Көркем шығарма элементтерін салыстыру. «Сенім» Машқар Гумеров. Әдебиеттік оқу, 3 сынып, дидактикалық материал.


 ҚОСЫМША 1

 

 Сенім

 

 Аэропорт үйінің табалдырығын аттаған сәтте Кәрімді бір қартаң кісі тоқтатты. Мектеп формасын киген баланың бас-аяғына көз жүгіртті де, ентіге сөйледі:

 – Қай жаққа ұшпақ едің, қарағым?

 – Мен ұшпаймын, ата.

 – Е, ендеше неге келдің?

 – Жай, самолеттердің самғағанын көрейін деп.

 Кәрім сөзуар бала емес. Алайда бейтаныс жолаушыдан қуанышын жасыра алмады.

 Өздерінің үш аптадан бері аэропортқа таяу жаңа пәтерде тұратынын, сабақтан кейін самолеттердің ұшқанын тамашалау үшін күн сайын келетінін айтты.

 – Е, қыдырмашымын де. Ендеше, балам, мына заттарды қарай тұр. Билет жайын біліп келейін, – деді де, әлгі кісі касса жаққа беттеді. Төрт-бес адым ұзамай жатып-ақ, онымен біреу қатарласа берді. Екеуі жүре сөйлесіп, құмырсқадай қаптаған адамдарға араласты да, көзден таса болды.

 Қасына ілескен кім болды екен, ә? Дене бітімі, қиқаңдаған жүрісі Кәрімге таныс сияқты. Бет бейнесін көре алмай қалғанын қарашы...

 Біреу иығынан қақты.

 –Бұл не тұрыс?

 Кәрім жалт қарады.

 Жаңа үйдегі есіктері қарама-қарсы көрші тұратын Ақан екен. Ол бұдан екі сынып жоғары оқиды, бесіншіде.

 Кәрім дәу қара чемодан мен тор дорбалардағы екі бөлек заттарды нұсқап, мән-жайды баяндады.

 – Айдаладағы біреуге затын сеніп тапсырғаны несі, қарияның аңқауын-ай! – деді де, Ақан қара чемоданның тұтқасынан ұстады. Бар күшін салып, еденнен екі елідей зорға көтерді.

 –Тиме! Қайтесің қозғап... Біреуге тигізбе деген.

 –Айрылып қалма дегені ғой, – деп күлді Ақан.

 – Сондықтан тиіспе!..

 – Қалай жалықпайсың? Ұшақтарды күнде қызықтағанның несі қызық? Аэропорттағы арылдап-гүрілдеген дауыстан үйде отырып басы ауырады.

 – Қызық қой. Жалықпаймын, – дей салды.

 Ақан аз-кем кідірді де, Көкшетау жақтан қайта оралатын әкесін қарсы алуға кетті.

 Сәлден кейін Кәрімнің қасына әлгі жолаушыға ілесіп кеткен кісі келді. Мана ту сыртынан көрсе, енді бетпе-бет тұр. Өңі тозыңқы. Үсті-басы алқам-салқам.

 Жан-жағына жалтақтай қарап, ақырын сөйлей бастады. Оның айтуынша, күтпеген жерден кездескен қария өзінің ежелгі танысы екен.

 Шелектен Алматыға автобуспен келіп, енді Шымкентке ұшатын самолетке билет алудың кезегіне тұрыпты. Көп күтіп қалатын түрі бар. Сондықтан мына танысына жүгін әкелуді тапсырыпты.

 Кәрім күдіктенбеске амалы қалмады. Ақыры ол:

 – Мен алдымен чемоданын апарайын. Сен мына екі дорбаны күзете тұр. Қазір қайтып келемін, – деді де чемоданның тұтқасына қолын созды.

 – Тірі жанға ұстатпа деген. Тимеңіз, – деді Кәрім, даусы саңқ етіп.

 Әлгі кісі әр алуан дәлел айтып, қипақтап сәл тұрған соң:

 –Жарайды онда, өзіне айтайын, – деді де, жайына тартты.

 Кәрім заттарды жарым сағаттай күзетті. Бір кезде әлгі қарт жолаушы келді. Қолында билеті бар. Жайнаң қағады. Кәрім оған жаңағы оқиғаны айтып берді.

 – Қой, ешкімге заттарымды әкел дегем жоқ, –деді жолаушы. – Қыр соңымнан қалмай қойған біреуге қайдан келгенімді, қайда баратынымды айтқаным рас. Япырай-ай, ә?! Сенің орныңда басқа сенгіш біреу болса, заттарымнан айрылып қалады екем-ау. Рақмет, айналайын! Мың да бір рақмет!...

 Машқар Гумеров

 

ҚОСЫМША 2

ҚОСЫМША 3

[attachment=26328:didaktikaly-material-krkem-shyarma-jelementterin-salystyru-1.docx]
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу