Күләш Ахметова (Сарыағаш саздары)

 Күләш Ахметова (Сарыағаш саздары)

Құшағыңды, туған ел, маған аштың,
Самалыңа сағынып араластым.
Сандуғашы тұс-тұстан сайрағанда
Тоғайында толқыдым Сарыағаштың.
Қарағаш пен қайыңы тұнып тұрған,
Сыңғырлаған сырғасын іліп тұрған...
Кеуде керіп сімірдім ауасынан —
Менің қайғы-мұңымды ұмыттырған.
Құшағында қиялдың тербелемін,
Құп алатын жоқ бірақ жеңгелерім.
Айтқанымды істейтін ағам болса,
Осы жерге үй салып бер дер едім.
Бұл назымды түсінер жүрек бар ма?
Өлеңге тар пәтер бар тұрақтарға.
Ясная поляна, Шахматово...
Қызығамын Толстой, Блоктарға...
Кешір мені, сөйлесем бекер, далам,
Байтақ төсің менікі — жетер маған.
Асанқайғы атамды түсіндім тек
Келес бойын бөктеріп кете алмаған.
Қасиетті-ау туған жер деген қазық,
Еркелесем, қыз қайсы менен нәзік?
Гүл теретін жер екен қырқасынан,
Отыратын жер екен өлең жазып!
II
Дарқан далам!
Тіл берген асыл анам!
Мәңгі іңкәрмін, не болған осы маған
Өзен көрсем, қуанып қосыла ағам,
Жаңбыр жауса, қолыма тосып алам.
Бесік көрсем, еске алам ертеңімді,
Кір жуғанда, бұлтыңды есіме алам.
Дарқан далам!
Жанымның аңсары ма ең?
Көз алдымда тербелдің, ән салып ем.
Төселгендей төсіңе барша кілем,
Талдарың да бұлғақтап бар сәнімен,
Таңсәріден тыңдаймын бұлбұлыңды,
Тауларыңа қараймын таңсәріден.
Дарқан далам!
Келбетің неткен ерек!
Кеудеңде өскен гүл бөлек, шөп те бөлек:
(Көктем сайын оралар көп дегелек,
Құстың өзі бір-бірін тастамаса,
Адамға адам айып қой өкпелемек).
Іңкәрлікпен қараймын ең ар жағы
Тұсымда ұшса — түймедей көк көбелек.
III
Салқындаған бұлақтар бүлкіл қағып,
Ауасы да ауырлап дымқылданып,
Арасында ізім мен күлкім қалып,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Сарғыш дала қағаздай қалам сызған,
Табиғаттан әр кезде табарсыз мән.
Амалсыздан, қайтсін-ай, амалсыздан,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Жаралғаным рас па қабырғаңнан,
Неге үнсізсің, кеудеңде жаның бар ма?
Жаның болса, қайдасың сағынғанда,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Ардақтасаң, кешігу керек пе еді?!
Әр нәрсенің бар шығар себептері...
Бірте-бірте азайып желектері
Сарыағаштың сарғайды теректері.
IV
"Сыбағаңды ал, тағдырмен жағалас та, —
Дейтін ең сен, — өмір — той, тарамас па?"
Сенсіз маған сыбаға керек пе еді,
Жалықтым мен жарты айда-ақ Сарыағашта.
Қандай жақсы басқаны сүймегенің,
Тыным таппай мұнда да күйгелегің.
Құрметпеннен жүрсем де, дүрмекпенен,
Бұра берді бүйрегім үйге менің.
Гүл екенмін тербелген саяңда мен,
Гүл ішінде серуендеп аяңдап ем...
Сендер не боп қалды деп, қайтқым келді,
Осы ғой әйел деген!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады