Кенен Әзірбаев (Жалғыз қаз)

 Кенен Әзірбаев (Жалғыз қаз)

Хан отыр ханымымен ішіп шайын,
Күтуші күң мен құлы бәрі дайын.
Қасында қырық уәзір қошеметтеп,
Дайындап қазы-қарта, бал мен майын.
Бұл ханның дастарқаны күнде топыр;
Шаш балау, алуа, шекер түрленіп тұр.
Әйелі сұлу екен көз тартқандай,
Көрнекті көркем жігіт бас уәзір.
Хан отыр шарап ішіп, көңілі мәз,
Қасында қырық жолдас пен әнші, өнерпаз.
Тал түсте тамашалап отыр еді,
Айналып ұшып жүрді бір қоңыр қаз.
Қоңыр қаз ұзамайды үйді айналып,
Қонады көлге барып, жүр жайланып.
Қаңқылдап неше күндей кетер емес,
Қарады хан мен халық қайран қалып.
Сөйледі хан тұрды да қатер – қауып,
Тыңдады қырық уәзір есі ауып.
Айтқанын жалғыз қаздың уәзірлер,
Береді сегіз күннен қалмай тауып.
— Не деп жүр келіп-кетіп қаз қаңқылдап?
Табасың айтқан сөзін қырық ақымақ.
Таппасаң сегіз күн-түн бұл жұмбақты,
Аламын бастарыңды, ойлан да тап.
Шулады қырық уәзір ханға қарап,
Құс тілін қайдан білет бұл адамзат.
Көрсетпей бүйтіп қорлық, тақсыр хан - ау,
Алсаңшы бар мал-жанды өзің талап.
Шығардың әдетте жоқ бұл бәлені,
Кетелік қасыңыздан онда тарап.
Қаһарлы, бұзылып тұр ханның түсі,
Белгілі әйеліне ханның іші.
Түңіліп уәзірлері үйден шықты,
Мойнына су төгіліп қырық кісі.
Мен үшін ата-анадан безіп едің,
Қол жетпес аспандағы жұлдызым - ай!
Өтермін өлгенімше жырлай - жырлай,
Секілді егіз қозы сыңарым - ай!
Қош болғын, асыл ару Кербез сұлу,
Сен үшін маған қарыз айтып жүру.
Артынан арыстандай күңіреніп,
Жүрермін арам болып ойнап-күлу.
Аңдай боп араладың тау биігін,
Ақылды әйелдегі кер миығым.
Өтермін өлгенімше жырлап сені,
Арылмас ажал алмай шер - күйігім.
Шолпандай жалт-жұлт еткен екі көзің,
Кетпейді көкейімнен айтқан сөзің.
Ұмытылмас сағат сайын сағынышым,
Шаршасам болар қуат өр мінезің.
...Кенебай осылай деп жырлаушы еді,
Кәрі-жас таңдай қағып тыңдаушы еді.
Жас дәурен, қызық дәурен қызығымен,
Алыстан бізге қолын бұлғаушы еді.
Кенебай Әзірбайға көп келетін,
«Кененің ақын бопты» деп келетін.
Екеуі бастан кешкен әңгіме айтып,
Мінезі бір-біріне деп келетін.
Кенебай қазақ-қырғызды аралайтын,
Еш сері оған ермей қала алмайтын.
Өрт еді, болат еді тіліп түсер,
Бай-манап ажарына қарамайтын.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЗ
Хан отыр ханымымен ішіп шайын,
Күтуші күң мен құлы бәрі дайын.
Қасында қырық уәзір қошеметтеп,
Дайындап қазы-қарта, бал мен майын.
Бұл ханның дастарқаны күнде топыр,
Шаш балау, алуа, шекер түрленіп тұр.
Әйелі сұлу екен көз тартқандай,
Көрнекті көркем жігіт бас уәзір.
Хан отыр шарап ішіп, көңілі мәз,
Қасында қырық жолдас пен әнші, өнерпаз.
Тал түсте тамашалап отыр еді,
Айналып ұшып жүрді бір қоңыр қаз.
Қоңыр қаз ұзамайды үйді айналып,
Қонады көлге барып, жүр жайланып.
Қаңқылдап неше күндей кетер емес,
Қарады хан мен халық қайран қалып.
Сөйледі хан тұрды да қатер - қауып,
Тыңдады қырық уәзір есі ауын.
Айтқанын жалғыз қаздың уәзірлер,
Береді сегіз күннен қалмай тауып.
— Не деп жүр келіп-кетіп қаз қаңқылдап?
Табасың айтқан сөзін қырық ақымақ.
Таппасаң сегіз күн-түн бұл жұмбақты,
Аламын бастарыңды, ойлан да тап.
Шулады қырық уәзір ханға қарап,
Құс тілін қайдан білет бұл адамзат.
Көрсетпей бүйтіп қорлық, тақсыр хан - ау,
Алсаңшы бар мал-жанды өзің талап.
Шығардың әдетте жоқ бұл бәлені,
Кетелік қасыңыздан онда тарап.
Қаһарлы, бұзылып тұр ханның түсі,
Белгілі әйеліне ханның іші.
Түңіліп уәзірлері үйден шықты,
Мойнына су төгіліп қырық кісі.
Қатал хан өстіп үйде жата берді,
Жанына уәзірлердің бата берді.
Ой ойлап күні-түні ұйқы көрмей,
Сандалып қырық сорлы зар еңіреді.
Таппады не дегенін жалғыз қаздың,
Шөптей боп қырық уәзір ойдан аздың.
Хан қысып күнде жауап алып отыр,
Бергені бір - ақ жеті, қандай аз күн!
Береді далбасалап күнде жауап,
Алты күн өтіп кетті демде заулап.
Қоштасып қатын, бала, ел-жұртымен,
Қаңғырып таң атқанша тауды аралап.
Келеді рауандай күннің көзі,
Түспейді ауыздарына айтар сөзі.
Сайрандап тауда жатқан нөкерімен,
Кездесті ханның жалғыз ерке қызы.
Таң қалып әкесінің жолдасына,
Шақырды бақша-баулы ордасына.
Бұл қызды жастайынан еркелетіп,
Көтерген уәзірлері арқасына.
— Ағалар, немене іздеп жүрсің қаңғып?
Көрдім де, түр-түсіңді тұрмын таң боп.
Халқым, әке-шешем, ел аман ба?
Келесің іздеріңді бір-бір аңдып.
Болды ма әділетсіз менің әкем?
Өсірген еркелетіп қырық жәкем.
Айтсаңшы сырларыңды жасырмастан,
Қалайша қаңғып жүрген білсем екен?
Шулады есіп жиып, қолын сүйіп,
Елжіреп қыз сөзіне сүттей ұйып.
— Хан бізге бір қасірет тауып берді,
Қайдағы жоқ бәлені біліп бер,— деп.
Жылайды сөзге келмей ауыздары,
Хан қызын қуат қылып енді бәрі.
Ұшқан қаздың айтқанын табасың деп,
Бұрынғы күнімізге қылды зарлы.
Таңертең дарға аспақ, таппай барсақ,
Тамақтан өтер болмай түйір тары.
Қыз айтты, кәдірлейтін ағаларым,
Бар шығар ханға баста жазаларың.
Қаның бөтен деп мені жек көреді,
Жәкелер, мені қысты зарлағаның.
Жалғыз қаздың айтқаны қандай жұмбақ,
Таба алмай жүрген сонша бәрің шулап.
Жаным ашып отырмын, қырық уәзір,
Айтыңыздар қаз сөзін, ұқсын құлақ.
Сөйледі Бас уәзір қаздың жайын,
Қаһарлы қайырымсыз ханның жайын.
Бір ақыл тауып берсең біз разы,
Жанымызды алып қал, қалқатайым.
Шулады қырық адам тау жаңғыртып,
Бір қайран қыла көр деп, айналайын.
Қыз айтты,— білемін,— деп қаздың сөзін,
Сері қыз аралайтын жердің жүзін.
Перінің патшасының жалғыз қызы,
Әкемнің төрт қып жүрген екі көзін.
Әкеме келіп жүр ғой болып ашық,
Шаһары Қап тауынан ары қашық.
Әкеме «мен айтты» деп сорлатпаңдар,
Қаз сөзін тауып берсем жаным ашып.
Жалынды өлсек - тағы айтпалық деп,
— Қарағым, айтқан серттен қайтпалық деп.
Құшақтап қыз аяғын жатып алды,
Сен үшін аузымызды ашпалық деп.
Сонда қыз айнасына қарап алтын,
Жалт етіп, айна көзі жүзі жарқын.
«Жасытып жақсы еркекті жаман қылар,
Жаманды жақсы қылар жақсы қатын».
Қаз сөзі: осылай деп ханға айтыңдар,
Жандарың қалар қырық азаматым.
Таңертең уәзірлер ханға келді,
Қаз тілі осы екен деп жауап берді.
— Таптыңдар, мұны саған кім үйретті,
Бұрын неге таппадың?— деп зекіреді.
Зар жылап уәзірлер айтып жағдай,
Ойладың жеті күн-түн тыным алмай,
Хан тақсыр, бүгін ғана тауып ек деп,
Шулап тұр қырқы бірдей жаны қалмай.
Шақырды хан айғайлап жендеттерін,
Тазыдай жалаңдаған көп иттерін.
Пышағын қайрап алған қасапшылар,
Көргенде жан шошыды суық түрін.
Сыбанып дар ағашты құрып жатыр,
Шыдайды заһарына қандай батыр?!
Жан қима деп жалынады сертті ұмытып,
— Өз қызың үйретті,— деп шулады ақыр.
Босатып уәзірлерді, тара,— деді.
Мойнына асылмасын дара,— деді.
Болысып дұшпаныма ақыл айтып,
Бұл қыздың қорлығына қара,— деді.
Құтылып қырық уәзір жайға кетті,
Хан қандай қызға бәле салады енді?
Бір күні хан жарлығы жайылады,
Жинап жүр бағынышты барлық жанды.
Бай, кедей, соқыр, жынды, мылқау —
Шақырды түк қалдырмай жарлыларды.
Жарлыққа келді халық бірі қалмай,
Таң қалып болды екен деп қандай жағдай.
Хан қызы ортада тұр жалғыз өзі,
Жарқырап қара түнде туған айдай.
Хан айтты:— Мынау менің жалғыз қызым,
Халқым, көріп тұрсың мұны көзің.
Шіріген жұмыртқадай садақа қып,
Келтірдім өз алдына айтқан сөзін.
Жиналған кем-кетіктің түрін қарап,
Аңсақ, таз, соқыр, керең түгел санап.
Ішінен тұра алмайтын бір мылқауды,
Жеті жыл мес боп жатқан алды таңдап.
Шақырып жалғыз қызын көп алдында,
Көрсетті әлгі месті «ал»— деп қарғап.
— Ау, қызым, осы адамды күйеу қып ал,
Түп-түгел төрт мүшесін сай қылып ал.
Құтқардың дұшпанымды ажалынан,
Мен қостым осы месті, жар қылып ал.
Зарланып амалы жоқ ана қалды,
Шуласып қырық қыз нөкер және қалды.
— Апырмай, мынау ханның қаттысы - ай!—деп
Күңіреніп жұрт күйзеліп тараған-ды.
Қыз айтты әкесіне қарап тұрып,
Қарақат көзін жазбай қадап тұрып:
— Жазықсыз қырық адамды қырам дедің,
Ап қалдым жаным ашып ара тұрып.
Бұл мылқау құдай қосқан жарым болар,
Көрерсің талай елге сарын болар.
Қаздың сөзін мысал қып айттым рас,
Қайырлы, істің арты мәлім болар.
Іскен мес жатыр тілсіз домаланып,
Арбаға ала қашты қызды салып.
Шуласып келе жатыр а құдайлап,
Шапқылап қатарласа бір топ халық.
Келеді үлкен жолмен тау етектеп,
Қамалып ханның қызын мәуе етектеп.
— Ау, әкей, өңіміз бе, түсіміз бе?
Ойда жоқ хан қызына қол жетет деп.
Әлгі мес диқаншының жалғыз ұлы,
Бал, құрақ, жеміс ағаш неше түрлі.
Өрісте мал қаптаған болмаса да,
Егін жай шаруасы — қолда пұлы.
Бар екен екі өгіз, жалғыз сиыр,
Ат-арба, бұдан басқа мал жоқ түйір.
Бала екен жеті жылдай болған мешел,
Хан қызы болар екен қайтып үйір?
Қ ы з:
Ал енді, құлақ салшы, қайын ата,
Құдайдың қылған ісі болмас қата.
Бие тап жеті жылғы қысыр қалған,
Керек болса балаңыз, үйде жатпа.
Атасы, енесімен күрсінеді,
Сөзіне хан қызының сүйсінеді.
Жазылса жанымызды қияр едік,
Күн болса адам болар Тұрсын енді.
Дүниенің қызығынан тойып едік,
Он баланы өлтіріп жойып едік.
Күдер үзіп қалғанда осы туып,
Тұрсын деп атын солай қойып едік.
Қаңғырып жетер жерді аралады,
Ту бие оңайлықпен таба алмады.
Халықтан қарай берсе не шықпайды,
Түрлі елді сұрау салып жағалады.
Табылды Шар - Қиядан ақбоз бие,
Бағасы елу тұяқ, екі түйе.
Бағалап қалыс адам кескеннен соң,
Қуанып ел де берді малын үйе.
Биені бір жыл қаңғып зорға тапты,
Қиын ба құдай берсе қызға бақты.
Сойғызып қарыс қазы қарынына,
Жігітті бөлеп, орап қымтап сапты.
Шығарып басын ғана тұншықтырмай,
Хан қызы өзі бағын сусындатты.
Төрт бөліп түн ұйқысын қарап тұрды,
Өткізді көзін ілмей күн мен түнді.
Мойнына бұршақ салып ата-анасы,
Айналып баласынан зыр жүгірді.
Жігіттің ыңыранған үні шықты,
Дәл сегіз күн дегенде тілі шықты.
Жын ұрды, пері соқты деген адам,
Жазылып ел көргендей жігіт бопты.
Ақылы хан қызының жаннан асты,
Көңілі кедейлердің судай тасты.
Тұрсын мен Қарақатқа неке қиып,
Тойлары тойға ұласып шашу шашты.
Бір тайпы ел Қарақатқа бағынады,
Ардақтап айтқан жерден табылады.
Бір күні ел - жұрт шулап жас пен кәрі.
Қаһарлы хан жарлығы жайылады.
Хан ашық бопты дейді жалғыз қазға,
Қайғырып қатып-семіп ала жазға.
Кімде-кім осы қазды ұстап берсе,
Аузы соған ашық хан қазына:
Жарлыққа ел құлағын салсын депті,
Алтынға қызықтырып мынау көпті.
Беремін не сұраса ұстағанға,
Апырмай жалғыз қаздың ызасы өтті.
Жаратып бір-бір атын мініп алды,
Патшаның ауылына ел жиналды.
— А, құдай, ханға қолды жеткізе гөр! —
Деп әркім өз ішінен сыбырлады.
Бұл өзі қаз болмапты, қыз болады,
Күнде келіп көліне бір қонады.
Шомылып айдын көлге айдай сұлу,
Хан соған ғашық болып естен танды.
Таң қалды қазды қуып жас пен кәрі,
Үш жылдай қазбен әуре елдің бәрі
Атуға рұқсат жоқ, тірі ап келу,
Таусылды ұстай алмай амалдары.
Ат, айғыр, бай-кедейде жүйрік тұлпар,
Жаратып, жалғыз қазды ұстауға іңкәр.
Қандай адам маңдайы жарылар?—деп,
Қазды ұстап ханға тартса не арман бар.
Хан қызы мұны естіп:— Тұрсын,— деді,
Сен неге қазды қумай жүрсің?— деді.
Базардан барып алты ат сатып әкел,
Бәрі де арық - тұрақ болсын,— деді.
Қыз сөзін екі қылмай алып келді,
Құмжыла алты бірдей арықтарды.
Әкемнің қойын жайған шал астында,
Шұбарды сатып әкел барып,— деді.
Қой жайған шалға Тұрсын сәлемдесті,
Атыңды сатыңыз деп жауаптасты.
Астына мінетұғын басқа ат беріп,
Он ділдә шалға артық беріп асты.
Шұбарды жал құйрық жоқ алып келді
Қосты да жаман атқа бағып көрді,
Екі жыл өткеннен соң қыз тілімен
Алдырып, басқаларын сойып еді.
Алты атты кезекпенен сойын көрді,
Шілігін шағып майын сорып керді.
Ұстатты шұбар атты содан кейін,
Жетіліп жал құйрығы толып келді.
Таусылды алты шолақ соя - соя.
Қасапқа сатты етін қазы - жая.
Ажырап қара кемік, қом жіліктер
Қыз көрді қалмағанын ешбір шала.
Шұбарды қыздың өзі қайырады,
Жаратып семіздіктен айырады.
Сүт беріп, су орнына суыттырып,
Тұрсынға айтқан тілін алдырады.
Шұбарды бабын тауып жаратады,
Хан қызы елді аузына қаратады.
Ал енді қалың елге қосылғын деп,
Тұрсынды салды жолға езі тағы.
Қарақат талай асыл ала келген,
Көп ділдә, қымбат киім сала келген.
Алтын шәлі Тұрсынға тығып беріп,
Ақылын, әдістерін айтын берген.
Қуғанда елмен бірге жалғыз қазды,
Көресің талай тұлпар, өнерпазды.
Көрсетпе бір адамға жағдай айтып,
Қойныңнан шығарма деп орамалды.
Шұбарға барлық тұлпар ере алмайды,
Қараңды ермек түгіл көре алмайды.
Қаз емес, пері қызы оны байқар,
Адамға жалынсақ да жоламайды.
Шұбардан ұшқан құс та құтылмайды,
Тау, дала, жарға тұлпар тоқтамайды.
Пері қыз қызығады алтын керсе,
Басқаға көңілі түсіп ұмтылмайды.
Қолға алып орамалды бұлғай бергін,
Жерменен қаздан қалмай зулай бергін,
Қолыңа пері қызы қонар келіп,
«Ағатай, көрейін» деп алдайды енді.
Перизат жаралғаннан алтынға ашық,
Айрылма орамалдан жаза басып.
Қолына көрейін деп бере қалсаң,
Кетеді дат дегізіп алып қашып.
Жұрт қуған жалғыз қазды екі жылдай,
Болысуға қазды ұстап, ханға балдай.
Күн-түні кәрі - жаста бір тыным жоқ,
Үйде адам, үйірде ат, айғыр қалмай.
Қосылды шұбар атпен Тұрсын жігіт,
Қарайды ат қуысына ел қызығып.
Қаңқылдап қаз да ұшып келеке етіп,
Әркім жүр ұстаймыз деп қылып үміт.
Шуылдап мың сан адам қуа берді,
Мұндайда тұлпар қызбай тұрар ма еді?!
Сан қолдар салған жерден шырқап шығып,
Қарғи озып кетті Тұрсын ұзап енді.
Шұбарға қалың халық таңданады,
Болдырып мінген аты сандалады.
«Апырмай, мынау қандай жылқы еді!» деп,
Аспанда пері қыз да аңғарады.
Қара озып қалың елден кеткеннен соң,
Тұрсын да орамалды қолға алады:
Қолына сұқтай түсті пері қызы,
Алтында жалт-жұлт еткен екі көзі.
«Ағатай көріп берем, қолыма бер! —
Жалынған белгілі ғой қыздың сөзі.
Бермеді Тұрсын - дағы орамалды,
Ылажсыз қыз да жылап, қолға қонды.
Перінің туғаннан - ақ ата салты —
Қолына түссе адамның бағынады.
...Хан жатыр жалғыз қазға болып ғашық
Ас ішпей, итше қатып көзін ашып.
Қаз емес, пері қызы болғаннан соң,
Еліне жарлық қылған хабар шашып.
Қазды ұстап ханға Тұрсын алып келді,
Таңырқап пері қызды халық көрді.
Шұбар ат пен балаға алғыс айтып,
Хан жазылды, қайтадан қалыпқа енді.
Некелеп пері қызын алыпты хан,
Сұлудың келбетіне дүние таң.
Қалаған қандай затыңды ала бер деп,
Жігітке разы болып қазды ұстаған.
Тұрсын салды қолқасын ханға келіп,
Хан да отырды жігітке ерік беріп.
Алатұғын қолқам сол, тақсыр, сізден
Қонақ бол бізге келіп, үйді көріп.
Хан айтты:— Басқа бар ма қалағаның?
Атың кім, қандай ата-бабаларың?
Бала айтты:— Атым Тұрсын, әкем кедей
Бар,— деді,— сұлу әйел, бақ - дарағым.
— Ондай болсаң алтын ал, ат басындай,
Уәзір боп отырғын жан досымдай.
Қарағым, аямайын еш нәрсені,
Ала бер сұрасаң да мал-басымды.
— Тақсыр хан, алтын мен мал керегі жоқ,
Артық мал не қылайын, қарыным тоқ.
Жүрелік жақын болып көңіл қосып,
Кетсеңіз дәм - тұз татып, бір қонақ боп.
— Барайын,— деді,— балам, бір айдан соң,
Қалжа жеп, есім жиып тыңайған соң...
Түк алмай ал десе де кетті Тұрсын,
Мініп ап шұбар атқа суғарған соң.
Көргенін Қарақатқа айтып келді,
Қалдырмай барлық сөзді айтып берді.
Бәрі де хан қызының үйреткені,
Шұбар ат байлаулы тұр тарпып жерді.
Тазалап қора, жайды, үйді түзеп,
Дайындап түрлі тағам, жеміс үзіп.
Мал байлап бордақылап, бағлан қозы,
Май палау, қырық түрлі алуа - шұжық.
Хан келді уәдемен салып хабар,
Шапқылап түстік жерден шауып шабар.
Қасында қырық уәзір, әнші, ақыны,
Ханымы — перизаты қасында бар.
Сәулетпен саңлақ мінген түрлі жорға,
Кеп түсті сырнайлатып ханзадалар.
Қонағын шаруалар күтіп алды,
Бетіне ханның қызы перде салды.
Сылаңдап қол-аяғы шаң жұқпайды,
Шай құйып, өзі жайып дастарқанды.
Түлкідей қызыл алтай шұбалаңдап,
Аққудай мойнын иіп қаздай паңдап,
Адамда мұндай сұлу бар екен деп,
Перизат та отырды көзін қадап.
Мін таппай Қарақаттың жүрісінен,
Сын таппай ас - тамағы, үйі - ішінен.
Шіркін-ай, мынау әйелді алар ма ед деп,
Хан отыр әйелге көз қысуменен:
Тұрсын да шұбар атпен даңқы жарған,
Қазды ұстап, пері қызын алып барған,
Үй таза, дастарқан мол, көркем жігіт,
Қарақат — қатын сұлу, бар ма арман?
Малдары аз болса да тұрмысы сай,
Бау-бақша түрлі жеміс жері қандай
Әкесі мен анасы еңбекші екен,
Бал тамған бармағынан көңілі бай.
Ағайын, көршілері балдай тату,
Бір-бірін болмайды әсте жабырқату.
Қонақтар күліп-ойнап үш күн жатты.
Ішіп-жеп арақ-шарап, ән шырқатты.
Пейілді, берекелі осынау жұрт
Сыйлады тіке тұрып көп қонақты...
Шіркін-ай, әйелінің сұлуын - ай!
Түрленіп тауыс құстай жүруін - ай!
Тарыдай тал бойында бір міні жоқ,
Жүрісі, тұрысы мен қылығын - ай!
Қаралар ханға қарсы тұра алмайды,
Жүр десек сұлу мойнын бұра алмайды.
Алалық та кетелік, бұрқап тұрып,
Бұл сұлу маңдайына сыя алмайды.
Татқан тұз, құрмет - сый естен шығып
Қан сорғыш қара құстар тұр бұзылып.
Қарақат Тұрсынға айтып түсіндірді,
Ниетін әкесінің ойлап біліп.
— Шығарса шатақ - жанжал түйініп тұр,
Бір тайпы ел жасырынып жиылып тұр.
Ерттеп шұбар атты дайындап қой,
Қан құмар ханның іші күйініп тұр.
Халықты қап қақсатып езген болар,
Ар-ұят адамдықтан безген болар.
Алайын бет пердемді, үйге шақыр,
Ұяттан өлер ме екен бұл қан құмар.
Шақырды Тұрсын үйге қонақтарды,
Дайындап дастарқанға тамақтарды,
Ажырасып аттанарда елдің салты,
Ішетін қағыстырып шараптарды.
Орнынан Қарақат қыз тұрды жайлап,
Әнші, аңын қош - аманды жатыр сайрап.
Пердесін өз бетінен жұлып алды,
Аршылған жауқазындай жүзі жайнап.
Шешесі талып түсті, қызын танып,
Хан қалды қап-қара боп санын қағып,
Ұялып жер шұқиды қырық уәзір,
Түсуге жер болмайды ешбір жарық.
...Хан сайлап Қарақат пен Тұрсынды жұрт,
Қала салып осы аймаққа ел жиналды.
«Жаман еркекті жақсы әйел бағады»,— деп,
Осындай бұрынғыдан нақыл қалды

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі