Ілияс Жансүгіров (Оқимын)

 Ілияс Жансүгіров (Оқимын)

Бесікке бөлеп бөбегін,
Шөките қойып шүмегін,
Бауырсақ шайнап жегізген;
Жая десем жал беріп,
Шекер десем бал беріп,
Аялап мама емізген
Аяулы анам аман бол!
Ұлықсат қыл, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Жанарыңа нұр болам.
Ашамайлап тай байлап.
Тай терлетсем бай-байлап,
Азырақ ағат іс қылсам,
Әуліккен әкем айғайлап;
Қозыда ұйықтап қалғанда,
Ат баурына алғанда:
Айырған анам қой-қойлап.
Алапқа мені айдаушы ең,
Ұзақ күн өзің дойбы ойнап,
Жүре алман, әке, той-тойлап,
Әзірге, әке-ау, аман бол,
«Жол болсын» айт, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Заманыма ұл болам.
Желегімен желпіген,
Жеңешетай-ау, жылама,
Тұлымшағы селтиген -
Қарындасым Нұрбала,
Балада сендей бола ма,
Сағынба, сәулем, келемін.
Айналып сені сүйемін,
Аман бол деші ағаңа...
Жеңешең, қарғам, қарайды,
Шашыңды шашпай тарайды.
Оқимын, кетем қалаға.
Оқығанда кім болам?
Дейсіңдер ме күн болам?
Мен сендерге тіл болам.
Қарта бұйрат, қос қолат,
Құмсағызды құмым-ай.
Тауым, сүттей суың-ай,
Сылдарлай тұр әзірше,
Ойланармын әлімше,
Заңы заңғар заманым,
Беті-қол саған жуғызбас;
Қояны қойдай ақ өзек,
Көгалы көлдей көк өзек -
Көбелек сенде қуғызбас;
Қой-серкеш, қолхат оқытып,
Қоралы қойды қоқитып,
Желілеп жылқы жиғызбас;
Есім кірді, есейдім,
Ендей алман еліме,
Бекер жүрмен белімде.
Батпағында ойнап күміс көл,
Балшығым түйе құйғызбас;
Қол-аяғым босанып,
Дәуірледі дәуірім,
Білімді қуа бет алмай,
Басыла алмас әуірім.
Алып ұшад көңілім,
Өзгеленді өмірім,
Жұлып ұшад жүрегім,
Телегейленді тілегім,
Тұнығында ойнатып,
Түбегім шыбық қиғызбас,
Аман бол, мекен, аттандым,
Аттанғанға шаттандьм.
Қабағыма қарамай,
Қалайша қала сыйғызбас.
Кұтгы қоныс қош-есен!
Ұмтылдым ерте, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Күркіреп жауар күн болам.
Қараша аулым шошайған,
Көшесін қашан сол сайдан?
Жоқшылық пен жалқаулық
Кешірер ме екен сол сайтан?
Бекемге байлап белімді,
Айналам оңға осы айдан.
Тарыққан әлем табына
Қолымды қоса шошайтам.
Осы бетпен, ниетпен,
Ауылға әзір қош айтам.
Аман бол ауыл, оқимын.
Оқығанда кім болам?
Ауылыма ай, күн болам.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!