Биология | Неврастения астения

Неврастения, астения (грек тілінен neuron – жүйке және asthenіa – шаршау, әлсіреу) – невроздың бір түрі; аса күйгелектіктен және тітіркенгіштіктен жүйкенің әбден шаршап, тозуы. Неврастения кезінде ауру адам тез ұйықтап кеткенімен, болар-болмас дыбыстан ұйқысынан лезде оянады; өзін аш сияқты сезінгенімен, тамақты көрсе болды, аштығы басылады; жүйкенің әбден тозуынан науқастың көңіл күйі тез өзгеріп отырады. Бұл айтылған клиникалық көріністер Неврастенияның 1-сатысында байқалады. Егер дер кезінде ем жасалса, науқас дертінен тез айығып кетеді. Аурудың 2-сатысында (аралық саты) жоғарыда көрсетілген клиникалық белгілер дами түседі. Науқаста психикалық қажудың әсерінен ынтасыздық, сәл нәрседен тітіркену (жылауықтық), бұлшық еттері әлсізденіп, саусақтардың, тілдің дірілдеуі байқалады. Аурудың ұйқысы, жүрек және қан тамыр жүйелерінің қызметі бұзылады, басы ауырады. Тамаққа тәбеті болмайды. Неврастенияның 3-сатысы (гипостеникалық) – бұл жағдай науқас организмінің ұзақ уақыт улануынан (алкогольмен, түрлі жұқпалы аурулармен, т.б.), бастан алған жарақаттан, атеросклероздан, ішкі органдардың түрлі ауруларынан болады. Бұл кезде ауру адамның жүрек соғысы жиілеп, денесі біресе ысып, біресе мұздап, басы айналады, организмі әбден әлсірейді (адинамия). Көңілсіздік басып, ауру дел-сал селқос күйде жүреді. Емі: Неврастенияның бастапқы сатысында жұмыс және демалыс уақытын дұрыс ұйымдастыру, спортпен шұғылдану, таза ауада көп серуендеу. Ал ауру меңдіген кезде психотерапия және аутогенді дене шынықтыру әдістерін, дәрі-дәрмекті қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралардың айрықша маңызы зор.



Пайдаланған әдебиет



↑ Қазақ энциклопедиясы, 7 том .....
Рефераттар
Толық