Оноре де Бальзак | Жергілікті дәрігер

I таpay

ӨЛКЕ МЕН АДАМ

1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.

.....
Әңгімелер
Толық