Уақыт жайлы ертегі

 Уақыт жайлы ертегі

Сабағын оқи сала кешегі ойында кеткен есесін қайтару үшін Батыр компьютерге шүйлікті. Ата-анасы баласының сабағына керек болар деп жинаған ақшаларына осы компьютерді алып бергелі Батыр үйден шықпайтын болды. Сабақтан келе сала алдына қонжиа кетеді. Демалыс күндері тіпті күні ұзақ отырады. Кейде тіпті түннің жарымын болғанын да білмей ойнай береді. Ойыннан қалған уақытын әлеуметтік желідегі бос әңгімелерге арнайды. Анасы ұрсып жүріп, төсегіне әрең жатқызады. Әкесі жұмыстан келе сала анасы «Осы пәлені қайдан алдық?! Балам соған жабысты да қалды» деп шағымданады. Ондай кезде Батыр моп-момақан болып, кітап-дәптерлерін алып сабақ оқи қалады. Әкесі бөлмеге кіргенде, сабақ оқып отырған ұлын көріп, «Әй, балам тып-тыныш сабақ оқып отыр ғой. Қатарынан қалмасын, керек кезде пайдаланар» деп анасын қайтарып тастайды. Планшет те алып берген ата-анасы. Бірақ ол он бірінші сыныпта оқитын әкпесінің қолында. Бұған оңайлықпен бере қоймайды. «Тестке дайындаламын, аулақ жүр» деп қуып тастайды. Сыныбында барлық балада дерлік ұялы телефонның неше түрі бар. Әйтеуір көшеде кетіп бара жатқанның барлық баланың екі көздері де, ой-саналары да қолдарындағы ұялы телефонда. Тіпті «Жолдан былай қаш!» бипылдатып жатқан көлікке де қарамайды-ау, қарамайды.

Ойынның қызығына кірген Батыр бір кезде шаршап көзі ілініп кеткендей болды. Түсінде де сол атыс-шабыс. Жауын өкшелеп қуып келеді. Кенет аяғы тайып кетті де, құмның үстімен сырғанағандай төменге құлдилай берді. Өзін жеп-жеңіл сезініп, жұп-жұмсақ көк майсаның үстіне топ ете түсті. Қанша жұмсақ болса да, қара жер емес пе, жамбасы ауырсынып қалды. «Қап!» деп орынан тұріп, жан-жағына аңтарыла қарады. Бұл қай жер? Айналасында жемістері уылжып пісіп тұрған неше түрлі ағаштар. Иісі мұрын жарады. Ағаштарда сайраған құстар. Аяғының асты көк майса. Көк майсада самал желмен тербелген гүлдер. Мәссаған, мынау ертегі әлемі сияқты керемет жер ғой. Кішірек кезінде анасы ғажайып өлке жайлы ертегі айтып беретін. Сол кезде тура осылай елестетуші еді. Батыр қып-қызыл болып көздің жауын алған алмаға қолын созып, біреуін үзіп алды да, бір тістеп еді, дәмі бал дерсің шіркіннің. Қанша алма жесе де, мұндай дәмді алманы ешқашан жеп көрмеген екен. Айналасына аңтарыла қарап тұрған Батыр өзі тұрған ғажайып жердің айналасы құм екенін енді аңғарды. Шетсіз-шексіз құм дала екен. Сол құм даланың ортасында осы бір алақандай ғана жерде ғажайып әлем орналасыпты. Ол ғажайып әлемнен құмды далаға аттады. Құм ыстық екен, бір екі қадам аттап еді аяғы шыдамай кері қайтпақ болып бұрылғаны сол еді, көрінбейтін бір керегеге соғылғандай кері ұшып кетті. Не болғанын түсінбей орнынан тұра салып, қайта ұмтылды. Тағы сол көрінбейтін бір нәрсе оны қайтадан кері ұшырды. Ол жанталасып ғажайып өлкені айналып кіретін жер іздей бастады. Көз алдында тұрған жерге кіре алмау қиын екен. Күннің ыстығы да өтіп барады. Қанша әуреленсе де енді қайтып ол жерге аяғын аттап баса алмасын түсінген Батыр жан-жағына байыптап қарай бастады. Көмектесетін біреуді алыстан болса да көріп қалармын деген үмітпен. Айналасында тек бұйрат-бұйрат құм дала. Аңызақ ыстық. Тек сонау көз ұшында қарайып бірнәрсе көрінеді. Батыр не де болса бара көрермін деп сол қарайғанды бетке алып жүре берді. Қанша жүргенін өзі де білмейді, бір кезде қарайған нәрсе үлкен шаһарға айналды. Қуанып кетті. Қанша шаршаса да соңғы үміті сол қалада болған соң жүрісін тоқтатпады. Қызық, бұрындары спортпен айналысып жүргенде қанша доп тепсе де, жүгіріп жарысса да шаршамайтын еді. Қазір әрең аяғын басып келеді. Күннің көзі құмды қыздыра түсуде. Батырды тер басып кетті. Бір кезде бір түп сексеуілді көрді. Маңында бірнәрсе қараңдайды. Анықтап қарап еді, адам сияқты. Соңғы күшін жинап:

— Көмектесіңіз! - деп айқай салды. Тамағы кеуіп кеткеннен бе, даусының шыққан шықпағанын өзі де сезбей қалды. Әлгі адам мұны естіген сияқты, қолындағы затын жерге қоя салып, осында қарай жүгірді. Екі қолымен тізесіне сүйеніп, әл-дәрмені құрыған Батыр оның осында бет бұрғанын көріп, қуанып кетті. Жақындағанда қараса, өзі құралыптас бала екен. Өңін күн қаққан, көзі күлімдеген қара бала. Тура өзі сияқты. Ол келе салып, торсығындағы судан Батырға берді. Судың осынша тәтті екені Батыр бірінші рет сезініп тұр. Су құйған кезде солып тұрған өсімдік бас көтереді ғой, Батырдың бойы да сол сияқты қуатқа толып, сергігендей боды. Әлгі бала Батыр шөлін қандырғанша қарап тұрды. Арасында;
— Асықпай іш, шашалып қаласың, — деп қояды. Шөлі қанған Батыр
торсықты балаға қайтарып беріп, алғысын айтты. Шын жүрегімен алғыс айтты.

****

Бұлар Құмбаланың үйіне келіп, аздап тынығып, тамақтанып алды. Бағана кездескен бала осы Құмқала шаһарының тұрғыны. Есімі — Құмбала. Мұнда барлығы құмнан жасалған екен. Үйлер қыштан өріліп, әдемі оюлармен өрнектелген алып жұмыртқаларға ұқсайды екен. Құмның аптап ыстығында үйдің іші сап-салқын, жанға рахат. Құмбала өте елгезек, ақылды бала екен. Батыр екеуі тез тіл табысып кетті.

Құмбала ата-анасының тапсырған жұмыстарын зыр жүгіріп жүріп тындырып тастады да, Батырға шаһарды таныстырмақ болды. Қала өте сәулетті екен. Көшелері де түп-түзу, тап-таза. Шаһар халқының барлығы көңілді, жүздері жылы. Батырдың бөтен адам екенін білгендей таңырқай қарайды да, күлімсіреп өте шығады. Бос сенделіп жүрген бір адамды көрмейсің. Әйтеуір бірнәрсемен айналысып жатқан адамдар. Біреулер үй салып жатыр, біреулері ұстахана көрігін қыздырып қыш күйдіріп жатыр. Кішкентай балалардың ойындары да керемет. Ұзын бағаналарды орнатып, соларға байланған арқандар арқылы шыр көбелек айналып жүргені бар, үлкен нысанаға садақпен көздеп атып, мергендіктерін шыңдап жатқандары бар, тіпті, шахмат ойнап отырғандарды да кездестіруге болады.

— Сендердің әлемдерің қызық екен, — деп Құмбала күні бойы Батырдың айтқандарын есіне алып. — Сендер бір қорапты, кішкене бір заттарды пайдаланып көп нәрсе тындырамыз дейсіңдер? Сөзің қарасам, одан тіпті бас алмайтын сияқтысыңдар. Сонда жұмысты кім істейді? Білімді қалай аласыңдар? — деп сұрап келеді.

— Енді... білімді он бір жыл бойы мектептен аламыз. Содан кейін жоғары
оқу орнына түсеміз, содан кейін..., — деп жауабын жалғастырып үлгермей көз алдындағы көрініске таң қалып, сөзінің аяғын жұтып қойды. Үлкен кітаптың жанында кәрісі бар, жасы бар бір топ адам таласып-тармасып кітаптың бір парағын оқиды. Оқып біте сала, әлгі парақ құм сияқты сусып төгіліп қалады. Келесі бетті де солай оқиды. Алдындағы көрініс тағы қайталанып жатыр. Батырдың таң қала қарап тұрғанын көрген Құмбала.

— Бұл Ғалым атайдың жазған кітабы. Білімге құштар әрбір жан ол кітаптағы әр сөзді естерін есте сақтап алуға тырысады. Мұнда барлығы құмнан жасалғандықтан ұзаққа шыдамайды. Тез бұзылады, — деп түсіндіріп жатыр. — Ал сен ше, кітап оқимысың?
Батыр соңғы рет қашан, қандай кітап оқығанын есіне түсіре алмады. Кітап сөресіндегі атасы берген көп кітаптардың шаң басып жатқаны есіне түсіп, қысылып кетті. Ұялғаннан тек тұрмас деп «Иә, әрине, оқимын ғой» дей салды.

— Бізде уақыт қымбат. Қазір бар нәрсе сәлден кейін құмға айналып кетуі оп-оңай, — деген Құмбаланың сөзі Батырдің есіне тарих пәнінде оқыған құм астында қалған, сан мыңдаған қазақтың көне қалаларын түсірді. «Расымен де. Ол қалалар да құмға айналып кеткендей» деп ойлап қойды.

— Құмбала, білесің бе, мына қала маған таныс сияқты.

— Әрине таныс. Бұл сенің кішкене бала кездегі құммен ойнағанда соққан шаһарың ғой. Сенің бала-қиялыңның жемісі. Анау бұлт шаһарына қарашы, - деп Құмбала көгілдір көкте жүзіп жүрген ақша бұлтты нұсқап. Аспанға қараған Батыр аппақ шаһарды көрді. Мұнаралары да, керегелері де аппақ бұлттан өрілген ақ мәрмәрдай ақ қала. Ішіннен қуанышты балалардың даусы естіледі. Ойнап жүрген көп бала. Бақытты екендері анық. Бірақ, Батыр мұндай қала туралы қиялдамапты. Тек анасының айтқаны есінде. Иә, иә бұл анасының бала кездегі қиял-шаһары екен ғой.

— Бұл менің анамның қиял-шаһары ма?

— Иә, сенің анаңның қиял-шаһары. Көрдің бе, анаңның ойы қандай таза, асқақ болған. Ішіндегі балалар бүкіл әлемдегі ата-анасынан айырылған балақайлар.

Осылайша олар шаһарды ұзақ аралады. Жан-жағына таңырқаумен келе жатқан Батырдың Құмбалаға қарауға шамасы жоқ, тек оның сөздеріне құлағын тосып қана келеді. Бір кезде жанында Құмбала емес, он тоғыз-жиырма жасар жігіттің келе жатқанын байқап қалды. Бірақ даусы сәл жуандағаны болмаса, өңі Құмбаладан аумайды.

— Құмбала? Құмбала қайда? — деп таңырқай сұрады

— Мен ғой Құмбала, — деп күлімсірей жауап қатты жас жігіт

— Сен бе? Бірақ...

— Бізде уақыт тез өтеді. Жалпы уақыт деген салыстырмалы нәрсе ғой. Мысалы, мен үшін сендердің өмірлерің ұзақ сияқты. Бірақ, басқа өлшемдегі әлемде сендердің өмірлерің біздікі сияқты қысқа болуы мүмкін ғой. Сондықтан әр уақытты, әр сәтті қадірлей білу керек. Ол құм сияқты сырғып кете береді...

Кенет «Жау шапты!» деп бүкіл ел дүрлігіп кетті. Шаһар жігіттері лезде қаруланып атқа қонды. Арасында Құмбала да бар. Батыр де ере кетті. Шаһар сыртында мұздай қаруланған жау әскері көрінді. Түрлері өте суық. Қатал. Бұларды Батыр бір жерден көрген сияқты. Иә, иә. Өзі компьютерде ойнайтын ойынның кейіпкерлеріне ұқсайды. Бірақ көзбен көргенде өте қорқынышты екен ғой.

— Батыр, бұл да сенің қазіргі қиялыңдағы әлемнің әскерлері. Көрдің бе, адамның ойы ластанса, әлемді құртатын дүниелер пайда болады. Екеуміздің қоштасатын сәтіміз келді. Уақытым тығыз. Саған айтар тек бір ауыз сөзім бар. Уақытыңды бағала және ойыңды ластама. Сонда өзің де өзің өмір сүрген әлем де таза болады.

Құмбала көпті көрген қариядай ойлы сөздерін айтқан кезде, бір күні бір айдай өткен Батыр досын қимай Құмбаланың атының шылбырынан жармасып ұстап алды:

— Кетпеші! Өтінем кетпеші. Олар сені құртады. Мен оларды білемін...Онда, мен де сенімен барайын, — деп шыр-шыр етті.

— Жоқ. Сен бара алмайсың. Сен өз еліңе керексің. Ал мен елімді қорғауым керек. Еліңді қорғайтын азамат болды. Ата-бабаңның қалдырған жер-мұрасын қастерлеп ұста. Хош! – деп атын тебініп қалып, аттандап алға шапқан салған әскердің соңынан шаба жөнелді. Батыр барлық үміті өшіп, ішіндегі ащы өксігі тамағына тығылып «Құмбала, кетпеші. Құмбала» деп сыбырлай берді. Екі жақтың әскері арасында шайқас басталып кетті. Құмбала шептің алдында атой салып жүр. Жауды тықсыртып барады. Іштей тілеулес болып тұрған Батырдің көз алдында кенет екі жақтың да әскері құмға айналып бара жатты. Мұның досы Құмбаланың денесі де көз алдында сусып бара жатты. Бұл оған көмектеспек болып ұмтылып еді, Құмбала бұған күлімдей қарап:

— Батыр, тез кет! Ұмытпа, сенің уақытың қадірлі! Оны бағалай біл! Соңғы құм түскенше еліңе жетіп үлер. Әйтпесе осында қалып қоясың. Мен өз өміріме ризамын! Кет! Қане, тездет! - деп соңғы сөздерін айтып, құмға айналып кете барды. Көп әскердің орнында үйілген екі құм төбешіктері ғана қалды. Тап бір бұл жерде ешқашан да ешнәрсе болмағандай. Алып шаһарға қарап еді, ол үлкен құм сағатына айналып, уақыт өлшемі болған құм төмен суылдап төгіле бастады. Не болғанын енді түсінген Батыр тез арада өзі түскен жерге жетуі керегін ұқты. Жанталаса жүгірді. Жүгіріп келеді. Көзінен жасы тоқтар емес. Енді көрмейтін Құмбала үшін бе, әлде осында қалып қалам деген қорқыныштан ба, не үшін жылағанын білмейді. Құм аяғын көтертер емес. Көз алдында тұрған алақандай мекенге жете алар түрі жоқ. Жүгірген сайын алыстайтын сияқты. Сағым сияқты, артынан қуып келеді. Жеткізер емес. Артына қарап-қарап қояды. Құмсағаттың құмы соңғы түйірлерін төгіп жатыр екен. Қол созым жерде қалған алақандай мекенге қолын созған күйі Батыр құлап түсті..

****

Селк етіп оянған Батыр өңі мен түсін ажырата алмай біраз отырды. Расымен де жылаған сияқты. Тамағындағы өксік кетер емес. Ұйқыдан басқа адам болып оянғандай. Мониторға қарап еді, «өзі» әлдеқашан жеңіліп қалыпты. Тас қылып жұмып алған уысын ашып еді, бір уыс құм еденге төгілді. Тұра салып, сыртта кір жайып жүрген анасының жанына барды. Баласының түрі бұзылып кеткенін көрген анасы:

— Не болды, балам? Түрің бұзылып кетіпті ғой. Бәрі дұрыс па? — деп жайып жатқан киімдер тастай салып, ұлының маңдайын ұстап әбігерге түсті.

— Ешнәрсе болған жоқ, анашым. Мен тек...мен...мен сізді жақсы көрем,- деп анасын құшақтай алды. Анасы ұлының бұл қылығына таң қалса да оны мейіріммен бауырына қысты. Баласы құшақтамағалы көп болыпты. Анасы да ұлын сағыныпты. Екеуі ұзақ тұрды.

— Анашым, сіздің Бұлт шаһарыңызды көрдім. Керемет екен, — деді бір кезде Батыр.

— Рас па?...Иә, ол керемет шаһар еді, — деп күлімсіреген анасы аспан көгінде жүзіп жүрген ақша бұлттарға көзін салды. Бала кездегі қиялына бір сәт қайта оралғандай болды.

— Анашым, мен енді уақытты қадірлейтін бала боламын...


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 202



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады