Ілияс Есенберлин | Маңғыстау майданы

БІРІНШІ БӨЛІМ

І

Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.

Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.

Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.

Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады. .....
Әңгімелер
Толық

Иван Бунин | Самырсын

I

Кешқұрым. Белшесінен қар тұмшалап тастаған жым-жырт баспана. Тыста ұйтқыған боран, ұлыған орман...

Бүгін таңертең осы өзіміздің Платоновкада Митрофан деген шаруа дүние салып еді, соның жаназасына үлгермей қалған әулие әкей енді біздің үйге келіп алып, шайды қайта-қайта сораптап қойып, биылғы қыста боранға үсіп өлген адамдардың қисапсыз екенін айтып құлақ сарсытып отыр.

Қарлы құйын шатырды сабалап, толассыз сыңсыған жел бой тітіренткендей, іргедегі орман да арсы-күрсі боп күңіреніп жатыр; "ертегінің ит тұмсығы өтпейтін үрейлі нуынан несі кем?" — деп ойлаймын іштей. Осы нудың ішінде қайтып шығарға жол таппай адасып жүрген жолаушы көз алдыма елестейді.

— Ay, бұл мекенде тірі жан бар ма?! — деп айқайлайды, алақаншық боранда Платоновканың жылт еткен отын байқап қалған жолаушы.

Бірақ, үскірік жел ә дегенше тынысын буып, бас-көзге сабалаған жылбысқы қар бет қаратпай, қара түнек арасынан тіршілік нышанындай көрінген үміт шырағынан адастырып кетеді. Оның үстіне біздің мынау баспана адам баласының мекен-тұрағына ұқсаса бір жөн-ау. Ертегідегі мыстан кемпірдің үйшігі де осыдан аспаған болар. "Үйшік-үйшік, шыр айнал! Артқы жағың ну орман. Есігіңді бері қарат! Есіл ерді паналат!".....
Әңгімелер
Толық

Жұмағали Саин | Тар кезеңде

1942 жыл. Июль айының бас кезі. Біздің батальон Украинаның оңтүстік-батыс майданында. Дамылсыз қақтығыстар, ұсақ шайқастар жүріп жатқан майдан үсті кенет тым-тырыс бола қалды. Күндіз ойламаған жерден оқ жаудырып, барлау жүргізетін дұшпан «тентек» мінезін өзгерте қойды, түн жортуылын да тоқтатты... Сөйтіп, майдан даласында жайма-шуақ бір мезгіл туды.

Мұндай майдан тыныштығын сіздің кергеніңіз бар ма? Егер көрген болсаңыз, есіңізге салыңызшы!

...Сен тау төбесінде, жан-жағың шың мен құз, тастай қараңғы түн ішінде жолсыз, бұрын жүріп көрмеген қиян-қияттармен келе жатқандайсың. Бойың сергек, әр қадамың сақ, алды-артыңды аңдап, жан-жағыңа күдіктене көз жібересің. Маңайың түпсіз шыңыраулар тәрізді, енді бір бассаң құздан құлап жоқ болатындай, үнемі үрей, қорқыныш... Кей кездерде майдан тыныштығы дәл осы бір көрініске қараңғы түндегі тау төбесіне ұқсайды. Осы бір «тыныштық» кездеріңде аяғыңды жаңылыс бассаң, тұңғиық түпсіз шыңыраулар сені тартып әкетердей. Немесе бір жағыңнан әлдеқандай жыртқыш бассалғалы тұрғандай...

.....
Әңгімелер
Толық

Жұмағали Саин | Оның даңқы

Астылы-үстілі үйлердің бір бөлмесі еді. Бөлме іші сәнді, салтанатты. Үйдің оң жақ босағасын ала, күн сәулесімен шағылысып күміс кровать тұр. Үстінде реттеліп жиналған жүк. Төр алдына үлкен айна қойылыпты. Терезелеріме ұсталған мәнерлі ақ кестелі кружевалар төмен түсіп тұр. Оның үстіне стенасына ілінген қызыл кілем мен сырлы тақтай үйдің ажарын кіргізіп тұрған тәрізді. Төрде қызылмен қоршаған Ленин суреті.

Бөлме іші біраздан бері тым-тырыс. Ауыз үйде бір әйелдің ыңырсып салған әні мен аяғының дыбысы ғана естіледі. Ыңыранып шыққан әнге, аяқтың дамылсыз дыбысы арқылы бұл ауыздағы үйдің ас үй екенін, ондағы әнші Әсия жеңгей екенін айтпай-ақ білесің.

Құлақты ақ кастрюльге құйылған су отта қайнайды. Көбіктенген суға жеңгей әлсін-әлсін қарап қойып, пештің отын көсеп жібереді. Ақ шараға салған ұнды сырлы столдың үстіне көтеріп қойып, қамыр илейді. Сыбанылған білек кідіріссіз іске кіріскенде әлгі жеңгей ыңырсып әнді шырқап жібереді.

Ай сұқтансын аспанда,

Албырап алтын табақтай,

деп бітірді әннің аяғын Әсия жеңгей. .....
Әңгімелер
Толық

Жұмағали Саин | Социалдық екпін

Екпін Еділді өрлеп, Жайықты жалпағынан басып, Оралдың етегіндей бұрқ-сарқ етіп, далаға бет алды.

Өр көкіректенген екпіннің ұлы қимылы Тянь-Шань етегін басып, дәл төбесінен бір-ақ секірді.

Еңбекті еңіретіп, ердің ерлігін сынап, құрғақты – шөл, шөлді көлге айналдырып ауылды екінші түрге түсірейін деді. Дабылдаған долы екпінге аяусыз асқарлар мен кертелі кезеңдер еріксіз сызылып қол берді. Қарсы шапқан қаскүнемдердің тауалын шағып, тарысын үктірді.

Жеке батырсынғандарды желкесінен басып, тізесін бүктірді. Желді жендет қып, боранын боратып, дауылын соқтырды. Әлсіз паразиттерді ұшырып әкетіп, тулаған толқынға тығып жібергенде күре тамырлары пытыр-пытыр етті. Жынды толқын үсті-үстіне сабалаң қырғидай қағып, ағызып әкетіп жатты.

Бұл кезде екпін еңбек көрігін басқан сахарадағы сансыз колхозды ауылдың ортасына барып, еңбекті өрбітіп істерін, өнімін арттырған еді.

Ұйымдасқан елден білегін сыбанып мыңдаған болашақ пролетариаттар сапқа тізілді. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Көшпенділер

ЖАНТАЛАС

Тарихи трилогия

ПРОЛОГ

Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егіп егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.

Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.

Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып: .....
Әңгімелер
Толық

Бейімбет Майлин | Баянсыз бақ

Нұрлыбай көзі кіртиіп, қабағын тыржитып, үстеліне сүйеніп бірсыпыра салбырап тұрды да, барқытпен көмкерілген жұмсақ үстелге сылқ етіп отыра кетті.

Нұрлыбайдың жазу үстелі қай қызметкердікінен болса да артық. Қызметкер дегенің нақа бір шаруашылық орнында істеп, соның бір еңбек сіңіріп кетейін дегені болмаса, көбі жазу. Үстелін жөндеуді білмейді ғой. Қызметкерлерің былай тұрсын, күндіз-түні жаумен айналысатын жазушылардың көбі де ақсақ үстелден қол үзе алмай жүр. Далада өскен қазақ баласы, нақа бір кент әйеліне үйленгені болмаса қала тұрмысын бір жөндей қоя ма?

Нұрлыбайдың өзгешеден бір артықшылығы — осы жазу үстелін жөндегендігі. Жөндегенде — нағыз оңдысы, сырлап тастаған тартпалы үстел.

— Үстелің онды екен, — деп қызығушы болса:

— Осында бір таныс жігіт бар еді, соның істеп бергені... Керек болса, істетіп берейін, - деп жымыңдайды.

Сөйтіп, Нұрлыбай арқылы әлгі «шебер жігіт» басқада қызметкерлермен танысып, араласып кетеді. Шебер жігіттің түпкі тілегі де осы қызметкерлерге араласу болғандықтан, ол Нұрлыбайға істеп берген үстелінің басы толықтанды деп біледі. .....
Әңгімелер
Толық

Асқар Алтай | Прописка

Желтоқсанда із-түзсіз кеткендердің рухына бағыштаймын.

Автор.

Күн ұзарған, түн қысқарған көкектің кәрі қыздай қылтың-сылтың басы. Өскеменнен түсте шыққан автобус Ұлан арқылы Самарға тікелей асып, Ертіс түсіп, Күршімнен бір-ақ шығуға бел байлаған. Көкек келсе де наурыз жылымығының қайырма қызыл шұнағы қала ішін дірдек қақтырып, Ұлан асуына қарай созылған ұзақ жол беті сиыр жалағандай. Жып-жылмағай көк мұз. Алды-арты бірдей тартатын шағын сары автобус ішіндегі азғана жолаушыларды селкілдете ұрып, соқтырып келеді. Күн аяздан шаңытып тұр. Автобустағылар өзді-өзімен шүйіркелесіп, қайсыбірі жорта қалғып отыр. Жолаушылар арасында нәресте құшақтаған жас келіншек қыңқылдаған сәбиін уатумен әлек. Ең артқы орындықта отырған Архат олардың іс-әрекетіне көз жіберіп, көңілсіздеу күйде көзін жұмған.

Ұйықтайын деп ойлаған, бірақ көзі ілінбей-ақ қойды. Амалсыз қырау тұрған терезеге таянып, ыстық демімен алақандай жерді ерітіп тысқа үңілді. Ұлан асуына көтерілер тұстағы тау ішіне дендеп енген екен бұлар. Ақтұмсық Алтайдың танауына әлі сірге жүгірмепті. Маңай мұрты бұзылмаған сере-сере қар. Алты ай қыс ағыл-тегіл аспаннан саулаған ақ тасқын қымтаған қалпы. Өлі дүниедей. Бойында бірақ белгісіз бір сес бар... Өзі кеше ғана аттанған Алматыны еске алды. Көкек астанада күшіне еніп, қызуы қоламтадай жүз шарпығалы Алатаудың да биік бауырындағы қалың қар лас лайсаңмен апыл-құпыл аттанып кеткен еді ғой. Биыл биік Алтайдың басындағы ұшпа бөркі тұрмақ, етегіндегі жел қағып, қар тоқтамайтын тастақ қыраттары да наурыздың ақша қарын жамылып, самарқау жатыр. Сырбаз Алтай тәрізі көктемге жонын бергісі жоқ. .....
Әңгімелер
Толық

Владимир Набоков | Чорбтың оралуы


Ерлі-зайыпты Келлерлер театрдан кеш шықты. Осы бір кеште ауасы күңгірт, бұлыңғыр, сегіз ғасырдан бері бетіне собордың бейнесі түсіп, майда толқындар жүзін өрнектейтін де жататын өзені бар тып-тыныш герман қаласы Вагнер музыкаға мелдектегенше тойған еді. Келлер театрдан шыққаннан кейін әйелін ақ шарабымен аты шыққан, жақсы бір қабаққа алып барды, сонан кейін тек сағат екілерде ғана, ішіндегі жарығы адамға сондай жайсыз тиетін бір автомобильмен, қаңырап жатқан өлі көшелерді қуалап, темір қақпалы еңселі бір жер үйге жетті. Президент Крюгерге қатты ұқсайтын, төртбақ келген қарт неміс Келлер сыртқа бірінші шықты. Шам жарығынан жапырақтардың алашұбар көлеңкелері аяқ астында қозғалып жатыр. Ең алдымен жарық Келлердің аппақ крахмал омырауына түсті, оның соңынан көйлегіндегі асыл тастардың талшықтары жылт-жылт етіп, алдымен толық аяғын созып әйелі де шықты. Ауыз бөлмеде оларды жүгіре басып қарсы алған қызметші әйел, Чорбтың келіп кеткенін жеткізді. Варвара Климовна Келлердің әлі ажарын жоғалтпаған дөңгелек жүзі дір ете түсті де, ішкі толқыныстан қып-қызыл боп кетті:

— Ол сізге, оны ауру деді ме?

Қызметші әйел одан сайын сүйреңдей жөнелді. Келлер қысқа қырқылған ақ шашын сипап тұрды, оның жалпақ, терең әжімді маймыл беті тіпті қартайып салбырап қалды.

— Таң атқанға дейін мен күте алмаймын. Дәл қазір сол жаққа баруымыз керек, — Варвара Николаевна басын шайқап, орыс паригін жауып тұрған жеңіл орамалының ұшын қыса түсті. — Ой, құдайым-ай... Бір ай бойы хат жазбағаны тектен-тек емес қой. .....
Әңгімелер
Толық

Мағжан Жұмабаев | Педагогика

Тарту

Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.

Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі.

Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!

Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.

Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан Жұмабаев

СӨЗ АЛДЫ

Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.

Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамасы келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).

Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым. .....
Әңгімелер
Толық