👈 қаріп өлшемі 👉

Фариза Оңғарсынова (Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай)

 Фариза Оңғарсынова (Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай)

Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай
жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл әлемде
жол сілтеген кім саған маған қарай?
Сені итерген мен жаққа не күш кенет,
(ойлап қалдым зымиян келіс пе деп)
түсіңе аян берді ме әлде саған
ертегілер елінен періште кеп?
Мен жайлы айтқан кім екен: бұлақ па екен,
мұңымды айтып кейде оған жылап кетем,
сыбырлаған самал ма сайда жүр деп
жетім көңіл, жаны дерт бір ақ бөкен?
Түсті ме әлде Күн көзі жанарыңа,
жанарыңмен мен жаққа қарады ма?
Ұйықтап жатқан шағыңда саусағыммен
Айдың нұры шашыңды тарады ма?
Қалай таптың, білмедім. Ісім де жоқ.
Алаулады тұншыққан ішімдегі от.
Жанарыңнан қаймықтым, сосын сені
көретінді шығардым түсімде көп.
Талай жанмен - әрқайсысы жеке жарық -
жолықтырып мені өмір өтер ағып.
Бұл кездесу, білгенім, еркімізден
тыс күштердің бұйрығы екені анық.

Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» Қазақстанда қайырымдылық саласындағы тұлғаларға арнайы атақ беріледі 17.06.2022
» “Қорықпай Солтүстік өңірге көшуге шақырамын”: Солтүстіктен пәтер алған отбасылар алғысын білдірді 12.06.2022
» МӘМС бойынша жеңілдікке ие 15 санаттың тізімі белгілі болды 12.06.2022

Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы