ҰБТ. Әдебиет пәнінен қалай дайындалған дұрыс? » ZHARAR © 2016 | подготовка к ент на казахском языке, қазақ әдебиеті ұбт дайындық, адебиет ент дайындык, әдебиет ент дайындық




  • »

ҰБТ. Әдебиет пәнінен қалай дайындалған дұрыс?

ҰБТ. Әдебиет пәнінен қалай дайындалған дұрыс? казакша ҰБТ. Әдебиет пәнінен қалай дайындалған дұрыс? на казахском языке

Бүгінгі кеңестер бесінші пән ретінде әдебиет пәнін таңдаған түлектерге арналады. Әдебиетке дайындалу – біреулер үшін ләззат, ал екіншілерге – азап, басқалары жалқаулықты жеңе алмай әбігерге түседі. Себебі, бұл пән өзін сүйіп оқығанға ғана қолжетімді. Егер, әдебиетті жақсы көрмесеңіз, жоғары балл аламын деуіңіз бекершілік. Мейлі, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырдыңыз делік, онан кейінгі оқу-білімнің барлығы да шығармашылықпен, көркем туындылармен байланысты болғандықтан, үлкен жетістіктерге жетуіңіз екі талай. Келісесіз бе? Ендеше, сізді бұл пәнді жан қалауыңызбен таңдады деп ойлаймыз. Ары қарай "Әдебиетке қалай дайындаламын?, "Дайындықты неден бастаған дұрыс?", "Жоғары балла жинау мүмкін бе?" деген сауалдарыңызға жауап беріп көрмекпіз.

Ескерте кетейік, бұл кеңестер биылғы бітірушілер үшін емес. Әдебиет оқуды талап ететіндіктен, алдағы 1 айдың ішінде бұл әдісті орындап біте алмайсыз.

Өз басым, дайындық кезінде әдебиет пәнінен ешкімнің көмегіне жүгінбедім. Білегіңізді сыбанып кіріссеңіз, пән мұғалімінсіз де, репетиторсыз да өзіңіз бағындыра алатыныңызға сенімдімін. Ол үшін дайындықты маусым-шілде айынан бастап кетіңіз.

ҰБТ сұрақтары оқулықтар бойынша дайындалатындықтан, бесінші сыныптан бастап, он бірінші сыныптың әдебиет кітаптарын қолыңызға алыңыз. Сөйтіңіз де, бесінші сыныптың кітабынан бастап, тақырып бойынша конспект жасауды қолға алыңыз. Әрбір авторға жеке бет арнаңыз және оған әрбір жылда оқыған шығармаңыз, ондағы кейіпкерлер, автордың туған жылы, дүниеге келген, қайтыс болған жерлерін, өмірбаяндарын жазып отырасыз. Осылайша, қыркүйек айына дейін сізде жеті сыныптың жинағы дайын тұрады.

Әдебиет пәні – оқуды, уақытты талап етеді. Көркем шығармаларды міндетті түрде оқыңыз. Қысқаша түсіндірмесін оқып алған, біреудің аузынан естіп алған абырой әкелмейді. Сіздің оқулығыңызда шығарманың үзіндісі берілсе, сіз оны толықтырып оқу керексіз. Әрбір сыныпқа берілген хрестоматияларды да оқыңыз. Себебі, сұрақтарда шығарма кейіпкерлерінің аты ғана емес, мысалы, "Жусан иісіндегі" Аян екінші рет аяғын қай жерде шығарып алды?" деген сынды оқиғаға байланысты сұрақтар келіп отырады.

Әрбір авторға жеке зерттеу жүргізіңіз. Кейде, сіздің оқулықта айтылмаған немесе мән бермеген оқиғалар, мысалы, "Шәкәрімнің сүйегі қай жерде?" сияқты сұрақтар келіп отырады. Олардың білім алған ордалары, алғашқы ұстаздары туралы сұрақтарды да кездестірген боларсыз.

Терминдерге арналған жеке дәптеріңіз болсын. Онда әліпбилік ретпен, "Аллегория, Ассонанс...Әдебиет, Әсірелеу..." деген теориялық ұғымдардың анықтамасын жазып отырасыз. Олардың қай тілден аударылғандығына, мағынасына мән беріңіз. Шығарма ішінен оңай таба алатындай болып жаттығыңыз. Мәселен ҰБТ сұрақтарында:
"Астындағы бурылдың,
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп..." ("Қобыланды батыр") – қандай көркемдеу тәсілі қолданылған деген тапсырма болады. Сіз оның гипербола, яғни, әсірелеу екенін ажырата алатын дәрежеге жету керексіз.

Сұрақ кітапшаларымен жиі жұмыс жасаңыз. Сізде өзіңізден алдыңғы жылдары тапсырылған кітапшалардың 100-деген нұсқасы болсын. Осы кітапшалардағы сұрақтарды белгілеп, қателермен жиі жұмыс жасаңыз. Қате болған және жаңадан кездескен сұрақтарды арнайы дәптерге тізіп отырыңыз. Оны жаттап алыңыз. Қайталаймын, кітапшалармен дайындықты ұдайы жүргізіп отырыңыз.

Әркім әр түрлі қабылдайды: біріміз жазу арқылы есте сақтасақ, екіншіміз оқу, көру арқылы есте сақтаймыз. Сізге қайсысы жақын. Алғашқысы болса, оқыған шығармаларыңыздың қысқаша түсінігін, маңызды оқиғаларын, кейіпкер есімдерін арнайы арналған дәптерге жазып отыруды әдетке айналдырыңыз. Көру арқылы есте сақтасаңыз, тіптен жақсы. Сіз тек қана кітап оқумен айналыса аласыз.

Мектеп бағдарламасына енетін шығармаларды оқып, авторлармен, терминдермен жақсы таныс болсаңыз, әдебиет сіз үшін мүлде қиын болмайды. Мен дәл осы әдіспен дайындалып, ҰБТ-да 24 балл жинаған болатынмын. Сізге де шын жүректен сәттілік тілеймін!

Автор: Айгерім Сматуллаева, Сурет: vk.com, дереккөзі


Санат: Қазақша Пайдалы кеңес жинағы » ҰБТ (ЕНТ) | | 3 812
Рейтинг:
(голосов: 3)

.

. .