, оқушыларға дәптерлеріне осы фигураларды сызуды тапсырыңыз. Фигураларды салу үшін қандай құрал қолданғанын сұраңыз. Шеңберді сызуда қандай қиындық туындағанын сұраңыз. Шеңберді тақтадағыдай етіп қалай салуға болатыны туралы пікірлерін сұраңыз. Содан соң циркуль құралымен және сөздің мағынасымен таныстырыңыз.

Шеңберді салу үшін циркульді қолданатынын, О әрпімен шеңбердің центрін, r әрпімен радиусын, d әрпімен диаметрін белгілейтінін айтыңыз. Циркульді пайдаланудағы қауіпсіздік ережесін айтыңыз.

4 сурет, 1 сөз ойыны арқылы цирк сөзін тауып, оқушылардан ЦИРК пен ЦИРКУЛЬдің қандай байланысы бары туралы пікірлерін сұраңыз. (цирк алаңқайы шеңбер тәрізді, циркул арқылы шеңбер сызамыз, екеуі де бір сөзден шыққан)

Циркуль мен цирк сөзі – латынның «circulus» сөзінен шыққан. «Шеңбер», «дөңгелек» деген мағынаны білдіретінін айтыңыз.

Оқушыларды сөздік бағалау «Жарайсың!», « Өте жақсы!», «Керемет!» т,б.

(Ж.Ж) "Өлшеп сыз". Оқушыларға берілген тапсырманы жұпта орындауды ұсыныңыз. Алдымен, оқушыларға циркульдің өткір ұшы шеңбердің центрінде, ал қарындашымен шеңберді сызу керектігін айтыңыз. Қажетті ұзындықты циркуль ұштарын сызғышқа сәйкестендіру арқылы өлшеп алып, ол шеңбердің радиусы болатынын ескертіңіз.

Суреттегі шеңберлердің радиусын өлшеп, олардың барлығын О нүктесі бір ғана центрі болатындай сызуы керек екенін айтыңыз. Оқушыларға шеңбердің радиусын есептеуге және алынған нәтижелерімен алмасуға уақыт беріңіз. Тапсырманы орындап болған соң, жұптар өзара бірін-бірі тексеру жүргізуді ұсыныңыз.

Басбармақ арқылы бағалау.

Тапсырма дұрыс болса бармақ жоғары қарай, қате болса бармақ төмен қарай бағытталады.

(Т.Ж) Оқушыларға циркульді пайдаланбай, сызғыш, қарындаш, ине және жіптің көмегімен радиусы 8 см болатын шеңбер сызуды тапсыру. Сызып болған соң, топтар бір-бірінің жұмысын циркульдің көмегімен тексеріп, бағалайды.

Басбармақ арқылы бағалау.

Тапсырма дұрыс болса бармақ жоғары қарай, қате болса бармақ төмен қарай бағытталады.

(Ө.Ж) Орындап көр. Берілген тапсырманы жеке орындауды ұсыныңыз. Оқушыларға бірнеше шеңбер сызылған парақшалар таратып беіңізу. Оларға шеңберлердің центрін белгілеп, радиусы мен диаметрін есептеп табуды тапсырыңыз. Тапсырманы орындамас бұрын, радиус пен диаметрдің анықтамасын еске түсіріп алыңыз.

Радиус –диаметрдің жартысына тең. r = d : 2

Диаметр – екі радиустың қосындысына тең. d = r • 2

Тапсырманы орындап болған соң, бағалау критерийлері арқылы бағалауды ұсыныңыз.

Бағалау критерийі:

  • центрін дұрыс белгілейді – 1 ұпай
  • Диаметрін дұрыс табады –3 ұпай
  • Радиусын дұрыс табады – 3 ұпай

6-7 ұпай жинаған оқушы

5-4 ұпай жинаған оқушы

3-0 ұпай жинаған оқушы белгі карточкасын көтереді.

Жауабы:

Көк шеңбердің радиусы 4 см, диаметрі 8 см;

Қызыл шеңбердің радиусы 3 см, диаметрі 6 см;

Жасыл шеңбердің радиусы 2 см, диаметрі 4 см.

(Ж.Ж) «Сен маған, мен саған» әдісі. Жұппен орындатыңыз. Тапсырманы практикалық бағытта берілген. Кесінділердің қайсысы радиус, қайсысы диаметр болатынын жазады. Дәптерлеріне радиусы берілген шеңбердің радиусынан 1 см артық болатын шеңбер сызады. Бұл тапсырма радиус пен диаметрлерді анықтай алу дағдыларын тексеруге бағытталған.

Басбармақ арқылы бағалау.

Тапсырма дұрыс болса бармақ жоғары қарай, қате болса бармақ төмен қарай бағытталады.

Жауабы:

Радиус – ON кесіндісі

Диаметр – CD кесіндісі

Кері байланыс. Дұрыс жауапты көрсет.

Оқушыларға жауаптар жазылған конверттер таратылып беріңіз. Оларға сұрақ қойылғанда дұрыс жауабы жазылған карточканы көтерулері қажет екенін ескертіңіз.

Жауабы:

  • ... – дөңгелектің шегарасы. (шеңбер)
  • Бір шеңбердің радиустарының ұзындықтары ... (тең)
  • Диаметр шеңбердің ... арқылы өтеді (центрі)
  • r = d : 2 бұл шеңбердің ... табатын формула (радиус)
  • d = r • 2 бұл шеңбердің ... табатын формула (диаметр)

Сабақ рефлексиясы.

Оқушылардың қайсысы шеңбер мен дөңгелекті сызу дағдысына ие болғанын білу үшін, қағазға циркульдің көмегімен радиусының ұзындығы 2 см болатын шеңбер салуды ұсыныңыз. Сонан соң осы сабақтағы алған білімін, көңіл-күйін бағалау үшін шеңбердің ішіне ! белгісін немесе ? белгісін салуды тапсырыңыз.

! – бәрін түсіндім, сабақ қызықты болды.

? – әлі де қайталауым керек, сұрақтарым бар.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу