Шығарманың мазмұнын түсіну. Оралхан Бөкей «Апамның астауы». Әдебиеттік оқу, 4 сынып, дидактикалық материал.


Қосымша 1

Апамның астауы

Ол кезде мен бала едім, апам жастау еді. Әке – шешеміз қиыр жайлап, шет қонып, мал соңында жүретін. Айында – жылында ғана болмаса, бет – жүзін үнемі көре бермейтінбіз.

Қос бөлмелі шатырланбаған тоқал ағаш тамның маңдайы қысы – жазы жыбырлаған, айғайлап – шулаған балалардың базарына айналатын. Біздің үйден тас лақтырым жерден арқырап ағып жатар ағыны қатты Бұқтырма - жаз шыға суға шомылған, қыста сырғанақ тепкен баланың жер – көкті шарқ ұрып шарласа таба алмас, қызыққа толы мекен еді. Тоң боп қатқан пимасын, сүңгілесе су болған көйлек – дамбалын біздің үйге келіп кептіретін. Сонда Апам менің ғана емес, мұқым ауыл балаларының абзал апасы сықылданатын.

Он бес жасыма дейін Апамның қойнында жаттым; он бес жасыма дейін әкенің, шешенің кім екенін білмей, сол айналайын Апамның етегіне жабысып, соңынан қалмай бүлкектеп құлындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі менің аузыма тиетін.

Бүгінде көз алдымда: арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні мен иегін күйік шалып тырнақтанған әдемі ажар, кимешегінен дудырап шығыңқырап жүретін ақ шалмаған қара бұйра шаш...

Менің көз алдымда: тері илеп, көн тегіп отырған; жүн түтіп, арқан ескен, алаша тоқып, оюлап сырмақ тігіп отырған Апам :..

Ертеректе қазақ әйелі не істеу керек болса, түгел қолынан келетін апам; қазақ әйелінің ғана емес, ер – азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтерер Апам.

Жаз шыға әпкелеріммен бірге Апам есіп берген жіпті алып, тоғайға отынға аттанатынбыз.

Бір – бір арқа отын көтеріп, ең алда Апам, одан кейін құндыздай шулаған біздер күліп – ойнап келе жатар едік.

Қыстық шөпті ала жаздай арқалап тасып, қораны маяға толтырып қоятынбыз. Қысқы соғым мен ұн ғана әке –шешеміздің мойында. Бақша, шұрқыраған қаз – тауық, екі сиыр мен ұсақ малымыз бар, ол кісілерге зиянымызды көп тигізбейтін едік. Шынымды айтсам, бізді, тіпті бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні – қарындастарын асыраған Апамның теректен ойып жасаған келісі мен астауы еді. Осы келі мен астау, тіпті жасы жөнінен әкемнен де үлкен. Апамның Алтайдың арғы беті – төркінінен ала келегн аса қымбат заттары болатын. Кейде, әсіресе, қазіргідей қараша туа темір пешке отты маздатып жығып тастап, пештің жыртығынан саулаған жарық түсіп, ала көлеңкеленген қоңыр үйде отырып, апамның әңгімесін тыңдайтынбыз. Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң – көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақ – соғы жоқ, инабатты, жуас адам еді. Дүниеде өсек –аяң, қулық- сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза – намазы бұзылмаған, таза тәкаппар әйел еді.

Дүние жүзінде Апамның қойнынан аңқып шығар әжелік иістен жағымды не бар екен жалғанда! Бұл жалғанда қас қарая малды жайғап келіп, апамның айналасында тырайып жатып, әңгімесін тыңдағаннан қымбат сәттер табыла ма, қайта айналып келер ме?!

Оралхан Бөкей

Шағын сөздік

Қиыр жайлап, шет қонып- алыста жүру,

шатырланбаған тоқал ағаш там- шатыры жоқ ағаш үй,

жер- көкті шарқ ұрып шарласа- жер бетін аралап, іздесе,

тоң-мұз,

сүңгі – мұз,

мұқым- барлық,

арық ашаң – арықтау,

тарамыс- сіңір,

тыртық- жараның ізі (шрам),

қара нардай- мықты,

құндыздай- осы жерде қатар-қатар,

мая- үйме шөп,

шұрқыраған- толыған,

ұсақ мал- қой, ешкі,

терек- ағаш түрі,

төркіні- әйелдің өз жұрты, өз туыстары,

құлық-сұмдық- жаман мінез, қылық,

пенде- адам,

жарықтық- қайтыс болған адамның атын атамай, жарықтық дейді,

тәкаппар- намысшыл.

Қосымша 2

-Бұқтырма өзенін сипаттайтын тұсты тауып оқы

- Мәтіннен көркем сөздерді табу.

-Астау неден жасалады? Астауды сипаттап айт

Қосымша 3

4- тапсырма

«Менің әжем» тақырыбына эссе жаз.

Критерийі:

  • мазмұны тақырыбына сәйкес келеді;
  • мәтіннен көркем-бейнелі сөздерді қолданады;
  • сөйлемдегі сөздер мен сөз тіркестері байланысқан;
  • қатесіз жазады.

Қосымша 4

«Мұғалімге жеделхат»

ойды жалғастыр:

- бүгінгі сабақта мен ............................................................................

.................................білдім;

- бүгін сабақта қуантқаны............................................................................................

- мен өзімді.................................................................................үшін мақтар едім.

- маған ерекше ұнағаны......................................................................

- сабақтан соң маған........................................................................................келді.

- бүгін маған....................................................................................сәті түсті.

- қызықты болғаны...................................................................................................

- маған ................................................................................................... қиындық тудырды.

- менің түсінгенім..............................................................................

-енді мен................................................................................................. аламын.

[attachment=26438:did_-mater_-shyarmany-mazmnyn-tsinu.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
Пікір жазу