Мәдени өсімдіктер мен үй жануарларының шығу тегінің орталықтары. Биология, 8 сынып, қосымша материал.
- Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Осы заманғы адам мәдени өсімдіктерсіз өмір сүре алмаған болар еді. Мәдени өсімдіктер адамды ең қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Мәдени өсімдіктер – астық, көкөніс, жеміс-жидек, мата тоқуға қажетті шикізат. Мәдени өсімдіктерсіз қант, май, мал азығы да болмас еді. Үй жиһазы, қағаз, дәрі, үй-ішін әлемдейтін әр түрлі заттардан өзге де қажеттіліктерді тек мәдени өсімдіктерден аламыз. Мәдени өсімдіктердің сан алуан түрлері мен іріктемелерін алу үшін қаншама жылдар өтті емес пе?
Алғашқы адамдар тек жабайы өсімдіктердің тұқымы, жемісі, пиязшығы және басқа бөліктерін пайдаланды. Өсімдіктерді қолда өсіру әдісін меңгере алмағандықтан, табиғаттың бергенін ғана місе тұтты. Сондықтан бұл кезең жинаушы кезең деп аталды. Адамзат тарихындағы бұл кезең сан ғасырларға созылды.
Адамдар біртіндеп кейбір өсімдіктерді тұқымынан өсіру жолын тапты. Ондай адамдар құнарлы топыраққа өсімдікті өсірумен ғана шектелмей, ол өсімдіктің сапасын өзгертуді де меңгерді. Өсімдіктің өзіне қажетті өнім беруін реттеу үшін сұрыптап, іріктеу қажет болды. Адам сұрыптау жолымен қолдан шығарған бір түр дараларының жиынтығы іріктеме деп аталады. Сөйтіп өмірге селекция ғылымы келді. Жануарлардың қолдан шығарылған түрі қолтұқым деп аталады. Өсімдіктердің жаңа іріктемелерін, жануарлардың жаңа қолтұқымдарын шығарумен шұғылданатын ғылым селекция деп аталады.
Мәдени өсімдіктердің сан алуандығы және шығу орталығын орыс ғалымы Н. И. Вавилов зерттеді. Ол бес континентті айналып шығып, дүниежүзінің 52 елдерінде болды. Н. И. Вавилов өсімдіктердің 400-ге жуық түрінің Оңтүстік Азияда, 200-ге жуық түрінің Оңтүстік Америкада мәденилендірілгенін дәлелдеді. Ол осы сапарында мәдени өсімдіктердің 1000-ға жуық түрін зерттеді. Сөйтіп өсімдіктер сан алуандығының орталықтарын белгіледі.
1. Оңтүстік азиялық тропиктік орталық. Бұл – күріштің, қант қамысының, көптеген жеміс және көкөністік дақылдар отаны. Бұған тропиктік Үндістан, Үндіқытай, Оңтүстік-Шығыс Азияның аралдағы жатады.
2. Шығысазиялық орталық. Бұл – сояның, тарының бірнеше түрінің, көптеген жемістік және көкөністік дақылдардың отаны. Бұған Орталық және Шығыс Қытай, Жапония, Тайван аралдары, Корея жатады;
3. Оңтүстік-батысазиялық орталық. Бұл – бидай, қарабидайдың бірнеше түрлерінің, көптеген дәнді дақылдар, бұршақ, жүзімнің отаны. Бұған Кіші Азия, Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Солтүстік-Батыс Үндістан жатады;
4. Жерортатеңіздік орталық. Бұл орталық мәдени өсімдіктер түрінің 11%-ға жуығын берді. Атап айтқанда: зәйтүн, көптеген малазықтық өсімдіктер (жоңышқа, біргүлді жасымық), көптеген көкөністік (орамжапырақ) және малазықтық дақылдар өскен;
5. Абиссиналық орталық. Бұл – дәндік құмай, бананның бір түрінің, майлы ноқат өсімдігі, бидай мен арпаның бірқатар ерекше түрлерінің отаны. Бұған мәдени өсімдіктердің өте ерекше флорасы бар Африка материгінің шағын ауданы жатады;
6. Орталық америкалық орталық. Бұл – жүгері, ұзын талшықты мақта, какао, бірқатар асқабақ, үрмебұршақ – 900-ге жуық мәдени өсімдіктердің отаны. Бұған Оңтүстік Мексика жатады;
7. Андылық (Оңтүстік америкалық) орталық. Бұл – көптеген түйнекті өсімдіктердің, соның ішінде картоптың, дәрілік өсімдіктердің (кокаинды бұта, хинин ағашы) отаны. Бұған Оңтүстік Американың батыс жағалауын бойлай созылған Анд тау жотасы атырабының бөлігі жатады.
- Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Сабақ барысында оқушылардың биология кабинетіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауына назар аударылады.
- Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Оқушыларды бірнеше топтарға немесе жұптарға бөліп, өздігінен зерттеу жүргізуді тапсыру арқылы ұйымдастыруға болады. Ол үшін қажетті таныстырылым және сілтемелерді ұсынған жөн.
- Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Оқушылардың мәдени өсімдіктер мен үй жануарларының шығарылған орталықтарын білулері маңызды. Әр орталықтың орнын анықтауда оқушылар география пәнінен алған білімдерін қолдана алады. Ол үшін картада әр орталықты шеңбрлеп белгілеп көрсету қажет.
- Саралау тапсырмалары
Оқушылар қосымша ақпарат көзі ретінде https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/botanika/lesson/qazaqstanda-keng-taralhan-osimdikter сілтемесін пайдалана отырып, елімізде кең таралған өсімдіктермен таныса алады.
Кейбір оқушылар қызыл кітапқа енген түрлерін атай алады.
- Тапсырма жауаптары, критерийлері
Орталықтың аты | Географикалық орны | Шығарылған іріктемелер |
1. Тропикалық (оңтүстік азиялық ) | Үнді, үндіқытай, тропикалық Азия | Күріш, қант қамысы, көптеген жемістік және көкөністік дақылдары |
2. Шығыс Азия | Орталық және Шығыс Қытай, Жапония, Тайвань аралдары, Корея | Сұлы, мақта, қарақұмық, қара өрік, шие, шалғам және басқалар. |
3. Оңтүстік-батыс азиялық | Кіші Азия, Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Солтүстік-батыс Үнді | Бидай, қара бидай, бұршақ дақылдары, жоңышқа, зығыр, қарасора, шалпақ, сәбіз, сарымсақ, пияз, жүзім, қауын және т.б |
4. Жерортатеңізі | Жерорта теңізі жағалауларында орналасқан елдер | Қырыққабат, қант қызылшасы, зәйтүн, жоңышқа, жасымық, жемдік шөптер |
5. Абиссиния | Африка материгінің шағын ауданы | Қатты бидай, арпа, кофе, құмай, банан, қарбыз, кастор майы және т.б.
|
6. Орталық америкалық | Оңтүстік Мексика | Жүгері, мақта, какао, асқабақ, темекі |
7.Анд (Оңтүстік америкалық) | Андтың тау тізбегі Оңтүстік Американың батыс жағалауы бойымен аймағының бөлігі | Көптеген түйнекті өсімдіктер |
Тапсырма 2. Берілген жануарларды шыққан орталықтарымен сәйкестендіріңіз:
Шыққан орталықтары | Үй жануарлары |
1.Қытай-малай орталығы Б | А. Жылқы, қой, үйрек, нілдік қаз, үйқоян |
2. Үндіқытай орталығы Г | Ә.Қой, ешкі, нар, кептер. |
3. Оңтүстік Батыс-Азиялық орталық Ә | Б.Шошқа, тауық, тұт жібеккөбелегі |
4. Жерорта теңіздік орталық А | В.Түйеқұс, сырдаңтауық, мысық. |
5. Оңтүстік Америкалық орталық Д | Г. Енеке, ит, сиамдық мысық, балара. |
6. Африкалық орталық В | Д. Таутайлақ, кекілеш, күркетауық, теңіз шошқасы. |
Бағалау критерийлері |
|
- Сілтемелер мен ресурстар
Қазақстанда кең таралған өсімдіктер
https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/botanika/lesson/qazaqstanda-keng-taralhan-osimdikter
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру