» » » Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі)

Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі) казакша Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі) на казахском языке
Наданның көзі соқыр, көңлі қара,
Қазаққа надан болмай бар ма шара?
Бір күні аңнан қайтып келе жатсам,
Жүр екен далада ойнап бір топ бала.

Бәрі де шуылдады сәлем беріп,
Олармен ісім бар ма, өттім желіп.
«Кісі-ау, кісең үзіліп түсті ғой»,– деп,
Тамам бала айғайды салды келіп.

Қарадым кісем түсіп қалды ма деп,
Балалар соған айғай салды ма деп.
Анықтап, алдағанын білгеннен соң,
Ұрыстым балалардың алдына кеп.

Ұйлықты менен қорқып тамам бала,
Ақырдым «антұрған» деп келе сала:
– Міне, кісем өзімнің белімде тұр,
Неге өтірік айтасың, жүзі қара?

Бір бала жауап берді жақын келіп:
– Алыстан сәлем бердік сізді көріп,
Үлкен кісі деп құрмет қылсақ-тағы
Сәлемді алмадыңыз бізді ескеріп.

Сәлемді дұрыс па екен алмағаның,
Тым болмаса құлақты салмағаның.
Шынды алмаса, алар деп өтірікті
Сол еді жалған айтып алдағаным.

– Сен, бала, бұл амалды қайдан таптың,
Тілін кесіп алайын бұл қу жақтың.
Әкесіндей кісіні алдаймын деп,
Айтқан сөзін қарай көр ақымақтың.

– Ақымақ кім, ақылды кім, білсең, жаным,
Әлімше менің де бар байқағаным.
Үлкендермен баланы салыстырсақ,
Кімнің ақымақ екені болар мәлім.

– Үлкенге келе алмайды бала жуық,
Жол көрмеген анадан жаңа туып.
Не мал емес, немесе тамақ емес,
Тас алып не қыласың торғай қуып.

– Біз ойнаймыз торғайды ұрып алып,
Оны да қалып па еді көзің шалып.
Сен-дағы азаптанып аң қумасаң,
Мойныңа неге жүрсің кескек салып?

– Пайдалы іс қой керекті аң ауламақ,
Ондайдан сендей бала алсын сабақ.
Мен атсам – іске жарар аң атамын,
Терісі киім болар, еті тамақ.

– Біз – баламыз күнәсіз ойынға мас,
Үлкендердің құлқыны – мал менен ас.
Өзеленіп, өлгенше тамақ іздеп,
Арғы атаңыз өлген бе аш-жалаңаш?

– Сен ұрасың жазасыз бір торғайды
Ұрғанмен ол керекті аң болмайды.
Еш адам аш-жалаңаш өлмесе де,
Мал мен азық жимайтын жан болмайды.

– Бұл заман біз түзелер заман ба еді,
Күнәдан үлкен кісі аман ба еді.
Сөз сөйлесең, мал демей сөйлемейсің,
Мал сенің атаң ба еді, бабаң ба еді?

– Үлкенмен теңдесуге бала қашық,
Көйлек жыртып ойнайсың, к....ді ашып.
Ескі жұртты тіміскеп топай іздеп,
Өнер ме екен топай мен жиған асық?

– Біз ойнасақ, үлкеннің несі шықты,
Залалымыз тимейді жанға тіпті.
Қанағатсыз қасқырша ел зарлатып,
Өзіңше қыл дейсің ғой жуандықты.

– Етік былғап, балшықты былшылдатып,
Үйде күл, тыста топырақ бүрқылдатып.
Тас қора әлі соғып, әлі бұзып,
Біз сендердей жүрмейміз қыртылдатып.

– Сізде де бар әлі жау, әлі тату,
Алдаймын деп арамға дінін сату.
Қалжақтап бірін-бірі мазақ қылып,
Қу жігіт атанам деп босқа шату.

Мінездерің бір жұмсақ, бірде қату,
Мақтанып, өтірікті суылдату.
Зорлық, қорлық, алдамшы, ары жоқтық,
Не қалды мұнан артық былжырату?

– Мына бала – қу бала, неткен залым,
Шын келмей ме осыны жеңуге әлім.
Жас басыңнан бір қу жақ бала екенсің,
Әкең аты кім еді, айтшы, жаным?

– Өтірік сөз болмайды жанға байлау,
Жарамас жақсымын деп қолмен сайлау.
Мен сендей жуан ата баласы емен,
Әкем атын сұрасаң – ұры Жайлау.

– Адалдық, тазалықтан құры екенсің,
Бағанадан байқатпай тұр екенсің.
Сені адам деп несіне айтысайын,
Боқ жейтін жол кесердің ұлы екенсің.

– Айтысқам жоқ ақылым молдығынан,
Сөзім дұрыс, айтамын сондығынан.
Ұрлық жаман болып па, ойлаңызшы,
Ел зарлатқан жуанның зорлығынан?

– Апырай, мына бала неткен бала,
Бос ойыны түбіне жеткен бала.
Татумыз деп ойнасып, уағдаласып,
Асық үшін араз боп кеткен бала.

Қарай көр мына сөздің шатасына,
Үлкендер мойынсұнбас қатасына.
Ойында ортамыздан талас шықса,
Жүгінеміз асықтың сақасына.

Алшылы-шік алғанның жолы болса,
Біз мойынды бұрмаймыз шақасына.
Қысқа күнде қырық Құран соқса-дағы
Үлкендер тұра ма екен батасына?

– Айбарым ақ патсадан кем емеспін,
Қалжақтама, мен саған тең емеспін.
Өзіңдей бір қужақты әкелейін,
Сенімен айтысарлық мен емеспін.

– Әкелсең әкеле ғой, отырайын,
Сырттан қорқып несіне шошынайын.
Өз қойныңды толтырдым көп мініңе,
Оны да әпкел, етегін толтырайын.

–Қап, бәлем, қашпай, енді қара да отыр,
Үш қужақ бар, жап-жақын арада отыр.
Әбдіахмет дейтұғын есепқор бар,
Бір-бірлеп ұсақ құмды санап отыр.

Таңсық қожа әкеңдей бір жолкесер,
Өткен, кеткен кісіні қанап отыр.
Байділда – айласы көп жәдігөй бар,
Бір өзін мың кісіге балап отыр.

Не қылсам соның бірін әкелейін,
Қорықпасаң, осы орында, балам, отыр.
Үйтсем де, бар мінімді бетке басып,
Бала қылды бетімді қара қотыр.

Бұл өлеңді жақтырмас замандасым,
Заманыма байлаулы менің басым.
Ойласам, өзімнің де қылығым сол,
Өкпелеме бұл сөзге, үш құрдасым

Автор: nurgul95 | 113 |


Комментарии для сайта Cackle


Загрузка...

KZ / Өлеңдер жинағы, шәкәрім құдайбердіұлы Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі өлең стихи на казахском шакарим кудайбердиулы олен казакша, шәкәрім құдайбердіұлы өлеңдері, шакарим кудайбердиулы олендери, шакарим кудайбердиулы стихи на казахском, Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі, шәкәрім құдайбердіұлы Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі өлең стихи на казахском шакарим кудайбердиулы олен казакша шәкәрім құдайбердіұлы өлеңдері шакарим кудайбердиулы олендери шакарим кудайбердиулы стихи на казахском Жайлаудың баласымен айтысқа, Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке